Жаңалықтар

Ер есімі – ел есінде

Қазақ халқының батыр ұлдары
Ер есімі – ел есінде
Фото: © El.kz 28.07.2021 11:24 6770

 

Қазақ ұлтынан шыққан талантты, ержүрек, батыр ұлдарын зерттеп жүрген "Тұлпарлар дүбірі" еңбегінің авторы Жәди Шәкенұлы Байтайлақ батыр Бейімбетұлы, Арқалық батыр Бөрібайұлы және Бөке батыр Жырғалаңұлы туралы кеңінен баяндайды. 

 

Байтайлақ батыр Бәйімбетұлы

Қазақ батырларының ең көп сыналған кезеңі жоңғар заманы болды. Себебі көшпенділердің басын қосып далалық империяның иесіне айналуды көздеген жоңғар билеушілері ата-бабасынан қалған ақ сүйектігінің әділ заңына бағынғысы келді. Сол себепті олар ұрыс даласында әр түрлі айла-тәсілдерге барса да қарсы жағына опасыздык есептелетін қитұрқы, арам пиғылдардан аулақ болуға тырысты. Оның қарапайым көріністерін Абылайдың қалияда тұтқынға түссе де өлімге үкім етілмей аман қалуы, Төле немесе Қазыбек бидің шаңырағына қарлығаш ұя салып көше алмай отырғанда себебін білген жоңғарлықтардың оны шаппай өтіп кетуі сынды іс-қимылдардан байқауға болады. Мейлі жоңғар болсын, мейлі қазақтар болсын ежелгі һұн империясының отын көсеп, түтінін түтеткен түркі қағандарының тұқымы еді. Көшпенділер арасындағы билік таласы толассыз туып, билік басына келушінің тайпалық тегіндегі ұқсамастықтар оларды түрлі жік пен топқа бөліп отырды. Кейіннен моңғол аталған байырғы тайпалардың будда дініне, қазақтардың ислам дініне кіруіне байланысты тәңірлік текті ұстанған ағайындардың арасы тіпті де алшақтап кетті. Қандастық, тілдестік жағынан түркілікпен егіз өмір сүрген моңғолды құраған тайпалар ендігі жерде қазақтың «ата жауына» айналды. Көшпенділер одағының бірігіп алып империяға айналуынан өлердей қорқатын өгей көршілеріміз бұл сызаттарды одан ары аша түсті. Әсіресе қос бүйірден қысқан орыс, қытай билеушілері мен олардың ұлттық саясатының ту ұстаушылары қазақ пен моңғолдың бітіспес жау болғандығын жиі қоңыраулатып, араға от жағумен болды. Тіпті бұл мақсат ғылыми айналымға түсіп, тарих беттеріне таңбаланды. Ара ағайынға жарамай, жаулықты қоздырушылар бізге «Шыңғысхан Отырарларыңды ойран қылған», «Жоңғарлар сендерді ақтабан шұбырындыға ұшыратып қынадай кырған» деген сабақты үнемі қайталаумен болды. Шын мәнінде Шыңғысхан қазақты құраған қанша тайпадан қанша адамды қырды, жоңғарлар деп шынайы салыстырар болсақ, олардың қырғыны орыс пен қытай қырған 5 миллион қазақтың ширегіне жетпейді. Және де олар қырғынды көбінде бетпе-бет қан майданда жекпе-жек ұрыстар арқылы жүргізді. Қырылғандардың көбі ұрыста мерт болған еркек кіндіктілер болды. Ал кеңестік қызылдар кезеңі кәрі-жас, ер- әйел, бала-шаға деп бөлмеді. Тірі жан, тіпті бақаның бәріне қанды қасап жасады. Біз бұларды айту арқылы жоңғарлар қырғынын жоққа шығармақшы емеспіз. Тек қана жоңғар аталған көшпенділердің өктемдік жүргізу мақсатындағы зорлықты күресі барысында ерлік пен ездіктің қан майданда ғана сыналғанын, сол арқылы ортаға қазақ батырларының көптеп шыққанын сөз етіп отырмыз. Қазақ-жоңғар күресінде атойлап алға шығуының көрнекті өкілі болған Абылайдың кан майданда Шәрішті өлтіргенін бар қазақ біледі. Осы жеңіспен бірге ендігі жерде қазақ батырлары тарих сахнасына жиі шықты. Бөгенбай батырлардың ізін басқан, керей елінен шыққан Ер Жәнібек, Тұрсынбай сынды Батырлар жайлы сөз болғанда ру аты алдымен аталады.

 

Байтайлақ батырдың заманы жоңғарға қарсы соғыстың өрті қаулап тұрған шаққа дөп келгендіктен оның елеулі шайқастарға қатыспай қалатын еш негізі жоқ. Үйде туып түзде батырлық дәстүрмен қарағанда қазақтың еркек кiндiктiсi атқа мінген тұста Байтайлақ барлық соғыстардың бел ортасында болды. Бұл соғыс шамамен 1725 жылдардан бастау алып, 1757 жылғы жоңғар соғысы аяқтағанға дейінгі 28 жылды қамтиды. Демек, Байтайлақ батыр өле-өлгенше соғысып, өз өмірін ерлікпен дәлелдеді дегенге саяды. Ал батырдың соңғы өмірі сөз болғанда бұл кез керей елінің Шыңғыс тауынан, Бақанас өзені бойынан көшіп, Қалба тауына ат тізгінін тіреген шағына тура келеді. Олай болса Байтайлақ батырдың соғыста мерт болды деуінің дәлелі аз. Жәнібек батыр кара ордасын Қалбаға тіккен кезде, көптің алдында қайтыс болған деуге болады. Сүйегі қазіргі Жарма ауданындағы төбелердің біріне қойылған болуы мүмкін. Халық аузындағы аңыз бойынша Байтайлақ жерленген жер «Байтайлақ қорымы» деп аталған деседі. Қорым деген сөздің өзі жалғыз зиратқа емес, көп адам жерленген зираттыкқа қаратылған. Ал Жәнібек батырмен қатар жерленген дегені сүйегі бірге жатыр дегенді білдірмейді. Қатар төбеге жерленген деген сөз. Бүгінгі Жәнібек батырдың зираты жатқан жер бұрындары Жәнібектің төбеге шығып қарауылдап отыратын жері болғандықтан «Жәнібектің ақ шағылы» атанған. Оның шығысындағы үлкен жылғаны жұрт «Жәнібектін үлкен бие бауы» немесе «Жәнібектің сазы» атаған. Ал сол жылғаға солтүстіктен құятын кіші жылға «Жәнібектің кіші бие бауы» атанған. Жәнібектің барлық ауызша, жазбаша деректерде жалғыз жерленгені сөз болады. Бірақ Байтайлақ батыр ескерткішінің осы төбеге қойылуы еш әбестік емес. Қайта ағалы-інілі қос боздаққа қойылған ұрпақтар мұнарасы саналады. Ал батырдың сүйегі «Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық кентінде жатыр» дегенге келсек, бұл жаңсақтық болуы мүмкін. Онда жатқан батырдың аты да Байтайлақ болған күннің өзінде, керейдің басқа атасынан шыққан батырлардың бірі болуы да ғажап емес. Батырдың қайтыс болған жылы бір деректе 1760 жыл, енді бірінде 1781 жыл деп жүр. Меніңше 1760 жылдарда қайтыс болуының негізі басым. Байтайлақ батыр 1771 жылғы «Абылайдың шаңды жорығына» қатыспаған. Әрі 1781 жылы Абылай қайтыс болған жылы қайтты деуге дәлелдеме жоқ. Қайта Байтайлақ қайтыс болған соң шерушілердің бас алқа батыры оның ұлы Шұбаш болғаны жайлы дерек бар. Көрнекті тарихшы Асқар Татанайұлы да 1790 жылы Көгедайға ілесіп Қытай патшасына Бейжіңге барғандардың бірі сан сынақтан өтіп басы пісіп, ақыл-айласы толған Шұбаш екенін жазады. Олай болса 1789-1790 жылғы оның жасы кем дегенде елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған болады. Ал тарихшы Базылхан Бұхатұлы Құл атасын 1680 жылы туған деп көрсетеді. Құл мен Байтайлақ аталық таралым катар өмір сүрген адамдар есептеледі. Мейлі қалай болғанда да Байтайлақ батыр Жәнібек батырдан бірнеше мүшел үлкен, және де бірнеше мүшел бұрын қайтыс болған деуге болады. Сүйегінің де шығыста жатқандығына шүбә жоқ. Олай болса елдігіміздің еңсесі көтеріліп отырған бүгінгі күнде хандығының 550 жылдығы аясында Байтайлақ батырды еске алуымыз ұлттың тарихы руханиятына қосылған кәусар бұлақтың бірі есептеледі.

Арқалық батыр Бөрібайұлы

 

Арқалық Бөрібайұлы (1801-1860 ж.ж.) ХІХ ғасырда Қытайдың Алтай өңірінде өткен әйгілі батыр. Оның ерлігі «Жоңғар қалдықтары» саналатын қалмақтармен болған ұрыстардан көрінеді. Онда Ажы төремен арада болған шиеленісті оқиғалардың да хикаясы көп. «Арқалық батыр» туралы жазылған қисса-дастандардың саны онға жуық. Оның бір бөлімі 2007 жылы «Арқалық батыр» деген атпен Алматыда «Үш қиян» баспасынан жарық көрді. 2004 жылы Шыңжанның Қаба ауданындағы батыр сүйегі Алтай қаласының Балғабай ауылына көшіріліп жерленген әрі көрнекті ескерткіш қойылған.

 

Арқалық батыр хақында ең алғашқы жырлаушы Алтай өңірінде жасаған көрнекті ақын Көтбай Көшкіншіұлы (1876-1936 ж.ж). Оның көптеген өлеңдерімен бірге «Арқалық батыр» «Батыр Тәуке» секілді дастандары бар. К.Көшкіншіұлының жасаған жыл мерзімінен қарағанда, қолына қалам алып аталған жырды жазуы Арқалық батырдың замандастарының көзі тірі кезіне тура келеді. Демек, шындыққа біршама жақын дегенді меңзейді. Жұмат Шаниннің 1924 жылы Семейде «Арқалық» пьесасын жазып, сахнаға қойғанын еске алсақ, жалпы қазақ оқырмандарына таныс болуы осы кезеңнен бастау алады. Аталған мақала «Арқалық батыр» дастаны хақында талдаулары арқылы Шынжаң қазақ әдебиеті хақында тұщымды зерттеулер жазған ф.ғ.д., профессор Зуфар Сейітжанұлы 1994 жылы баспадан шыққан «Тарихи эпос» атты монографиясында және «Шынжаң қазақтарының әдебиеті» еңбектерінде «Арқалық» жырына кеңінен тоқталады. Жырдың көп нұсқалылығына талдау жасаған ғалымдар, оқиғаның териториялы қаумақ бойынша Зайсан өңірінен өрбігенін негізге алып, Ержан, Көтбай нұсқаларына жүгінеді. Бұл жайында 3.Сейітжанұлы «Ержан да, оның ұстазы – Көтбай жыршы да сол туып өскен», - деген уәж айтады.

 

Арқалық батырды естіп-білген, не болмаса, оны өз көзімен көрген адамдардың арасында зерттеуге тұрарлық тағы бір жайт «Арқалық» жырынын таптық мүддеге бағынышты болуы. Атап айтқанда Кеңес, Қытай қызылы дәуірі төре-қожаларды, байлар мен ақсүйектерді қаралап, оларға қарсы тұрушыларды «батыр» ретінде көкке көтерген тұста «Арқалық» жыры іздесе таппайтын «алтын» болды. Сөйтіп, кеңестік кезең оны барынша әспеттеді. Әбілпейіз ханның немересі болған Ажы төре Көгедайұлы қатыгез, жауыз өктем тап өкілі ретінде бой көрсетеді. Болған оқиғаны шын деген күннің өзінде Ажыны жек көрінішті көрсету идеясының барынша көрнектiленгені анық аңғарылады. Зерттеушілеріміз осы тұсын айналып өте береді. Жырдың бір нұсқасында Арқалықтың алдынан Ажының ханымы ғып, араша сұрағаны баяндалады. Батыр өзіне сәлемдесу үшін жиылған халықтың: «Арқалык, жасын кіші, кешіңіз. Тарқасын Ажыдағы өшіңіз», – деген тілегін орындайды да, Ажы ақсарбасты құдайыға шалып, той жасап, Арқалыққа тоғыз байлайды. Оқиғаның кейінгі шешімі болған тарихи шындығына жүгінсек, «Ажы мен Арқалықтың жаулығы жалғасты» дейтін пәтуа таппаймыз. Қайта ұрпақтарының «ауылы аралас, қойы қоралас» бір таудың күнгейінде өткенін негізге алсақ, екеуара қайшылықтың кектескен жаулық емес, патша әмірін орындау мақсатындағы жергілікті әкімшілік пен оған бойсынушы топ арасындағы қарама-қарсылықтың асқынған түрі деудің де негізі бар.

 

Арқалықты «таптық күрестің батыры» ретінде жасаудың тағы бір әпсанасын «Арқалық батырдың Құнанбайға айтқаны» («Жұлдыз» журналының 1985 жылғы 8 саны) дейтін аңыз түріндегі әңгімеден байқаймыз. Ондағы оқиға желісі мынадай: «Құнанбай аға сұлтан кезінде Семей жандаралының бұйрығымен Зайсан ауданына келіп, керей елінің билерімен бас қосқан екен. Шірік қайың деген жерге үй тігіп, керей елі Құнанбайды қарсы алыпты. Құнанбайдың келген жұмысы тобықтының бірнеше адамы патша үкіметіне қылмысты болып, қашып кетіп Қытайға қарасты керейдің Көкен деген биіне барып паналаған екен. Құнанбай осы қашқындарды керейден алып қайтып, патша өкіметіне тапсыру міндетімен келіпті. Сол кезде төрт би сайлап, бүкіл керейді осы төртеуінің басқаруына берген екен. Бұл төрт би – Көкен, Бейсенбі, Құлыбек, Топан деген адамдар екен. Құнанбай керейдің төрт би сайлағанын дәріптеп былай депті: «Құдайдан түскен үлкен кітап төртеу еді. Таурат, Забуз, Інжіл, Құран еді. Құдайдың ең жақын періштесі төртеу еді – Жәбірейіл, Ғаррайыл, Срамфил, Миккайыл. Құдайдың ең жақын досы – Мұса, Дәуіт, Гайса, Мұхаммед. Мұхаммед пайғамбардың серігі жақын досы төртеу еді Ахмет, Мәлік, Шәпиғи, Ағзам. Керей сенің көңіліңе осы төрт түсіп, төрт би төртеу сайлаған екенсің Бірақ қазақ тобынан бөлініп, онаша шығып кеттің. Қонысың шалғайлап барады. Қаның да, заңын да қазақ қауымынан айрықша ағымдам болып барады. Амал жоқ. Ұрпағың өнер- білімнен кенжелеп қалар ма екен?!" – депті.

 

Бұл сөзді керей билері мақұлдап бас изеп отырғанда, есік жақта отырған ұзын бойлы бір адам:

 

- О, Құнеке, төрттің бәрі де қасиетті дедіңіз ғой, осы қасиетті төрт болған санында ма, жоқ әділдік, шыншылдық заңында ма, кім білсін? Әйтеуір төртке түгел бас иіп, тізгін беріп отырмыз. Сіз айтқан касиет рас болса, шын ниетімізбен төртке сеніп, сыйлайтын болсаңыз, бұтаға қорғалаған торғай емес пе, мына іздеп келіп тауып, тар зынданға тапсырып бергелі отырған адамдарыңызды тастап кетіңіз. Сөзіңізбен төртке табынып, өзіңіз өңірге дұшпан, өлімге дос болсаңыз, мақтаған төртеуіңіз сіздің өзіңіздің ғана қорғаушыңыз болып қалады ғой! – депті. Құнанбай тесіле қарап:

 

– Мынау сыншың кім еді? – депті. Бейсенбі би отырып:

 

– Бұл біздің батыр жігітіміз Арқалық деген еді, – депті.

 

– Арқалық болса, әкемнің жауы екен ғой. Ажының жауы болғаны – керейдің азының да, көбінің де жауы болғаны ғой! – депті Құнанбай. Сонда Арқалық батыр:

 

– Мен көптің досымын, аздың жауы екенім рас. Көбім – ел, азым – шен, – депті.

 

– Шен дегенше сен десейші, не дейді керей, мынауың не? деп сұрланыпты Құнанбай. Керей билері Арқалықты сыртқа алып шығып «Құнанбайға қарсы сөйледің» деп астындағы атын айыпқа бергізіпті».

 

Шындыққа аса сәйкес келмейтін бұл оқиға М.Әуезовтың «ізімен», таптық шеңберге байланған Құнанбайды кемсіткен, кемiткен хикая болса керек. Осыған ұқсас тағы бір жағдай - А.Түгелбаев, Е.Ахметов, Ж.Әбілғазыұлы нұсқаларында Арқалықтың тұтқынға түскен соң Ежен ханға дейін апарылғаны сөз болады. Ежен ханның өзі: «Арқалық қайсысың», – деп сұрақ қойып, орнынан түрегеліп, бас кейіпкерден жауап алады, ақырында: «Қор болған қазағында батыр екен, Әзір біз өлтірмейік», – деген шешімге келіп, бұларды зынданға салуды бұйырады. Тіпті Ежен ханның қызы зындандағы тұтқынды іздеп келіп, хал-жай біліп, азық бергені баяндалады. Арқалық оқиғасына қатысты географиялық карта жасар болсақ, осы жолдардың авторы (Ж. Шәкенұлы) оқиға болған орындардың біразын жүріп өткен. Олай болса мұндағы Ежен хан тарихи Ежен хан емес, ешқандай қисыны жоқ. Мықтағанда Еженханның Қобда iс-басқару орнын басқаратын әміршісі болуы мүмкін. Демек, ауыздан-ауызға тараған жыр үлгісінің халық қиялымен барынша көркемдік бояулармен көмкерілгені анық. Әрине, көркем шығарма ретінде қарағанда халық өзінің Арқалықтай батырын ежелгі жырлар үлгісіндегі «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сынды тұлғалардың биігіне көтеріп, айбатты жоқшысы санағандығында шүбә жоқ. Оған жақтастық танытып, үстемдік танытушыларға наразылық қаруы еткен. Қалай болған күнде де Арқалық сынды батырдың тұлпарының тұяғымен, найзасының ұшымен жазған ерлік іздері ұлы дала төсінде әліге дейін өшкен жоқ.

 

Бөке батыр Жырғалаңұлы

 

Бөке Жырғалаңұлы (1846-1904 ж.ж) ХІХ ғасырдың соңында Қытайдың зұлымдығына қарсы тұрып, ұлт азаттығы үшін күрескен әйгілі батыр. Ол қазақ ұлтына есе-теңдік алу жолында күресіп жүріп, 1904 жылы Тибет жерінде қаза болған. Оның өлгенін естіген Қытай армиясы ауылды жаулап, көрдегі өлі денесінен басын кесіп алады. Сол арқылы «кім біздің әмірімізді тыңдамаса, көретіні осы» деп халыққа сес көрсетіп, басын Үрімжі көшесіне іліп қояды. Сөйтіп, тарихта бір адамның денесі екіге бөлініп, басы туған даласы Алтайға, сүйегі Тибетке жерленеді. ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмарұлы 1987 жылы Қытайда «Бөке батыр» атты роман жазған. Осы шығарма 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сандарында жарияланды. Кейіннен (2010 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ш.Құмарұлы «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар сериясымен» «Беке батыр» атты деректі кітап та жазған. Бөке туралы деректерге үңілгенде, оның сол заманда қан кешумен өткен өмірінің аса күрделілігін байқаймыз. Бөкенің туған жері Алтайдың Шіңгiл ауданы, жергілікті қытай ұлықтары мен қазақ би-төрелеріне жақпаған Бөке Алтайдан ауып, еліне есе-теңдік әперуді көздеп, Шонжы-Үрімжі өңіріне көшеді. 1880 жылдан бастап Қытай әскері түрлі сылтау тауып, қазақ ауылдарына деген кысымды арттырды. Онсызда жастайынан қалмақ-торғауыттың сұлтаны Сары Уаңның зорлық-зомбылығына қарсы қол жиып, қабырғасын қақыратқан Бөкенің аты айналасына мағлұм еді. 1883 жылы Шонжыда ел басқару ісіне араласса, 1886 жылы Үрімжі төңірегіне Боғдаға барады. Халық арасындағы Боке беделінің күн санап артуы Қытай басқарушы ұлықтарына алаңдаушылық туғызып, оның көзін құрту амалдарын қарастыра бастайды.

 

Сөйтiп, Қытай үкiметi Бөкеге жала жаyып, 4 айға қамап тастайды. 1887 жылы абақтыдан шыққаннан кейiн Бөке батыp Қытай үкiметiне «Бейжiңге баpамын» деп айтып, шын мәнiнде қазаққа жайлы қоныс iздеп кетедi. Бip жылдық сапаpдан кейiн Бөке ел iшiне қайтып оpалып, Үндiстанмен шекаpалас аймаққа қоныс тебyдi жөн көpедi. Сөйтiп, 1889 жылы (кей деpектеpде 1898 жыл) 1500 қазақ отбасын еpтiп алып, Бөке батыp ұлы көш бастайды. Қытайдың жазалаyшы жасағымен талай шайқасып, 1902 жылы Үндiстанға жақын аймаққа келедi. Осы жылы Үpiмжiден шыққан 500 мұздай қаpyланған әскеp мен Бөке батыp жасақтаpы аpасында ipi шайқас оpын алады. Қытай әскеpiнiң 300-ден астамы жеp жастанып, Бөке жасағынан 30-дай саpбаз бен iнiсi Шөке шейiт болады. 1904 жылы Тибеттiң Лхасасына тибет көсемдеpi Бекенi аpнайы шақыpтып, сол сапаpда айықпас деpтке шалдыққан Бөке батыp аyыp деpттен көз жұмады. Бекенiң аpтынан қалмаған Қытай жасағы батыpдың зиpатын қазып, денесiн сыpтқа шығаpып, басын кесiп алады. Оған себеп Бөке батыpдың басына үлкен сыйақы тағайындалған едi. Сөйтiп, батыpдың басын алып, Үpiмжiнiң оpталығына апталап iлiп қояды. Кейiннен Бокенiң ұлы Pабай әкесiнiң басын сұpап алып, Алтайдың Аpалтөбе аyылына қатысты Обаты қыстағына жеpлейдi.

 

Ал елі үшін еңіреген ердің көшiн қытай әскері күшпен кері қайтарады. Солайша қазақ үшін жам жеген қайсар ұлдың денесі Гималайда, ал басы Алтайда жерленді. Қытайдың Цин патшалығының тарихына ерекше таңбаланған Беке батыр көшінің де ықпалы аз болған жоқ. Құрлықтар ара салынған қазақ көшінің алғашқы бұйдасын тартушы Бөке Жырғалаңұлы Алтайдан аттанып, Гималай тауына дейін ат басын тіреген. Бокенің денесінің Тибет жерінде қалып, басының туған жері Алтайға әкелініп жерленуінің өзі-ақ сол канды тарихтың куәсіндей сезіледі. Патша құзырына қарасты жергілікті ұлықтардың өз әміршісіне жазған хаттарында мынадай жолдар кездеседі:

 

«Гуансюй жылнамасының 28 жылы, Бөке есімді қашқын қазақ Санжыда әскерлерімізге қарсыласып, бір жасағымызды өлтірген. Осы рет Бәйтік тауында Шөміш есімді қашқын қазақ та әскерлерімізбен ерегесіп, жасағымыз бен олардың көлік аттарын жарақаттандырып, қолындағы қару-жарақты тонап әкеткен. Чимән тауындағы әлгі бір топ (қазақтарға) келсек, олардың барған жері Цинхайға жақын болғандықтан, мен, патшаның уәзірі, бір жағынан Шаньси-Гансу жерлерінің цзундуы Сунпаньге телеграмма жолдап, Цинхайдағы уәзірдің әскер жіберіп қазақтардың барар жолын тосса дегенді өтініп, бір жағынан (өзіме қарасты) Қарашəрі жеріндегі әскери батальонының «цанцзин» шенді қолбасшысы Чжан Фулян, Пучан жеріндегі әскери батальонының «аюцзи» шенді қолбасшысы Чжан Чуньлинь және Жоцян ауданының әкімі Ся Чаосюань қатарлыларға «әскерлер мен қаруланған жай қытай жасауылдарды жіберіп, қолдарыңнан келгенше қазақтарды жинап алып кері қайтарыңдар» деген бұйрық хатымды жолдадым. Өткенде, 9-айдың 23-күні Ся Чаосюаньнен мәлімдеме келіпті, онда: «қазақтардың басшысы Бөке (ол «Бошаокэ» деп те аталады) әуелде Чимән тауының мойнағына қоныстанып, кейін келе таудың ішіндегі Куньмак эли деп аталатын жерге көшіп барған. Ол жерден тау мойнағына дейін 8 бекеттік жол. Мен алдымен Ашим есімді саудагер сартқа «сауда жасап жүрмін» деген сылтаумен таудың ішіне барып ахуалды анықтап кел дегенді тапсырдым. 8-айдың 8- күні Ашим қайтып келіп «қазақтар үшке бөлініп, олардың екі бөлігі кері қайтқысы келеді екен. Сол қайтқылары келетін бөліктерінің бірі (21 түтін) тау мойнағынан шығып үлгірген, екіншісі (13 түтін) тау мойнағына 4 бекет жол қалғанда малдары арығандықтан тоқтап қалған. Ал Бөкеге ілескен бір топ қазақтар (30-дан астам түтін) әлі Куньмакэли жерінде бекінуде» деп айтып келді. Мен басқалармен ақылдаса келе Қарашəрідегі әскери батальонының «юшаобацзун» шенді қолбасшысы Ван Дэшэн мен атты әскерінің «Чжуншаоцзиньчжи» шенді қолбасшысы Чжан Шоужэньге 20-дан атты әскер, «бацзун» шенді қолбасшысы Чжан Фэншжнге 40 қаруланған жай қытай жасауылдарын бастап барып қазақтарды жинап алып кері қайтаруға жібердім. 8-айдың 18-күні олар тауға кіріп, алдымен 4 қаруланған жай қытай жасауылдарын әлгі қайтқысы келетін 13 түтіннен құралған қазақтарды кері айдауға жіберді. Қалғандары 19-күні Куньмакэли жеріне жетті. Сонда Чжан Фэншэн тілмаш Әмет пен ауылбасы Құрбанды ертіп алып Бөкенің киіз үйіне барып, оған ақыл айтты. Бөке оған мақұл болды. Алайда, сол түннің бесінші бөлігінде Бөке ойламаған жерден 100-ден астам қазақтарды бастап байбалам салып, мылтықтарын атқылап, шоқпарларын соққылап шабуыл жасап келіп, біздің әскерлерімізбен қырық пышақ болды да кетті. Біздің әскерлеріміз асып-сасып қорғанысқа көшіп еді, алайда ретке келіп үлгірмеді. Ван Дэшэн оққа ұшса, Чжан фэншэн қалың тоқпақтың астында қалды. Ол екеуі де сол майданда-ақ жан тапсырды. Олардың атты әскерлеріміз бен жасауылдарымыз 24 адам мерт болып, 15 адам жарақаттанды. Қарсы жақ қазақтардын да біршама адам өліп, кейбіреулері жарақаттанды» деп жазып, біздің сонда барып бұл істі тексеріп, шешуімізді сұраған. Патшаның уәзірі мен мына жайтты анықтадым: қазақтардың басшысы Бөке Гуансюй жылнамасының алғашқы жылында-ақ Шынжаң жеріне жасырын кіріп алған. Сол кезде ол жер енді ғана әскери шайқастардан тыныштанып, барлық іс енді ғана басталғандықтан қазақтардың бұл басшысы емен-еркін жүруге мүмкіндік алады. Осылай өткен ұзақ жылдар арасында бұлар Шынжаңның жер-суына қызығып, көшіп барады, олар уақыт өткен көбейіп келеді. Тарбағатайда тұратын Ілеге қарасты орынбасар дұтұңы Чунмань Шынжаңға әскер жіберіп аталмыш қазақтарды қайтарып әкетпек болып еді, қазақтардың басшысы (Бөке) ойдан киыстырып өздерінің Қобдаға бағынатындарын және Тарбағатайға қайтқылары келмейтіндігін айтты. Сөйтіп олар Санжы жеріне жеткенде өздерін айдап апара жатқан жасақтарға қарсы шығып, оларды өлтірді. Араларынан тек Юаньхань ғана амал тауып қашып шыққан. Менен бұрынғы уәзір ұшқалақтық жасаудан бүлік туа ма деп уайымдап, осы қазақтарды басқа амалмен алдап-сулай тұрсақ деп жоғарыға өтініш жазған. Мен, патшаның уәзірі, қазіргі қызметіме кіріскеннен кейін «қазақтар Шынжаңда көп уақыт тұрып келді, олар одан әрі жайылып кетеме екен» дегенді ойлай келе Қобда және Тарбағатай қатарлы екі қаламен бірлесе отырып қазақтарды кері қайтару ісін қолға алдық. Тек аталмыш қазақ басшысы (Бөке) шалғайдағы Чимән тауына қашып барып бекініп алды да өздерін жинап алуға барған патшалық жауынгерлерге көмескіде қарсылық көрсетіп, оларды өлтіріп, кейбіреулерін жарақаттады. Бұл оның жауыздығынан болған жағдай. Оның көрінісі әу басынан-ақ белгілі болып отыр. Бұрын біз оған тым жұмсақ мінез көрсетіп келдік. Оның сыртында таудың ішіне жіберген жауынгерлеріміздің саны көп болмағандықтан, жауынгерлерімізге қулық-сұмдық тәсілін қолданып, опасыздық жасады, бұл қылмысы үшін оған өлім жазасы да аздық етеді. Оны жазаға тартпасақ әділет болмас!»

 

Қытай жылнамаларында жазылған тарихи деректерге қарағанда Бөке батыр бастаған қазақ көшінің жай ғана көш емес канды қақтығыстардың ортасын қақ жарып, ақыл мен қайратты қанат етіп, елінің еркіндігін, жерінің кеңдігін аңсаған асау жүрегінің әмірін байқауға болады. Осымен бірге «қайда барса да Қорқыттың көрі» дегендей қан жылаған қазақ тарихының аянышты беттерін көресің. Төмендегі хатта да сол көштің жағдайы тілге тиек етіледі.

 

«Мен, патшаның құлы, Гуансюй жылнамасының 32-жылы 4-кәбиса айдың 2-күні сапарда болған кезімде әскери басқармасынан жіберген Тибеттегі амбанымыз Ютайдың «қазақтар Тибет жеріне ағып келіп, азып-тозып, аянышты жағдайда өмір сүруде. Қазірше оларға уақытша тұруға жер берілді. Біздің өтінішіміз: патша ағзам үлкен мейірімділігін көрсете отырып Шынжаңнан адам жіберіп қазақтарды қайтарып алып кету туралы бұйрық түсірсе» деген мазмұндағы патшаға жазған мәлімдемесін тапсырып алдым. Сол кездегі Сюньфу патшаның уәзірі Пань Сяосу, әр жердегі әскери қосындарымызға (әскер шығарып беру туралы) бұйрық түсіріп, сол әскерлерге шенеуніктер мен әскери басшылар қосып беріп, оларға «қазақ басшылары исәне тілмаштармен бірге жер-жерге барып тінту жұмысын істеңдер» дегенді тапсырған. (Сол істің атқарылу барысында) тек Шынжаңның оңтүстігіндегі Жоцян ауданына қарасты Чимән тауындағы Бөке есімді қазақ басшысы бастаған бір топ қазақтар ағып жүріп Цинхайдағы моңғолдардың жеріне жақындаған. Сонда (Ютай?) Шаньси-Ганьсу изундуы Синіндегі амбанға телеграмма жолдап, оған «жедел түрде әскер жіберіп келе жатқан қазақтардың жолын тосыңдар» дегенді айтқан. Мен жергілікті шенеуніктер мен жауынгерлерге «қашқын қазақтардың барлығын анықтап, оларға ақыл айтып дұрыс жолды көрсетіңдер. Немқұрайлық пен дөрекіліктен аулақ болыңдар» деп нұсқау беріп, он мәрте арнаулы адамдарымды жіберіп, қазақтарды бұрынғы өз қоныстарына кайтарып әкелдім. Тек Бөке бастаған қазақтар Чимән тауынан шалғайдағы Тибетке қашып кеткен. Бөке бастаған көш Тибет жерінен Шынжаңға кері қайтарылып әкелінгенімен бір бөлім қазақтар тау сағалап, елден адасып қалып қойған немесе сол көштің жолын білетіндер кейін осы ізбен Гансу-Чиңхай жеріне кіріп аң аулау, сауда жасау сияқты істермен айналысқан».

 

Сол себепті көш жолы ешқашан көңілден ұмыт болмаған. 1903-1905 жылдар аралағындағы бұл көштің араға 30 жыл салып қайта жалғасуы, тура Бөкенің ізімен жылжуы сол сөзіміздің айғағы. Осы жолдардың авторы (Жәди Шәкенұлы) Бөке жүрген іздің біразын шарлап, Тибет үстіртінің бауырына дейін барып қайтқан еді. «Қаралы көш» романымда да Бөке жайында кіріспелер бар.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға