Жаңалықтар

Ассамблеяның басты міндеті - толеранттық

Ассамблеяның басты міндеті - толеранттық
02.02.2015 05:59 7440

Ассамблеяның басты міндеті - толеранттық

Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігінің баршасы тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі Елбасы әу бастан айқындаған этникааралық келісім мен бірліктен бастау алады. Бүгінгі күні Қазақстанда әлемде теңдессіз саналатын татулық пен бірліктің, көпэтникалық қоғам татулығының бірегей үлгісі қалыптасқаны баршаға аян. Бұл үлгіге әлем елдерінің қызығушылық танытуы, оны зерттеп, зерделеуге мүдделілік білдіруі де соның айғағы. Ал мұндай үлгінің қазақ даласында қалыптасуына, сондай-ақ қоғамда тұрақтылықтың сақталуына Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қосқан үлесі де зор. Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Төрағалық ететін Ассамблея бүгінде 19 жасқа толып отыр. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланған Егор Каппель мырзамен этникааралық қатынастар бағытында мемлекеттік саясатты жүргізудегі Ассамблеяның рөлі, оның алдағы міндеттері жайында әңгімелескен еді.

- Егор Яковлевич, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді мұндай бірегей институттың елімізде құру қажеттілігін Сіз немен байланыстыратын едіңіз?

- Әрине, ең алдымен біздің еліміз 20 жылдан астам уақыт бойы экономикалық та, саяси бағытта да табысты дамып келе жатқанына тоқталғым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды, ендігі күні еліміз өзінің ұзақмерзімді перспективалық даму бағытын айқындау үстінде. 
Осы ретте Кеңес Одағы ыдыраған кезеңде қалыптасқан тарихи жағдайларға оралсақ, біздің еліміз сол көпұлтты ел ретінде сақталып қалғанын аңғарамыз. Сақталып қана қойған жоқ, осыны дамытты. Ал Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуына негізінен елдегі индустрияландыру, Сталин тұсындағы жүзеге асқан күштеп жер аударулар, тың игерулер үлкен рөл атқарды деп білемін.

Ал мұндай көпұлтты елдегі өтпелі кезеңде этникаралық қақтығыстардың тәуекелінде қалмас үшін қандай да бір нақты қадам керек болғаны анық. Міне, осыған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық министрліктерге тапсырма жүктеп, Қазақстандағы барлық 130 этнос өкілдерінің бір мемлекет астындағы тату-тәтті өмірін қамтамасыз ету жолдарын айқындауды жүктеген болатын.

Сосын кейіннен Президенттің ұсынысымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Ассамблеяның Төрағасы болып сайланды, соның арқасында осынау институт өзіне жүктелген функцияны жемісті атқарды және атқарып та келеді деп ойлаймын.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеяның жұмысы негізінен екі құрамнан тұрған болатын, бұлар - тарихи қалыптасқан халықтар достығы және мемлекеттік ұлттық саясат. Алайда 2007 жылы институттың жұмысын түбегейлі жаңғырту, не болмаса оның қызметінің форматтарын біраз жетілдірудің қажеттілігі туындады. Соған орай, елімізде жүзеге асқан конституциялық реформа аясында заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізіліп, Ассамблея мүшелерінен Парламент Мәжілісіне 9 адам сайланатын болды. Ал сол кездің өзінде осы 9 депутатты қалай сайлаймыз, 130 ұлттың арасынан қандай өкілдер Парламентке енуі тиіс деген мәселе туындады. Міне, осындай тығырықты мәселе туындаған кезде, Ассамблея Төрағасы Н. Назарбаев бірден: «Ассамблеядан Мәжіліске сайланған депутаттар бүкіл Қазақстан халқының атынан өкілдік ететін болады» деп мәлімдеген болатын.

- Парламент Мәжілісінің құрамына оның өкілдері енгізілгеннен кейін, Ассамблея жұмысында қандай да бір өзгерістер орын алды ма?

- Бірінші кезекте біз Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңды қабылдауға бастама жасадық. Бұл ретте оның функциялары еш өзгеріссіз қалды, тек Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі конституциялық қағидаттарға сәйкес нақты айқындалды. Ассамблеяның Доктринасы, сосын 2020 жылға дейінгі Стратегиясы әзірленді. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылды, оның құрамына бізден бөлек, барлық парламенттік фракция мүшелері енді. Сондықтан да, бұл топ аса тиімді диалог алаңына айналып, онда барлық фракция үшін маңызды мәселелер - қоғамдағы келісім мен бейбітшілік мәселелері талқыланатын болды.

Қазіргі таңда Ассамблея айқын құрылымға иеленген ұйымға айналып отыр. Еліміздің барлық өңірлерімен, этникалық бірлестіктерімен тығыз байланыстамыз. Ондай бірлестіктер мемлекеттен қаржыландырылмайды, олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыстар атқарады.

- Бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелерінен бөлек, Ассамблея қандай жұмыстармен айналысады?

- Ең талқыланатын мәселелер - бұл көпұлтты қоғамда мәдениеттерді дамыту мәселесі. Шындығында, біздің мәдениетіміз қандай болуы керек? Дәл осы мәселеге менің көзқарасым мынадай: егер адам Қазақстанда, Қазақ Елінде дүниеге келген болса, қазақ топырағында оның балалары да өмір сүріп, немерелері де осында өсетін болса - олар ең әуелі міндетті түрде қазақтың мәдениетін білулері керек. Мінеки, 130 түрлі этносты құрайтын мәдениеттің ядросы осындай идеяның айналасында болуы керек. Дегенмен, олар ешқандай да ассимиляцияға ұшырамауы керек, өйткені, ондай жағдайда мәдениет өзінің құндылығын жоғалтады. Біздің көпэтникалық қоғамның мәдениеті жоғары болуы үшін баршамыз өзіміз тұрып жатқан еліміздің байырғы заманнан келе жатқан мәдениетін білуіміз керек, алайда өзіміздің төл мәдениетімізден айырылуға да болмайды.

Бұдан басқа аса маңызды тақырыптың бірі - мемлекеттік тіл. Бүгінгі таңда қазақ тілі баршамыз үшін қатынас тілі деңгейіне көтеріле бастаған шақта, барша қазақстандықтардың қазақ тілін меңгеруге ұмтылысы ерекше белең алып келеді. Мен шындығында, қазақша еркін сөйлесетін жас азаматтарға ерекше құрметпен қараймын, соның ішінде бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлер де мемлекеттік тілді білмейтін болса, бәсекеге қабілетсіз болатындарын түсініп келеді.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар арасында қалаларды, ауылдар мен көшелерді қайта атауға байланысты мәселелер де баршылық. Шындығында, ономастика мәселесі аса күрделі. Дегенмен, мен кейде бірқатар қазақстандықтар тарапынан елдегі атауларды өзгертуге қарсылық мәселесін, ең алдымен олардың тарихты білмеуімен байланыстырамын. Мәселен, Петропавл тұрғындары өздерінің қалаларын Қызылжар деп атауға қарсы. Әрине, біз бір жылдары әулие Петр мен Павелдің құрметіне қала салынғанын білеміз. Бірақ, одан бұрын да мұнда халықтар тұрды және сол қала салынған тұста жұмсартып айтсақ олардың пікірімен ешкім де санасқан емес. Ендеше, тарихи атауға қайта оралу - бұл менің пікірімше, тарихи әділдікті қалпына келтірумен теңдей.

- Ассамблея келешекте қандай міндеттерді шешетін болады?

- Менің ойымша, келешекте қазақстандық қоғам көптеген тілдерді білетін полиглоттар қоғамына айналады. Біздің Елбасымыз Н. Назарбаев айтпақшы, Қазақстан халқы жоғары білімді, жоғары мәдениетті, жалпы ұлттық идеяларға ұйыған, бір мүддеге біріккен тату-тәтті қоғамға айналады.

Ал Ассамблеяның жұмысына келсек, жақын онжылдықтарда біздің институт Президент Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша батыс елдерімен ынтымақтастық бағытындағы жұмысын жалғастыратын болады. Біздің басты міндетіміз - қоғамда дұрыс атмосфераны, толеранттық, достық пен келісім атмосферасын құру, сақтау және осыны қолдау.

- Әңгімеңізге рақмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға