Жаңалықтар

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ӨЛШЕМДЕРІ

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ӨЛШЕМДЕРІ
28.08.2014 13:00 23031

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ӨЛШЕМДЕРІ — қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері. Мыс., “бір қыдыру жер”, “түстік жер”, “айшылық жол” деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Мыс., Дешті Қыпшақта арпа дәнінің ені үшін аттың қатар қойылған алты тал жалы алынған. Ал арпаның 6 дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған. Сондай-ақ, уақыт мөлшерін болжауға Күннің, Айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған. Мұндай бірліктердің басым көпшілігі адамның көзбен шамалауымен, жұмсалған күш сезімімен, белгілі бір қашықтықты жүріп өту мерзімімен мөлшерленген. Сондықтан халық арасында жылқыға байланысты “ат шаптырым жер”, “бие сауым уақыт”, “екі елі қазы” тәрізді қашықтықты, уақытты, қалыңдықты білдіретін өлшемдік мәні бар сөздер жиі айтылады. Байырғы өлшем бірліктері жуық мәнді болса да, халық қажетін өтеп отырған. Халық арасында сұйықтықты (қымыз, шұбат, т.б.) сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Кейіннен олар, бірте-бірте сұйықтық көлемінің бірлігі ретінде қалыптасқан. Олардың сыйымд. да әр түрлі. Мыс., торсыққа 7—8 аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымд. 2,5—3 торсыққа тең. Кейбір өлшемдердің шығу тарихы да қызық. 1101 ж. ағылшын королі Генрихтің әмірі бойынша “ярд” өлшемі тағайындалған. Ол корольдің мұрнының ұшынан кере созылған ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа тең болған. Заманында ата-бабаларымыздың кеңінен қолданған “қолдың қары” өлшемі осы ағылшын “ярдымен” шамалас. Ал Ресейде 17 — 20 ғ-ларда қолданылып келген ағылшын футы (foot — табан) байырғы қазақ өлшемі “табанға” жуықтау келеді: “табан” өлшеміне қазақ табанның енін алса, ағылшын футы — табан тұрқына тең. Сондай-ақ, ағылшынның дюйм (голланд. — үлкен саусақ) өлшемі қазақ халқының байырғы “бармақ” өлшеміне сәйкес келеді (“Бармақ елі қазы”). Бірақ ағылшынша дюйм — бармақтың ені емес — бас бармақтың ұшынан оның бірінші буынына дейінгі аралыққа тең. Яғни бұл өлшемдер бір елден екінші елге ауысып келген жоқ, әр елдің өз топырағында туған. Қазақ халқының бұлардан басқа көптеген өлшемдерінің осы тәрізді дәл баламасы болмаса да, өмірде пайдалану жағынан басқа елдердің өлшем бірліктерімен ұқсастықтары бар. Мыс., орыстың “верстасы” мен қазақтың  “шақырымы”, орыстың “долясы” мен қазақтың “мысқалы”, сондай-ақ ағылшынның “фунты” мен қазақтың “қадағы” шығу төркіні, атқаратын қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады. Мұны қазақ арасында кең тараған кейбір байырғы өлшемдерді басқа елдердің сондай өлшемдерімен салыстыра байқауға болады. Орта Азия мен Қазақстанда ұзындықтың ең көп тараған байырғы өлшемдері қолдың қары немесе қары — кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 — 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады. Шығыс елдерінде кең тараған бұл бірліктің шығу тегі тым әріден басталады. Ертедегі вавилондықтарда қолдың қары 52,5 см шамасында болған. Ол вавилондық өлшем бірліктері жүйесінің негізінен алынған. Басқа ұзындық бірліктері осы бірліктің туындысы ретінде қарастырылады. Мысырлықтарда үлкен қары (шамамен 53 см) және кіші қары (шамамен 45 см) қатар қолданылған. Бабырдың жазбаларында (16 ғ.) 6 тұтамға тең қары (шамамен 500 мм) және одан 1,5 есе артық қары да кездеседі. Қарыс — толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық бірлігі (шамамен 19 — 20 см). Ол тұрмыста, құрылыс жұмыстарында пайдаланылған. Мыс., киіз үйдің уығы 12—16 қарыс мөлшерінде жасалады. Қарыстың туынды бірлігі — сүйем, ол кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 — 18 см). Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сынық сүйем дейді. Сүйем — шамамен аршынның ширегіне (төрттен бір бөлігіне) тең. Елі — сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген. Буын — ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық бірлігі (шамамен 5 — 6 см). Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған. Қадам — адамның бір адымына тең ұз. бірлігі (шамамен 60 — 70 см). Құлаш — иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі. 1838 жылғы мәлімет бойынша Ферғана құлашы 166 — 170 см-ге, ал Қазақстанда қолданылып келген Бұхар құлашы 142 см-ге тең болған. Құлаш сауда-саттықта, тұрмыста пайдаланылған.

Орта Азия мен Қазақстанда кеңінен тараған кейбір салмақ өлшемдері: Табақ — шамамен 12 орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Ол үлкен табақ (шамамен 11,7 — 12 кг) және кіші табақ (шамамен 3,9 — 4 кг) болып екіге бөлінеді. Үлкен табақ астық салығын төлеу кезінде, ал кіші табақ сауда-саттық, алыс-беріс жұмыстарында қолданылған. Қап — негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Ол Орта Азия мен Қазақстанның оңт., оңт.-шығыс аудандарында шамамен 65 — 66 кг-ға, ал кей жерлерінде 6 пұтқа (96 кг), тең болған. Батпан — Ресейдің шет аймақтарында (негізінен азиялық бөлігінде) пайдаланылған салмақ бірлігі. Көне орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді. Ал Қазан губ-нда батпан 4,5 пұтқа теңелген. Қадақ — ертедегі шығыс елдерінің көбісінде қолданылған салмақ бірлігі. Ол Еуропада кең тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді. Деректерге қарағанда, 19 ғ-да қадақтың мөлш. Дешті Жұмада (Тәжікстан) 317 г-ға, Қаратегінде (Тәжікстан) 634,5 г-ға, Самарқанда 409,512 г-ға тең болған. Қадақ Мысырда сұйық көлемінің өлшемі ретінде қолданылған әрі ол үлкен қадақ (1,68 л) және кіші қадақ (0,94 л) болып екіге бөлінген. Қазіргі Египеттегі қадақтың қазыналық өлшемі 2,062 л-ге тең. Мысқал — Шығыс елдерінде кең тараған салмақ бірлігі. Мысқал араб елдерінде, Үндістанда, Шығ. Африкада, Орта Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Археол. деректер бойынша, б.з.б. 780 ж.  мысқалдың дәл мәнін өзгеріссіз ұстау үшін, оның баламасы болып табылатын шыны сауыттар жасалған. Олар мг-ның үштен біріне дейінгі дәлдікпен істелінген. Сол сауыттардың салмағы бойынша мысқал 4,31 г-ға тең болған. Мысқал — алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар, дәрі-дәрмектер мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Олар әр жерде әр түрлі мәнге ие болған: Мысырда 4,68 г, Иранда 4,6 г, Иракта 4,46 г, Үндістанда 4,538 г. 14 ғ-да қыпшақтар арасында қолданылған “Азов мысқалы” үшін 4,41 г алынған. Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында да мысқалдың бірнеше мәні ұшырасады: мысқалдың баламасына Хорезмде 4,55 г, Бұхарда 4,8 — 5,0 г, Самарқанда 4,46 г алынған. Қазақ даласында негізінен Бұхар мысқалы қолданылды. Қазақ халқының егін ш-мен айналысқан жерлерінде жер аумағын өлшеу үшін қолданған өлшем бірліктерінің ішінде ең көп тарағаны — танап. Оның алуан түрлі мәндері бар. Бұл жөнінде көне жазбалар мен саяхатшылардың мәліметтерінде қайшылықтар көп. Осы мәліметтер бойынша танаптың ең тараған мөлшері: Хорезм танабы 4097 м2-ге, Бұхар мен Самарқанда қолданылған танап 2731,35м2-ге, ал Қазақстанның суармалы егіншілік ауд-дарында (Тараз, Қазалы, Шымкент, т.б.) 1820,83 м2-ге тең. Сөйтіп, Б. қ. ө. шығу төркіні, қолданылу мақсаты, халықтардың ұлттық өлшемдерімен деңгейлес болғанын байқауға болады. Алайда түрлі тарихи себептерге байланысты өлшемдік мәні бар терминдеріміз нақты мәнге ие бола алмаған. Мұның үстіне уақытпен бірге өлшемдер жиі өзгеріске ұшырап отырған. Сол себепті, жеке аймақтың, тіпті жеке базардың да өзіндік өлшемі болғанға ұқсайды. Мыс., Орт. Азия мен Қазақстанның өзінде ғана батпанның 20-дан астам түрі болған.

Әдеб.: Хинц В., Мусульманские меры и веса с переводом в метрическую систему, М., 1970; Давидович Е.А., Материалы по метрологии средневековой Средней Азии, М., 1970; Аққошқаров Е., Физикалық ұғымдарды қалыптастыру және терминдерді меңгерту тәсілдері, А., 1986.      

Е. Аққошқаров

Қазақстан Энциклопедиясы

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға