Жаңалықтар

Бір ауданның 200-ден астам тұрғыны «Ауыл аманаты» арқылы қаржы алған

Бір ауданның 200-ден астам тұрғыны «Ауыл аманаты» арқылы қаржы алған
Фото: © El.kz 23.02.2024 05:16 452

Түркістан облысындағы бір ауданның 200-ден астам тұрғыны мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтің айтуынша, жалпы ауданда ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Олар: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасау.

Бағдарлама былтыр Рысқұлов, Балықты, Шақпақ, Мичурин,  ауылдық округтерінде іске асырылған. Нәтижесінде 1 млрд 396 млн теңгеге 209 жоба қаржыландырылған.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында Ақбиік, Кемербастау, Арыс, Жаскешу сынды 4 ауылдық округтеріндегі жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұдан өзге 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылық саласы бойынша 9,8 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 192 адам тұрақты түрде екі қолға бір күрек табады деп күтілуде.

Айта кетейік, былтыр Түлкібас ауданындағы жалпы ауылшаруашылық өнім көлемі 61 млрд 266 млн теңгеге жеткен.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы кәсіпорын, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Бізде өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары өнеркәсіп саласы бойынша 447 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі, - деді Нұржан Ізтілеуовтің Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде.

Бұдан бөлек, спикер экономика дамуының маңызды бір бағыты туризм саласы екенін атап өтті. Бүгінде ауданда 36 туристік нысан бар. 2023 жылы Түлкібасқа 15 мыңға жуық турист келген. Жалпы туризм саласы бойынша алдағы 3 жылда жалпы құны 12,4 млрд теңгені құрайтын 8 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

Түлкібаста туризм саласын дамыту мақсатында 80 га жерге емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға