Жаңалықтар

Әуесқой бокс Олимпиададан тыс қала ма?

Әуесқой бокс Олимпиададан тыс қала ма?
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 22.10.2023 10:18 745
Еліміз егемен ел ретінде Олимпиада Ойындарына қатыса бастағалы бері спортшыларымыз бірталай асуды бағындырды. Алғаш рет 1994 жылы Норвегияда өткен Қысқы Олимпиададан бастап саңлақтарымыз саф алтынды уыстап иеленіп жатты. Олимпиадалық спорт түрлері ішінде қазақ жанкүйерлері үшін бокстың алатын орны бөлек. Сонау Шоқыр Бөлтекұлы киген былғалы қолғапқа талай қазақ баласының жастайынан қызыққаны анық. Беріде Серік Қонақбаев Мәскеу Олимпиадасында күміс медальды еншілегенде бөркін аспанға атқан қазақ жанкүйерлеріне қарап көптеген бала боксшы болсақ деген асыл арманға бой алдырды. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазіргі әуесқой бокстың Олимпиададағы тағдыры туралы толғанып көрді. 
 
Қазақ жастары бокстан Олимпиада чемпионы атанса деген асқақ арман мен мұратқа қол жеткен кезең 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадамен тұспа-тұс келді. Сол жауапты сында 4 боксшымыздың бірдей финалға шығуы әлемде қазақ боксының атой салған дәуіріндей болып көрінгені рас. 57 келіде түркістандық Бекзат Саттархановтың шаршы алаңда қарсылас шыдатпай, чемпион атанғаны кеше ғана еді. Содан бері қазақ спортында Олимпиада сайын алтын алу бұзылмас дәстүрге айналды. 1996 жылы Атлантада Василий Жиров қалыптастырған қағидамен 2000 жылы Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, 2004 жылы Бақтияр Артаев, Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, Лондонда Серік Сәпиев, Риода Данияр Елеусінов бұзбаған еді. Алайда бұл үрдіс Токиода өткен төрт жылдықтың басты ойындарында үзілді. 
Бұған дейін АІВА деп аталған халықаралық бокс қауымдастығы басшыларының жемқорлықпен айыпталуынан кейін бекзат спорттың Олимпиададағы тағдыры қыл үстінде қалды. Жапон жерінде өткен ойындарда халықаралық Олимпиада комитеті бокс додасын өткізуге АІВА-ны қатыстырған жоқ. Оған әлемде әуесқой боксты жайлаған жемқорлық желеу болды. Тіпті, осыдан кейін шаршы алаңдағы жекпе-жек спортының тағдыры таразыға түсе бастады. Айта кететін бір жайт, Токиода қазақ боксшыларына бұйырғаны қос қола болды. 51 келіде сынға түскен Сәкен Бибосынов жартылай финалда жеңіске жеткендей көрінгенімен шешуші сәтте төреші қарсыластың қолын көтерді. Жүлдеден үмітті екінші боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаевтың жолы ауыр болды. Осылайша үміт артқан қос оғланымыз Токиода қос қоланы қанағат тұтты. 
Алда қазақ спортшыларын Парижде өтетін кезекті ойындар күтіп тұр. Бұл Олимпиада бағдарламасына бокс енгенімен, одан кейін АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында жалауы желбірейтін 2028 жылғы додада бокс болмауы әбден мүмкін. Себебі, халықаралық олимпиада комитеті аталған ойын бағдарламасына боксты енгізген жоқ. Тіпті, былтырғы Токиодағы олимпиадада үздік боксшыға берілетін дәстүрлі Велл Баркер кубогы табысталмады. Осыдан кейін АҚШ-та өтетін сынға бокстың бірдола енбей қалуы әбден мүмкін. Оған дейі 6 жыл уақыт бар дегенімізбен, бұл әлемдегі әуесқой бокстың тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз. 
Тарихы ғасырға жуық АІВА ұйымы былтыр атауын өзгертіп, әуесқой бокс додаларындағы төрешілікке мән бере бастады. ІВА деген атаумен қайта түрленген ұйым былтыр Сербияда өткен әлем чемпионатында бокстан жеңімпаз атаған спортшылары 100 мың АҚШ долларын табыстаған. Келесі жылы Ташкентте өтетін кезекті жаһандық додада бұл сома екі есе өсіп, жеңімпаз спортшы 200 мың АҚШ долларына болмақ. Былтыр Токиода үздік боксшыға табысталмаған Баркер кубогы енді 4 жыл сайын емес, екі жыл сайын өтетін әлем чемпионатында берілетін болып шешілген. Мәселен, 2016 жылы Рио Олимпиадасында өзбек боксшына беріген кубок 2021 жылы Сербиядағы әлем біріншілігінің жабылу салтанатында кубалық боксшыға табысталды. 
ІВА мен ХОК-тың арадағы келісімінің дұрыс болмауы салдарынан ғасырдан астам уақыт бойы олимпиада бағдарламасына енген бокс спорты қиянатқа тап болып отырғаны өкінішті. Бұл әрі-беріден соң қазақ спортында елеулі орын алатын бокстың бағына тұсау болғалы тұр. Расымен де Лос-Анджелесте өтетін олимпиадада бокс болмаса қазақ спортының бір қанаты қайырылды деуге негіз бар. 
Әзірге бұл нақтыланбаған шешім болғанына қарамастан оған дейін ІВА-ның ХОК басшыларымен тіл табысуы да қиын секілді.  ХОК 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарамасына енген 28 спорт түрінің тізімін жарияланған оның қатарында бокстан бөлек ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс та енбей қалды. Себебі ХОК басшысы Томас Бах бокстан бөлек ауыр атлетиканы ерекше мәселеге айналғанын атаған. 
«Әңгімемді проблемасы көп балалардан бастағым кеп тұр. Бұлар - бокс пен ауыр атлетика. ХОК атқарушы комитеті бокс, ауыр атлетика және қазіргі бессайыстың өтінішін қабылдау немесе кері қайтару туралы ойланатын болады. АІВА (Қазіргі ІВА) қаржылық ашықтық бойынша жұмыстың жақсарғанын көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, төрешілерді тағайындауды дұрыс жолға қоюы керек. IWF (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) допингпен күрес жөніндегі ұсыныстарды толық орындап, допингке қарсы бағдарламаның толық тәуелсіздігін дәлелдеуі тиіс. Ал UIPM (Халықаралық қазіргі бессайыс одағы) атпен жарысуды алмастыратын жаңа бағдарламаны дайындап шығуы қажет", - деді ХОК президенті Томас Бах.
Аталған спорт түрлеріне қатысты мәселеге нүкте келесі жылы нақты қойылады. Олаордың Олимпида бағдарламасында қалу-қалмауы ХОК-тың 2023 жылғы сессиясында шешімін таппақ.  Токио Олимпиадасынан бұрын ХОК-тың ІВА-ны өз мүшелігінен шығарып жіберуі алдағы уақытта жағдайдың жақсы болмайтынынан хабар бергендей. Алайда мәселе әлі ұзақ талқыланатыны көңілге жұбаныш болып отыр. Ал ауыр атлетика бірқатар чемпиондар мен жүлдегерлердің допингпен ұсталуы әлемде үлкен шудың тууына арқау болды. Алысқа барма-ақ, қазақ ауыр атлеттерінің жағдайы көп нәрсені аңғартса керек-ті. Егер бокс пен ауыр атлетика, бессайыс Олимпиада бағдарламасынан шығарылған оның орнын басатын спорт түрі дайын көрінеді. 
Еліміздің әр өңірінде бокс спортына ерекше мән берілген. оны дамыту бойынша Маңғыстау облысында қолға алынған жұмыстардың көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Сонау кеңестік дәуірдегі Асылбек Қилымов пен Марат Жақиовтың жеңісті жолын беріде жалғаған былғары қолғаптың шеберлері жетерлік. 2005 жылы әлем кубогында атой салып, көп ұзамай әлем және Азия чемпионы атанған Ердос Жаңабергенов, Олимпиада Ойындары және әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия Ойындарының және чемпионатының жеңімпазы Әділбек Ниязымбетов, ӘЧ-ның қола жүлдегері, Азия чемпионы Берік Әбдірахманов, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов сынды сыралғы боксшылар өз жолын қалыптастырды. Беріде саңлақ спортшыларға ұқсап өсіп келе жатқан жастар жетерлік. 
Бокста дөңгеленген дүниенің әр қиырынан келген қарымды қарсыласытарын ойсырата жеңіп, жанкүйер мерейін еселеген қазақ боксшылары үшін аталған спорттың Олимпиадада қалуы аса маңызды. Әлем көз тіккен спорт түрі егер төрт жылдықтың басты ойындарының бағдарламасына енбей қалса, бұл үлкен қиянат болмақ. Сондықтан қайта түлеген ІВА бокстағы бармақ басты, көз қысты бұратартушылықтан арылып, алдағы жарыстарда әділ шешім шығарып, шынайы жеңімпазға ғана жүлде береді деген жанкүйер сенімі зор болып отыр. Ал мықтының мысын басып, ортаңқол боксшыға жетектеп жүріп жүлде әперсе онда әлемдік әуесқой бокстың күні расымен де батқаны...
 
Биылғы әлем чемпионатында отандастарымыз тәуір нәтиже көрсетті. Дегенмен, Азия Ойындарында біздің былғары қолға шеберлеріне расымен де сәттілік жетіспегендей. Дегенмен, жеңіп тұрып, жеңілген боксшылардың жолын төрешілер кескеніне қарағанда әуесқой боксты расымен де Олимпиада Ойындарынан алып тастаудың амалы басталып жатқандай әсер қалдырады. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға