Жаңалықтар

Астанада құрылыс салушыларға қойылатын талаптар күшейеді

Астанада құрылыс салушыларға қойылатын талаптар күшейеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі 18.05.2024 08:25 479

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылыс салушыларға енді қандай талаптар қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаланың негізгі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездестім. Оларға нақты міндеттер жүктедім. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда, нысанда заңбұзушылықтар жойылғанға дейін жұмыс толығымен тоқтатылады.

Біріншіден. Осы жылдың маусым айынан бастап бірде-бір құрылыс компаниясы инженерлік желілер салынып жатқан немесе енді жобаланып жатқан учаскелерде жаңа нысандардың құрылысын бастай алмайды.

Осыған дейін оларға желілердің құрылысы қатар жүріп жатқан учаскелерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат етілген. Бірақ нысандардың құрылысын аяқтау мерзімі желілердің уақытымен сай келмегендіктен, бұл мәселе тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Себебі, нысандарды уақытша желілерге қосу керек болды. Енді алдағы уақытта қажетті желілердің, яғни электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, нөсер, тұрмыстық кәріз және т.б. орнатылған учаскелерге ғана тұрғын үй кешенінің құрылысын бастауға рұқсат беріледі.

Екіншіден. Қазір қалада 50-ге жуық нысанның құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүріп жатыр. Құрылыс компанияларына ескертулерді жою үшін уақыт беріледі. Егер жойылмаса, бұл нысандардың құрылысы тоқтатылады.

Үшіншіден. Көбіне құрылыс компанияларының өзі қоқыс полигондарының пайда болуына себеп болады. Олардың мердігерлері қосымша ақша табу үшін құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орынға апармайды, салдарынан рұқсат етілмеген полигондар пайда болады. Осылайша, олар өздері тұратын қаланың экологиясына зиян келтіретінін түсінбейді.

Осындай әрекеттері үшін құрылыс компанияларын жауапқа тартуды ары қарай жалғастырамыз. Бұл компаниялар айыппұл мен аумақты тазалаудан бөлек, әлеуметтік жауапкершілік ретінде өзге де рұқсат етілмеген полигондарды жояды. Мәселен, аудан әкімдіктері жыл басынан бері 15 стихиялық қоқыс үйіндісін жойып, 13 мың тоннаға жуық қоқыс шығарды.

Төртіншіден. Құрылыс нысандарында дөңгелек жуу пунктері, дыбыс өткізбейтін тосқауылдар, қауіпсіз қоршаулар және т.б. болуы керек. Осыған дейін абаттандыру және тазалық тәртібін бұзған 18 құрылыс компаниясы жауапқа тартылған болатын.

Бесіншіден. Құрылыс компаниялары тек өз пайдасын ғана емес, сатып алушыларының да ыңғайлылығын ойлауы керек. Сондай-ақ, өздері салған тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандырып, көгалдандыруы қажет, - дейді Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға