Жаңалықтар

«Ел үмітін ер ақтар»

«Ел үмітін ер ақтар»
29.09.2014 06:25 5923

«Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз...
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

«Ел үмітін ер ақтар»

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазір Қазақстанда елдің ұлттық-мәдени алуандылығын қоғамдық дамудың оң ықпал етуші факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар. Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда. Сол қасиеттерді, әсіресе, патриотизмды бойына сіңірген өзге ұлт өкілдері қазақ туын, қазақ мәртебесін әлемдік деңгейде жоғары көтеріп келеді. Сондай патриот ұлттардың қатарын дағыстандықтар құрайды. Қазақтың мәртебесін талай рет көтерген спорт чемпиондарының орны бір бөлек.
1. Адамов Рустам Рамазанұлы – 1984 жылы Днепропетровск қаласында туған, дарғын. 1986 жылы ата-анасымен Шевченко қаласына қоныс аударады. 2000 жылы мектеп бітіреді. 1994 жылдан бастап «Волна» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде каратэ-домен айналысады. ҚР каратэ-до бойынша спорт шебері, қара белбеу иегері, бірінші дан. Қазақстан чемпионы, бірнеше жүлде иегері, Азияның екі дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан Олимпиялық құрамасының мүшесі. Ақтау мемлекеттік университетін есептеуіш техника мен бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша тәмамдаған.
• Азия чемпионаты 2-орын (Токио қаласы, 2002 жыл);
• Франция кубогы 1-орын (Марсель қаласы, 2003 жыл);
• Калининград турнирі 2-орын;
• Босфор кубогы 2-орын (Стамбул қаласы, 2006 жыл);
• Универсиада 1-орын (Алматы қаласы, 2005 жыл);
• Америка ашық чемпионаты 3-орын (Лас-Вегас қаласы, 2005 жыл);
• АҚШ турнирі 1-орын (Лас-Вегас қаласы, 2007 жыл).

2. Азизов Бехруз – ҚР каратэ-до бойынша спорт шебері, қара белбеу иегері, бірінші дан. Қазақстан чемпионы, бірнеше жүлде иегері.
• Франция кубогы 3-орын (Марсель қаласы, 2003 жыл);
• Азия чемпионаты 3-орын (Макао қаласы, 2005 жыл);
• Түркия чемпионаты 2-орын (Даламан қаласы, 2005 жыл);
• АҚШ турнирі 2-орын (Лас-Вегас қаласы, 2007 жыл).

3. Алиев Супьян – 1942 жылы 1 қаңтарда Дағыстан Цумадин ауданы Цумада ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргесін Алматы қаласына келіп, полиция мектебіне жұмысқа тұрады. Жұмыс барысында курс басшысы болады, спортпен айналысады. Самбодан әртүрлі спорттық жарыстарға қатысады. Кейін ішкі істер органында жұмыс істеп жүріп те, түрлі жарыстарға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Қазақстан мен Монғолия арасындағы кездесуде 1-орын алады (1970 жыл). Супьян самбодан 7 рет Қазақстан чемпионы болады (1963-1971 жж.). 2004 жылы ардагерлер арасында іріктеу жарыстарында 1-орын иеленеді. 2008-2011 жылдары ардагерлер арасындағы жарыстарда 1-орын иегері атанады. Алиев Супьян өте дарынды адам: әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнайды, өлең шығарады, ән айтады. Екі ұлдың әкесі.
4. Атаев Алексей – КСРО, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстың жүлдегері. 1941 жылы 1 наурызда Дағыстанның Хасавюрте қаласында дүниеге келген. Ұлты – құмық. Балалық шағы Тарумов ауданында өтеді, сонда 10-сыныпты аяқтайды. 17 жасында Алматы қаласына немере ағасына келеді. Қалада жұмысқа орналасып, темір ұсталығын үйренеді. Киров атындағы зауыттың спортзалына күрес секциясына Бапкер Л.В.Сапцковқа жазылады. Жаттығу сайын еркін күреске деген қызығушылығы артып, онсыз жүре алмайтында болады. Бір жыл жаттғудан кейін 1962 жылы Минска қаласында жастар арасында өткен КСРО чемпионатының чемпионы. 70 келілік салмақ категориясы бойынша КСРО-ның бірінші қазақстандық чемпионы атанған соң, КСРО ұлттық құрамасына қосылады. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты жарыстарға бара алмайды. Атаев кейін республикалық жарыстарға қатысып, бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанады. Өзін классикалық күресте де сынайды. Самбодан республика чемпионатының жеңімпазы атанады. 1963 жылдан бастап жастарды жаттықтыра бастайды. 29 жасында еркін күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері атанады. Бапкері Атаев болған Қазақстан командасы 1983 жылы КСРО халықтарының Спартакиадасында 3-орын алады. Ол халықаралық кластағы 10 спорт шеберін, КСРО-ның 50-ден астам спорт шеберін, халықаралық жарыстардың көптеген жеңімпазын дайындаған. Оның шәкірттерінің арасындағы танымал спортсмендер: Юрий Малиновский, Али Халихаев, Петр Суриков, Ғазиз Мұсаев, Серік Жұмағалиев және т.б. 5 жыл (1979-1984 жж.) Қазақ КСР дзюдодан бас бапкері болады. Оның бапкерлік жұмысы кезінде ұлттық құрама түрлі халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанады. Осы кезеңнен бастап республикада дзюдо спорты қарқындылыққа ие болады. Талантты дзюдо саңлақтары шықты: Еуропаның үш дүркін чемпионы Алексей Тюрин, халықаралық класс шебері Аширов, Сергей Раков, Бостан Жаңбырбаев, Қайрат Мысықбаев және т.б. Атаев Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша сырттай бөлімін бітірген. Атаев спорттағы үлкен жетістіктері үшін мемлекеттік марапаттауларға ие болған: «Еңбек ерекшелігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары, Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы. Мынадай атақтардың иегері: «Құрметті теміржолшы», «Қазақ КСР халыққа білім беру үздігі», «КСРО дене шынықтыру және спорт үздігі».

5. Велиев Руслан – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан Республикасының көп дүркін чемпионы. 2000 жылы Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Руслан – Азия ойындарының жүлдегері (Бангкок-96), Шығыс-Азия ойындарының жүлдегері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жүлдегері.

6. Куруглиев Магомед – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Атақты қазақстандық балуандардың бірі, еркін күрестен Қазақстанның көп дүркін чемпионы және 1996 жылы Атлантада, 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Магомед – Азия чемпионы, Азия ойындарының екі жүлдегері, Шығыс-Азия және Орталық-Азия ойындарының чемпионы, Александр Медведь атындағы халықаралық турнир жеңімпазы. 2006 жылы Магомед әлем чемпионатында 3-орынға қол жеткізеді.

7. Мұсаев Гапиз – спорт шебері, еркін күрестен республиканың бірнеше дүркін чемпионы. Физика-математика ғылымдарының докторы.

8. Муталимов Марид – 1980 жылы 22 ақпанда Махачкал қаласында туған. Ұлты – құмық. Еркін күреспен айналысуды 12 жасында «Динамо» құрамасында бастады. Бірінші рет 1993 жылы Германияда өткен Халықаралық турнирге қатысып, үлкен жетістікке жетеді. 15 жасында Дағыстан чемпионы атанады. Азиядағы ең үздік еркін күрес балуандарының бірі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2003 жылдан бастап Марид барлық ірі жарыстарда Қазақстанның атынан шыға бастады. Ол үш рет Қазақстан чемпионы, екі рет Азия чемпионы. 2008 жылы Киевте өткен Халықаралық турнирдің жеңімпазы атанады, дәл осы жылы Чеджу-Исланд (Корей Республикасы) қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені қанжығаға байлайды. 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада 3-орынды иеленеді. Марид қазір Ақтау қаласында тұрады. Ол Маңғыстау облысы ішкі саясат бөлімінің полиция лейтенанты.

9. Расулов Магомед Магомедұлы – 1945 жылы Дағыстанда дүниеге келген. Авар. 14 жасынан бастап еңбекке араласа бастаған. Әзірбайжанға көшіп келеді, Бакуде, Сумгаитада тұрады. Дене шынықтыру институтын бітіреді. «Мехсул» республикалық спорт қоғамында бапкер болып жұмыс істейді. Кейін Маңғыстау облыстық спорт комитетінің шақыруымен 1979 жылы Шевченко қаласына қоныс аударады. Мұнда облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде еркін күрестен бапкер болады. Облыстың бас бапкері болып танылады. КСРО спорт комитеті оған «Бүкілодақтық категориялы төреші» атағын береді. 1987 жылы «Білім беру үздігі» белгісімен марапатталады. 1990 жылы көп жылдың сіңірген қажымас ерлігі үшін «Ең сіңірген бапкер» атағын иеленеді. М.Куруглиев, Р.Өмірәлиев, М.Ғаниев сынды танымал спортсмендердің бапкері. 1994-1996 жылдар аралығында облыстық спорт мектебінің директоры, 1996 жылы «Мұнайшы» спорт клубының бапкері болып қызмет атқарады. 2001 жылы Ақтау қаласында қайтыс болады.

10. Халидов Халид Багадинұлы – 1986 жылы Маңғыстау облысы Шевченко қаласында дүниеге келген. Ұлты – лезгин. Ақтау қаласындағы №23 орта мектебін, Мәскеу қаласындағы Халықаралық академияны экономист мамандығы бойынша бітірген. 1994 жылдан бастап каратэ-до секциясында спортпен айналысады. Спортқа арнаған 10 жылдық өмірінде:
• Кадеттер арасында Қазақстанның төрт дүркін чемпионы;
• Токио қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (Жапония, 2002 жыл);
• Марсель қаласында өткен әлем чемпионатында 1-орын, алтын медаль (Франция, 2003 жыл);
• Стамбулда 1-орын (Түркия, 2004 жыл);
• 2004 жылы Тайбэй қаласында ерлер арасында өткен Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (Қытай).

11. Шахмурадов Имаметдин Махмұдұлы – 1961 жылы Әзірбайжан, Баку қаласында дүниеге келген, лезгин. 1976 жылы 8-сыныпты бітірген Имаметдин дене шынықтыру бойынша Бакин техникумына түседі. 1975 жылдан бастап ауыр атлетикамен айналса бастайды. 1980-1982 жылдары Совет армиясында борышын өтеді. Ол жақта да армия спорт клубында ауыр атлетикамен айналысуды тоқтатпады. 1981 жылы КСРО спорт шебері атанады. 1985 жылы Маңғыстау облысы Шевченко қаласына көшіп келеді. Орта мектепте жұмыс істеді, кейін спорт сарайында ауыр атлетикадан бапкер қызметін атқарады. 1994 жылдан бастап облыста ауыр атлетика мен пауэрлифтинг бойынша бас бапкер. 1997 жылы Дағыстан педагогикалық университетінің сырттай бөлімін тәмамдайды. Шәкірттері Қазақстан чемпионаттарының 50 рет чемпиондары мен жүлдегерлері атанады, 15 рет – Азия чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлері, 7 рет әлем чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлері атанады.

12. Шихсафиев Руслан –1979 жылы Маңғыстау облысы Шевченко қаласында дүниеге келген. Ұлты – лезгин. №14 орта мектепті, кейін мұздатқыш құрылғылардың слесары мамандығы бойынша техникумды бітірген. 1997 жылы Ақтау мемлекеттік университетіне түседі. Бітірген соң, 2002 жылы әскер қатарында болады. Руслан бірінші рет 1995 жылы ҚР жастар арасында біріншілік жүлдегері, 1997 жылдың аяғында Ақтөбе қаласында өткен ҚР кубогінің жеңімпазы, дәл осы жылы жастар арасында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанады. 1998 жылы спорт шебері атағын иеленеді.
• 1999 жылы Тегеранда жастар арасында өткен Азия чемпионатында 3-орын;
• 2001 жылы ҚР чемпионатында 3-орын;
• 2002 жылы ҚР чемпионы.
2003 жылы Қазақстан Республикасының еркін күрестен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға