Жаңалықтар

Кино патриоттық тәрбие

Бірде, үйде теледидардан кино көріп отырған кішкентай інім: «Мен де өскенде осындай «Көк тарландары» секілді әскерге барып, Қазақстанды қорғайтын болам», – деген еді.
03.03.2014 04:08 13154

Бірде, үйде теледидардан кино көріп отырған кішкентай інім: «Мен де өскенде осындай «Көк тарландары» секілді әскерге барып, Қазақстанды қорғайтын болам», – деген еді. Байқап қарасам, сол уақытта Қазақстан ұлттық арнасынан «Көк тарландары» деген телехикая жүріп жатыр екен. Кішкентай 5 жастағы інім бұл телехикаяның бірде-бір санын жібермей, күнделікті мүдірмей қарайды екен. Елбасы бір сөзінде: «Кино дегеніміз –барлығы. Кино, бұл – идеология, кино, бұл – сауық, кино, бұл – БАҚ, кино, бұл – патриотизм. Біз – жас мемлекетпіз, әсіресе, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуіміз керек», – деген екен.

Бағамдап қарасақ, иә, киноның берері орасан зор. Кино арқылы сол ел туралы барлық ақпаратты алуға болады. Елбасы сөзін дөп айтқан. Ертеңгі еліміздің болашақ жас өрендері, бүгінде көгілдір экран алдындағы жас көрермендер. Олар тілін ұғынып, түсінбесе де бейне арқылы барлығын ой түйсігімен қабылдап отырады. Сондықтан елдің, жердің тыныс-тіршілігі, сол елдің тарихы жайлы, рухани тәрбие беретін патриоттық көркемфильмдердің атқарар рөлі үлкен. Баланы жасынан тәрбиелейтін қазіргі заман тілінде осы көгілдір экран. Енді осы уақытта дейін сол экран арқылы көрерменге жол тартып, оның ішінде кішкентай көрермендердің көңілінен шыға білген фильмдерге аздап тоқтала кетейік.

Солардың бірі, басында айтып өткендей, Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырмасымен түсірілген «Көк тарландары» телехикаясы. Бас-аяғы 25 бөлімнен тұратын телехикаяның негізгі мақсаты – жастарды патриотизм, отанға, еліне, туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілікке тәрбиелеу, оларды әскер қатарына шақыру. Фильм желісінде Қазақстан Республикасының әскер қатарындағы әуе десанттарының тұрмыс-тіршілігі мен ерліктері, олардың алғаш әскерге келген күннен бастап, әскердегі соңғы күндеріне дейінгі өткен қызықты оқиғалар сипатталады. Телехикаяда қаруды қалай қолданудан бастап, елімізге қауып төне қалған жағдайда сыртқы жаудан қалай қорғаудың, басымызға қара бұлт үйіріле қалған жағдайда қалай қорғанудың әдіс-тәсілдері көрсетіледі. Бір айта кетерлік жайт, осы фильмнің көрсетілімінен кейін әуеұтқыр десенттарының әскер қатарына барам деушілер көбейген.

Екінші бір телетуынды тағы да жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге шақыра білген «Жасұлан» телехикаясы. Әскери-патриоттық телехикаяда «еліне, жеріне қорған болсам, тірек болсам» деген үш достың басынан кешкендері баян етіледі. Қазақтың Ш. Айманов атындағы киностудияның қолдауымен түсірілген телехикая 8 бөлімнен тұрады. Мақсаты – жастарға даңқ мен абыройдың, ерлік пен елдіктің, жігер мен қайраттың, сый мен құрметтің не екенін ұғындыру. Жалпы әскер қатарына алынған сарбаздың, оның ішінде жас ұландықтардың міндеті, мақсаты біреу. Ол өз елін, жерін басын тігіп жаудан қорғау, еліне адал қызмет істеу. Осының барлығы көркем туындыда көрсетіледі. Бұл фильмдегі басты рөлдерді аталмыш мектептің оқушылары сомдайды. Сондай-ақ, фильмнің түсірілу барысында Президенттің жеке гвардиясының да қызметкерлері тартылған.

Сол сияқты, қазақ кино тарихына серпіліс әкелген, жастың да, кәрінің де, кішкентай көрерменнің де көңілінен орын тапқан, нағыз патриоттық рухтың кебін көрсететін 2012 жылғы қазақ кинематограф саласындағы ең ірі көркем туынды ол – «Жау жүрек мың бала». Бұл фильм қазақ тарихын аздап болса да паш ете білген төл туынды. Фильм желісінде XVI бастап XVII дейін созылған қазақ-жоңғар соғысы сипатталады. Ұлан-ғайыр жерді қас жаудан қорғап қалу үшін Әбілқайыр хан тұсында Кіші жүздің әскерінде кілең балалар мен жасөспірімдердің құралған «Мың бала жасағы» болған. Сол жасақты Хиуа хандығының бас биі Байжанның ұлы он алты жасар Сартай басқарған. Фильмде осы Сартай басқарған туған жерін азат етуде жоңғарларға қарсы күреске шыққан жас мың жауынгер балалардың ерліктері көрсетіледі. Көркем туындының ұраның өзі «Туған ел, сүйген жар, намыс үшін от кешкендер» деп әрбір азаматты туған жеріне деген сөзбен айтып жеткізе алмас, патриоттық сезімге шақырады. Ақан Сатаевтың бұл жобасы да қазақ киносының дамуына айтарлықтай үлес қосқаны сөзсіз. Себебі фильм 65-ші Канн кинофестивальінде көрсетіліп, шетел көрермендер тарпынан да оң бағасын алды.

Ұлыбританияның кинопродюсері, Пьер Спенглер:

«Фильмнің сапасы, актерлердің шеберлігі үлкен әсер қалдырды. Барлығы, эпикалық аясы, трюктері және басқа элементтері де жоғары деңгейде. Бұның барлығы көрерменді қызықтыруы керек. «Мың баланы» көрген сайын Қазақстанға баруға себеп іздеп, сонда бір фильм түсірсем деймін. Осындай сапалы кино мен үлкен әлеуетке ие қазақстандық кинематография саласы бағындырар биік әлі алда. Сәттілік тілеймін».

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа Жолдауында «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады». Міне, бүгінде жастарды, осындай патриоттық тәрбие берер туындылар болашақта көбірек түсірілсе деген тілегіміз бар. Жастар өзі оқыған қандай да болмасын тарихи және басқа да шығармаларды кино түрінде көргенді қарайды. Себебі қазіргі техниканың дамыған уақытында бұл өте қызықты. Американ жазушысы Сьюзен Зонтаг айтқандай: «Кино – бұл өмір, ал фотография – өлім». Сондықтан тағылымы мол туындылар көп болсын!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға