Жаңалықтар

Неміс драма театры

«Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды»
02.03.2014 20:14 7946

«Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» – бұл Елбасының Қазақстан халқына және елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне жолдаған Жолдауында айтқан сөзі болатын. Ия, қаншама зорлық-зобалаңды, патша езгісін бастан кешіп, бодандықта өткен құрсау күндерге қарамастан дініміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен дәстүрімізді тарих бетінен өшірмей, атадан балға мұра қылып сақтап келген қазақ ұлтымен қатар, өз отанын тастап, өзге елге ауа көшкеніне қарамастан, сол жердің заңына бағына отырып барынша өз мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап қала білген өзге ұлт өкілдері де  баршылық. Солардың бірі неміс ұлты. 18-19 ғасырларда болған соғыс қимылдары ел экономикасына едәуір әсер етіп, соның салдарынан халықтың біраз бөлігі басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр болған.

Біздің елімізге немістер Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда күштеп көшірілген. Статистикаға сүйенсек, 1990 жылдарға дейін Қазақстанда халықтың 1 млн-ға жуығын неміс ұлты құраған. Кейінгі жылдары көбісі тарихи отанына қайта оралды.  Биылғы 2013-те шыққан статистика агенттігі берген мәлімет бойынша  қазіргі уақытта республикада 182 мың неміс ұлтының өкілдері тұрады. Бұл халықтың 1,1% құрап отыр.

Елімізде немістердің ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі Алматы қаласындағы неміс театры. Театр тек Қазақстан бойынша ғана емес, шет елдерге, соның ішінде Германияға да гастрольдік сапарлармен барып тұрады. Сонымен қатар театрда халық мәдениетін дамыту мақсатында фестивальдар мен неміс мәдениеті күндері, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп тұрады.

Аздап тарихқа көз жүгіртсек, 1975 жылдың 6 ақпанында Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен қазақ жеріндегі алғашқы неміс театрының іргесі қаланды. Театрды ашудағы басты мақсат – республикада өмір сүретін неміс халқының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасын сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақ қамы үшін оны әрі қарай дамыту болды.

Арада 5 жыл уақыт өткен соң, 1980 жылы 26 желтоқсанда Теміртау қаласында алғашқы неміс драма театры ашылды. Театр шымылдығы неміс жазушысы Александр Райменгтің «Алғашқылар» («Первые») пьесасымен ашылған. Пьесада неміс ұлтының қазақ жеріне көшіп келгендегі алғашқы күндері, қазақ халқымен қарым-қатынасы көрсетілген. Театрдың актерлік труппасының негізгі құрамында алғашқы болып Мәскеудегі М.С. Щепкин атындағы театр училищесінің түлектері құраған. Театр репертуарында орыстың және немістің классиктерімен қатар осы заманғы шетелдік шығармалар да сахналанған. Мысалы: Г.Э. Лессингтің “Эмилия Галотти”, Ф.Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат”, Н.В. Гогольдің “Үйлену”, Б.Брехтің “Үш тиындық опера” А.Н. Островскийдің “Ұлық болсаң кішік бол”, В.Борхерттің “Көшеде, есік алдында”, Ф.Дюренматтың “Физиктер”, Х.Калаудың “Етік киген мысық”, т.б. жазушылардың туындылары қойылған.

Халықтың көпшілігі өз отанына оралуы труппа құрамына да әсер етіп, 1989 жылы театр Алматы қаласына көшірілді. Жаңа құраммен толыққан неміс театры қарқынды түрде  жұмысын бастап кетті. Труппа құрамы өзге ұлт өкілдерімен толыға бастады. Бұл өз кезегінде театр болмысына тікелей әсер етіп, өзгерістер орын алды. Олар театрдың жаңа үлгіде жандану жолында еңбектерін аямай, дамуына ат салысып, тер төкті. Театр жаңа туындылармен толықты. Мысалы, Джеффри Черчидің «Макбет», Кристоф Фетриедің «Миры в переходах» (Джеймс Джойстың «Уилисс» романы), Катарина Шмеердің «Дай жару», Х. Ганымның «Войцек» (Г. Бюхнер пьесасы), “Алматыға келген Мильфорд ханым” (реж. Б.Атабаев) “Ей, қайсың барсың” (реж. И.Симонова), “Африкадағы пингвиндер” (реж. Н.Дубс), т.б. пьесалары көрерменге ұсынылған.

Бүгінде Неміс Драма театр репертуарында  француз жазушысы Эрик-Эммануэль Шмитттің «Оскар и Розовая Дама», австриялық жазушы Эдён фон Хорват «Дон Жуан приходит с войны», сондай ақ М. Бартеневтың «Счастливый Ганс», Х. Бергертің «По одежке протянешь ножки», С Мрожектің «Свобода» т.б. қойылымдар бар.

Осылай мәдениетінің бір бөлшегін өшірмей күннен-күнге қайта жандандырып отырған Неміс Драма театрының (DTA) басты ұстанымы неміс халқының мәдени мұрасын сақтау болып отыр.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға