Жаңалықтар

Конституцияға қандай өзгерістер енгізілді?

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына – 26 жыл
Конституцияға қандай өзгерістер енгізілді?
30.08.2021 08:00 14589

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай осы аралықта Конституцияға қандай өзгерістер енгізілгеніне бір шолу жасап көрдік.

 

Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, еркін өмір сүруге, қалаған ақпаратты алуға және жазуға, ана тілімізде сөйлеуге заңды түрде құқылымыз. Себебі, биліктің қайнар көзі халық болып саналады. Аталған тұжырымды еліміздің Ата Заңы 1, 3, 7, 19, 20 баптарында нақтылап көрсеткен.

 

Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын өкілді орган – Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған. 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау өткізіп, 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізіп жаңа Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бекітілді.

 

Нәтижесінде 1993 жылғы үлгіден Парламентті Сенат пен Мәжіліс атты екі палатаға бөлу, Жоғарғы Кеңестің таратылуы, Парламенттің заңнамалық функциясын Президент, Үкімет, Парламент атты үш институтқа бөлу сынды ауқымды сәттермен ерекшеленді.

 

Мәліметтерге сүйенсек, 1995 жылғы ҚР Ата Заңында Франция Конституциясының негізгі қағидалары басшылыққа алынған. Бұл Конституцияда күшті президенттік билікті орнықтыруға мүмкіндік берді. 1993 жылғы Конституция іс жүзінде парламенттік-президенттік республика сипатын бекіткен болатын. Бұл өзгерістің басты себебі парламенттік немесе парламенттік-президенттік республикаларда саяси дағдарыстар жиірек орын алуымен түсіндірілді.

 

1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын Қазақстан Конституциясына Парламент арқылы барлығы 5 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, 1998 жыл, 2007 жыл, 2011 жыл, 2017 жыл, 2019 жыл.

 

1998 жылы Конституцияның 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірінші кезекте, өзгерістер Президенттің, Парламент депутаттарының мерзімдері мен функцияларына қатысты болды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкер үшін бұрын қарастырылған жоғары жас шегі жойылды. «35 жастан асқан адам президент болып сайлана алады» деген сөйлем «40 жастан асқан» деп өзгертілді және «65 жастан аспаған» деген сөзді алып тастады.

 

Мысал келтіретін болсақ, 2019 жылы Президенттікке үміткерлердің дүниеге келген жылдары төмендегідей:

 

Түгел Сәді-Бек 1955 жылы (64 жас)

 

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы (66 жас)

 

Таспихов АмангелдіСатыбалдиевич 1959 жылы (60 жас)

 

Еспаева Дания Мадиевна 1961 жылы (58 жас)

 

Ахметбеков Жамбыл Аужанович 1961 жылы (58 жас)

 

Рахимбеков Толеутай Сатаевич 1964 жылы (55 жас)

 

Косанов Амиржан Сагидрахманович 1964 жылы (55 жас)

 

Яғни, жоғары шектелген жас шамасы болған жағдайда тізімдегілердің екеуі 2019 жылы сайлауға түсе алмайтын еді.

 

2007 жылғы түзетулер мынадай: пропорционалды сайлау жүйесіне көшу; премьер-министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы енгізу және үкімет басшысын тағайындау кезінде президенттің партиялық фракциялармен консультациялар рәсімі есебінен Парламент мәртебесін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді және белгіленген квотаға сәйкес өз өкілдерін Парламент Мәжілісі мен Сенатына жіберу құқығына ие болды.

 

Негізгі түзетулер ҚР Президентінің мәртебесіне қатысты еді. «Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент лауазымын атқара алмайды» деген ереже енгізілді, президенттің өкілеттілігін орындау мерзімі 5 жылға дейін қысқартылды (бұрын 7 жыл болған). Президент Қазақстан Республикасында соңғы 15 жыл тұрақты тұруға тиіс деген ереже енгізілді (бұрын Қазақстанда тұру уақыты анықталмаған, тек оның мерзімі болды). Сонымен қатар, Конституцияда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша жағдайы тіркеліп, лауазымда болу мерзімі бойынша шектеу қолданылмайтыны, ал Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі жеке Конституциялық заңмен айқындалатыны көрсетілді.

 

2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Сол кезде Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін бекіткен толықтырулар да қосылған. Бұдан басқа, заң жобалары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейнесін бүлдіргені, оның өмірбаянын көпшілік алдында қорлағаны және бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.

 

2017 жылғы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жариялады, оның басты мақсаты республика Президентінің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру болды.

 

Сондай-ақ террористік қылмыстар жасағаны үшін, ҚР өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімі бойынша азаматтықтан айыру негіздері көзделді. Президентке қойылатын талаптар, атап айтқанда жоғары білімінің болуы толықтырылды.

 

Түзетулерге сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның басты конституциялық органы саналды. Оның міндеттеріне елдің ұлттық қауіпсіздігі, қорғаныс қабілеті саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қарау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және осы бағыттарда ұйымдастыру жатады.

 

Осы өзгерістердің барлығы негізгі заңға референдумсыз енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 3 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл шешімнің неге негізделгенін түсіндірді:

 

«Мемлекеттік билік жүйесінің маңызды сәттері өзгермейтінін, бұл реформада адамның құқықтары мен бостандықтарының маңызды бөлімдеріне әсер етпейтінін ескере отыра, үлкен шығындармен, адами ресурстармен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан халық сайлаған депутаттық корпус Конституцияға сәйкес осы заңдарды енгізуге құқылы» - деп ҚР Тұңғыш Президенті атап өткен еді.

 

ҚР Конституциясына соңғы өзгеріс 2019 жылғы 23 наурыздағы Заңмен енгізілді. Бұл елорда атауының Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты. 2019 жылғы 20 наурыздағы Конституциялық кеңес: «Қазақстан Республикасының астанасын «Астана» атауынан «Нұр-Сұлтан» деп атауға қатысты өзгерістерді бекітті. Бұл заңға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

 

Саясаттанушылардың айтуынша, Конституция – құжат, заң, Ата Заң. Оған өзгеріс енгізілуі мүмкін ғана емес, өзгеріс енгізілуі қажет те. Өйткені, Конституция өмірді реттейді, адам өзгергенде, қоғам өзгергенде, заман өзгергенде заң да өзгереді. Оны қазақ «Заман басқа – заң басқа» деп айтқан. Ең классикалық құжат саналатын АҚШ Конституциясының өзіне 27 рет түзету енгізілген. Мысалы, әйелдердің дауыс беру құқын енгізетін, президент болып сайланатын мерзімді екі мерзім етіп белгілейтін (Рузвельт 4 рет президент болып сайланғаннан кейін) түзетулер уақыт талабы еді. Мұндай мысалдарды қай елдің де Конституциясынан табуға болады. Өткен жылы ғана Ресей Конституциясына президент екі мерзімнен артық уақытқа қатарынан сайлана алмайды деген қағидадан «қатарынан» («подряд») деген сөзді алып тастады.

 

Осы орайда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ шарттық және талап-арыз жұмысы басқармасының менеджері Мусина Гауһардан шет мемлекеттердің Конституциясындағы ерекшеліктер туралы сұрап көрдік.

 

- Мысал ретінде мен Францияның қолданыстағы Конституциясын айтар едім. Біздің еліміздің Конституциясын құру кезінде жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы бөлім Франция Конституциясынан алынды. Мемлекеттерде әртүрлі Конституциялар бар. Ұлыбританияда ол тіпті жоқ, ал Үндістанда ол соншалықты көлемді және күрделі тілде жазылған, сондықтан қарапайым халық оның нормаларын түсінуде қиындықтарға тап болады. Қуанышқа орай, бізде Конституция түсінікті және Қазақстан Республикасы азаматының негізгі құқықтары нақты жазылған. Шындығында ең бастысы, азаматтар мен мемлекеттің Конституция нормаларына өз қарым-қатынасы деп санаймын. Оны жазу бір басқа, бірақ оны ұстану және оның нормаларын құрметтеу басқа. Бірақ уақыт өте келе біз сананың осындай деңгейіне жете аламыз деп үміттенемін, - деп пікір білдірді маман.

 

Иә, бүгін қазақстандықтар өздерінің ең үлкен әрі маңызды мерекесінің бірін атап өтеді. Өйткені, расымен де ел азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарын тек Конституция ғана анықтайды. Ал Қазақстан Республикасының Президенті олардың сақталуының кепілі ретінде әрекет етеді. Мереке құтты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға