Жаңалықтар

Алматыдағы үйлердің 30 пайызы 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алмайды

Алматыдағы үйлердің 30 пайызы 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алмайды
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 23.01.2024 18:20 1635

Алматыда болған 5 балдық жер сілкінісінен кейін ғимараттардың сапасы қаншалықты сын көтереді деген сұрақ көптің көкейінде туды.  Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров Алматыдағы ғимараттардың жер сілкінісіне қаншалықты төтеп беретінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Алматыда болған 5 балдық жер сілкінісінен кейін тұрғындардың көбісі үйлерін тастап далаға қашты. Тұрғындар көп қабатты үйлердің сапасына күмәнмен қарай бастады. Бұл жайлы не дейсіз?   

Ералы Шоқбаров: Алматы қаласы 9,10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан ғимараттар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Біз қаладағы салынып жатқан барлық құрылысты бірдей тексермейміз. Бізде салынған құрылыстың сапасын тексеру деген құзыр жоқ. Кез келген ғимарат салынған кезде сметалық құжат дайындалады. Ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Одан кейін барып салынады. Ғимараттың құрылыс жобасы дұрыс жасалса, ол 9 балға да төтеп беру керек. Сондықтан  алматылық тұрғындар 9 балдық жер сілкінісі кезінде де еш кедергісіз тұрғын үйден шығып үлгереді. Алматыдағы жағдайдан соң қираған, құлаған кешендер кездеспеді. Сондықтан қаладағы ғимараттардың сапасынын жақсы екенін көрсетіп отыр.

Алматыдағы үйлердің 30 пайызы 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алмайды

El.kz: Бүгінде Алматыдағы қанша ғимарат сейсмикалық аймақтың талаптарына сай келмейді?

Ералы Шоқбаров: Кез келген жаңадан салынған құрылыс кешенін сейсмикалық жағдайда қаншалықты төтеп бере алатынын тексереміз. Ғимараттарды 9 балды жағдайға сынаймыз. Біз тексерген ғимараттардың барлығында осындай сынақ кезінде қабырғада жарықшалар мен терезелердің шытынауы болмаған.

2023 жылдың қазан айынан бастап Алматыдағы ғимараттарды паспортизациялау жүйесін тексердік. Ол дегеніміз  ғимараттың талапқа сай не сай еместігін анықтау.

Алматы қаласындағы кеңес заманында салынған ғимараттардың құрылыс нормалары басқа болған. Қазақстан егемендігін алғалы бері құрылыс нормалары 5 рет өзгеріске ұшырады. Атап айтқанда, 1997, 2000, 2001, 2017 және 2021 жылдары. Бұл өзгерістің барлығы құрылыс нормаларын қатаңдату жағынан өзгертілді. Сондықтан кеңес дәуірінде салынған ғимараттардың көбісі 2017-2018 жылдары паспортизация өткеннен кейін бүгінгі таңдағы нормаға сай емес ғимараттарды айтып, оларға қандай шара қолдану керек екенін құзырлы органдарға, Алматы қаласының әкімдігіне берілген.

El.kz: Сейсмикалық аймақта қандай ғимараттарда тұру қауіпті? Қандай ғимараттар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алмайды?

Ералы Шоқбаров: Сейсмикалық жағдайға кеңес дәуірінде салынған 3 қабатты кірпіш ғимараттары және ағаштан салынған ғимараттар төзімді емес деп саналады. Олар жер сілкінісі кезінде құлап қалады деген мәселе емес. Біз 2008 жылы Алматыдағы 3 қабатты ғимаратты құрылысы салынып қойған ғимаратты 9 балға тексердік. Сол кезде ғимарат құлап қалды, бірақ толығымен құлаған жоқ. Қабырғасы шытынып, төбесіндегі бір-екі материал түсіп кетті. Сондықтан нақты мына үй төтеп береді, мына үй төтеп бермейді деп айта алмаймын.

2017-2018 жылғы паспортизацияның аясында қаладағы 30 %  ғимаратты, оның ішіне балабақша, мектеп, әкімшілік ғимараттары, «308 сериялы», «277 сериялы», кірпіш ғимараттар, ағаштан қаңқалы ғимараттар жарамсыздардың қатарына кіреді.   Яғни, 10 525 обьектіге паспортизация жасадық, ондағы 10 025 обьектінің ішінде 30 %-ы жарамсыз.

 El.kz: Сарапшылар зілзала кезінде көпқабатты тұрғын үйлерге қарағанда жер үйде тұру қауіпті деп айтып жатыр. Бұған қаншалықты келісесіз?  

Ералы Шоқбаров: Жеке тұрғын үйге мемлекет жауап бермейді. Өйткені ол үйдің иесінің жеке мүддесі. Ол үйді қалай салғанын мемлекет білмейді. Жеке тұрғын үйді салу сапасы үй иесіне тиесілі. Мысалы қандай құрылыс материалдарын қолданды, қалай салынды, құрылыс нормаларына сай ма, сай емес па соған байланысты. Біздің институт Қазақстанда болған зілзалаларды зерттеген кезде 1-2 қабатты ғимараттар қирайтынын анықтады. Не үшін? Соңғы рет Жамбыл облысындағы Бөгенбай кентінде болған жағдайда үйлер қираған. Себебі шамамнан салынған үйлер болған. Антисептикалық шаралар жасалмаған. Сондықтан бір қабатты үйлер де қирады.

Көпқабатты тұрғын үйлер салынған кезде үкімет тұрғысынан мемлекетттік сараптамадан өтеді, авторлық құзырлық жасалады, техникалық жағынан қадағаланады.

Бүгінгі таңда Алматыдағы құрылыс нормалары көп қабатты үйлердің қабат санын шектейді. Егерде Алматы қаласында 9 балдық норма болса, онда 12 қабаттан шектейді. 12 қабаттан  жоғары салынатын үйлер арнайы шаты арқылы салынады. Ол кезде құрылыс, тұрғын-үйлерге салынатын жүктемесі 1,5-2 еседей үлкейеді. Бүгінде Алматыда 12 қабаттан асатын ғимараттардың саны көбейген. Бұрындары ең биік қабат «Қазақстан» қоңақ үйі болған, 25 қабат. Сол 25 қабатты ғимараттың өзін сынақтан өткізіп салғанбыз. Қазіргі таңда Қазақстанда салынып жатқан ғимараттардың біршамасы арнайы сынақтардан өткен.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға