Жаңалықтар

Су тапшылығы проблемаға айна­лып барады

Ғасырдың соңына таман біздің заманымыздың басты тауа­ры кәдімгі су болатын түрі бар
Су тапшылығы проблемаға айна­лып барады
Фото: bakertilly.ua 28.10.2022 11:22 7189

Әлемде ХХ ғасырдың ең басты тауары мұнай мен газ болғандығы белгілі. Ғасырдың соңына таман автомобиль, басқа да көлік түрлері мен жаңа технологиялық құралдар өндірісі ба­рынша дамып, көптеп сатылға­ны­мен мұнай мен газға деген адамзат сұ­ра­нысы бәрінен де басым түсті. Соған сай оның өндірісі де барынша дамып, шарықтау шегіне жетті. Мұнайдың артық өндірісі пайда болды. Мұ­ның өзі соңғы 10-15 жылда бағаның құбылмалылығын туғызды. Мұнай мен газ әлемдік саясаттың басты құралына айналды. Мұның айқын бейнесі Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты еуропалықтардың бұл тауарларға қаншама мұқтаж бола отырып, Ресей газын сатып алудан бас тартуларынан анық көрінді.

Сөйтіп қазір әлемде мұнай дәуірі бірте-бірте өтіп бара жатқанына қарамастан әзірге мұнай мен газ адамзат тұтынатын басты тауар ретінде өз орынын босата қойған жоқ. Бірақ бұл оқиғаның ең бір кереметі сол, мұнай мен газға бай бір ел оны қайда сатарын білмей басы қатса, мұнайға зәру екінші бір елдер іргедегі мұнай мен газдан бас тартып, бірақ осы өнімдерді қайдан сатып алатындарын білмей дал болуда. Осы көріністің өзі-ақ мұнай мен газ дәуірі бірте-бірте сырғып бара жатқандығын, ол болашақтың басты тауары емес екендігін ашық аңғартады.

 Сонымен, әзірге бір ширегі ғана өтіп үлгірген үстіміздегі ХХІ ғасырда қандай зат басты тауарға айналмақ?

Ғасырдың басты тауары

Табиғи ресурстар қорларына талдау жасаушы сарапшылардың пікіріне қарағанда, ғасырдың соңына таман біздің заманымыздың басты тауа­ры кәдімгі су болатын түрі бар. Өйт­кені, адамзат тұрмысына қажетті таза суды тұтыну көлемі жылдан-жылға артуда. Оның үстіне, қазір мұнай мен газдың да дәурені өте бастағандығын жоғарыда айттық. Осы­ған орай энергетика коктейлінде атом қуаты, жаңа биомасса, жел мен күн энергиясының үлесі артып келеді. Кейбір елдер қазірдің өзінде атомға қайта оралу ниетін анық аңғартуда. Білікті ғалымдардың пікірінше, энер­ге­тика саласындағы көптүрлілік етек ал­ған бұл аралық кезең ең әрі кеткенде 50 жылдай уақытты қамтымақ. Міне, осы уақыт аралығында адамзат қауы­мы энергияның таусылмайтын аса мол қоры – сутегін игеру, өндіру, тарату, пайдалану кезеңдерін бастан өткеріп, мұнан әрі қарата осы энергия көзіне тоқтам жасайтын болады. Яғни, ғасыр­дың соңына таман сутегі осы уақытқа дейін пайдаланылып келе жатқан бар­лық энергия көздерінен басым түсіп, кейбір қуат көздерін алмастырушы маңызға ие болады. Демек, ХХІ ғасыр­дың соңы су мен одан алынатын не­гіз­гі қуат көзі сутегінің заманы бо­лады десек, артық айтқандық болмас.

Әрі мол, әрі тапшы

Қазір белгілі бір орталарда сөз бо­лып жүрген бұл пікір былайғы халық үшін құлаққа тосындау естілуі де мүм­кін. Себебі, дүниеде қандай зат көп десеңіз, ол заттың су екендігі белгілі. Жер шарының 70 пайызы немесе төрттен үш бөлігі судан тұрады. Планетамыздағы судың жалпы көлемі 360 млн текше шақырымды, жалпы айдыны 1 млрд 370 млн шаршы ша­қы­рымды құрайды. Елімізге танымал журналист, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Камал Смайылов ағамыз: «Егер сол суды Жердегі құрлықтар үстіне жайып жіберсе, онда жер бетін қалыңдығы 2700 метр болатын топан су алар еді. Жердегі бар су 20 миллиард адамға еркін жетеді. Бірақ су іздеп, су аңсап шөлдеген адам­дар мен оны қажет ететін өндіріс, егі­н­шілік қаулап өсіп келеді», деген еді.

Сонымен су осы уақытқа дейін әлем­нің көптеген елдерінде барынша мол зат ретінде тегін пайдаланылып келді. Сон­дықтан  біздің қазақ халқы бір нәрсені өте арзан бағаға алдық деген ұғымды білдірген кезде «су тегін» алдық дейтін. Дүниеде босқа жатқан зат жоқ деген ұғымды білдірген кезде «судың да сұрауы бар» деп қоятын. Енді осы жағдай бірте-бірте келмеске кететін түрі бар. Өйткені, Жер шарында құрғаққа қарағанда, судың үлесі анағұрлым басым болғанымен, оның адамзат кәдесіне жарайтын тұз­данбаған таза бөлігі тым аз. Ол барлық судың шамамен екі-үш пайызын ғана құ­рай­ды. Оның үстіне осы адамзат қаже­тіне жарайтын 30 млн текше шақырым судың 25 млн текше шақырымға жуығы Арктика мен Антарктиданың мәңгі мұз­дақтарында жатыр. Ал адамның қолына түсіп, игілігіне жарап отырған судың мөлшері барлық тұщы судың 1,7 - 2 пайыздайын ғана құрайды екен.

Сонымен адамзат игілігіндегі тұщы су тапшылығы жылдан-жылға ушығып, үлкен проблемаға айна­лып келеді. Өткен ғасырдың соңғы ке­зең­дерінен бастап су проблемасының шиеленісуі, бірқатар мемлекетаралық дау-жанжалдардың өзегіне айналуы бұл проблеманың алдағы уақытта асқына беретіндігін байқатады. Оның үстіне, біз қазір қалаларда кәдімгі өңделген таза судың ыдыстарға құйылып, сатылып жатқандығын көріп отырмыз. Мұның өзі судың тауарға айналған­дығының айқын белгісі ғой. 

Атаулар мен дәстүрлер сыры

Мұхиттардан жырақта, Еуразия құр­лы­ғының бел ортасында өмір кешіп жат­қан қазақ халқы үшін су мәселесін ұр­пақ­тан ұрпаққа ұласып келе жатқан аса тағдырлы мәселе деп айтуға болады. Біз­дің халқымыздың тұрмыс-салтына, тарихи қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жүйесіне, тіпті мінез-құлқына судың жасаған ықпалы өте үлкен. Мәселен, біздің ата-бабаларымыздың көшпелі өмір салтын таңдап алуына бірден-бір әсер еткен үлкен фактор – мал шаруа­шы­лығы десек, мал шаруашылығының өріс алуына жердің молдығы мен ылғалдың аздығы әсер еткен. Қазақтың ежелгі жер атауларының өзі осы жағдайдан жақсы сыр шертеді. Біздің еліміздің алып аумағының, шамамен алғанда, үштен бір бөлігін еншілеген ең үлкен өңір Сарыарқа деп аталады. Неге Сарыарқа? Айтпаса да түсінікті болар. Сарыарқаның бір шетінен оңтүстікке қарай бет алсаңыз, Бетпақдалаға кез боласыз. Оның бір жақ шеті Мойынқұмды қамтиды. Бұл атаулардың сыры да көпшілікке мәлім. Осы үшеуі қосыла келе қазақ жерінің 40 пайыздан астамын құрайды. Енді осыған сарғайып жататын Торғай үстіртін, Мұғалжар өңірін, батыстың құмды далалық аймағын қосыңыз. Сонда жалпы жер аумағымыздың 70 пайызын шөл және шөлейтті жерлер құрайтынына көзіңіз жетеді. Демек, біздің баба­лары­мыз ежелгі замандарда мал шаруашылығын негізгі кәсіп түрі ретінде бекер таңдамаған. Бұған оларды қоршаған табиғи орта жағдайы мәжбүрлеген.

Су көздерінің тапшылығынан ата-бабаларымыз маң даланың бойында анда-санда бір кездесетін бұлақтар басында он-он бес үйден ағайын-туыстар болып отырды. Қоныстанудың бұл жүйесі бертінге дейін жалғасып келді.  Халқымыздың бойынан қалмай келе жатқан рушылдық пен туысшылдықтың, бауырмалдылықтың бір сыры да осында деп ойлаймыз.

Міне, осындай жағдайда аралас-құраластық үшін жердің шалғайлығы қоғаммен, елмен байланыстыратын ақпарат көздеріне деген мұқтаждықты туғызды. Бейбіт күндері қазақтың басы той мен өлімде ғана қосылып отырды. Бұдан «той десе қу бас домалайды» деген мақал қалды.

Алыстан келген әрбір қонақ ақпарат көзіне баланып, құдайдай сыйланды. Суға шөлдеген саясы аз дала заңында басқаша өмір сүрудің өзі мүмкін емес еді. Сондықтан сапарға шыққан әрбір жолаушы өзінің жолда қалмайтындығына, далада қонбайтындығына, қарны ашпайтындығына бек сенімді болды.

Ғұндар неге Еуропаға барды?

Біздің заманымыздың алғашқы ға­сыр­ларында осы Қазақстан даласын мекен етіп, аса қуатты әскери көшпелі держава құрған ғұндардың осы өңірден тұрақ таппай батысқа қарай босуының астарында да су проблемасы жатыр. Мұны белгілі ғалым, этнограф, тарих­шы, философ Лев Гумилев өзінің «Эт­но­генез және Жер биосферасы» атты еңбегінде жақсы дәлелдеген. «Сонымен, біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ХVІІІ ғасырына дейінгі екі мыңжылдық кезеңде біз дала­ның үш рет үлкен құрғақшылыққа тап болғандығын атап өттік. Көшпелілердің өз­дері мекен еткен Ұлы дала шетіне қа­рай босуы, тіпті оның шегінен шығандап шығып кетуі осы жағдаймен тығыз бай­ланысты еді. Бұл көш қозғалысы әскери басқыншылық сипатында болған жоқ. Көшпелілер жекелеген аздаған топтар­мен алға қарай жылжып отырды. Олар аш­тықтан қорғанудан, алдарындағы мал­дарының шөлін қандырудан басқа мақ­сатты қаперлеріне алған жоқ», дейді атақты ғалым өзінің айтулы еңбегінде.

Еуропаның жаңа картасы

Осы ғұндардың ұлы көсемі Еділ (Аттила) ба­тыр­дың тұсында Франциядағы Каталаун жазығында Рим империясының әскер­лері мен ғұндардың бетпе-бет кездесіп, екі жақтан миллиондай адам қатысқан жойқын шайқасы болып өтті. Бұл соғысты еуропалықтар әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Өйткені соның салдарынан өзін бүкіл дүниедегі ең дамыған, мықты мемлекет санаған және ғасырлар бойы өмір сүріп келген алып империяның құлап түскендігі, осының нәтижесінде көптеген елдер өз тәуелсіздігіне ие болып, қазіргі Батыс Еуропаның саяси-аумақтық бет-бейнесінің қалыптасқандығы белгілі. Демек, әлемдік ұлы оқиғаларға, соның ішінде Батыс Еуро­паның қазіргідей болып қалып­та­суына біздің өңіріміздегі табиғи жағдай­лардың, соның ішінде су факторының жанама жолдар арқылы тигізген ықпалы барын да жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен, Қазақстандағы су проб­ле­ма­сы ежелден бар. Ол мыңжылдық­тар­дың өн бойында біздің халқы­мыз­дың тұр­мыс-тіршілігіне, салт-дәс­түрі­не, мі­нез-құлқына, тіршілік формасын таң­дауына тікелей әсер етіп келді. Демек, дала­мыз, жеріміз, асқар тау­ларымыз бен өзен-көлдеріміз қандай болса, біз сон­даймыз. Бізді қоршаған табиғат – біздің ұлы тәрбиешіміз.  

Қазіргі жағдай қандай?

Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Орталық Азия өңірінде су проблемасы бұрынғыдан да асқына түсті. Себебі, Кеңес Одағы қалыптастырған суды өңірлік реттеу жүйесі жойылды. Ал жаңасы әлі жасалынған жоқ. Қазір Орталық Азияда бір тұрғынға есеп­те­генде жылына 2600 текше метрден су келеді. Егер осы көрсеткіш Египетте – 1200 текше метр, Суданда – 1100, Қытай, Сирия, Израильде шамамен 450 текше метр екендігін ескерсек, былайша айтқанда бұл жаман көр­сет­кіш емес. Біздегі ең үлкен проблема – әзірге жеткілікті деп есептеуге болатын осы су көлемінің барынша ысыраппен пайдаланылатындығы.

Су проблемасының асқына түсуіне әсер етіп отырған екінші жағдай осы өңір халқының 1960 жылғы 14 мил­лион адамнан қазіргі 60 миллион адам­ға дейін өсуі. Осының ықпалымен ауыз суға деген сұраныстың жылдық көлемі бұрынғы 60 текше шақырымнан қазіргі 120 текше шақырымға дейін жетіп отыр.

Өзбекстанда су ресурстарының 90 пайызы егіншілік мақсатына жұм­сал­ғанымен, соның өзі жетпей отыр. Өйт­кені, аталған салаға жұмсалған су­дың тек 40 пайызы ғана өсімдікке же­теді де, қалғаны босқа шығын болады. Ал Қырғызстан суға бай елдердің қатарына қосылғанымен, оның басым көпшілігін қыс айларында электр қуа­тын өндіру мақсатында жұмсайтын­дықтан көп су босқа кеткенімен қоймай, Қазақстанның оңтүстігіндегі халықтың ерте көктем уақытында су тасқынына тап болуына алып келіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы­мызға үлкен соққы болып тиген еді.

Өңірде судың шаруашылық жүйе­сінде барынша тиімсіз пайдаланылуы мен су ресурстарын басқару мәселе­сінің өзара келісімсіз жағдайда жүргізілуі, әсіресе, Арал проблема­сынан айқын көрінеді. Осының салдарынан теңізге келіп жатқан су 75 пайызға азайып, теңіз айдыны екі есе қыс­қарып кетті. Арал қасіреті адамзаттың ортақ пробле­ма­сына айналды. Түптеп келгенде, осы­ның негізгі себебі өңірде орналасқан елдердің су ресурс­тары­н үнемдейтін қазіргі замандық технологияларға дұрыс қол жеткізе алмай, оны орасан үлкен шығынымен барынша тиімсіз жұмсауынан туындап отыр.

Қазақстандағы су жағдайына үлкен ықпал ететін елдердің бірі – көршіміз Қытай. Дүние жүзінде су ресурстары­ның көлемі жағынан 5-ші орын алады дегенмен, бұл елдің де проблемасы жет­­кілікті. Соның ең бастысы ретінде мұндағы су көздерінің орналасуы мен оны пайдалану көрсеткішінің әркелкі екендігін айтуға болады.

Қытайдағы су тапшылығын реттеу мәселесінің көне тарихи сипаты бар. Біздің заманымызға дейінгі VІ ғасыр­дың соңы мен V ғасырдың басында суы мейлінше мол Янцзы өзенінен Хуанхэ өзеніне қарай канал тартылған болатын. Қазір бұл каналдардың ескі арналары құрғақ күйінде жатыр. Де­ген­мен, адамзат қауымының ірі инженерлік жетістіктерінің бірі саналып, халыққа ғасырлар бойы қызмет еткен осы қолдан реттеу жүйесін жаңа қырынан қайта қалыптастыру идеясы 1920-1930 жылдары Сунь Ятсеннің тұ­сында қайта көтеріліп, жүзеге аса бастады. Себебі, бүгінгі Қытайдың 32 ірі мегаполисінің 30-ы су тапшы­лы­ғына ұрынып отыр. Оның үстіне, бір­қа­тар сарапшылардың пікірінше, егер Қытай басшылығы елдің орталық және солтүстік өңірлеріндегі су проблема­сын жеделдетіп шешпейін­ше, бұл проблема асқына бермек. 2030 жылға таман елде үлкен су дағдары­сы пайда бо­луы мүмкін. Ал 2040 жыл­ға таман бұл ел ауыз суды шет­тен тасымалдауға мәж­бүр болады. Ауыз суға елдің ішкі тапшылығы, мамандар болжамы бойынша, жы­лына 240 миллиард текше метрге дейін жетеді.

Янцзы өзенінен жылына 250 мил­лиард текше метр су алып, оны елдің солтүстік бөлігіне жеткізу мәселесі шешім тапқанымен, бірқатар сарап­шы­лардың пікіріне қарағанда, бұл жағдай елдің Қазақстанмен көршілес батыс бөлігіндегі су тапшылығын жоюға әсер ете алмайды. Елдің баты­сын сумен қамту мәселесін шешу үшін Қытай жағы осы елдің аумағынан бастау алып, Қазақстанға ағып келетін Іле, Ертіс өзендеріне бөген салуға мәжбүр болады. Бұл жағдай Қазақ­стандағы су проблемасын одан әрі асқындыра түседі.

Мәселен, құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде көлемі жағынан бүкіл планетада үшінші орын алатын Балқаш көліне жылма-жыл 23,8 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады екен. Ал Іле өзеніне жылына қосылып отыратын 12,7 текше шақырым су өз бастауларын Қытайдан алып жатыр. Мұның өзі Балқаш тағ­дырының, ондағы су көзінің 54 пайызы тікелей Қытайдағы жағдайға байланысты екендігін көрсетеді.  Оның үстіне бізге келіп түскен кейбір дерек көздеріне қарағанда, Іледегі су көлемі 1980 жылғы 17,8 текше шақырымнан 12,7 текше ша­қы­рымға дейін төмендеп кеткен. Егер Қы­тай жағы бөген салу арқылы өзен суын тағы да 10-15 пайызға шектей түсетін болса, бұл Балқаш тағдырына елеулі әсер етуі мүмкін.

Ал Қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды. Бұл осы өзеннің бұрынғы ағысынан (жылына 7,8 текше шақырым болатын) едәуір төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, сарапшы мамандар егер Қытай жағы ШҰАР-дағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су бөліп алуды күшейткен жағдайда осы өзеннің Қазақстанға келіп жатқан ағысы тағы да 20 пайызға азая түседі деп отыр. Ал мұның өзі еліміздің шығыс өңі­рін сумен қамту мәселесіне, Зайсан кө­лінің тағдырына елеулі әсер ететіндігі айқын.

Сібір суларын Орталық Азияға бұру идеясы

Қазақстанның енді бір көршісі – Ресей. Өзен ағысында Қазақстаннан төмен отырғанымен, білікті мамандар еліміздің су проблемасын шешудің үлкен көзі ретінде осы елді қарастырады. Себе­бі, кезінде жүзеге аспай қалған Сібір өзендерін Қазақстан мен Ор­та­лық Азияға бұру идеясы соңғы кез­дердегі бірқатар жағдайларға байланысты қайта жандана түскендей болды.

Бұл идеяны ең алғаш 1868 жылы Киев университетінің студенті Я.Г.Демченко көтерген екен. 1948 жылы академик Обручев осы идеяны қолдап, Сталинге хат жазады. 1968 жылы КОКП Орталық комитеті пленумының шешіміне сәйкес КСРО Жоспарлау комитеті мен КСРО Ғылым академиясы идеяны жүзеге асырудың жобасын жасауға кіріседі. 20 жылға жуық уақытты қамтыған жобаны әзірлеу жұ­мысына 112 ғылыми-зерттеу институты қатысты. Жоба бойынша каналдың ұзындығы – 2550 шақырым, ені – 130-300 метр, тереңдігі – 15 метр. Одан секундына 1150 шаршы метр су ағып отыруы тиіс. Жобаның жалпы құны 32 миллиард 800 миллион кеңестік рубльге бағаланады. Ол жүзеге асқан жағдайда жылма-жылғы беретін таза пайдасы 7 миллиард 600 миллион рубль болады деп бағаланды. Сонда бұл жоба өзіне кеткен шығынды аздаған жылдардың ішінде ақтап шықпақ екен. Алайда, бұл жобаны жүзеге асыру Ресейдегі бірқатар беделді ғалымдар мен жазушылардың, әсіресе, Сібір жазушыларының қарсы болуымен тоқырап қалды.

Дегенмен, идея өз өміршеңдігінен әлі де айырыла қойған жоқ. Өйткені, Сібір суларының 90 пайызға жуығы Ресей жерін басып өтіп, Солтүстік мұзды мұхитқа барып құйып жатыр. Бұдан Ресейге келіп жатқан пайда жоқ. Ал одан Қазақстан мен Орталық Азияға бөлінеді деп жоспарланған су көлемі 6-7 пайыз шамасында ғана. Былайша айтқанда, Ресей үшін аса үлкен проблема емес. Оның үстіне, ресейлік бірқатар білікті саясаткерлер мен ғалымдар осы жоба жүзеге асқан жағдайда Ресейдің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне ықпалы арта түседі, жоба осының өзімен ғана Ресейге үлкен саяси тиімділік бере алады деп тұжырымдайды. Сондай-ақ осы ғасырымыздың өзінде ағып жатқан судың тауарға айналуы мүмкін екендігін ескерсек, жобаның коммерциялық пайдасы да аз болмайтын секілді.

 Сонымен Сібір өзендерін Қазақстан мен Ор­та­лық Азияға бұру идеясының жүзеге асуы немесе аспауы алдағы уақыт еншісінде. Ендігі әңгіме тәуелсіз мемлекеттер арасында болатындықтан ол енді жаңа саяси-экономикалық шындыққа орайлас жасалынатын жаңа құқықтық негіздемені қажет ететіндей.

Өзен суларының 45 пайызы сырттан келеді

Деректерге қарағанда, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады. Сарапшылардың болжамы бойынша Қазақстанға трансшекаралық өзендер арқылы сырттан келетін су көлемі алдағы уақыттары азайған үстіне азая бермек. Өйткені бізбен көрші мемлекеттер, әсіресе Қытай ішкі қажеттіліктеріне байланысты Ертіс пен Іледен алатын үлесін бөгендер мен су қоймаларын тұрғызу арқылы жылдан жылға арттыра түсуде. Ал Өзбекстан болса, судың жоғарғы сағасында отырған Тәжікстан секілді елдердің өзенге бөген салуына байланысты қазірдің өзінде су тапшылығына ұрына бастады. Мұндай жағдайда бізге сырттан қар мен жаңбыр арқылы келетін су көздеріне ерекше ықтияттылықпен қарап, оларды шашау шығармай ұстап қалудың жолдарын ойластыру керек.

КСРО-ның бас экологымен әңгіме

2004 жылы Астанаға Қазақстан тыңының 50 жылдығын тойлауға жан-жақтан қонақтар келген еді. Солардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, әрі жазушы Федор Трофимович Моргун да болды. Ол жас кезінде Украинадан келген тыңгерлер қатарында Көкшетау облысындағы «Толбухин» кеңшарының іргетасын қалап, соның алғашқы директоры болады. Сол кезде Хрущевтің әмірімен құрылған Тың өлкелік ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне дейін өседі. Кеңес Одағы ыдырау қарсаңында КСРО Табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болады. Яғни Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразия секілді алып аумақтың экологиялық проблемаларын жақсы білетін және ол жөніндегі құпия ақпараттармен, түрлі болжамдармен жақсы таныс адам.

Міне, сол Федор Моргун осыдан 16 жылдай уақыт бұрынғы бізбен әңгімесінде былай деген еді. «Мына сіздердің ылғал мен жауын-шашынның жетіспеушілігінен үнемі сарғайып жатқандықтан Сарыарқа атанып кеткен алып далаларыңыз алдағы уақытта көгере бастауы мүмкін. Өйткені Жер шарының ғаламдық жылынуы даусыз шындыққа айналып отыр. Бұл жағдай Америка мен Еуропаға біршама қолайсыздықтар әкелгенімен бастапқы кезеңде Сібір мен Қазақстанның оң жамбасына дөп келеді. Қазақстанның солтүстігі мен орталығында қыс қысқарып, жаз ұзарып, жауын-шашын молая түседі. Осының нәтижесінде астық шығымдылығы артады. Бұл үдеріс біраз жылдарға созылуы мүмкін. Бірақ түптеп келгенде жаһандық жылынудың Қазақстанға да қолайсыз әсерлері болуы, соның ішінде құрғақшылықтың орын алуы да әбден мүмкін...» деп сөзінің соңын жұмбақтай аяқтаған еді.

Қазір ойлап қарасам, көпті көрген, оның үстіне табиғат өзгерістері жөніндегі ақпараттардың орталық көзінде тұрған ғалымның осы болжамы шындыққа айналған секілді. Әсіресе, соңғы жылдары Қазақстанға ылғалдың молынан келе бастауын өзіміз де байқап жүрміз. Соңғы үш-төрт жылдан бері қыста қар молынан жауып, соның әсерімен көктемде көл - көсір су тасқынына тап болу, жазық даланың өзінде ауылдарды су басып қалу құбылысы орын алуда. Бірақ біз бұл құбылыстың өзінен дұрыс қорытынды шығара алмай келеміз. Іс-әрекетімізде көктемнің мол суын пайдалана білуден көрі жайбасарлық жағы басым. Соның салдарынан мол судың әзірге зардабын ғана тартып келеміз.

2013 жылы жасыл экономика мәселесіне арналып өткізілген конференциялардың бірінде еліміздің сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрі болған марқұм Нұрлан Қапаров егер дәл қазір дұрыс шешімдер қабылданбай жағдай осы бетімен кете беретін болса, Қазақстандағы су тапшылығының деңгейі 2050 жылға таман 3 есе артатындығын мәлімдеген болатын. Әрине, ол бұл болжамды өзіне белгілі деректерге сүйеніп айтқаны анық.

Біз бұл жерде Моргун мен Қапаровтың сөзі бір бірімен үйлесіп тұрғандығын байқаймыз. Бұл тегін емес. Демек, мәселеге мұқият назар аудару керек.

Біздің ойымызша, осы проблеманы еңсерудің бір үлкен жолы көктемгі артық суды ел игілігі жолында дұрыс пайдалану үшін шағын су қоймаларын салып, олардың санын  көбейту және қазір иесіздікке душар болып отырған су қоймаларын анықтап, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сондай-ақ, жеке меншікке беріліп кеткен су қоймаларын қайтадан мемлекетке қайтару немесе олардың иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесін біржолата шешу қажет.

Қар суынан көл жасасақ қайтеді?

Соңғы жылдарғы көктем уақытындағы тасқындар бізге судың қай жерлерге молынан жиналатындығын көрсетіп беріп кетті. Ендеше неге сол жерлерге бөгендер тұрғызып, су қоймаларын ұйымдастырмасқа?! Осы мәселені зерттеп жүрген адамдар бізде бар ма екен? Жерлерін су басып қалып жатқан облыстар әкімдерінің қандай ойлары бар?

Аталған проблеманы еңсеріп, мол суды ел игілігіне айналдырудың алғашқы қамын Ақтөбе облысында байқалды. Бұл облыста 10 су қоймасын тұрғызу мәселесі қозғалды.

Мұнан кейін жалпы еліміз көлемінде 22 су қоймасының салынатындығы туралы әңгіме болды. Бұған 58 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет екен. Бұл су қоймаларының Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан салу жоспарланғанын естідік. Осы тізімге қазір көктем кезінде жерлерін жиі су басып қалып жатқан Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарын да қосуға болар еді.

Біздің ойымызша, су қоймаларының орындарын анықтау және олардың құрылысын жобалау мәселесіне неғұрлым білікті мамандарды тартқанымыз жөн. Әйтпесе, олар күні ертең салынғанымен тиімділік бермей, босқа ақша шашудың тағы бір көрінісіне айналуы мүмкін. Ал жақсы тиімділік берген жоба оның авторына жылма-жыл дивиденд әкелетіндей жағдай ескерілсе, жобалаушылардың ізденістері мен жауапкершілігі арта түсер еді деген ойдамыз.

Егер игілікке дұрыс пайдаланылса, су дегеніміз өмірдің нағыз өзі. Біздің жазық далаларымыздың ойпаң тұстарында жаңадан шағын су қоймалары пайда болатын болса, оларда балық шаруашылықтары ұйымдастырылып дамытылса, ол сол су қоймаларының маңайындағы ауылдар үшін ырыстың үлкен көзіне және жаңа кәсіп түріне айналар еді.

Соның ішінде Сарыарқаның жүрегі секілді елордамыздың маңайын көктемгі еріген қар суларын пайдалана отырып суландыру мәселесін қарастырған жөн бе дейміз. Өйткені егілген ағаш, пайда болған жасанды көлдер мен су қоймалары бұл өңірге ылғал шақыратыны, жағымды микроклимат қалыптастыруға себепші болатыны анық. Әрі жаз шықса болды шомылуға су аңсайтын адамдар үшін өмірдің жартылай жұмағына айналмас па еді. «Жұмақ қайда десеңіз, ол сылдырап аққан бұлақ басында» деген теңеу сөз бекер айтылмаса керек.

Су ресурстары инфрақұрылымдарын жетілдіру ісі тәуелсіз ел мақсаттарына сәйкес қарастырылуы керек

Жоғары әңгімелерден туатын қорытынды, қазіргі Қазақстанға су тапшылығының алдын алу үшін су инфрақұрылымдарын жетілдіріп қана қоймай, оны тәуелсіздік мұраттарына сәйкес қайта қалыптастыру қажет. Біз елдің транзиттік маңызын арттыру және өңірлердің бір бірімен байланысын нығайту мақсатында теміржолдар мен автокөлік жолдарын, олардың жаңа инфрақұрылымдарын қайта қалыптастырып келеміз. Су инфрақұрылымдары жөнінде де міне, осындай саясат қажет.

Мұның алғашқы нышандары бар. Мәселен Орталық Азия өңіріндегі КСРО кезінде қалыптасқан су ресурстарын реттеу жүйесінің жойылуына байланысты еліміздің оңтүстік өңірлерін ерте көктемде су басып қала берген соң осыдан бірнеше жыл бұрын Көксарай су қоймасын салдық. Қарсы реттегіш қызметін атқаратын бұл қойма аталған проблеманы шешті. Жылда үйлерін су басып қалатын халықтың айғай-шуы тыйылды және егіске қажетті су қорын арттыруға қосымша мүмкіндік туғызды. Енді осындай саясатты одан әрі өрістеткен жөн.

Осы ретте кезінде академик Қаныш Сәтпаевтің бастамашылдығымен салынған Ертіс-Қарағанды каналының еліміздің орталық өңірінде су тапшылығының өршуінің алдың алып, халық пен экономикаға жақсы қызмет етіп тұрғандығын айта кетсек, артық болмас. Қазір тек Қарағанды ғана емес, Астана қаласының халқы да Ертіс-Қарағанды каналы арқылы келетін суды ішіп отырғандығын біреу білсе, біреу білмес. Ол су елорда іргесіндегі Астана (Вячеславка) су қоймасына дейін жеткізілген. Ал қала халқы осы қойманың суын ішіп отыр.

Су көздерінің тапшылығынан біздегі егістіктің аса көлемді бөлігі суарылмайтыны белгілі. Бұл оның өнімділігіне үлкен әсер етуде. Мәселен Еуропа елдері егістіктің әр гектарынан 60-70 центнерге дейін астық алатын болса, бізде бұл көрсеткіш ең әрі кеткенде 15-16 центнерден аспайды. Осы жағдай соңғы 50 жылдан бері өзгермей келеді.

Көріп отырғанымыздай, суармалы егістіктің болуы еліміздің ауыл шаруашылығы үшін жаңа мүмкіндіктердің бетін ашар еді. Оның үстіне, бұл жайт егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығына да қызмет етеді. Өйткені суармалы егістіктерсіз малдың тұрақты да сапалы жемшөп қорын жасау мүмкін емес. Мәселен мал семіртуге қызмет ететін жоңышқа, жүгері сүрлемі, басқа да мал азықтық дақылдар суды сүйеді. Олар сусыз дұрыс өнім бермейді.

Тіпті басқасын былай қойғанда, елімізде бағасы жылдан жылға қымбаттап, халықтың қалтасын қағып отырған, көкөніс түрлері мен бақша дақылдарын өсіру үшін де суармалы егістіктердің қажеттілігі барған сайын сезіле түсуде.

Егістіктерді суландыру жолы

Кеңес Одағы кезінде егістікті суландыру мәселесі біршама шешімін тапқан еді. Мәселен 1991 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елімізде 2 миллион 348 мың гектар суармалы жер болған екен. Су ресурстарының мамандары сол суармалы жерлерге түгендеу жүргізген кезде мұның 1 миллион 400 мың гектары ғана сол атауға толық сәйкес келетіндігін анықтаған. Қалған жердің көпшілігінің жағдайы сын көтермейтін болып шықты. Олардың каналдары мен лотоктары бұзылған немесе дұрыс жұмыс істемейді.  Қысқасы, әбден істен шыққан.

Әрине, бұл мәселе Қазақстан Үкіметін толғандырмай отырған жоқ. Былтырғы жылдың соңында елімізде суармалы жерлерді көбейтудің жолдары қаралып, оны дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары талқыға түсті.

Жоспардың – негізгі мақсаты суармалы жерлер көлемін 3,5 млн гектарға дейін жеткізе отырып, оларды тұрақты сумен қамтамасыз ету. Ол үшін айналымнан шыққан 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және жаңадан 1 500 мың гектар суармалы жерді іске қосу қажет. Әрине, мұның бәрі ақшаға келіп тірелетіні анық. Сол үшін ондаған миллиард теңгенің инвестициясы қажет болмақ. Мамандар бұл инвестицияның өзін өзі ақтайтындығын айтып отыр. Өйткені алдын ала есептеу бойынша суармалы жерлерден алынатын жалпы өнім 3 трлн 727 млрд теңгенің кірісін береді екен.

Осы уақытқа дейін суландыру жүйелері мен егістіктер толық көлемде қаржыландырылмады. Ал қолданыстағы тариф каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды жөндеуге және қайта құруға кететін шығындардың орнын толтыруға жағдай туғыза алған жоқ. Дүниежүзілік банктің есептеулері бойынша Қазақстан өзінің қазіргі қолда бар суландыру жүйелерін жаңартып отырмаса, олар 44 жылдың ішінде толығымен істен шығады.

Әлемдік тәжірибе суландыру жүйелерін дамытуда және қалпына келтіруде мемлекет-жеке меншік әріптестігі (МЖӘ) механизмі қолданылатындығын көрсетеді.

Үкімет әзірлеген МЖӘ арқылы жұмыс істеу моделінің сызбасы Қаржы министрлігінің кепілдігімен Халықаралық қаржы қоры, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) немесе екінші деңгейлі банктерден инвестицияларды тарту үшін арнайы қаржы компаниясын құратын жеке серіктестіктің болуын қарастырады.

Әрі қарай Су ресурстары комитеті мен «Мемсараптама» РМК ирригациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстарды орындау үшін су беру тарифін келісе отырып, жобаны іске асырудың экономикалық тиімділігін есептейді, жобалық, техникалық шешімді анықтайды.

Алынған инвестицияны кейін қайтару  суармалы жерлерге арналған желілер қызметі мен суды пайдаланушылардан қаражат жинау арқылы жүзеге асырылады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, суға кететін шығындардың үлесі әр түрлі елдерде 10 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды, ал Қазақстанда әзірге бұл көрсеткіш бар болғаны 0,4 % деңгейінде. Елімізде суармалы егістікті пайдаланатын кәсіпкерлік субьектілердің, дихандардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін  ол 4 пайыздан аспауға тиіс.

Алайда МЖӘ үлгісі бойынша қалпына келтірілген және жаңадан әзірленген суармалы жерлерді пайдаланатын және одан табыс алатын құрылымдардың шығындары есептей келгенде жоғарыдағы 4 пайыздық мөлшерден асып түсетін. Осыған орай, қалпына келтірілген 256 мың гектар жерге арналған тарифтің бір бөлігін және 1667 гектар болатын жаңа суармалы жердегі судың тарифін 10 жыл уақыт аясында біртіндеп арттыру көзделген. Сондай-ақ бұл жерлердегі шығынның бір бөлігін өтеу үшін оларды мемлекет есебінен субсидиялау шарасы да қарастырылады.

Осындай жағдайда республикалық бюджеттен суармалы жерлерді қалпына келтіру мен дамыту үшін жұмсалатын шығындардың басым бөлігін салық түсімдерінің есебінен толықтыруға болады.

Су ресурстары мамандарының пікірінше жұмсалған шығын өзін еселеп ақтайды. Өйткені тәжірибе көрсеткеніндей 1 гектар суармалы жерден алынатын өнім көлемі 1 гектар тәлімі (суарылмайтын) жерден алынатын өнімге қарағанда 6-7 есе көп.

Түйін

Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа деректері бойынша бүгінгі күндері бүкіл әлемде 1,4 миллиардтан астам адам таза суға зар болып, қолына түскен суды ішуде. 2025 жылға таман мұндай адамдардың үлесі әлем халқының 40 пайызын құрайды деген болжам бар. Ал мұхиттардан жырақ тұрған біздің Қазақстан жағдайында су проб­лемасын «Ахиллестің өкшесіне» баласақ, мұның түк артықшылығы жоқ. Өйткені біздің киелі жерімізде минералдық шикізат көздерінің барлығы бар, тек су жағы тапшылау және су көздері алып аумағымызда әркелкі орналасқан. Олар еліміздің оңтүстігі мен шығыс өңірінде ғана молырақ. Қалған өңірлерде мардымсыз. Алып даламыздың ерте күздің өзінде сарғайып кетуінің де сыры осыдан.

Осы проблеманың халқымыздың тағдырына,  тұрмыс-тіршілігіне ғасырлар бойы әсер етіп келгеніне жоғарыда тоқталдық.

Алдағы өмірімізде аталған мәселені өркениет жолымен шешу үшін су үнемдегіш технологияларды мақсатты түрдегі белсенділікпен енгізуіміз керек. Шөл даланы орманға бөлеп, жылыжайлар мен егістіктерде  жұрттың көзі қызығарлықтай өнім алып жатқан Израиль мен араб елдерінен үлгі алайық.

Былтыр Оңтүстік Африка Респуб­ликасының Кейптаун қаласы ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан әлем­дегі ірі қалалардың арасында бі­рін­ші болып сусыз қалған шаһар атанды. Суға шөлдеген қала тұрғындары оны үнемдеу үшін жаңбыр суларын жинауға мәжбүр болды.

Су жөніндегі сарапшылар бұл оқиғаны осыған дейін де талай айтылып келе жатқан су тапшылығы проб­лемасының алғаш рет жа­рыққа шығып, айқын көрініс берген тұсы ретінде бағалауда. Енді осындай проблемаға Бразилияның Сан-Пау­лу, Үндістанның Бангалор, Қытай­дың Бейжің, Египеттің Каир, Индонезияның Джакарта, Мексиканың Мехико қалалары тап болуы мүмкін екен.

Кейптаун проблемасы біз үшін де жақсы ескерту. Су мәселесінде өте сақ болуымыз қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға