Жаңалықтар

Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 5 айда жүк тасымалы 2,5 есе артты - Тоқаев

Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 5 айда жүк тасымалы 2,5 есе артты - Тоқаев
30.06.2022 00:19 1563

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий саммиті барысында айтты, деп хабарлайды EL.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады деп санайды. Оның пікірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты.

Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Біз ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.

Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталғанын айтты.

Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға