Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ — қоғамды біртұтас әлеуметтік-мәдени жүйе ретінде қарастыратын және бастапқы социологиялық ақпараттарды жинаудың, өңдеп, талдаудың айрықша әдістері мен тәсілдеріне сүйене жүргізілетін зерттеу түрі.
28.08.2014 12:38 60191

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ — қоғамды біртұтас әлеуметтік-мәдени жүйе ретінде қарастыратын және бастапқы социологиялық ақпараттарды жинаудың, өңдеп, талдаудың айрықша әдістері мен тәсілдеріне сүйене жүргізілетін зерттеу түрі. Ол әр алуан негіздемелер бойынша бірнеше түрге: мыс., социол. білімді игеру сипатына қарай теориялық және эмпириялық (нақты), жүргізілу жиілігіне орай бір мәртелік және қайталанбалы, танымдық мақсаттары мен міндеттеріне, зерттеу барысында алатын білім ауқымы мен тереңдігіне қарай барламалық (пилотаждық, зондаждық), баяндамалық және таңдамалық, зерттеу масштабына орай жергілікті, аймақтық, жалпы мемлекеттік және халықаралық Ә. з-лерге бөлінеді. Бұл зерттеулердің қай-қайсысы да арнаулы даярлықты қажет ететін, күрделі, жан-жақты, көп салалы процесс. Ол жүйелі үш негізгі сатыны: 1) Ә. з. бағдарламасын әзірлеуді; 2) бастапқы социол. ақпараттарды жинауды; 3) жинақталған. деректерді өңдеп, талдауды, қорытуды және ұйғарым түйіп, ұсыныстар мен болжаулар жасауды қамтиды. Ә. з-лердің сатылық кезеңдерінде әлеуметтік болжау жасаудың өзіндік мән-маңызы ерекше. Ол зерттелетін объектіні алдын-ала талдау негізінде ұсынылатын әлеум. деректер, құбылыстар мен процестер туралы ғыл. тұрғыдан дәлелді, әйтсе де, растау мен теріске шығаруды қажетсінетін әлеум. жорамалдар жасайды. Әлеуметтік болжам үш тәсілмен: экстраполюстеу (яки, ықтимал ауытқуларды есепке алу), модельдеу (тиісті үлгілерді жасау) және эксперттік сауалдама (сарапшыларды сауалдамаға қатыстыру) арқылы жүзеге асады. Болжамдардың бәрі бірдей шындыққа айналып, кәдеге асуы шарт емес. Әлеум. болжаудың негізгі мақсаты, біріншіден — белгілі бір әлеум. жүйенің сандық, сапалық қасиеттерін анықтау арқылы қоғамдық даму мүмкіндіктерін саралауға; екіншіден — қоғамдық тұрмыстың нақты әлеум. жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуге қажетті мағлұматтар береді. Ал, әлеуметтік жоспарлау ұғымы осы әлеум. болжам атауымен тікелей сабақтасып, желілесіп жатады. өйткені, ол әлеум. даму процестерінің мақсат-міндеттерін, оны жүзеге асыру жолдарының ғылыми негізделген көрсеткіштерін қамтиды. Әлеум. жоспарлау қажеттілігі бір салаға тән ерекшеліктердің әлеум.-экон. мәселелермен тығыз байланыстылығынан  туындайды. Мыс., қаланың дамуын жоспарлау үшін, алдымен, әлеум. мәселелерді шешудің тиімді жолдарын, ресурстар қорын іздестіріп, тиянақты болжам жасалуы тиіс. Әлеум. жоспарлау объектісі — әлеум. топтар, қала, аймақ және басқа да елді мекендер. Әлеум. жоспарлау барысында аймақтық — әкімш., ұлттық және геогр. ерекшеліктер ескерілуі шарт. Ал әлеум. процестер мен құбылыстарды жоспарлы дамыту мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан негіздеуге, нақты әлеум. ин-ттармен қарым-қатынасты мақсаткерлікпен өзгертуге бағытталатын басқару ісінің бір сатысы — әлеуметтік жобалау ұғымы әлеум. жоспарлаудан өзгеше: ол әлдебір ұйымның шешіміне тәуелді болғандықтан, шартты нұсқаулық сипатта болады. Бірақ, әлеум. жоба өздігінен жүзеге аспайды, жоспарлы мақсатқа байланысты іске асады. Социология ғылымында оны әлеум. болжау мен әлеум. жоспарлау арасындағы дәнекер элемент ретінде қарастырады. Әлеум. жобалау барысында  өзара байланысты әлеум.-экон. тиімділік, экол. салдар, әлеум. тұтастық, әлеум.-ұйымдық басшылық, әлеум. белсенділік тәрізді мақсат-мұраттар жете ескерілуі керек. Осы аталған мақсаттарға жету жолдары айқындалған соң ғана әлеум. жобалаудың нақты міндеттерді белгіленеді…

Жалпы, Ә. з-ді жүргізіп, қоғамдық пікірді екшеу барысында қолданылатын әдістер көп. Солардың ең негізгілерінің бірі — әлеуметтік бақылау. Бұл — арнайы, жүйелі де тікелей қабылдап, түсінуге, таңдап алынған әлеум. объектінің нақты  Ә. з. үшін қажетті сипаттамаларын тіркеуге байланысты эмпириялық (нақты) деректерді жинау әдісі. Әлеум. бақылау — басқару жүйесінің маңызды бөлігі қоғамның қалыпты қызмет етіп, қолайсыз жағдайларға жол бермеу үшін әлеум. бақылаудың маңызы зор. Ол — кең мағынасында, қоғамның бақылау түрлерін қамтиды, ол тар мағынада — әлеуметтік пікір, яғни адамның іс-қимылы мен тәртібіне берілетін баға ретінде түсіндіріледі. Ал, “әлеуметтік пікір” ұғымына көне заман ойшылдары ерекше көңіл бөлген. Белгілі италиялық мемл. және қоғамдық қайраткер Н. Макиавелли (1469 — 1527) “Патша” атты еңбегінде әлеум. пікірдің аса маңызды құбылыс екенін ерекше атап көрсеткен. Ол нақты  бір қоғамдағы ой-сананы, оның мүддесін, көңіл-ауанын, хал-аухалын айқындаушы көрсеткіш. Әлеум. пікір мен қоғамдық сана өзара байланысты әрі адам мүддесінің материалдық жай-күйінен өрбиді. Көбінесе, әрқилы әлеум. топтардың бүгінгі күн проблемаларына, деректері мен құбылыстарына  айқын немесе жасырын көзқарастары түрінде кездеседі. Сондай-ақ, Ә. з-дің әлеум. сауалдама, әлеум. эксперимент тәрізді түрлері де бар.

М. Сейталиев

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға