Жаңалықтар

Алтын ұяң – Отан қымбат

Тақырыпқа көшпес бұрын атақты қаз дауысты Қазыбек бидің өлеңін еске түсірсек деймін: Алтын ұяң – Отан қымбат, Құт-берекең – атаң қымбат, Аймалайтын – анаң қымбат, Асқар тауың – әкең қымбат.
03.03.2014 04:07 28534

Тақырыпқа көшпес бұрын атақты қаз дауысты Қазыбек бидің өлеңін еске түсірсек деймін:

Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең – атаң қымбат,
Аймалайтын – анаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат.

Иә, «Отан оттан да ыстық – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің», туған жердің топырағы мамық, қысы ыстық, арығы мұхит, торғайы қыран болып көрінеді. Оны сезіне білу үшін нағыз патриот болу керек. Жалпы «патриот» деген кім деген сауалға жауап беріп көрейікші. Патриот деген – керек болса елі үшін соңғы қасық қаны қалғанша жанын пида етуші, Отанын шексіз сүюші, қадірлеуші, қастерлеуші, қорғаушы, халқына еңбек етуші.

Нағыз патриоттарға тарихымызда белгілі болған батырлардан бастап, жиырмасыншы ғасырда қайғы әкелген Ұлы Отан соғысының қаһармандарымен қоса тәуелсіздік таңын сыйлаған, ызғары қатты желтоқсан көтерілісіне қатысқан жандарды айтуға болады. Қазіргі кезде де Отан үшін, ел үшін, жер үшін қабырғасын оққа тосып қаза тапқан асыл азаматтарымыз, нағыз патриоттарымыз жеткілікті. Жоғарыда берілген мысалдардан патриоттар тек жанын пида етушілер екен деп ойлап қалуға болмайды, дегенмен олардың ерлігі «халық қаһарманы» деген атаққа ие екендігі сөзсіз.

Патриотизм тақырыбы Қазақстанымыздың алға қойып отырған басты тақырыптарының бірі. Өйткені бірлігі жарасқан жүзден аса ұлттың туған елін, жерін сүюі өте маңызды. Елімізде тұратын өзге ұлттардың Қазақстанымызды құрметтемеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі олардың терезесі қазақтардың терезесімен тең, құқықтары да бірдей, кемсітушілік, ұлтқа бөлу сияқты арандатушылықтан аулақ. Бұдан асқан қандай бақыт керек?! «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» демекші, өзге ұлт өкілдерін ұясыз қалтырмадық, керісінше құшағымызға бастық. Осындай игі істердің жемісін Олимпиада чемпиондарынан көрдік. Шыны керек, қанжығамызға алтын мен күмісті, қоланы салып бергендердің басым бөлігі қара домалақ қазақ емес, өзге ұлт өкілдері. Оған қынжылудың еш керегі жоқ, өйткені олар да біздің Отандастарымыз, ұлты бөлек болса да тілегі мен тірегі, арманы мен мақсаты бір.

Патриотизм тақырыбы «халық көшбасшысы» Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да бей- жай қалдырмады. Жыл сайын халыққа бағытталатын кезекті Жолдауында патриотизм тақырыбына жан-жақты тоқталып өтеді. Ол тек қана сөз ретінде қалмай, түрлі шаралар өткізіліп, алға қойған мақсаттар мен міндеттер өз жауаптарын тауып жатыр. Соның біріне осы жылдың қыркүйек айының үшінші жұлдызында орын алған «Патриотизм – отбасыдан басталады» атты шараның өтуі дәлел бола алады. Шараның бастамасына түрткі болған Елбасының өзі. Ол еліміздің жүрегі Астана қаласында орналасқан №64 мектеп-лицейде озат шәкірттерімен кездесу өткізді. Мектеп оқушыларына демократиялы қоғамда қолжетімсіз ештеңе жоқ екендігін басып айтып, бақыттың байлықпен өлшенбейтінін айтты. «Бірінші байлық – денсаулық», «Оқу білім бұлағы, білім өмір шуағы» дегендей, табысқа апарар жолдың торабы білім мен денсаулықта жатқандығын мәлім ете отырып, патриотизм тақырыбына ерекше тоқталып өтті. Елбасы Отанды сүю отбасынан басталатынын айтып, татулығы жарасқан отбасынан шыққан ұл мен қыздың тәрбиелі, мәдениеті жоғары, білімді, бауырмал, елін, жерін қорғай алатын нағыз патриот шығатынына сенім білдіріп, ойымен бөлісті.

– Қазір демократиялы қоғамда барлығы да қолжетімді. Бірақ, байлық – бақыт емес. Көп нәрсе білім мен денсаулыққа байланысты. Соның ішінде ерекше атап айтарым, патриотизм – айрандай ұйыған отбасы мен тату-тәтті әрбір шаңырақтан бастау алады. – Бүгінгі заманда білімсіз болашаққа қадам баса алмайсың. Сондықтан да әрқайсыңның міндетің жан-жақты білімді болу. Қазір әлемде білім мен ғылымның ғаламат жарылысына дайындық жүруде. Сендер осыған дайын болу керексіңдер. Яғни, ғылым-білімге құштар болыңдар. Мысалы, материалдық құндылықтардан құралған байлық уақыты келгенде сарқылып, таусылады. Біздің шикізаттық байлығымыз да мәңгілік емес. Біз сендерге заманға сай білім беру арқылы, мемлекетіміздің болашағын жарқын етуге тиістіміз. Оман республикасын алып қарайық. Мұнайы таусылғанша өзге тың технологияларды игеріп үлгерді. Сол секілді Сингапур, Швейцария, Оңтүстік Корея елдеріне қарап бой түзейік, - деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Бұл кездесудің басты мақсаты елімізде биылдан бастап сабақ кестесіне «Қазақ елі» пәнінің енгендігін көрсету болып табылды. Президентіміз Нұрсұлтан аға «Жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбында алғашқы сабақты жүргізіп, тұсауын кесті. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы жайлы сөз қозғап, өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: жетілген мемлекеттің жаңа саяси бағыты» туралы Жолдауы мен мәдени мұраны сақтаудың маңызы зор екенін айтып берді. Аталмыш сабаққа қатысқан озат оқушылар өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
Мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында жарқын білім алып, ата-ананың ақ сүтін ақтап, елін, жерін сүйетін нағыз патриот болып өсетіндіктеріне сенім білдірген Президент сөзінің дұрыстығына күмән жоқ.

Президент Жолдауында: «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» делінген. Отан алдында борышты, жауапкершілікті болайық, ағайын!!!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға