Жаңалықтар

Генерал-майор Төгісов Әмірбек Әнуарұлы

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-майор Төгісов Әмірбек Әнуарұлы
27.09.2017 15:34 3000

1949 жылы 30 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келген. 1970 жылы КСРО ІІМ Орджоникидзе командалық әскери училищесін бітірген. ҰҚК Әскери адъюнктурасын тәмамдаған. Әскери қызметін негізінен Ішікі әскерлер сапында атқарған. Взвод командирінен бастап үгіт-насихат бөлімінің бастығына дейінгі аралықтағы бірталай қызметтерден өткен. КСРО ІІМ Ішікі әскерлер Бас басқарма штабында саяси нұсқаушы міндетін атқарған. Ішкі әскерлер қолбасшысының жеке құраммен жүмыс жөніндегі орынбасары, Қорғаныс министрінің орынбасары – тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы лауазымдарын атқарған. 2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

Әмірбек Әнуарұлы генерал атағын Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін алды. Десе де, өзін осы жерде жарқыратып көрсете білді деп ойлаймын. Рас, генерал Ішкі әскерлердегі қызмет жолын үнемі жоғары қоятын, мысалдар келтіргенде, үлгі алуда солардың тәжірибесіне жиі жүгінетін. Ол түсінікті де шығар.

Қалай болғанда да, генерал ағамыз погон таққан адамның қоғамдағы орны мен ролінің жоғары болуына айрықша күш салды. Бірқатар тың бастамаларға орын берді. Солардың бірі - 1997 жылы сәуірде өткен шара. Атап айтқанда, Республика бойынша тұңғыш рет әскери-патриоттық тақырыпқа қалам тартып жүрген ақын-жазушы, өнер қайраткерлері, журналистердің конференциясы өтті. Алматының көрікті жерлерінің бірінен саналатын – Орталық әскери үйдің кең залында өткен бұл жиынға Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов тәрізді, аты әлдеқашан аңызға айналған аталарымыз бастаған бірталай белгілі шығармашылық тұлғалар қатысты. Негізгі баяндаманы жасаған генерал сол тұста орын алған басты проблемаларды бүкпесіз ашық айтып, әскерлер арасында патриоттық тәрбиенің тізгінін ұстау ақсақалдарға жүктелетініне баса назар аударған еді. Тәрбие жұмысының уақыт талабына сай жаңа қырлары мен тың формаларын енгізуді ұсынған болатын. Аға буынның салиқалы ақыл-кеңесі, жалындаған жастардың жоспарлары, жиынның шын мәнінде жемісті болғанын дәлелдегендей еді. Әскери журналистикаға жаны жақын бірқатар дарынды жастарға жол ашқан сол бір шуақты шарада Қасым ақсақалдың иығына «полковник» погоны қонған болатын. Мерзімінен бұрын капитан атанып, бір сахнада Батыр атамның жанында тұрған сол бір жұлдызды сәтімді күні бүгінге дейін зор мақтаныш тұтамын. Генерал мұрындық болып, әскеріміздегі идеология жұмысына тың серпіліс берген сол бір бастама ешбір себепсіз жалғасын таппай қалды. Өкінішті-ақ. Тәрбиеші офицерлердің құлағына «алтын сырға», әскердегі тәрбие жұмысының ақсағаны деп бағалаймын.

Айтқандайын, бүгінгі күндері әскеріміздің талантқа бай екенін, Ришат Күнбасов тәрізді небір әншілердің томағасын сыпырып, үлкен сахнаға шығуына жолдама беріп, қалың жұртшылыққа паш еткен «Жас Ұлан» әскери әндер фестивалі де сол жылдары алғашқы қадамын жасаған болатын. Ән шырқаған әскердің рухы биік екенін дәлелдеп жатудың қажеті болмас.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға