Бір жеңіс, бір жеңіліс

Баскетболдан Қазақстан құрамасы қалай ойнады?

Палестина бағынды!

Баскетболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Азия Кубогы-2021 жолдамасы сынға салынған ойында Палестина құрамасынан басым түсті.

21 ақпан Нұр-Сұлтан қаласының «Жекпе-жек» сарайында «Дала қасқырлары» Палестинадан келген баскетболшыларды қабылдаған болатын. Әрине, бұл құрама қазақстандықтардан 15 саты төмен тұрса да, бар білгендерін спорт алаңында көрсетіп бақты. Қонақтар бір жылдары аузын айға білеген Филиппин құрамасын жеңіп, біздің жігіттерден де басым түскен еді. Осыдан бес жыл бұрын өткен Азия Кубогында палестиналық Сани Сакакини үздік ойыншылардың біріне айналған-тын. Ол бұл кездесуге шақырту алып, өз құрамасын жеңіске жетелеуге ниетті болды. Қазақстан құрамасының бас бапкері македониялық Эмиль Райкович ойын басында Энтони Клеммнонс, Александр Жигулин, Вадим Щербак, Дмитрий Гаврилов пен Максим Марчукқа сенім артты. 

1039_1582591488_0.jpg

Орта алаңдағы доп тастауда Дмитрий Гаврилов жеңіске жеткенмен, төрешілердің бірі спорттық снарядты қайта ойнату керек тапқан. Келесі жолы да Дмитрийдің жолы болды. Алғашқы минутта ешбір команда өз шабуылдарын түйіндей алмаса да, Александр Жигулин керемет блокшотпен көзге түсті. Одан кейін ойындағы алғашқы ұпай Вадим Щербактың еншісіне жазылды. Алайда, қарсыластар көп күттірмей таразы басын теңестіріп кетті. Бірінші минуттардан қазақстандықтар сенімді ойнап, ұпай басымдығын алтыға дейін жеткізе білген. Өз кезегінде, палестиналықтар ойын сәтінен допты торға түсіре алмай әбден әбігер болғанымен, айып сызығы арқылы нәтижелі ойнай білді. Екінші ширекте «дала қасқырлары» қателіктерге бой алдырып, палестиналықтардың ең мықты баскетболшылары Сани Сакакинидің нәтижелі ойнауына жол беріп қойды. Біздің үш ұпайлық доптарымыз «желге ұшып» жатқанда, қонақтар таблодағы көрсеткіште қуып жеткен еді. Тіпті, бұл ширектің аяқталуына екі минут қалғанда алға шығып та үлгерді. Эмиль Райкович бір минуттық үзіліс алып, шәкірттерінің кеткен қателіктерін айтып, ойын сызбасын өзгерткісі келгенімен, жергілікті баскетболшылар бапкер сөзін құлаққа ілмегендей. Бұл кезеңде бір ұпай айырмасымен Палестина алға шыққан-тын.

Үшінші ширекте Антон Быков қазақстандықтарды алға шығарғанымен, одан кейінгі жергілікті спортшылардың ойыны көңіл қуантпады. Олардың алаңдағы жүріс-тұрысы, іс-қимылы Пол Коутердің жігіттерінен көш ілгері болса да, доп себетке түсуге үзілді-кесілді қарсы болғандай. Осындай келеңсіздікті сәтті пайдалануға тырысқан палестиналықтар нәтижелі ойынның арқасында есепті тоғыз ұпай айырмасына дейін жеткізген-тін. Энтони Клеммонс қарсыластар себетіне қойылған «құлыпты» бұзып, олардың тым алға ұзап кетуіне кедергі келтірді. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың үш ұпайға ниеттенген доптары керек жерге түспей жатты. Бірақ, екінші деммен шабуылдың жақсы қырларын көрдік. Қонақтар көшбасшы ойыншыларын алаңға жіберіп, барынша қарсылық көрсетуге тырысқанымен, ұпай айырмасы уақыт өте қысқара берді. Бұл ширектегі алғашқы үш ұпайлық доп Вадим Щербактың еншісіне жазылғанын да айта кету керек. Үлкен үзіліске екі жарым минут қалғанда есеп теңесті. Спорт алаңдағы допқа қызу талас одан әрмен жалғаса берді. Қарсыластар ұпай айырмасындағы басымдықты сақтап қалуға жан таласса, жергілікті баскетболшылар, қалайда қуып жетуді ойлап, алға жүгірген. Сондай сәттің бірінде Рүстам Мурзағалиев бүкіл алаңды артқа тастап, алдынан кезіккен қарсыластың бәрін айналып өтіп, допты себетке тастай салғанымен, спорттық снаряд кері серпілмесі бар ма? Бұл ширекте де басымдық қарсылас еншісінде кетті. Таблода 37:39 есебі тіркелді.

Алғашқы ойын бөлігінде қазақстандық ойыншылардың алыстан себетті көздеу әрекеттері еш пайда әкелмегенін ескерген жөн. Мәселен, «дала қасқырлары» жасаған 18 лақтырыстың, үшеуі ғана көздеген жерге жеткен. Екі ұпайлықтардың да көрсеткіші – 50/50. Әрине, палестиналық ойыншылар да өздерінің керемет шеберліктерімен көзге түспегені белгілі. Бұл орайда, қазақстандықтардың реализациясы жақсы бағаланғанымен, алаңдағы тәртіпсіз ойындарынан зардап шекті. Палестиналықтар айып соққысын көбірек орындап, өз қоржындарын қажетті ұпаймен толтырып отырды. Олардың көшбасшысы саналған Сани Сакакини өзінің жұлдызды шағын жоғалтып алғандай көрінгенмен, еншісіне 22 ұпай, 8 теріп алу жаза білді. Бұл да жаман нәтиже емес.

1037_1582336230_30.jpg

Үшінші ширекте Райкович баптайтын жігіттер қуып жету рөлінде болып, 3-5 ұпайлық айырманы қысқартуға тырысып бақты. Энтони Клеммонс пен Антон Быков бар шеберлігін ортаға сала отырып, таразы басын тең қойып, алаңдағы қызықты одан сайын қыздыра түскен. Қарсыластар да қарап қалмай, сәті түссе допты себетке сәтті салып, алаң иелерінің озып кетуіне кедергі келтірумен болды. Екпінді үдетеміз деген жергілікті баскетболшылардың дегбірі қашып, тағы да ойын барысында сәтсіздіктерге жол беріп жатты. Соның кесірінен Палестина бес ұпаймен тағы ұзап кете барды. Алдыңғы ширекте ойын соңында алға ұмтылған Рүстам Мурзағалиев сәтсіздіктен екі ұпайға қол жеткізе алмаса, бұл жолы дегені болып, қосымша «энд уанға» мүмкіндік алып, оны да табысты орындай білді. Соның арқасында  екі құрама жиған ұпайдың арасы минимумға дейін қысқарған еді. Төртінші ширекте Антон Пономарев біздің құраманы алға шығарған. Одан кейінгі ойын алаңдағы тартыс жалғасқанымен, командалар белсенді түрде ұпай жинауын доғарды. Ойын аяқталуына бес минут қалғанда Қазақстан бар болғаны екі ұпаймен алда болды. Бұл тартысты кездесудің тағдыры қалай аяқталарын болжау қиынның қиыны еді. Тағы бірер минутта таблодағы көрсеткіштің ара-жігі төрт ұрпайды құрады. Одан кейін екі құрама да нәтиежіл шабуылдармен түйіндеген. Ойынның соңғы минутында жергілікті баскетболшылар үш ұпай айырмашылығын сақтап тұрды. Есепті еселеуге тамаша мүмкіндік туғанда Эмиль Райкович шәкірттері мүлт кеткен, сол сияқты палестиналықтардың да добы себетке түспей қалды. Қазақстандықтар өте тартысты кездесуде 79:76 (18:19, 19:20, 25:24, 17:13) есебімен басым түсті.
«Дала қасқырлары» мінез көрсетіп, барын сала ойнаған қарсыластарын жеңе білді. Екінші ойынның бөлігінде қазақстандық баскетболшылар допты торға түсіру бойынша өз нәтижелерін жақсарта алғанын байқаймыз. Алайда, үштік ұпайлардың тек  20 %-ы керек жерден табылғаны – әлі де жасалыну керек жұмыстардың көптігін көрсетіп бергендей. Бастысы, бұл кездесуді өз пайдамызға шеше білгеніміз.

Иорданияны бағындыруға не жетпеді?

Баскетболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Азия Кубогы-2021 квалификациясының бірінші кезеңіндегі жауапты кездесуде Иорданиядан ұтылып қалды.

24 ақпан күні тағы да елордадағы «Жекпе-жек» сарайы маңызды кездесуге куә болды. Бұл жолы Эмиль Райкович шәкірттеріне Иордания баскетболшылары қарсы тұрған еді. Айта кетерлігі, бұл – Азияның элитасына кіретін және әлемдік рейтингте қазақстандықтардан әлдеқайда алда тұрған құрама. «Сұңқарлар» (Иордания құрамасы) алғашқы ойынды өз алаңында Шри-Ланкаға қарсы өткізген еді. Ол ойындағы нәтиже – 100:45, иорданиялықтардың таза жеңісі. Айтпақшы, біздің құрама бұған дейін ешбір ойында бұл елдің баскетболшыларынан басым түсіп көрмепті. Сол сәтсіздіктердің орнын толтырар керемет мүмкіндік туған еді...

Ойынды Этони Клеммонс, Александр Жигулин, Вадим Щербак, Дмитрий Гаврилов пен Николай Бажин бастады. Дмитрий Гаврилов төреші тастаған допты жеңіп, командасын шабуылға жіберген. Энтони Клемменс шабуылды түйіндеуге келгенде қателік жібергенімен, екінші деммен спорттық снарядты себетке тастай білді. Қарсыластар да қарап қалмай, алғашқы шабуылдан-ақ, есепті теңестіріп кетті. Олар одан кейінгі шабуылда да үш ұпайлық доп салып, есепте алға шықты. Палестина құрамасымен салыстырғанда бұл қарсыластың қаншалықты шебер ойыншылардан құралғаны көзге ұрып тұрды. Алғашқы ширекте қос құрама да қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, шапшаң қимылдауға тырысып бақты. Тек шешуші лақтырыстарға сәттілік жетіспей жатқаны байқалды. Соның кесірінен таблодағы нәтижеге сирек өзгерістер еніп отырды. Бірінші ширекте екі команда да алға шығып, айқын көшбасшы болудың мүмкіндігін таппай, әбігерге түсті. Десе де, иорданиялықтар бұл ойын тақтасында екі ұпай басымдығына ие болған-тын. Алғашқы ширектегі қазақстандықтардың үш ұпайлық лақтырыстары еш нәтиже берген жоқ. Алты мүмкіндіктің барлығы «желге ұшқан». Ал басқа ойын қырлары бойынша жергілікті ойыншылар қарсыластарының алдын орап тұрды. Десе де, қазіргі баскетболда үш ұпайлық сәтті лақтырыстарсыз ойында жеңіске жету қиындық туғызатынын ұмытпаған жөн.

2222222.jpg

Екінші ойын бөлігінің басында сәтсіз басталған шабуылдарға Максим Марчуктің торға дәл түскен добы нүкте қойғандай көрінген. Келесі екі минутта иордандықтар айып добын іске асырғаны болмаса, командалар тартысты бәсеке арқылы өз еншілеріне ұпай жаза алмады. Ширектің төртінші минуты өтіп жатқанда қазақстандықтардың сапында Шаим Қуанов үштік ұпайға қол жеткізді. Бұдан кейін жергілікті баскетболшылар бірнеше нәтижелі шабуылдар ұйымдастырып, қарсыластарынан алты ұпайға ұзап кетуге мүмкіндік алған. Одан артық ұпай жинауға «сұңқарлар» мүмкіндік бермеді. Таблодағы басымдық тек бірнеше минутқа созылып, одан кейінгі шабуылдар жақсы нәтиежеге жетелей алмады. Иорданиялықтар ұпайды теңестіріп қана қоймай, бірнешеуін артығымен жинай білді. Вадим Щербак өзінің асқан шеберлігін іске қосып, қазақстандықтарға үшке тең ұпай сыйлады. Кездесудің алғашқы бөлігінде жергілікті баскетболшылардың цифрлық көрсеткіші көңіл қуанта қоймады. Керісінше қарсыластардың сапындағы көшбасшылар – жас қорғаушы Фредди Ибрагим, тәжірибелі ойыншы Моххамад Хуссейн мен қораушы Дар Такер отыз ұпайдың 29-ын алып берген еді.

Үшінші ширекте де ойын деңгейі өзгеріссіз қалды. Сол жылдамдық, шапшаңдық жалғаса берді. Қарсыластар бұл ойын бөлігінің ортасына дейін ел баскетболшыларымен бірдей ұпай алып келсе, кейінгі бес минуттықта алға шығып кетті. Екі команданың ойыншылары да қателіктерге бой алдырып, екі минуттықта ешбір ұпайға қол жеткізе алмай кері шегінуге тура келді. Сәтсіз қимылдардан соң, өз-өздерін қолға алған иордандықтар ұпай айырмасын алтыға дейін жеткізе алды. Отандық спортшылар ілгеріде айтып кеткен қарсыластардың көшбасшыларын байлап ұстауға шамалары жетпегендей. Сол сияқты біздің баскетболшылардың үш ұпайлық лақтырыстарының алтыдан бірі ғана себетке түсті.  

Алты ұпайлық айырма мұндай тартысты ойында түкке тұрмастай көрінген. Төртінші ширек бастала сала, Райкович жігіттері қалайда таразы басын теңестіруге ұмтылған. Бірер минуттың ішінде Антон Быков пен Шаим Қуанов есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқарта білді. Алаңдағы қызу ойында әрбір ұпайға қол жеткізу оңайға соқпайтыны көрініп тұрды. Ұпай айырмасы бірнеше минут бойы 2-5-тің айналасында тұрғанымен, сұңқарлар жергілікті баскетболшылардың алға шығуына мүмкіндік берген жоқ. Бұл ширекте ұтылып жатқанымыз жанына батқан тәжірибелі Антон Пономарев ойынды өз қолына алуға тырысып, үш ұпайлық лақтырысты сәтті орындап, айып добын әперіп, нәтижелі пастар шығарумен айналысты. Ал ойынның аяқталуына үш минут қалғанда Энтони Клеммонс үш ұпайға қол жеткізіп, таблодағы есепті теңестіріп үлгерген еді. Ойын соңы жүйкені тоздырар қызу тартыспен өтті. Өкінішке қарай, біздің команда бірлі-екілі шабуылды нәтижелі аяқтай алмай, ойын басымдығын қарсыласқа беруге мәжбүр болды. Мұнша мүмкіндіктер құр кетпегенде ойынды овертаймға жеткізуге болар ма еді? Қызықты ойындағы есеп – 68:71(13:15, 19:15, 12:20, 24:21), Иорданияның пайдасында...

«Дала қасқырлары» алғашқы ойын бөлігінде фаворит болып есептелген иорданиялдықтарға айтарлықтай қарсылық көрсетіп бақты. Олар қорғаныста да, шабуылда да жинақы ойнауға тырысып, «сұңқарлардың» сағын сындыруға дайын болған еді. Алайда, допты себетке тастаудағы қателіктер бүгінгі ойынның тағдырын шешкендей. Нәтижелі бір-екі шабуыл Эмиль Райкович шәкірттерін жеңіске жеткізер ме еді деген ой келеді...

(Суреттер nbf.kz сайтынан алынды)

Ұқсас материалдар