«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол»

Қазақ халқының ата салт-дәстүрлері

Қазақ халқы ежелден «өмір бар жерде – өлім бар» қағидасын ұстанып, қамшының сабындай қысқа өмірдің өткінші екеніне мойынсұнып, ақыретке сенген. Осы орайда қазақ халқының өзіндік қалыптасқан жерлеу-аза тұту рәсімі атадан балаға жалғасып келе жатыр. Халықтық салт-дәстүр мен шариғат заңдылықтарының бірігуінен туған жоралғы қайтыс болған адамды жерлеуге дайындау рәсімі, яғни жерлеуге дейінгі кезең, жерлеу рәсімі, аза тұту кезеңі деп бөлінеді. Еліміздің дәстүрлі қоғамында кісі қазасына байланысты орындалатын қағидалардың өзіндік ерекшеліктері бар.

Қайғының емі – көңілқос

Хәл үстінде жатып, мезгілі жеткен адам өмірден озғанша жанында жақын туыстары отырып күзетуі керек. Бұл бір жағынан мәңгілік сапарға аттанып бара жатқан кісіге соңғы құрмет болса, екінші жағынан оның ағайын-туыспен қоштасуы үшін, тілек-арызын, қалдырар өсиетін тыңдау үшін орындалатын рәсім. Қайтыс болар алдында науқастың тілін кәллимаға келтіру я болмаса молда шақыртып орнына кәллима оқыту, денесінен жан шыққан соң көзін жауып, аяқ-қолын жазу да күзетіп отырған адамға жүктелер міндет болып саналады.

Беті бері қараудан қалған науқастың көңілін сұрап, арада араздығы болса кешірім сұрау немесе өз аяғымен келіп кешірім беру өлі мен тірі арасындағы адамгершілік қағидалар қатарына жатады.

О дүниелік болары белгілі болған кезде жақындары науқастың үстіне таза әрі әдемі киімдерін кигізіп жатқызады. Ал қайтыс болған соң жеке үй тігіп денесін сонда қояды. Өйткені қаза болған кісіні көпшілік жүретін жерге қалдырмаған. Егер жеке үй тігуге мүмкіндік болмаса, жеке бөлмеге басын құбылаға қаратып жатқызған.

Кісісі қайтқан үйлерде кей кездері айна, суреттер, тамақ пен судың бетін жауып тастау да кездеседі. Сонымен қатар, қазақ дәстүрі бойынша қаралы үйде мәйітті жерлеп болғанша, үш күнге дейін от жағып, қазан көтеруге тыйым салынған. Ал қазалы үйге көңіл айтып келген адамдарды айналадағы көршілер күтіп алып, дәм таттыруға тиіс болған.

Кісінің о дүниеге аттанғаны туралы жан-жаққа тез арада хабар жіберген. Әсіресе, оның ең жақын ет-бауыр туыстарына өлімді естірту жоралғысына айрықша мән берілген. Жөн-жосықты білетін, көпті көрген жасы үлкен кісілер, ересектер жиналып, қазаны жақынына естіртпес бұрын бұл дүниеде «мәңгілік ешнәрсе болмайтынын, бәрі де өткінші екендігін, тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқтығын» тұспалдап, әуелі қаралы хабарға дайындап алады. Содан соң ғана «әкесі өлгенді де естіртеді» деген сипатта өлімнің өзі туралы хабарды жеткізген.

Қазақ фольклорында естерту шеберлігінің классикалық күй аңызына жататын «Ақсақ құлан» күйі бар. Бұл аңыз бойынша «Жошының өлімін естірткен адамның көмейіне қорғасын құямын» деген Шыңғысханның қаһарынан қорыққан жұртшылық естіртуді күйші Кетбұғаға тапсырады. Кетбұға қаралы хабарды домбыраның бебеулеген зарлы үнімен жеткізеді. Тартылған күй астарынан баласының өлгенін сезген Шыңғысхан ызадан булығып Кетбұғаның көмейіне қорғасын құймақ болған екен. Сол сәтте Кетбұға да орнынан тұрып: «Мен ләм-мим деп тіл қатпадым, сізге өлімді естірткен мына қара домбыра емес пе?! Ендеше, қорғасынды домбыраға құйыңыз» деген датын айтыпты. Осылайша Шыңғысхан күйшінің сөзіне тоқтап, домбыраның шанағына қорғасын құйыпты деседі.

Қазақ халқында көңіл айту жоралғысына ерекше мән беріледі. Қаралы үйге көңіл айту тірі пенденің міндеті болып саналады. Қайтыс болған кісінің үйіндегілерге «Арты қайырлы болсын, топырағы торқа болсын!» деп көңіл айтып, қаза артынан жақсылық тілейді.

Көңіл айту рәсімі барысында орындалатын ғұрыптың бірі – көрісу. Көрісу сәтінде қатарға тұрған марқұмның ет-жақын бауырларын сырттан келушілер құшақтап көңіл айтады. Қазалы үй өз кезегінде дауыс шығару, дауыс көтеру, жылау, жоқтау айту, жұбату, дауыс айту сияқты аза тұту белгілерін көрсетеді.

Дауыс шығару – қайтыс болған кісінің үйіне жақын туысқандары келгенде өтеді. Бағзы заманда ер-азаматтар «ой, бауырым» деп қаралы үйге әдейілеп ат басын қоя беріп келетін болған. Осыған байланысты қазақ халқы үйге қарай жүгіруді жаман ырымға балады. Егер қайтыс болған адам қарт кісі болса, бар дауысымен жылап, «Бауырым-ау», «Асқар тауым-ай», «Қазынам, берекем-ай», «Тірегім-ау» деп, ал жас кетсе «Боздағым-ау», «Құлыным-ау», «Ботам-ау» деп дауыс шығаратын болған. Ел арасында марқұмның жас мөлшерін ескеріп дауыс шығаруға қатысты «Атам-ай дегізсең де, ботам-ай дегізбе, а, Құдай!» деген сөз де қалған. Дауыс шығаруға қайтыс болған кісінің жақын ер тумалары, ересек балалары, ағалары мен інілері күні бойы аулада тұрып, көңіл айтуға келген кісілерді жылап күтіп алады. Аталған жоралғы дауыс көтеру деп аталады. Ары қарай дауыс шығару мен дауыс көтеру жоқтауға ұласады.

Жоқтауды әйелдер жағы, яғни марқұмның жанашыр анасы, әйелі, қыздары, әпке-қарындастары, сіңілілері, келіндері айтқан. Зарлы әнге қосылып айтатын жырда қайтқан кісінің өткен өмірі, балалық дәуренінен қартайғанға дейін жасаған жақсы істері, өздерінің ендігі қайғы-қасіреті сөз етіледі. Жоқтау айтқан кезде шашын жайып жіберіп отырған. Осы тұрғыдан күнделікті өмірде шашты жайып жүру жаман ырым белгісі саналып, қатаң тыйым салынған.

Бұған қоса халқымыздың жазба әдебиетіне көз жүгірте отырып, жоқтау айту әйелдер қауымына ғана емес, ерлерге де тән екенін аңғарамыз. Сөзімізге халық ақыны Кенен Әзірбаевтың бір мезетте о дүниеге аттанған қос ұлына арнап шығарған көпшілікке таныс «Базарым-ай, Назарым-ай» әні дәлел бола алады. Сондай-ақ, жүз жасаған Жамбыл Жабаев «Алғадайға» жоқтауымен шерін тарқатқан болса, жазушы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда Кенен бабамыз жоқтау айтқан деген деректер де кездеседі.

Жоқтауға қарағанда дәстүрлі дауыс айту рәсімі ұзақ айтылатын, өте жақын адамдарының бірі әндетіп, дауысын шығарып, суырып салма талантын көрсететін сәті болып есептеледі. Бұл қайғыра жоқтап жылаудың мәні – қайтыс болған кісінің қазаға ұшырағандығын айту, жаны тынышталып, жәннатта болсын деген ниетін, тілегін білдіру, іздеушісі бар екендігін байқату мақсатындағы өлең-жыр түрінде өтетін тұсы. Бұрынғы кездері дауыс айту рәсімі марқұмның жылдық асы берілгенге дейін жалғасын тапқан. Мысалы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Бөжей ауылының қаралы көші, Бөжейдің жылына дейін жоқтап отырған екі қызының дауыс айту сәті көркем бейнеленген.

Ендігі кезекте қайғы-қасірет жамылып, зар илеп отырған шаңыраққа үлкендер жағы әдейілеп келіп, жөн-жосықты сөзбен жұбату айтқан. Тағы да ел аузындағы әңгімелерге жүгінетін болсақ, Абайдың баласы Әбдірахман мезгілсіз дүниеден озғанда қыр басына шығып түспей қойған ұлы ақынға Қиясбай келіп, көңілқос айтып шерін тарқатқанын білеміз. Дәл осы Абайдың бастан өткергенін сөз зергері Зейнолла Қабдолов Асанәлі Әбішев ұлы Сағидан айырылғанда мысал ретінде айтып, халық әртісін жұбатқан екен.

Қазақ халқында бейберекет жылау жаман ырым деп саналады. Ел арасында жерге жас тамызуға болмайды, қаза болған кісіге ауыр тиеді деген де түсінік қалыптасқан. Аталған қағидат ислам дінінде де кездеседі. Алайда шариғат бойынша жұбатуға көнбей дауыс шығарып, шашын жұлып, жер тепкілеп жылау Алланың ісіне наразылық тудыруға болмайды делінеді.

1582606253_21331e2ffa6eddd309973fcb4dfa55b7.jpg

Жерлеу рәсімі – ағайын борышы

Жақын туыстарының ғана емес, төңіректегі түгел қауымның марқұмға көрсететін міндеті әрі соңғы құрметі, ол – жерлеу рәсімі. Кісісі о дүниеге қайтқан қаралы үйдің шығындарын көтерісу, мал немесе қаражат жинап беру, келген қонақтарды жабыла күтіп алу, тек кісі қазасы орын алғанда емес, өзге де ауыр жағдайларда көңіл білдіріп, бір қауым ел болып қайғыру – зор адамгершілік пен ұйымшылдықтың белгісі саналады. Мұндай кездері тек қана жерлеуді ұйымдастырумен қатар, қаржылай да, азық-түлік, мал жағынан да көп көмек көрсетіледі. Сондай-ақ аталас рудан тараған ағайындар қайтыс болған кісінің үйіне салмақ түспес үшін, сол шаңырақта жасалатын бар шаруаны өз мойнына алып, келген кісілерді өз үйлерінде күтіп, кеткенше түнетіп, тамақтандырып отырады. Дәстүр бойынша қайтыс болған кісінің туысқандары өз жағдайларына, мүмкіндіктеріне қарай, әдетте, белгілі бір мөлшерде бірден он бас көлеміне дейін мал алып келеді. Аталмыш рәсімді – аза тұту деп атайды.

Еске алу үшін жоралғы бойынша міндетті түрде мал сойылады. Қазіргі күнге дейін бұрынғы салт жолымен жерлеуге дейін қой сою рәсімі сақталып келеді. Ал жерлейтін күні таң атқан кезде ірі-қара мал, яғни сиыр я болмаса жылқы сойылады.

Бұдан кейін молданың қатысуымен қайтыс болған кісінің мәйітін жуу рәсімі өтеді. Яғни, жерлеуге дайындаудың ең маңызды шарты – марқұмды мейірім суы яки иман суымен жуындыру болып саналады. Қазақ халқында, сонымен бірге Орта Азия елдерінің салт-дәстүрі бойынша қайтыс болған кісіні, әсіресе, түнгі уақытта ешқашан жалғыз қалдырмаған. Қайтыс болған кісінің жатқан жерінде қырық күн бойы жеті жерден май шырақ жанып тұруға тиіс.

Жерлеуге дайындаудың келесі сатысында мәйітке ақырет киімі кигізіледі. Шариғат бойынша қайтыс болған кісіні киіммен жерлеуге тыйым салынған. Осы себепті ақырет ерлерге арналған немесе әйелдерге арналған деп бөлінбейді. Ақырет киімінің пішімі Орталық Азия халықтарының көпшілігінде ұқсас болып келеді. Дәстүрлі ақырет киімі ерлер үшін үш бөлік, әйелдер үшін бес бөліктен тұрады. Ақыретті киімін дайындаудың да өзіндік ережесі бар. Ең алдымен, ақ мата мол болуы қажет, мата тесілмейді, бірақ кесіліп, пішіледі. Ал егер қандай да бір жағдаймен қиылса, оны ақыреттің ішкі жағына жібереді. Сөйтіп матаның бір кесегінен жіңішке етіп қайма тігеді, ақыреттің бөліктерін қолмен қиып, пішеді, ақыретті дайындау үшін істі бір Аллаға сыйынып бастайды. Молда өзімен алып жүру үшін, ақыретті үлкен инемен тігеді. Бұрын шариғат бойынша ағаш ине қолданған болса, қазіргі уақытта темір ине пайдаланып келеді. Ақыретті дайындап біткен соң, екінші рет жуу рәсімі басталады. Бұл жуушыларды сүйекке түсушілер деп атайды. Бұрынғы кездері сүйекке түсушінің біреуі міндетті түрде марқұмның ең жақын жанашыр кісісі, ал қалғаны аталас туыстарынан құралған. Негізгі айта кетерлік жайт, сүйекке түсуші адамдар қайтыс болған кісімен жасы қарайлас я болмаса үлкен болуы қажет. Олардың саны тек тақ саннан, үш немесе жеті адамнан тұрады. Бұлай болуының себебі, «жұптан» болса, қайтыс болған адамның соңынан тағы біреу ереді деген наным-сенімнен шыққан.

Жуындырғаннан кейін қайтыс болған кісіге ақырет киімін кигізеді. Ақырет үш жерден – басының жоғарғы тұсынан, белінен және аяғынан буылады. Одан кейін киізге орайды. Сосын марқұмның күнәсін өтеу мақсатындағы дәлел шығару рәсімі орындалады. Кей кездері мұны ысқат яки дәлел оқу деп те атайды. Бұл имамның Құран аяттарын арнайы түрде оқуы бойынша өтеді. Кейде бұл жоралғы кешкі намаздан кейін, жерлеу алдында жасалады.

Жерлеу рәсімінің алдында киім үлестіру салты орындалады. Қайтыс болған кісі жасы үлкен адам болған жағдайда оның тірі кезде киген киімдері алдымен сүйекке түскендерге, содан кейін басқа да туысқандарға таратылады. Бұл киім тарату рәсімі – ата жолы деп аталады. Ал Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында сыйым деген атауға ие болған. Сонымен қатар қайтыс болған кісінің киімдерінен немесе шапанынан қиып беретін болған. Егер бұл рәсім орындалмаса, дүниеден озған кісі арғы өмірде киімсіз қалады деген сенім бар. Қайтыс болған адамға жеңіл болуы үшін алған киімді «иісімен» тозғанша кию керектігі айтылады. Бұл сауапты іс ретінде есептеліп, сол киімді тозғанша кию арқылы өлген кісіге жеңіл болатындығы ескеріледі. Халқымыздағы жаңа киімді алған кезде айтылатын «өзің киіп, өзің тоздыр» сөзінің астарында киіміңді басқалар кимесін, денің сау болып, ұзақ ғұмыр сүр деген тілек жатыр.

Қайтыс болған кісіні үйден аяғымен шығарған. Оның денесін арнайы ағаш зембілге салып жаназа оқитын жерге апарады. Жаназаға тек ер адамдар қатысады. Жаназаға тұратындардың бәрі дәрет алуға тиіс. Молда ораулы жатқан марқұмның бетін күнбатысқа қарай жатқызады. Аталмыш жаназа намазының ерекшелігі – онда азан шақырылмайды. Шариғат бойынша адам дүниеге келген азаны шақырылып қояды да, яғни есім берілгенде азан шақырылып, соның намазы дүниеден қайтқанда оқылады. Жаназа соңында молда айналада тұрғандардан марқұмның тірісінде қандай адам болғандығы жайында сұрап, «қарызы бар ма еді» деп дауыстап айтады. Қарызы болса жақын туыстарының біреуін шақырып, оны өтейтіні туралы уәдесін алады.

Жаназа біткеннен кейін ер кісілер марқұмды ағаш зембілге салып, қолдап көтеріп, зиратқа қарай бет алады. Жерлеуге ғұрып бойынша әйелдер бармайды, тек қана ерлер қатысады. Жаназа рәсімінен кейін жоқтау айтуға тыйым салынады. Алайда жерлеуге бармайтын қыздары, әпке-қарындастары, әйелдер қауымы қатты дауыс шығарып жоқтап, қоштасу рәсімін жасайды.

Қазақ халқы қайтыс болған кісіні өзінің ата-анасы, жақын туған-туыстары жатқан жерге, яғни ата-баба зиратына жерлеген. Қабірге қою барысында қайтыс болған кісіні оң бүйірге қаратып, басын «құбылаға қаратып» қояды. Сол сәттен бастап барлық жерлеуге қатысқандарға жыртыс таратылады. Мұны өлген адамның ризашылы – «тәбәрік» деп атаған. Бейіт басында марқұмды жерлеп жатқанда үй ішінде де жоралғылар жасалатын болған. Егер қайтыс болған кісі шаңырақтың иесі – отағасы немесе отанасы болса, үйде жақсылық орын алсын деген ниетпен жатқан жеріне бидай, дән шашылады.

Жылға жалғасар аза тұту

Қайтыс болған кісіні аза тұту рәсімі бір жылға дейін жалғасатын болған. Аза тұту – қазақ халқы дүниетанымындағы өмір мен өлім мәселесімен, адамның өмірдегі орнымен тікелей байланыстырылады. Марқұмға құдайы тамақ беру қайтыс болған кісі үшін де, қоғам үшін де қарыз, міндет болып есептеледі. Адам дүниеден өтіп, жерленген соң үш күннен кейін үші, жеті күннен кейін жетісі, қырық күннен кейін қырқы, бір жыл өткеннен кейін жылдық асы беріледі.

Сонымен қатар әр қасиетті жұма сайын қайтқан кісінің әруағына бағыштап Құран оқылады. Тағы бір айта кетерлігі, марқұмның жылдық асына дейін үш Хатым Құран түсіріледі. Бұл әруаққа бағыштап Құранды толық үш рет оқып шығу керек деген сөз. Аталған міндетті дүниеден озған кісінің ең жақын үш туысы мойнына парыз ретінде жүктеп алып, өзі оқи алмаған жағдайда жоралғысын жасап, молдаға оқыттырады.

Дәстүрлі ұғым бойынша өз шаңырағынан ұзай алмай жүрген марқұмның жаны тек қырық күн өткен соң ғана көкке ұшіп кетеді. Оның жанымен қоштасу салты ретінде қырқы өткізіліп, ас беріледі. Оған қоса, қырық күн бойы «қаралы күн» тәртібі қатаң сақталады. Яғни, кісісі қайтқан шаңырақ иелері үйінде болып, ашық түсті киім кимеуге тырысады және бұл күндері туған-туыстарының той немесе басқа да ойын-сауық жасауына рұқсат етілмейді.

Қаза болған кісінің отбасы жылы өткенге дейін осы тәртіпті сақтап отырады. Сондай-ақ, қайтыс болған кезде келе алмаған адамдар қырқына дейін көңіл айтуға келеді. Сол себепті қырық күн бойы үйдегі қайтыс болған кісі жатқан бөлмеге шам жағып қояды.

Марқұмның қайтыс болғанына бір жыл толуына орай берілетін соңғы еске алу рәсімі – жылы немесе жылдық асы деп аталады. Бұл жоралғы о дүниеге аттанған жанның жас шамасына, үлкенді-кішілігіне қарай түрлі жағдайда өткізіледі. Бұл ретте жылы мен асы деген атаудың да мән-мағынасы жағынан бір-бірімен толықтай сай келе бермейтінін айта кету керек. Ас ұзақ жасаған адамдарға, елге еңбегі сіңген атақты кісілерді салтанатты түрде еске алу кезінде беріледі. Асты, әдетте, күзге қарай, мал қоң жинап, семірген кезде өткізеді.

Алдын ала елге сауын айтылып, хабарландырылған әрі елге сыйлы үлкен кісілерге берілген асқа негізінен үш жүздің адамдары, атақты билер мен танымал ақсақалдар, ақындар мен балуандар шақырылған. Қайтыс болған кісінің тірісінде мінген аты болса, өзі дүниеден озған кезде жал-құйрығын күзеп, тұлдап жібереді. Мұндай тұлданған аттар көп жылқының ішінен де көзге тез түседі. Оны мінуге ешкімге рұқсат етілмейді. Әдетте, тұлданған атты асына арналған мал деп атап, марқұмның жылына толғанда сойылады. Асына дейін міндетті түрде қой я болмаса қозы сойылған. Бұл құрбандық шалудың бір түрі ретінде құдайы және жер ошақ құдайылығы деп аталды. Осы қой тұтас желінгеннен кейін барып қана жылқы сойылатын болған.

Үлкен ас беру рәсімдері XX ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталып келді. Оған дәлел деп әдебиеттең белгілі атақты Сағынай байға арналған асқа үш жүздің өкілдері түгел шақырылғанын айтсақ болады. Тарихи деректерге сүйенсек, асқа арнап сойылған малда есеп жоқ екен. Ал арнайы ұйымдастырылған бәйгенің өзіне жер-жерден үш жүзге жуық ат қатысқан деседі. Сонымен қатар бұл ас атақты Ақан серінің әйгілі жүйрігі Құлагердің ағайынды Батыраш пен Қотыраш қолы арқылы өлтірілуімен де халық жадында қалған.

Ас соңына қарай қазалы үй жанындағы найзаға байланған қаралы жалау алынып, найза сындырылады. Бұл белгі – қаралы күннің аяқталғанын көрсетеді.

Ұқсас материалдар