Жаңалықтар

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Қытайдан елге оралған қандасымыз дәрігер Гүлжан Бақытқан туралы
«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»
23.09.2020 19:54 8330

Тарихтан белгілі кешегі зұлмат замандарда миллиондаған қазақ шет ел асып кеткен еді. Ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері атажұртқа оралған көш әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Қытай Халық Республикасының Алтай аймағындағы Көктоғай ауданы Күрті ауылында дүниеге келіп, елге оралған Гүлжан Бақытқанқызы атажұртқа көшіп келуіне кімнің ықпалы болғандығын, Қытайдағы балалық шағы мен елдегі кәсібі туралы сұқбат барысында әңгімелеп берді.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Бақытхан Гүлжан Қазақстанға алғаш рет 2015 жылы туған-туыстарына қыдырып келеді. Бала күнінен әкесінің әңгімелерінен Қазақстан туралы жиі естіген қазақ қызына елорда бірден ұнайды.

Менің осы күнге дейін есімде қалғаны, әкем: «Қазақстан тәуелсіздігін алыпты», – деп туған-туыс, ағайынды шақырып, үйде арнайы дастархан жайып, барлығымызды жинап, ерекше қуанышпен тарихи Отанымыздың егемендік алған күнін тойлаған болатынбыз. Ол кезде 9-10 жастағы кішкентай баламын. Әкем бізге әр сөзінде «бұйыртса Отанымызға барсақ, елге қайта оралсақ» деп айтып отыратын. Мен өз Отаныма көшіп келгеніме өкінбеймін. Себебі, ең бастысы, атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым, – дейді қандасымыз.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Гүлжан Бақытқан Қытай Халық Республикасының Көктоғай ауданындағы Күрті ауылында 1983 жылы дүниеге келген. Орта мектепті оқып, Шыңжаң ұйғыр автономиялық Медициналық университетінде білім алған. Оқуын тәмамдағаннан кейін 2007 жылдан Үрімжі қаласында қалалық  №3 емханада дәрігер болып жұмыс істеген. Клиникалық дауалау (иглотерапия) яғни инемен емдеу мамандығы бойынша ауырып келген адамдардың дертіне дауа болған ол бүгінде қаншама жанның алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі.

Қазақстан туған жеріміз болмаса да, тарихи отанымыз. Мен 2017 жылы көшіп келдім. 2018 жылы азаматтық алдық. Құжаттар тапсыру барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Қызым екеуіміз азаматтыққа тапсырғаннан кейін, екі жарым ай ішінде құжат дайын болды. Отанымызға оралған жылы жеке медициналық орталығымды аштым. Мемлекетімізге, Елбасымызға шет елдердегі қазақтардың елге оралуына мүмкіндік бергендігіне алғысым шексіз, – дейді Қытайдан келген қандасымыз.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Гүлжан Бақытқан Қытай Халық Республикасындағы Алтай аймағын Қазақстанның жері деп есептейді. Расында да, ерте кезден-ақ ақын-жазушыларымыз Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр, кең байтақ алқап қазақтың жері дегенді өз шығармаларына арқау еткені баршамызға белгілі.

Біз Абылай ханның ұрпақтары боламыз. Төре руынанбыз. Қазіргі қазақ тарихындағы төрелер біздің ата-бабаларымыз. Алтай деген жер Қазақстанның да, Ресейдің де шекарасында бар. Бір басы біздің мына Қытайда. Біз сол жердің жергілікті тұрғындарымыз. Ата-бабаларымыз сол жерде туып-өскен, туған-туыстарымыз да әлі күнге дейін сол жерде тұрады. Қазақстанда анам, анамның екі бауыры және менің туған інім тұрады. Мен Қазақстанға көшіп келу шешімін өзім қабылдадым. Әкемнің сөзінен басқа ешкім маған түрткі болған жоқ. Бірақ Қытайдан кететін кезде жақын дос-жарандарымның ішінде «қалада жақсы жұмысың, отбасың бар «Біреуді Құдай қаңғыртады, біреу Құдайға бой бермей қаңғырады» деген, ол мемлекетте сені қарсы алатын ешкім жоқ» деп үгіттегендері де болды. Бірақ мен ешкімнің сөзіне мән бергенім жоқ. Қытайда Үрімжі қаласында тұрдық. Жалақымыз да жақсы болды. Бірақ нақты шешім қабылдап, «екі қолға бір күрек қайдан болса табылар» деп елге оралып, білімім бар, еңбектеніп ісімді жалғастыратыныма сенімді болдым.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Кейіпкеріміз өзінің балалық шағы туралы ерекше тебіреніспен айтып берді. Әлемде орнаған пандемияға байланысты Гүлжанның жолдасы бүгінде Қытайда екен. Гүлжан індет жойылып, шекара ашылса, жолдасымен қауышатын күнді асыға күтіп отыр. Жолдасы да елге оралып, Қазақстанның азаматтығын алу үшін құжаттарын дайындап жүрген көрінеді.

Менің балалық шағым бақытты өтті. Үйде екі бала болдық. Бауырым меннен жеті жас кішкентай. Мен інім дүниеге келгенше жалғыз өзім ерке қыз болып өстім. Шешем ауылда 30 жыл дәрігер болды. Әкем оқу ағарту саласында жұмыс істеді. Өкінішке орай, әкеміз 2001 жылы өмірден өтті. Қан қысымы жоғары болатын. Ол кезде қалаға 30 шақырым жерде ауылда тұратынбыз. Дұрыс ем болмай, қайтыс болды деп есептеймін. Негізі мен бала күнімнен әскери адам болуды армандайтынмын. Бірақ әкем үшін өзімнің армандарымды өзгерттім. Содан өзіме мақсат қойып, медицина саласында білім аламын деп шешім қабылдадым. Адам қалаған нәрсесін жүрегіне ұялатып істесе, барлық армандары орындалады, – дейді Гүлжан.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Қытайда кейіпкеріміздің айтуынша «Қазақы ем», «Дәстүрлі қазақ медицинасы» деген орталықтар бар екен. Ол жерлерде дәстүрлі емге деген сұраныс та жоғары.

Ине салған кезде адам тітіркенеді. Көбінде инсульт болған адамдар емге жиі келіп жатады. Адам денесінде миллиондаған клетка бар. Күнде адамның ағзасында зат алмасу болады. Егер адам әлсіз, тәбеті болмаса ондай адамдардың зат алмасуға қуаты жетпейді. Сол кезде ине салып, ол адамды оятасың. Ине денеген кірген кезде адамның жүйке жүйелері оянады. Инемен емдеудің өзіндік ерекшелігі осында, – дейді Гүлжан Бақытқанқызы.

Ине салудың да өзіндік тәсілі бар. Гүлжан Бақытқан оны жоғары оқу орнында 6 жыл оқып, бір жыл практика жүзінде үйренген. Бүгінде өз еңбегінің жемісін жеп, халықтың ризашылығы мен алғысына бөленіп жүр.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Біз тек инемен емдеп қана қоймай, нүктелі массаж жасаймыз. Сонымен қатар, айтиау деген түрлі шөптердің қоспасынан жасалған емдеу түрі бар. Бастысы, оның ішінде ермен шөбі болады. Біз сол ерменнің қоспасы бар дәріні отпен тұтатып, адамдардың денесіндегі арнаулы нүктелерге қыздыру арқылы басамыз. Бұл емнің ерекшелігі ол денедегі суықты шығарады. Және ағзадағы ыстық пен суықты теңестіреді. Екінші бір ем түрі – чиляу. Кіндік арқылы емдеу. Әр нәрсенің орталығы болады. Ал адамның орталығы кіндік. Кіндік арқылы ем алу да адам ағзасы үшін пайдалы,– дейді қазақ қызы.

Сонымен қатар, кейіпкеріміз көптеген дертке дауа инемен емдеудің ерекшеліктерін де атап өтті. Бір күні жетпіс жастағы қарт әжей келіпті. Аузы қисайғандықтан, емханадағы дәрігерлер дер кезінде инемен емдеу көмектесетіндігін айтыпты. Расында да біршама күн өткеннен кейін қарияның беті бері қарапты. Сондықтан дәрігер Гүлжан Бақытқан ол кісінің аурудың енді басталған уақытында келгені денсаулығын қалпына келтіруге оңтайлы болатынын айтты.

«Атажұртқа оралып, әкемнің арманын орындадым»

Қытайдағы қазақтардың барлығы қазақша сөйлейді. Мен қазақ тілінде білім беретін мектепте оқығанмын. Бұрын мен білім алған жылдары бәрі қазақша болатын. Университетке түскенде ғана арнаулы бір жыл ғана қытай тілін оқитынбыз. Қазіргі кезде мектепте балалар қытай және қазақ тілінде білім алады. Бұрынғы қазақ тіліндегі бірыңғай оқулықтардың барлығы тоқтатылған. Алтай аймағы қазақтың жері. Кейін шекара бөлінгеннен кейін Қытайдың жеріне айналып кетті. Мен туып-өскен Көктоғай ауданында 60 мыңға жуық қазақ тұрады. Біз салт-дәстүрді ұстанамыз. Қыз ұзатып, келін түсіреміз, сүндет той жасаймыз. Бірақ енді заманның дамуына қарай ешкім бұрынғыдай ат мініп жүрмейді. Жайылымдағы жерлердің барлығын ҚХР өзіне алған. Жалпы нақты санын білмеймін, бірақ Қытайда шамамен 2,5-3 млн қазақ бар. Алтай аймағында тұратын қазақтардың 60 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Мал баққанға намыстанбаймыз. Себебі, ол ата кәсіп. Біз көшіп-қонып жүретін халықпыз. Жайылымдағы мал шөптің шүйгінін жейді, судың тұнығын ішеді. Дәрілік шөптерді жейді. Өрісте жайылып өксен малдың етінің дәмді екенін қытайлардың өзі де біледі. Қытайдағы 40 % ет өнімін қазақтар қамдайды. Жайылымдағы мал мен қорада ұстаған малдың айырмашылығы болады, – дейді Гүлжан Бақытқан.

Шет елде жүрген қаншама бауырларымыздың арманы болған ата-бабаның туған топырағына табаны тиген қандастарымыздың істері оң әрі берекелі болсын дейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға