Жаңалықтар

Сарайшық ауылында зиратты қорғап қалу үшін 800 метр жанама бөгет соғылды

Сарайшық ауылында зиратты қорғап қалу үшін 800 метр жанама бөгет соғылды
Фото: Видеодан кадр 18.05.2024 14:35 719

Атырау облысы Сарайшық ауылында зиратты қорғап қалу үшін 800 метр жанама бөгет соғылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тасқын суының ағыны қатты болуы салдарынан «Атырау – Индер» тас жолының Сарайшықтан кейінгі 44 шақырымдағы жол жырылды. Осыған байланысты Махамбет ауданының ТЖ жөніндегі жедел штабының шешімімен жасалған бұл әдіс тасқын судың бағытын сай-салаға бұру мақсатында атқарылып отыр.

Қазіргі уақытта Сарайшық ауылы өр суының қоршауында қалып отыр. Жолды жыру, Құрсай каналын жыру арқылы суды сай-салаға ағызу жұмыстары жасалып жатқанымен, су қарқыны күшейіп тұр. Ауылдан екі шақырым қашықтықта орналасқан зираттарды тасқыннан сақтап қалу үшін жедел түрде жанама 800 метр болатын бөгет соғылды. Қазір зираттың басында 12 ауыр техника бөгетті судың жарып кетпеуін қамтамасыз етуде. Тасқынмен күрес тәулік бойы үзіліссіз жүріп жатыр,-деді Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева.

Сарайшық ауылында тасқынмен күреске арнайы техникаларды қоса алғанда 95 сарбаз, 49 ТЖ мамандары, ауыл тұрғындары жұмылуда.

Еске салсақ, «Казгидрометтің» 18 мамыр сағат 8.00-дегі мәліметінше, Махамбет ауданындағы су деңгейі бір тәулікте +8 сантиметрге көтеріліп, су деңгейі 1008 сантиметрді құрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға