Жаңалықтар

Ежелгі түріктер

Қойшығара Салғараұлы
16.08.2016 06:25 14845

Ежелгі түріктер

Бірінші  бөлім

І-тарау. Танымдық   барлау

Адамзат баласы тағдыр-талайына жазылған адамдық тірліктің иесі болу жолында  сан алуан уақыттық өзгерісті басынан кешірді. Осы өзгерістер барысында ол өз тіршілігінің қайта оралымы жоқ, тоқтаусыз алға жылжи беретін бірбеткей уақытқа тәуелділігін таныды. Соған орай, қалайда, сол тоқтауы жоқ уақытқа үйлесу, онымен еншілесу мақсатында төңірегін тереңірек танып-білу арқылы  өзінің  әр күн сайынғы іс-әрекетін жетілдіріп, алға ұмтылумен болды. Табиғи түйсігі арқылы өмір сүру үшін жасаған іс-әрекетіне  адамдық сипат беру мақсатында ерік-жігерін  біртіндеп санаға билетіп, соған сай тірлік жасап, адамгершілік сезім-талғам биігіне көтеріле бастады. Сол арқылы табиғи үйірлестік топтықтан адамдық қауымдастыққа көшті. Соның нәтижесінде адами құндылықтарды орнықтырып,  «адам - адамға қонақ», «адамның күні адаммен» деген  кісілікті жарасым қағидаларын қалыптастырған қоғамға қол жеткізді.   Өсіп-өркендеп, жер бетіне кеңінен тарады. Өзара түрлі халықтарға жіктеліп, түрлі мемлекеттер құрды. Сан мыңжылдықтар бойы қойындаса ғұмыр кешкен табиғаттың өзгермелі мінезімен (дауылымен, жауынымен, ыстығымен, суығымен, тасқынымен, көшкінімен, құрғақшылығымен және т.б.) үйлесім табуға ұмтылған  арпалысты тірлігінің нәтижесінде  өзінің  ойлап тапқан алуан түрлі құрал-жабдықтарының көмегімен, түрлі айла-тәсіл қолдану арқылы  табиғат тарапынан туындаған қиындықтарды  еңсеріп, өз пайдасына жарата білді. Бұл тіршілік күресінің нәтижесі еді.

Осы күрес барысында адамдар бірте-бірте бір-біріне үстемдік жасау мүмкіндіктерін де қарастыра бастады.  Қолдануға қолайлы тас құралды ойлап табудан басталған адамдық тынымсыз ізденіс, кейін басқаны қойып, өзді-өзін  қырып-жоя алатын  қаруларды ойлап табуына  ұласты. Соған сай бұрынғы өздері үшін бірлесіп еңбектеніп, соның нәтижесін бірге көретін қоғам мүшелері енді өздерінің осы ойлап тапқан құрал-жабдықтарының артықшылығын пайдаланып,  өздерінен басқалардың  өсірген малын, еккен егінін, жиған дүние-мүлкін, тұрғызған үйін, салған қаласын түрлі айла-шарғы жасап, күш көрсетіп, тартып алатын күнге жетті. Бұл өз тарапынан бағындырушылар мен бағынушылардың пайда болуына жол ашты. Зорлық-зомбылық жасап, өзгенікін өлермендікпен тартып алу салдары кейін қоғамда  «адам – адамға қасқыр» деген ұғымды қалыптастырып, «сананы тұрмыс билейді» деген қағиданы орнықтырды. Aдамның бір-бірінен артық, молшылықта өмір сүруге деген құлшынысы байлық мұратын алға шығарып, бұрынғы «уақыт – көрер қызығым» ұғымын «уақыт – ақша» дегенмен алмастырды.

Нәтижесінде адамгершілік мұраттарды алға ұстаған қоғам орнына техникалық прогреске қол жеткізу арқылы бір-бірінен қалайда экономикалық, саяси-әлеуметтік басымдықтарға  ие болуды мақсат еткен  өркениетті  қоғам келді. Ежелгі заман адамдары күнкөрісінің көзі –  мекен еткен аумағын (территориясын) қорғау немесе  өзгенің иелігін күш көрсетіп тартып алу секілді мақсатпен өзара қақтығыстарға түссе, өркениетті қоғам адамдары ұлтаралық және дінаралық жауласуға жол ашып, оны басқыншылық жорықтардың идеологиялық құралына айналдырды. Сөйтіп, иманды мәдениеттің орынына  имансыз өркениет орнықты.

Өркениеттің бастау кезеңінде географиялық фактор шаруашылықтың түрін, кей жағдайда мемлекеттік құрылымның формасын айқандауға айырықша ықпал еткені белгілі. Ніл дариясы бойын мекендеген халықтардың (тайпалардың) әлем тарихында алғашқылардың бірі  болып, күшті орталық билікке негізделген бір мемлекетке бірігуі, міне, осы географиялық фактордың  нәтижесі еді.

Жалпы «өркениет» дегеннің  адамзат қоғамының «жетілген» жағдайын айқындайтын термин есебінде ХVIII ғасырдан бастап қолданыла басталғаны мәлім. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде «өркениет» және «мәдениет» терминдері  көп жағдайда бір-біріне синоним  ретінде қолданыла береді. Бірақ    «мәдениеттің» тарихы  «өркениеттен» әлдеқайда бұрын, адам баласының  ес жиып, жанындағы серіктестерінен ұялып, әбүйірін жапырақпен жасырып, тас құралдарды пайдалана бастаған кезінен  өріс алатынын да ескерген жөн. Бұл ретте неміс философы О. Шпенглер «әр мәдениетті жанды организм», ал «өркениетті өліп бара жатқан мәдениеттің соңғы сатысы» деп есептесе, ағылшын тарихшысы А. Тойнби  өркениеттің  бірнеше түрі болатынын айтып, оның бәрін «бір ағаштың бұтақтары» деп қарайды. Соңғысының пікірінше, өркениеттің дамуы адамзаттың бірлігі бағытына бағытталады. Әр өркениет міндетті түрде: пайда болу, жетілу, әлсіреу, ыдырау кезеңдерін бастан кешіреді. Мұндай ойды одан бұрын Ибн Халдун де айтқан екен. Ол «өркениеттер мен мемлекеттер де тірі ағза секілді, олар да туылады, өседі және өледі» депті.

Бізге белгілі арғы-бергі ірі мемлекеттер мен өркениеттердің, атап айтқанда, ертедегі көне өркениет елдері жеріндегі Александр Македонский құрған империя мен шығыста Маудун (Мао-дун, Мете, Модэ, Мөде) негізін қалаған Мыңғұл (Сиуңну, Ғұн, Мұңғұл, Моңғол) империясының,  одан беріректегі үш құрылыққа билік жүргізген Осман империясы мен бүкіл Азияны дүрліктірген Шыңғысхан империясының, тіпті күні кеше құлаған КСРО-ның осы заңдылықты бастан кешкені аталған ойшылдардың ой  тұжырымының дұрыстығын айғақтайды.

Замана толқынында біріне бірі жалғаса келіп, өркен жайып жатқан кейінгі ұрпақтар ілегіне бүкіл адамзат баласының бастан кешкен, сан мыңжылдықтарға ұласқан осындай қилы-қилы уақыттық өзгерістердің қыр-сырын ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып, өткеннің өнеге алар өзектісін саралап, сараптап жеткізіп отыратын деректер жиынтығы – Тарих. Бұл тұрғыда тарихты бүкіл адамзат  баласының өмірбаяны, солардың бастан өткерген оқиғаларының, жасаған іс-әрекеттерінің ортақ шежіресі десе де болады. Тарихты жасаушы да, оны кейінгіге жеткізуші де адамдардың өздері. Өйткені адам жоқ жерде тарих жоқ.

Алайда   адам баласы бары-жоғы   Жаратушының ойлау қабылеті өзге жан иелерінен ерекше етіп жаратқан екі аяқты Жаратылымы ғана болғандықтан және өсіп-өніп көбейіп, жан-жаққа бытырай тарап, түрлі халықтарға жіктеліп, бір-бірінен оқшауланып кеткендіктен, өздерінің басынан кешірген сан мыңжылдықтар оқиғасының бәрін шып-шырғасын шығармай, бір жүйеге түсіріп, түгелдей жадында сақтауы мүмкін емес еді. Олар ондай мүмкіндікке  тым кеш, тек соңғы  мыңжылдықтар ішінде ғана,  яғни жазу-сызуға қол жеткізіп, бастан кешкендерін хаттап, тау-тасқа, сүйекке, қалақша ағашқа, қыш құмыралар мен қыш тақтайшаларға, қағазға таңбалап түсіргеннен кейін ғана барып біртіндеп ие болғаны белгілі.

Міне,  осы  жазу-сызудың көмегімен жеткен деректерді зерде елегінен өткізіп, тарих жазған кейінгі тарихшылар адамзат баласының бүкіл өмір жолын  «тарихқа дейінгі» және «тарихтан кейінгі» деп, екі кезеңге бөліп қарастыра бастады. Бұлайша жіктеу адамзат баласының жүздеген мыңжылдықтармен есептелінентін ғұмырнамасының  ақиқатын айғақтар сонау есте жоқ ескі замандардан кейінгіге жеткен деректік материалдарды саны мен сапасына қарай сараптап, сұрыптаудан шықса керек.   Мысалы, оны әлгі жіктеудің «тарихқа дейінгісіне» адамзат баласының жаралғанынан бастап, христиан эрасына дейінгі[1]  (бұдан әрі:  «х. э. дейінгі») VIII ғасыр аралығындағы кезеңнің қамтылуынан аңғаруға болады. Бұл кезеңнің тарихи дерегі тапшы, соған сай шындығы ашылмаған беймәлім жұмбақ тұстары да көп.

Ал «тарихтан кейінгісіне» осы х. э. дейінгі VIII ғасырдан басталатын кейінгі кезең жатқызылады. Бұл кезеңде,  салыстырмалы түрде айтқанда, өткеннің шындығына шырай берер жазба деректер де, археологиялық айғақтар да баршылық. Бүгінгі адамдардың тарихи санасын қалыптастырған,  қазіргі қолданыстағы дәстүрлі ресми тарих  осы деректер негізінде жазылған.

Бірақ «деректер негізінде жазылды» дегенімізбен, бұл арада әділдік үшін, сол деректердің де, сол арқылы жазылған тарихтың да тек  бірыңғай еуропалық таным-түсінік негізінде ғана жүзеге асқанын да ашып айта кеткен жөн. Оны, басқаны айтпағанда, осындағы адамзат баласының жалпы тарихын кезеңге бөліп қарастырудағы уақыт мерзімінің христиандық жыл санау үлгісі арқылы берілуінің өзінен-ақ аңғару қиын емес. Ал Еуропаның тарихи таным-түсінігі, яғни тарих философиясы, түптеп келгенде, неміс халқының ХХ ғасырдағы көрнекті ойшылы Карл Яспрес атап көрсеткеніндей, христиандық діни ілімнің негізінде пайда болғаны  аян. Бұл ретте әйгілі Г. В. Ф. Гегельдің: «весь исторический процесс движется к Христу и идет от него. Явление Сына Божьего есть ось мировой истории» дегені де бар.

Алайда адамзат баласының ортақ тарихына деген мұндай таным-түсініктің, кімнің қалай айтқанына қарамастан, тек христиан дініндегілерді, яғни Құдай Ұлының құдыретіне сенетіндерді ғана иландыра алмақ. Басқаларға күдік туғызары анық. Өйткені  христиан діні - әлем халықтарының баршасына ортақ жалғыз дін емес, солардың тек бір бөлегінің ғана діні. Қалғандары әрі басым бөлігі  басқа діндердің танымдық ықпалында. Христиандар секілді олардың да өздерінің діни ілімдеріне орай қалыптасқан өз дүниетанымдары бар. Сондықтан  да кейінгі кейбір ғалымдардың «әлем тарихының кіндігі» деп, жоғарыда айтылғандай, «Құдай Ұлының» пайда болу мерзімін танымай, оны х.э. дейінгі 800 – 200 жылдар аралығында өткен рухани үдерістерден (процестерден) іздеулері де  содан болса керек.  Осы жылдар аралығында өткен алты ғасыр ішінде әлімдік тарихта танымдық тұрғыдан шұғыл бетбұрыстардың болғандығын ескере келіп, бұл мерзімді  К. Ясперс «кіндіктік уақыт» («Осевое время») деп көрсетеді. Сондай-ақ  осы орайда немістің  тағы бір тарихшысы Леопольд фон Ранке: «в ХІХ в. Мировой истории считалось только то, что после предварительных стадий – Египта и Месопотамии – пройзошло в Греции и Палестине и привело к нашему времени, все прочее относили  к этнографии и выносили за рамки подлинной  истории. Всемирная история была историей Запада», - деп, жоғарыда айтылған ойды нақтылай түседі.

Қалай болғанда да, адамзат баласының бастау тарихының тек еуропалық таным-түсінік негізінде жазылуы, тарихи санамыздың сол арқылы қалыптасуы ежелгі замандарда өмір сүрген еуропалық емес халықтардың  бастан кешкен уақыттық өзгерістерінің нәтижесін төл болмысында танып, бағалауға кедергі келтіріп келгені шындық. Бұған әр кезеңде империялық деңгейге көтеріліп, төңірегіне үстемдігін жүргізген елдер халықтарының «біз және басқалар» дегенге негізделген өзімшіл кемдемсоқ (эгоцентристік) жіктеулері  қосылып, бір Адам-Атаның ұрпағын бөлшектей  жіктеп, соның бір бөлегін «жабайылар», «тағылар»  деп тану қалыптасты. Осындай таным-түсінік тарих ғылымының бастау кезеңінде әлем халықтарын «тарихи халықтар» және «тарихи емес халықтар» деп жіктеуге әкеп соқтырғаны да баршаға белгілі жәйт.  Мұндағы «тарихи халықтар» Жаратушының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген, қабылет қарымы мол, адами құндылықтарды қалыптастырушы халықтар, ал «тарихи емес халықтар» жаратылысынан қарғысқа ұшыраған адам кейпіндегі жабайы мақұлықтар деп түсіндірілді. Осы түсінік ежелгі замандарда бір адамның  өзіндей екінші бір адамды құлына айналдырып, ауыр бейнетке жегуіне, ұрып-соғуына,  сатуына, өлтіруіне мүмкіндік берді. Соның таңбаланған айғағы ретінде ғалымдар адамзат эволюциясының белгілі бір кезеңін қамтитын жаңа қоғамдық формацияны -  «құл иелену дәуірі»  деп атап, ғылымға енгізді. (Кейінгі зерттеулерде «құл иелену дәуірінің бүкіл адамзат баласына ортақ еместігі, оның белгілі бір өңірлерге ғана тән болғандығы айтыла бастады. Қ.С.)

Кейін қоғамның дамуына, адамдардың таным-түсінігінің нақтыланып, ой өрісінің кеңеюіне, ғылымның жетілуіне  байланысты әлем халықтарын «тарихи» және «тарихи емес» деп  жіктеудің ешбір қисынға келмейтіні, шындыққа көренеу қиянат екені айқындалған соң, бұл терминдер тарихшылар тарапынан жаңа атаулармен алмастырылды. Сөйтіп бұрынғы «тарихи халықтар» деген атаудың орынына енді «отырықшылар», ал «тарихи емес халықтардың»  орынына «көшкіншілер» деген атаулар ғылыми айналымға еніп, тұрақты қолданыла бастады. Алайда бұдан атаудың аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Сол себепті әлем халықтарының тарихына деген бұған дейінгі түсінікпен қалыптасқан тарихи сана сол күйі  өзгеріссіз қалды. Оның солай екенін бүкіл саналы өмірін көшкіншілердің тарихын зерттеуге арнаған орыс ғалымы Л.Н. Гумилевтің: «ХІХ ғасыр прогресшіл өркениетті тек  отырықшы халықтар ғана жасаған, ал Орталық Азияны (көшкіншілер мекенін деп түсініңіз. Қ.С.)  бейне бір тоқыраушылық болмаса жабайылық пен тағылық жайлаған  деген тұжырымдаманы (концепцияны) бізге мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың ең зияндылығы -  қателігінде де ғана емес, оның ешқандай сынауға жатпайтын ғылым жетістігі ретінде ұсынылуында» (Гумилев Л.Н. «Хунну в Китае». С. – П. 1994. стр. 6.) деп  атап көрсетуі де дәлелдей түседі. Өйткені Л. Гумилев айтқан ХІХ ғасырдан мұра болып қалған, өзгертуге жатпайтын  «ғылым жетістігі» ретінде ұсынылған осы тұжырымдамалық ұғым ХХ ғасырда да ғылымдағы үстемдігінен айырылған жоқ. Мұның бәрі С. Н. Артоновскийдің сөзімен айтқанда,  «Феодалдық Еуропаның тар шеңберінде пайда болып, кейін еуропалық жұрт   өздерінің ғылыми-техникалық  деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан кезінде ерекше өріс алған еуроцентризмнің» (Артоновский С.Н. Историческое единство  человечество и взаимное вляние культур. – Л.1967. стр. 19.) ғылымға өз өктемдігін жүргізіп, еуропалық емес халықтардың тарихын төл болмысында тануға, сол арқылы тарихи ақиқатқа көз жеткізуге мүмкіндік бермеуінің айғағы еді. Шындап келгенде, бұдан тек көшкіншілер тарихы ғана емес, отырықшы ел халықтарының тарихы да зардап шеккені даусыз.

Әлем халықтары  тарихының ортақ бастау кезеңіне ден қойсақ, адамзат баласының белгілі бір бөлегінің күнкөріс кәсібінен бұрынғы терімшілік пен аңшылықты ығыстырып, егіншілікке ерекше басымдық беру арқылы соның дамуына байланысты егін еккен жерінде тұрақтап, отырықшылыққа ойыса бастағанын білеміз. Бүгінгі «өркениетті жасаушылар» деп әспеттеліп отырған «отырықшылырымыз» түптеп келгенде осылардан басталған, осылардың ісін алға жалғаған солардың кейінгі ұрпақтары. Алайда бұлар да қашан өзгелер тарапынан «отырықшылар» деп танылғанға дейін  әу баста көшкіншілік тірлшікті бастан кешірген, яғни еуропалықтардың өз түсінігімен айтқанда, жабайылар болған. Олардың және сол отырықшылыққа көшісімен «жабайылықтан» құтылып шығып, бірден өркениетке қол жеткізе қоймағаны тағы  аян.

Ежелгі заманның байырғы бет-бейнесін танытатын қолдағы бар көне деректерге байыппен  зерделей қарасақ, тарихқа белгілі  ежелгі өркениеттің бәрі тек екі мәдениеттің – отырықшылар мәдениеті мен жаңағы «көшкіншілер» деп аталғандардың мәдениетінің тоғысып, кіріккен жерінде пайда болып, дамып жетілгенін көреміз. Өз заманының айғағы ретінде кейінгіге қалдырған түрлі жазба деректердің көмегімен бүгінге дейін адамзат тарихы бастауындағы мәдениет ошақтары болып есептелініп келген – Ніл дариясы бойындағы, Тигр мен Ефрат өзендері аралығындағы,  Палестина жеріндегі, Қытай мен Үндістандағы ежелгі өркениеттердің бәрі кезінде сырттан келіп, тұрғылықты жұртпен араласып, сіңісіп кеткен көшкінші тайпалардың (халықтардың) көмегімен пайда болған. Ең ғажабы, осындай жолмен әр кезде өркениетке жеткен елдердің мемлекеті билігінің басында қашанда сол сырттан келген көшкінші тайпалардың (халықтардың) өкілдері тұрған, ал тұрғылықты елдің адамдары төменгі дәрежеде, тіпті кей жерлерде құлдық деңгейде  күн кешкен.  Мысалы,  Месопотамиядағы «илоттар», Египеттегі «бакулер», Индиядағы «шудралар», Қытайдағы «нәнжіндер» («наньжэнь) осындай төмен деңгейге түскен жергілікті тұрғындар, яғни  байырғы отырықшылар болатын. Мұның бәрі ресми тарихтың дерегі.

Бұдан ежелгі өркениеттердің өмірге келуіне сол көне замандарда отырықшылыққа көшкен  байырғы тұрғын халықтарға (тайпаларға) қарағанда, сырттан келіп осыларды жаулап алып, нәтижесінде өздері тұрақты отырықшыларға айналған көшкінші тайпалардың (халықтардың) ықпалы, үлес  салмағы  әлдеқайда басым екені айқын көрінеді. Өйткені өмір керуенінің басшысы рөлін бұрынғы отырықшы жергілікті тұрғындар емес, сырттан келген көшкіншілер, жаулап алушылар  атқарып отырған. Солар ел билеген. Ойланарлық жағдай!

Қалай болғанда да, бұл ретте қазіргі түсінікке орайластырып, ежелгі отырықшы халықтар мәдениетін шалқар теңіз десек, көшкінші тайпалар  мәдениетінің сол көлге  жан-жақтан ағып келіп құйылып,  суын жаңарта молайтып, шалқытып  жатқан өзендер болғанына еш күмән жоқ. Өйткені терістіктен күнгей аймақтарға әр кезеңде тоқын-толқын болып құйылған көшкінші халықтар (тайпалар) өздері жаулап алған елдің өмір салтын өз дәстүрлерімен ұштастыра жалғастырып, толықтырып, уақыт оза келе соларға  сіңісіп, тілін, дінін өзгертіп, біржола отырықшылыққа көшіп кетіп отырған. Әлгі ескі діни кітаптардағы отырықшылардың атасы деп есептелінетін егінші Қабылдың (Каинның) көшкіншілердің атасы, бақташы Әбілді (Абельді) өлтіретіні осы тарихи шындықтың символикалық көрінісі, яғни көшкінші тайпалардың отырықшы халықтарға сіңісіп, жұтылуын тұспалдап көрсетуі болса керек...

Бұл, әрине, еуропалық таным-түсінікпен жазылған қазіргі ресми тарихта сараланып көрсетілмеген мәселе. Көшкінші халықтарды қанша жерден отырықшы халықтардың құрамына кіріп, сіңісіп кетті дегенімізбен,  олар қай кезде де ешқашан із-түзсіз жоғалып кетпеген. Көне  өркениет өрісінің бастауында оқшау тұрған Ассирия мен Бабыл елінен  бастап, кейінгі Египет, одан да кейінгі Грек пен Рим мемлекеттерінің қай-қайсысының да дәуірлеуіне заманында айтарлықтай үлес қосқан сырттан келген  көшкінші халықтардың  іздері тарихта сайрап жатыр. Тек көрер көз, таныр таным, қорытар зерде болсын деңіз! Бұларға ежелгі Қытай мен Үнді жеріне ауып келген көшкінші тайпалар тарихын да қосуға болады. Өйткені ежелгі заманда көшкіншілердің араласуынсыз төңірегін түгел жаулап алып,  империялық деңгейдегі іргелі ірі мемлекетке айналып, тарихқа танылған не Батыста, не Шығыста  бірде-бір  бірыңғай таза отырықшы ел болмаған.  Сонау есте жоқ ескі замандардан бастап, әр кезеңде  әр түрлі жағдайда терістіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа немесе батыстан шығысқа толқын-толқын болып келіп, жеткен жерлеріне орнығып, бауыр басқан, тарихтан аты белгілі шумерлерден, хеттерден, гиксостардан, арийлерден, этрускілерден, киммерлерден,  скиф-сақтардан, дунхулардан, сиуңнулардан және тағы басқа көшкіншілерден қалған көне мұралар осыны айғақтайды. Ең  ғажабы, мұны адамзат баласы   жасаған игіліктердің бәрін отырықшыларға теліп отырған бүгінгі ресми тарих та жоққа шығара алмайды. Олай болса, сырттан әр кезеңде ауып келіп, жергілікті байырғы тұрғындармен араласып, соларға сіңісіп кеткен көшкінші халықтардың әр қайсысының  шыққан тегін ажыратып танымай, олардың бұған дейін не істеп, не қойғанын жете білмей, келген жерінде өздері қосылған халықтардың өркендеп дамуына қандай ықпал тигізгенін жан-жақты зерттеп, жете пайымдап, танып алмай тұрып, заты «көшкіншілер» деген шала түсінікпен олардың бәрін  бірыңғай «жабайылар», «тағылар» қатарына ысырып тастау – қай тұрғыдан алып қарағанда да, адамзат тарихына жасалған қиянат, көренеу әділетсіздік болмақ. Осыдан кейін көшкінші халықтарды былай қойып, отырықшы халықтардың өзінің ежелгі бастау тарихын шындықпен жазылған тарих деп мойындаудың өзі қиынға түспек.

Қалай болғанда да, адамзат баласының сан мыңжылдықтар бойы  бірігіп жасап, дамытып, бүгінгі күнге жеткізген игілік атаулының бәрін тек отырықшыларға ғана еншілеп беріп, көшкіншілерді жаппай  түк бітірмеген «жабайыларға» («варварларға») теліп, қиратушы дүлей күшке айналдырудың  біржақтылық екені даусыз. Ал  ғылыми зерттеулердегі біржақтылық ешқашанда ақиқатқа жеткізген емес. Демек тарихи шындыққа жету үшін ортақ бастау тарихымызды жіктеп бөлшектемей, тұтас күйінде саралай қайта қарап, ғылымы дамыған, дүниетанымы жетілген, ортағасырлық  тоғышарлықтан арылған ХХІ ғасырдың, яғни жаңа мыңжылдықтың талабы тұрғысынан жаңаша  зерделеу кім-кімге болсын парыз болмақ.

Бұл орайда, қазіргі таңда, әсіресе, бірыңғай жабайылар қатарына жатқызылып, зерттеу аясынан біржола тыс қалдырылып келген көшкіншілердің ежелгі бастау тарихына баса назар аударудың қажеттілігі ерекше. Ең абзалы, бар тарихты басынан бастап,  қайта қарап, бәрін жаңадан жазған  жөн болар. Ол үшін, ең алдымен, бұрынғы қалыптасқан тарихи сананың ықпалынан шығып, қазіргі уақыт талабына сай: «Көшкіншілер дегеніміздің өзі, шын мәнінде, кімдер?», «Олар қайдан шығып, қалай пайда болды?», «Тарихқа белгілі сонау көне замандарда Ұлы Даладан Алдыңғы Азия мен Кіші Азияға әр кезеңде әр түрлі атаумен баса-көктеп келген жауынгер көшкінші тайпалар кімдер? Олардың бәрі бір халықтың өкілдері ме, жоқ, әлде тілі, діні, жаратылысы бөлек әр түрлі халықтан ба?», «Олардың қалыптастырған өмір сүру салтының ерекшелігі неде?» деген тәріздес толып жатқан  ғылыми танымдық мәні зор сауалдарға бүгінгі сауатты  зерде қанағаттанарлық жауап берілуі парыз. Бастау негізі әу баста бірыңғай еуропалық таным-түсінікпен жазылып, «көшкіншілер – жабайылар» деген ұғымды қалыптастырған  қазіргі ресми тарих  бұл сауалдарға   жауап бере алмайды. Өйткені онда бұл мәселелер зерттеу  нысанынан  (объектісінен) тыс қалған, назарға алынбаған. Соған сай мұндағы бар түсінік: «көшкіншілерді шаруашылықтың ешқандай саласымен айналыспайтын,  тұрақты мекен-жайы жоқ, тек күнкөрісін айыру үшін қоректік азық іздеп, тынымсыз көшіп жүретін тобырлар» деген тар ұғымның төңірегінен алысқа ұзамайды. Оны ғылыми басылым Антропологиялық Сөздікте берілген: «көшкінші (кочевник) – тұрақты мекені жоқ және шаруашылық жүргізумен айналыспайтын адам» деген анықтамадан да анық көруге болады. Сол секілді көшкіншілерді классификациялаған (жіктеп топтастырған) Британ Энциклопедиясының оларды: «Жабайы көшкіншілер, яғни қорек іздеуші  көшкіншілер; бақташы көшкіншілер және саудагер көшкіншілер» деп үш категорияға бөлулері де, түптеп келгенде, осы түсінікпен ауылдас. Мұны кейбір еуропалық зерттеушілердің бұған «маусымдық көшкіншілер, қылмыскер (қарақшы) көшкіншілер және кедей көшкіншілер» дегенді қосып,  жіктеу санын алтыға жеткізетіні де дәлелдей түседі. (Рахавия В. Номадизм. Кто такой кочевник?// Номадизм. Теория. Ч. І. Перевод с английского Карлыгаш Салгариной. (рукопись). Бірақ мұның бәрін, қай тұрғыдан алғанда да, көшкінші халықтардың тұрмыс-тірлігін жан-жақты  зерттеп, сол арқылы шындыққа көз жеткізіп барып  жасалған ғылыми тұжырымдар  деп айтуға болмайды. Біздің пайымдауымызша, бұларды барлы-жоғы Ұлы Дала тұрғындарының ежелгі тірлігінен бейхабар еуропалықтардың кейінгі   өздері араласқан өзге елдердің төңірегін сағалап, тобырлық жүйеде күнделікті күнкөрісін үзу үшін тынымсыз көшіп-қонып жүрген кезбелер тобына (цыгандарға, қылмыскер топтарға, ұсақ алыпсатарларға, қайыршыларға және т.б.) қарап, соларға байланысты жасалынған тұжырымдары деп қабылдаған жөн. Әйтпесе, жоғарыда айтылған анықтамалардың  Еуразия кеңістігіне кеңінен тараған, өмір бойы шаруашылықтың  белгілі бір саласы – мал өсірумен тұрақты айналысып, оны одан әрі жетілдіруге болмайтын биік деңгейге көтерген (Л. Гумилев) және соған сай өздеріне тән өмір салтын қалыптастырған Ұлы Дала тұрғындарына түк қатысы жоқ екені қазір ешкімге ешқандай күдік тудырмаса керек. Ең ғажабы, бұл көшкіншілер,  еуропалық ғалымдар қанша жерден «көшкінші» деп ат қойып, айдар таққанымен,   ешқашанда өздерін олай деп атамаған. Олар  әуелде, қашан жеке мемлекеттерге, халықтарға бөлініп, төңірегіне өзіндік ерекшеліктерімен танылып дараланғанша, өздерін географиялық-аумақтық (территориялық) орналасуларына қарай сонау көне замандарда: «орман адамдары», «далалықтар», «ғұздар» деп аталатын ұлы бірлестіктердің атымен атаған және ешқашанда,  еуропалықтардың түсінігіндегідей, бағыт-бағдарсыз мал соңынан  еріп, жайылым қуалаған дала кезбелері де болмаған. Әр рудың, әр тайпаның, әр халықтың шек-шегарасы белгілі, өзіндік тұрақты мекені - қалалары мен қыстақтары болған. Көшсе де, сол мекен еткен өздеріне тиесілі жерлерінде ғана көшіп-қонып жүрген.  Бұл орайдағы таным-түсінігімізді бұдан бұрын жазылған еңбектерімізде де толығырақ айтып, дәлелдегеніміз бар еді. (Қараңыз: «Түріктер. Астана. 2007. 11-15 беттер). Сондықтан, бұл арада, айтылған жайларды тағы қайталап жатпай, тек сондағы бүгінгі ресми тарих «көшкіншілер» деген атаудың аясына әкеп қамап, тобырлық кезбелермен теңестірілген Ұлы Даланың ежелгі көшкіншілеріне қатысты, өз зерттеулеріміздің нәтижесіне сүйеніп, берген анықтамамызды ғана алға тартқанды жөн көрдік. Онда көшкіншілер дегенді «Мемлекеттік құрылымы  рулық-тайпалық жүйеде қалыптасқан,  осыған орай белгілі бір аумақты (территорияны) ру-ру, тайпа-тайпа болып  тұрақты мекен еткен,  сол мекендеген жерінің суы мен жайылымының  әрқайсысын жер бедерінің  табиғи ыңғайына қарай  жыл мезгілінің  өзгермелі райына сәйкестіре   бөліп,  бір бөлігін көктемгі көктеуі, екіншісін жазғы жайлауы, үшіншісін күзгі күзеуі, төртіншісін қысқы қыстауы ретінде пайдаланып, соның бірінен екіншісіне кезегімен уақытында қоныс аударып, көше жүріп, мал шаруашылығына басымдық беру арқылы экономиканың өзге салаларын да  өз қажеттілігіне қарай дамытып, жүйелі бір қалыпқа түсірген және  соларға сай  өзіндік рухани-материалдық мәдениетті тудырған ежелгі халықтардың, ру-тайпалардың жиынтық атауы»  дегенбіз. Біздің пайымлауымызша, осы анықтама ғана өткен   ХХ ғасырдың басында  соңғы өкілін Қызыл империя қырып-жойып, зордың  күшімен жаппай отырықшылыққа көшіргенге дейін өмір сүрген қазақ халқының өмірі бүкіл көшкіншілердің  ежелгі шынайы болмысынан толық хабар бере алады. Өйткені бұл зорлықпен отырықшылыққа көшкендер - ұлыдалалық ежелгі көшкіншілердің  өмір салтын сол күйі кейінгі замандарға жеткізгендердің мұрагер ұрпағы, соңғы   тұяғы болатын.

Тағдырдың жазуымен  бүгінде тарих қойнауына  біржола кеткен  сол бір көшкіншілік тіріліктің шет-жағасын біздің де (екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын туғандар. Қ.С.) көріп, бала кезімізде азды-көпті дәмін татып, бастан кешіргеніміз бар. Біздің ауылдың (Қостанай облысы Жангелдин ауданы) малшылары  ол кезде мал қыстату үшін жазғы жайлауы Жыланшық өзені бойынан шалғайдағы Аралдың Қарақұмына көшетін. Сонда мал тұяғының қозғалу әуенімен жылжыған олар қыстауларына  400-500 шақырым жол жүріп барып жететін. Ал бұрынғы замандарда мұндай көштердің кейбіреулерінің ауқымы  бұдан да шалқар,  шамамен 1000-1500 шақырым қашықтықты қамтыған кездері де болған. Біз бұл еңбегімізде, міне,  осылардың арғы тегі - Еуразия кеңістігіне кеңінен тарап,  жер бетінде өзіндік із қалдырған ежелгі ұлыдалалық көшкіншілердің көне тарихын олардың өз таным-түсініктері  негізінде қайта қарап, оған ғылыми зерде көзімен үңіліп көрмекпіз.  Ондағы мақсат –  көшкінші халықтардың сан ғасырлар бойы жадында сақтап, ұрпағынан ұрпағына жеткізіп келген ауызша тарихы мен өзіндік дүниетанымын жайына қалдырып, тек жазба деректер арқылы жеткен мағлұматтар негізінде ой түйіп, тарих жасаған батыс елдерінің ғалымдарының жазғандарын   ғана шындық деп  қабылдап келген бүгінгі оқырманның тарихи санасына шамамыз келгенше сәуле түсіріп, олардың бағзы заман көшкіншілерінің  шынайы болмысын өздерінше  танып-білуіне  себесін болу, ой салу.

Бұл орайда салғанан басын ашып айтар бір жәйт - көшкіншілердің ежелгі замандардағы тірлік-тынысына, жасаған іс-әрекеттеріне куәлік берер олардың өздерінен қалған  бір де бір жазба дерек жоқ. Ал бар деп жүрген жазба деректердің бәрі, түгелдей  дерлік, кезінде сол көшкіншілермен соғысқан, оларды басқыншы жау, бітіспес дұшпаны санаған байырғы отырықшы елдердің өкілдері жазып қалдырған деректер.  Олардың көшкіншілерге қатысты көзқарастарының сыңаржақтылығы, соған орай олар қалдырған деректің  тарихи ақиқатты тұтас алға жайып салмасы тағы шындық. Әділдігіне жүгінсек, тарихта көшкіншілерді «жабайылар», «тағылар» деген ұғымды қалыптастыруға тұғыр болған да солардың қалдырған осы  жазба деректері болатын.

Осындай жағдайда  ежелгі көшкінші халықтардың бәрінің тарихын түгелдей қамтып,  кімнің кім болғанын жеке-жеке талдап, саралап беру – бір зерттеушінің, ол қанша жерден ғұлама болса да, қолынан келер  шаруа емес екені белгілі. Бұл - тарихқа қатысы бар бірнеше ғылыми зерттеу институтары мен ғылыми орталықтардың бірнеше  білікті маман ғалымдарының өзара  ой тоғыстырып, бірлесе еңбек етуі арқылы  шешілетін күрделі түйін.  Сондықтан бұл арада  жазу-сызуы ерте дамыған елдер қалдырған жазба деректер арқылы  аттары тарихқа белгілі ежелгі көшкінші халықтардың бәрін түгендеп, олардың ежелгі тарихын  түгел қамтимыз деп шашылмай,  солардың бір бұтағы (бәлкім, діңі!) Еуразия кеңістігінің байырғы тұрғындары, бүгінгі таңда әлемге «түрік тектес халықтар» деген атаумен белгілі болып отырған халықтардың  ғана  көне тарихына қатысты өзіміздің кейбір  ойларымызды ғана ортаға салғанды жөн көрдік. Бұл ретте бұдан бұрын Еуразия кеңістігінің шығыс жақ бөлегін мекендеген түрік тектес ежелгі халықтар жөнінде шама-шарқымызша сөз еткен едік. (Қараңыз: Ұлы Қағанат. Астана. 2008 ж.). Ал бүгінгі сөз – осы географиялық кеңістіктің батыс және орта бөлегін мекендеген  ежелгі түрік халықтары жөнінде болмақ.

 

Бастау тарихы жазылмаған халық

 

Ежелгі замандарда Еуразия кеңістігін ендей еншіліп, апайтөс алып даланы тұтастай бауырына басқан, кейінгі кезде еуропалық ғалымдардың ат қойып, айдар тағуымен  «көшкіншілер» («номад», «кочевник») деген  атауға ие болған халықтардың  іргелі бір бөлігінің бүгінгі түрік тектес халықтардың арғы ата-бабалары болғаны зерде мойындар шындықтай көрінгенімен,  бұл күнде  тарихи санасы басқаша  түсінікте қалыптасқан қалың жұртшылықтың оны солай қабылдай қоюы екіталай.  Оның бұлай болуының толып жатқан себептері бар. Қазіргі таңда ол себептердің біразы тарихтан хабардар жұртшылыққа белгілі де. Дегенмен, солардың  ең бастысы, біздің пайымдауымызша, адамзат баласының бастан кешкен оқиғаларын ежелгі заманның жазба деректеріне сүйене отырып, бір жүйеге келтіріп, әлем халықтарының көне тарихын алғаш қағазға түсірушілердің (еуропалықтардың. Қ.С.) әу баста бір тектен жаратылған адамзат баласын «тарихи халықтар» және «тарихи емес халықтар» деп екіге бөліп тастап, біреуін мәдениетті, өркениетті, ал екіншісін «жабайы», «тағы» деп тануынан басталған тәрізді. Басқалары – осыдан тамыр тартып, бірінен бірі туындап, іштей сабақтасып жатқан себеп-салдарлар.

Жаратылыс тегі бір адамзат баласын  осылай «тарихи» және «тарихи емес» деп екіге бөліп, жіктеу арқылы қалыптасқан әуелгі таным-түсінік, кейін сол атаулар «отырықшылар» және  «көшкіншілер» деген терминдермен  алмастырылғанда да ешқандай мағыналық өзгеріске ұшыраған жоқ. Соның салдарынан  «көшкіншілер» деп танылған ежелгі халықтардың қай-қайсысының да байырғы бастау  тарихы зерттеу нысанына айналмай, назардан мүлде тыс қалғандықтан, олар туралы бұрынғы қалыптасқан «жабайы», «тағы» деген біржақты көзқарас та еш өзгеріссіз, сол    қаймағы бұзылмаған  баяғы күйінде  қала берді.

Осы  сыңаржақ көзқарастың негізінде әлем халықтарының бүгінгі  ортақ тарихы («Всемирная история». Қ.С.) жазылды. Тарихшы ғалымдар мұнда тек  жазу-сызуы ерте дамыған ежелгі отырықшы елдер өкілдерінің өздері жөнінде жазып қалдырған  түрлі көне деректерді жан-жақты  зерттеп, солардың берген мәліметтері арқылы ғана тарихи тұжырымдар жасаумен  шектелді. Көшкінші халықтардың да өзіне тән тарихы барлығы және оның төл болмысын сол көшкіншілердің өздерінің таным-түсінігі, қалыптасқан әдет-ғұрпы, өмір сүру салты тұрғысынан зерделеп, танып-білудің қажеттілігі мүлде ескерілмеді. Көшкіншілер бастан өткерген тарихи процестерді түсіндіруге формациялық   тұрғыдан  келудің қателікке ұрындыратыны  ғылыми тұрғыда пайымдалмады. Формациялық көқарастың тек еуропалық тәжірибеге негізделгені, көшпелі қоғам болмысының одан тысқары екені назарға алынбады. Сөйтіп,  бар тұжырым еуропалық таным-түсінік тұрғысынан ғана кесіп, пішілді, қалыптастырылды.

Соның салдарынан бүгінгі ұрпақ ежелгі көшкінші халықтардың бастау тарихынан нақты бірдеме  білу мүмкіндігінен біржола айырылып қалды. Қазіргі таңда ежелгі көшкінші халықтардың  байырғы көне тарихы туралы   басқаларды былай қойып, тіпті тарихшы ғалымдардың өздерінің егжей-тегжейлі ештеме білмейтіні де сондықтан. Олардың бар білетіндері – әлгі жазу-сызуы ерте дамыған  көне замандағы елдердің өкілдері  қалдырған жазба деректерде кездесетін көшкінші тайпалардың халықтық атаулары ғана. Және соған сай  сол көне замандарда   отырықшы елдерге сырттан келіп, шабуыл жасаған сондай бір «жабайы» («варвар») тайпалардың (халықтардың)  болғандығы ғана.

Ал  олар кім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға