Жаңалықтар

Елімізде шетелдік мигранттарды еңбекке заңсыз тартқандар анықталды

Елімізде шетелдік мигранттарды еңбекке заңсыз тартқандар анықталды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 18.05.2024 01:35 514

Бір аптада шетелдік мигранттарды еңбекке заңсыз тартқан 300-ге жуық жұмыс беруші анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ІІМ мәліметінше, елімізде жүргізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасының алғашқы аптасында көші-қон заңнамасын бұзудың 17 мыңнан астам дерегі тіркелді.

ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 13 мыңға жуық адам жауапқа тартылды. Мұндай фактілердің ең көбі Алматы облысында (1715 дерек), Қарағанды облысында (1437 дерек) және Астана қаласында (1272 дерек) тіркелген.

Сонымен қатар жыл басынан бері тұрғын үйлерде тұрмайтын адамдарды тіркеудің 419 фактісі анықталды. Шымкентте 152, Алматыда 91, Алматы облысында 87 және Астанада 28 осындай жайт тіркелген.

Қазақстанның 1267 азаматы өздерінде шетелдіктердің тұрақтағаны туралы құзырлы органдарға уақытында хабар бермеген. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Одан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тиісті құжаттарсыз пайдаланған 289 қазақстандық жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шетелдік жұмыс күшін тиісті құжаттарсыз бірнеше рет жұмысқа қабылдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деді көші-қон қызметінің басшысы.

Шетелдіктер тарапынан 3126 көші-қон заңнамасын бұзу, оның ішінде 1655 елде болу мерзімін бұзу және 832 еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру фактісі анықталды.

Шетелдік құқық бұзушылардың ең көбі Алматыда (432), Шымкентте (226), Алматы (334), Қарағанды (251) және Жетісу облыстарында (239).

Сот шешімімен елден 284 адам шығарылды. Олар енді 5 жыл Қазақстанға кіре алмайды.

ІІМ көші-қон заңнамасын бұзу фактілері ҚР азаматтары мен заңды тұлғалар тарапынан анағұрлым жиі тіркелетін ескере отырып, қазақстандықтарды заңда белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға