Жаңалықтар

Түркмен халқының мәдениетіндегі оғыз элементі

Оғыздардың тарихы
26.02.2016 15:29 9581

Түркмен халқының мәдениетіндегі оғыз элементі

Түркмен халықтарының мәдениеті оғыз-түркмен тайпаларының кезеңінен қалған дәстүрлерге бай. Оның соңғылары исламдану кезеңіне дейінгі кездерден басталады. Оғыздардың салт-дәстүрлері түркмендердің әдебиетінде, музыкасында, фольклорында орын алған. Соның бірі көпшілік түрік халықтарына ортақ «Оғызнама» эпосы болып табылады. Ғасырдан ғасырға ауыздан-ауызға таралған дастан тек ХҮІ ғасырда ғана қағазға түскен. Тағы бір түрік халықтарына ортақ, түркмен халқы төл дерегіне есептейтін оғыздардың мәдениеті мен оның ислам мәдениетімен араласқан элементтерін біріктірген «Қорқыт ата» жыры. 

Оғыз тайпаларының түркмен халқына қалдырған тағы бір үлкен мәдени мұрасы – тілі. Түркмен тілі түрік тілдерінің, соның ішінде батыс оғыз диалектінің негізінде дамыған.

 Түркмен мәдениетінің ажыратылмас тағы бір бөлшегі ол – түркмен кілемі. Оны түркмен әйелдері қолдан тігеді. Егер бүгінде кілем тоқу тек іскерлердің жұмысы болса, ертеректе әрбір түркмен әйелі кілем тоқи алатын болған. Кілем түркмен халқының символы болып табылады. Ол жүн, мақта және жібектен тоқылып, көбіне қызыл түсті келеді. Оғыз ханның балаларына қалдырып кеткен өсиеттері түркмен кілемдерінде бейнеленген деседі.

Түркмендердің ұлттық үйлері киіз үй болды. Яғни бір жерден екінші жерге үнемі қоныс аударып жүрген оғыздардың тұрғын үйлері де қозғалмалы өмір салтына ыңғайластырып жасалған – киіз үйлер болғандығы және М.Қашқаридың еңбегінде оғыздар қоғамындағы күмісші, тігінші (джулах) мамандары, жіп иіретін құрылғы, чакрык сияқты бұйымдар, аяқ-киім, киім-кешек, ыдыс-аяқ, керамика, әшекей бұйымдар, киіз үйге арналған киіз, палас, кілемдер, текемет мысалға келтіріледі. Ерлер қару-жарақ, ер-тұрмандарын, күймелі арбалардың, киіз үйлердің ағаш бөлшектерін дайындағанын С.Г.Агаджанов еңбегінде жазып өткен болатын.

Түркмен мәдениетінің ажырамас тағы бір бөлшегі – жылқы шаруашылығы және текті жылқы түрлерін өсіру де осы оғыз дәуірінен сақталса керек. Ол туралы өз зерттеуінде М.Айдогдыеа пен А.Языев айтып өтеді.

«Аспан аты», «қанатты тұлпар», «ғажайып ат» т.б. аттарға лайықталған ахалтеке тұқымы тарихи отаны Түркменстан болып табылатын сәйгүлік. Әлемге әйгілі болған ахалтеке тұқымын оғыздар жабайы өмір салтынан қолға үйрете білген. Дәл осы жылқылар оғыздардың өмірлік серігіне айналған.Бүгінгі таңда әлемнің иппологтары ахалтеке тұқымын адамзат өміріндегі қаны таза, жылқы бағу әлемінің алтын қорына кіретін ерекше түр екенін бірауыздан мойындаған.

Қазақстанды мекен ететін этностар арасында тұрмыс салты, мәдениеті, дінімен тілі қазақ халқына ұқсас келетіндер аз емес. Солардың арасында ерекшелеп түркмен халықтарын айтуға болады. Мысал ретінде көп ғасырлық тарихтан келе жатқан екі халықтың өмірін келтірсек болады.

Ортағасырлық тарихи жазба деректерде «түркмен» сөзі кең түрде кездеседі. Оғыздар ислам дінін қабылдаған соң солай атала бастаған болатын. Қазақстандағы түркмендердің саны 1989 жылғы халық санағы бойынша 3846 адамды құрады. Оның 73,9%-ы қала тұрғындары болып шықты. Кейінгі 2009 жылғы халық санағы бойынша түркмен халқының саны едәуір ұлғайғаны байқалды. Көпшілігі олардың түркменстанмен шекаралас аймақтарда, оңтүстік және орталық облыстарда тұраты болып шықты. Әлем бойынша түркмен халқының саны әр түрлі дереккөздер бойынша 5-8 млн адамды құрайды. Олардың көпшілігі Иран, Ауғанстан, Ирак және Таяу Шығыстың басқа мемлекеттерінде өмір сүреді.

Түркмен халқының қалыптасуына ежелгі түркітілдес тайпалар кейін түркмен-оғыздар әсер етті. Оғыз тайпалары, бір компонент ретінде қазақ, татар, башқұрт, түркмен және т.б. халықтардың этногенезінде роль ойнаған.

Қазақ және түркмен руларында ұқсастықтар көп: тазлар, шихлар, тана, керей, сары, тахтамыш.

Қазақ-түркмен мәдениетінің ұқсастықтарындағы тағы бір нәрсе – Көрұғлы батыр туралы жырдың болуы. Бұл эпос тек түік емес, сонымен қатар ирантілдес елдердің фольклорында кездеседі. Оның шығу тегін ғалымдар оғыз дәуірінен бастайды.

Тағы бір ортақ мәдени мұра ол – тұрғын үй – киіз үй.

Түркмен тілі батыс оғыз тілдер тобына жататынын ескере отырып қазақ-түркмен тілдерінде ортақ сөздердің көп кездесетінін атап өтуге болады. Сонымен қатар әзербайжан, түрік тілдері де ұқсастықтарға толы.

Түркмендер де, қазақтар да ислам дінін қабылдаған этностар болғанымен, екеуінде де бұрынғы кезден қалған шаманизм қалдықтары кездеседі. Археологиялық деректер, салт-дәстүрлер, топонимикалық іздер, отқа табыну, жерлеу дәстүрлері осы тұжырымды растайды.

Әзірлеген Шуақ Оразбай

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға