Жаңалықтар

Айтматов шығармасы шырайланды

«Боранды бекет» драмасы көрерменге жол тартты
Айтматов шығармасы шырайланды
Фото: ©El.kz/Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ 08.04.2022 19:16 30031

Биыл КСРО және Қазақстанның халық әртісі әрі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың 90 жылдығына орай елордадағы драма және комедия театрында «Боранды бекет» драмасының премьерасы өтті. Күллі әлемге танымал Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн...» романы тағдырдың қиын сәттерін суреттеген ғасырлық туынды болып есептеледі. Бүгінгі күн мәселесін дөп басатын қойылымның көрерменге айтары мол.

 

Премьераға екі жарым ай дайындалған

Астаналық Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Боранды бекет» драмасы қойылды. Әр шығармасы әлемге танымал жазушы Шыңғыс Айтматовтың Боранды бекет, Сарыөзек, ел іші, Жер планетасы секілді бірнеше кеңістікті қамтыған туынды бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ.

– Бұл спектакль Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың 90 жылдығына арналады. Қойылымның ерекшелігі – шығармадағы бірнеше сюжеттік линиялардың қамтылуы, - дейді қойылым режиссері Ұланмырза Карыпбаев.

Айтматов шығармасы шырайланды

Қойылым шамамен екі сағатқа жалғасады. Бұған театрдың шығармашылық ұжымы екі жарым ай дайындалған.

– Осыған дейін сахналанып жүрген бұл қойылымда Қазанғаптың рөлі болмаған. Ал мұнда оның да рөлін шығаруды жөн санадық. Көрерменге жол тартқан осы «Боранды бекет» спектаклінде Қазанғаптың соңғы аманаты орындала ма? Жүз жылға татыған айналдырған 1 күннің ішінде маңызды сапардың нәтижесі не болады? Театрға келген көрермен осы сауалдарға жауап табады, - дейді режиссер Ұланмырза Карыпбаев.

Айта кетейік, қойылымның қоюшы суретшісі Алан Сайминді арнайы Ресейден шақыртқан.

 

«Үкібала – тағдырға көнген адам»

Театрдың жоғары санаттағы актриссасы Ажар Шәкіржанова қойылымда Үкібаланың рөлін сомдаған.

– Премьераның алдында үлкен қобалжу сезімі болды. Өздеріңізге мәлім, қойылымда қатарынан үш-төрт оқиға жүріп жатады. Сондықтан мұны көрермен «Қалай қабылдайды?» деген сауал басында бәрімізді де мазалаған еді. Премьераның алғашқы күнінен соң көрермендер тарапынан оң пікір естіген соң көңіліміз жайлана бастады, - дейді ол.

Айтматов шығармасы шырайланды

Романдағы Үкібаланың бойынан аналық мейірім де, әйелдік ақылды да таба аласыз. Ол көпшілік ортада өзің салмақты ұстайтын, қиын сәттерде дұрыс шешім таба білетін кейіпкер.

– Үкібала – тағдырға көнген адам. Ол өмірде кездескен барлық ауыртпалықтарды көтере біледі. Күйеуі Едіге соғысқа кеткенде баласы аурудан қайтыс болады. Баланың өліміне өмір бойы өзін кінәлайды. Өйткені ауылдың үлкендері тек мұздай су бер дегеніне құлақ аспай дәрігерлерге көрсету үшін станция жаққа жолға шығады. Өкінішке қарай, діттеген жерге жетпей жолда баладан айырылады. Ол өмірде көптеген қиындықты еңсерген әйел. Оның өзгелерден ерекшелігі – ақылдылығы мен салмақтылығында, - дейді актриса.

Актриса бүгінгі күні әсіресе адамгершілікке, жанашырлыққа, адамға ой саларлық шығармалар сахналануы қажет дейді.

– Режиссеріміз Ұланмырза Карыпбаев – өте сезімтал адам. Бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын режиссер. Әр кейіпкерді өзінің жанынан өткізіп, әрқайсысын түсіне біледі. Мәселен, осы қойылымда шығарманың маңызды тұстарының барлығын көрсетуге тырысты. Ол – жан-жақты әрі ізденімпаз маман. Дайындық барысында кей тұстарында ақылын да айтып, кеңес те беріп отырды, - дейді актриса Ажар Шәкіржанова.

 

Қазанғап бейнесі қойылымда алғаш сахналанды

– Премьерадан алған әсерден әлі толық арыла алмай жүрміз. Екі жарым ай ішінде бүкіл материалды сіңіріп алдық. Сахнада ойнаған кезде көп нәрсе өзімізге аса байқалмайды. Алайда көрерменнің эмоциясы арқылы білуге болады деп ойлаймын. Қойылымға рөлдерді бөлетін уақытта режиссер Едігенің рөліне сырттан актер шақыртатынын, ал маған Қазанғаптың рөлін беретінін айтты, - дейді Айбол Шәкіржанов.

Айтматов шығармасы шырайланды

Шығармадағы Қазанғап бейнесі қазақ сахнасына алғаш шықты. Ол бұған дейін тек өзге елдерде ғана сахналанып келген.

– «Ғасырдан да ұзақ күн...» роман желісі бойынша сахналанған қойылымдарда көбінесе Қазанғапты алып тастайды. Әуел баста менде сол кейіпкер артық шығар деп ойлағаным рас. Алайда дайындық басталған уақытта қойылымда салмағы бар кейіпкер екеніне көзім жетті. Оқиғаның басы сол кейіпкермен басталып, ары қарай да Қазанғаптың бейнесімен өрби түседі. Бір кішкентай ауылдағы оқиғаны негізге ала отырып, ауқымды көлемдегі проблемаларды қозғай алдық деп ойлаймын, - дейді Айбол Шәкіржанов.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі қойылымға күніне 14-15 сағат дайындалғанын айтады.

 

«Найман Ана – өте ақылды әрі кішіпейіл әйел»

– Театр сахнасында жүрген әрбір әртіс үшін әр қойылым өзгеше әсер етеді. Өйткені премьераға дейінгі дайындықтары, қызықты әрі қиын сәттері де болады. Сол процесс кезінде кейде бір келіспей қалатын тұстары да кездеседі. Ал сол үлкен дайындықтың нүктесін осы премьера қояды. Әр қойылымның өзіндік бір ерекшелігі бар. Осы қойылымның премьерасынан кейін де ерекше әсерде болдым, - дейді Гүлмира Жакилина.

Айтматов шығармасы шырайланды

Актриса қойылымдағы Найман Ананың рөлі өте қиын болғанын жасырмады.

– Найман Ананың рөлі өте қиын болды. Өздеріңізге мәлім, шығармадағы Найман Ананың жоғалтқан баласының туған шешесін есіне түсіре алмауы үлкен қайғы екені рас. Тіпті шығармада да жеріңді алса да мейлі, суыңды алса да мейлі, бірақ адамның ақыл-есін тартып алатын осындай сұмдықты кім ойлап тапты екен дегені де бар. Меніңше, бұл орайда Найман Ана әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен секілді, - дейді актриса.

Баласының туған анасын бөтен адам ретінде қабылдауы кім-кімге болсын қиын тиері сөзсіз.

– Осы кейіпкерді әр театрда әр актер сомдаса да, оның сөйлеу мәнері, әрекеті бір-біріне ұқсамайды. Бір кейіпкер болғанымен әр театрда өзгеше шығуы басты ерекшеліктердің бірі деуге болады. Найман Ана – өте ақылды әрі кішіпейіл әйел. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен жан.

Найман Ананың рөлі бекітілгеннен бастап Гүлмира Жакилина Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқып, жақынырақ танысқанын айтады.

– Дайындық барысында Шыңғыс Айтматов және оның осы шығармасы жайында жан-жақтан іздендік және сұрастырдық. Режиссеріміз де көп мағлұмат жинады. Кейін соларды бәріміз бірге талқыладық және пікірталастар ұйымдастырдық. Шығармадағы әрбір образға жеке-жеке тоқталдық. Жұртқа түсінікті тілде жеткізуге тырыстық. Енді оның бағасын театр сүйер көрермен береді ғой, - дейді Гүлмира Жакилина.

Қойылым сахналанған сайын одан сайын жақсара түседі дейді актриса.

– Жазушының әсіресе «Жәмиләдан» бастап күллі әлемге таныс «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн» сынды бүкіл шығармаларын және қысқа-қысқа әңгімелерін оқып шықтық. Сондай-ақ мен анаға байланысты жазылған еңбектерді және суретшілердің салған портрет картиналарын қарадым. Өйткені бұл ана бейнесін сахналаған уақытта образды жан-жақты ашуға көп септігін тигізеді, - дейді Гүлмира Жакилина.

Қай театр болмасын көрерменге белгілі бір мәселе жайында ой салады.

– Кез келген режиссер әлемде, күнделікті өмірде болып жатқан оқиғаларды негізге ала отырып, сахналауға тырысады. Сол арқылы көрерменге ой салады емес пе? Менің ойымша, қазақпен қоса шетел классиктерінің шығармалары да сахналанып отыруы қажет. Көрермен әсіресе қарапайым өмірді, күнделікті тіршілікті көруге театрға көп келеді. Оның ішінде махаббат, кездесу мен қоштасу сынды сценалар да бар, - дейді ол.

Сондай-ақ актрисаның пікірінше, қазақи құндылықтарымыз бен менталитетіміз көбірек сахналануы тиіс.

– Театрға келген халық қойылым тамашалап, демалып қайтуы қажет. Мәселен, достық туралы қойылымнан оның маңызы мен қадірін түсінуге ой салады. Шетелдік классиктердің туындыларын сахналаумен қоса, халқымыздың бай мәдениеті де көбірек қойылса, тіптен жақсы болары еді, - дейді ол.

Гүлмира Жакилина қойылым режиссері Ұланмырза Карыпбаевпен бірлесе жұмыс жасау процесі жайында да өз пікірін білдірді.

– Ол кісі жас болса да, білері көп. Ұланмырзамен кез келген жазушының кез келген шығармасы жайында емін-еркін сағаттап сөйлесе беруге болады. Ол өте көп ізденеді әрі көп оқиды. Өзіңізге сұрақ қоя отырып, тың мағлұматтарды айтып кетуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, бұл режиссермен бірге жұмыс істеу өте қызық. Қай шығармамен жұмыс жасасақ та, Ұланмырза үлкен дайындықпен келеді. Арасында ақыл-кеңестерін де айтуды ұмытпайды. Әртістермен қалжыңдаса отырып, өз жұмысын жасата да біледі, -деп сөзін түйіндеді Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Жакилина.

 

«Сәбитжан – рухани мәңгүрт адам»

Қойылымда Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжан Едігеге қарама-қайшы сомдалған рөл. Ол – рухани өте мәңгүрт адам. Оның рөлін спектакльде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Әли Бидахмет сомдаған. Режиссер осы рөлге бекіткен соң Әли Шыңғыс Айтматовтың он томдығын басынан аяғына дейін оқып шыққан.

Айтматов шығармасы шырайланды

Қай уақытта болмасын басты проблемалардың бірін арқау еткен шығармадағы Сәбитжанның образын толыққанды ашу үшін актер көп ізденгенін айтады.

– Қойылымдағы Сәбитжан – Едігенің ойына әрдайым қарама-қарсы бейне. Ол үшін адамгершілік әрдайым екінші орында тұрады. Себебі оған ең әуелі басшыларға жағыну қажет. Сол арқылы ол ақшасы көп қызметке орналасуды мақсат етеді. Сондай-ақ ол көпшілік ортада өзің оқыған әрі көп білетін кісі ретінде көрсетеді. Ал шын мәнінде, Сәбитжан – рухани мәңгүрт адам, - дейді Әли Бидахмет.

Әртістің айтуынша, ол мұндай кейіпкерді бұған дейін сомдамаған.

– Өзім үшін өте қызықты әрі ерекше кейіпкер болды. Ол туған әкесі қайтыс болып жатқанда көпшіліктің алдында қалтасынан қымбат темекісін алып шығарады және ащы суын ішеді. Сол арқылы көпшілікке өзің бай адам ретінде көрсетуді қалайды. Ал шын мәнінде мүлде олай емес. Сондай-ақ әкесінің мәйітін жұлмалап жатқан сценасы да бар, - дейді ол.

Сол сәтін сахнада ойнау кезінде Әли өзі де кейде қорқып кететінін жасырмады.

– Оның миы кәдімгі компьютер секілді. Ол – Совет Үкіметінің билігін жақтаушылардың әрі Сталиннің саясатын ұстанушылардың бірі.. Сәбитжанның пікірінше, басшылықтың айтқанын орындау және жағымпаздану арқылы мансапта өсу де болады. Осы образды қолымыздан келгенше ұқсатып беруге тырыстық. Ал бағасын қойылымды тамашалаған көрермен береді деп ойлаймын, - дейді ол.

Сонымен қоса, Әли дайындық кезіндегі қиындықтарға да тоқтала кетті.

– Режиссер Ұланмырза Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының жазылу тарихы жайында айтып отырды. Оларды сахналаған уақытта актерлік тәсілдерді ұтымды қолдану бойынша кеңестерімен бөлісуді ұмытпады. Дайындық кезінде түнгі 2-3-ке дейін жұмыс істеген кездер де болды. Арасында 20 минуттай үзіліс жасап, кейін ары қарай дайындықты пысықтап отырдық. Менің ойымша, бұлардың барлығы әртіс үшін кәсіби өсу, біліктілікті арттыру, - деді Әли Бидахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға