Жаңалықтар

«Ұйғырлардың көп дәстүрі түркі тілдес халықтарға ортақ болып келеді»

Сахинур Рузиевамен сұхбат
«Ұйғырлардың көп дәстүрі түркі тілдес халықтарға ортақ болып келеді»
18.08.2021 10:00 13160

 

Қазақ жерінен тұрақ тапқан ұйғырлар көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерiн, әдет-ғұрыптарын ұмытпай, атадан балаға мұра етiп келедi. Алматы облысы Панфилов ауданы, Надек ауылдық клубының директоры Сахинур Мухтаржанқызы Рузиева осы ұлттың бүгінге дейін жеткен дәстүрлері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

 

Негiзi ұйғыр халқы отбасында көп бала болғанын қалайды, үй тұрғызғанда бала санына орайластырып, бөлмелелердi бiр-бiрiне жалғап салған. Сонымен қатар, ұйғыр ұлты үшiн аула тазалығы маңызды орында. Ұйғырлар баланы ерте жастан еңбекке баулиды, бiр кiсiнiң басына түскен қуаныш пен қайғыны бөлiсуге үйретеді.

 

– Бұл ұлтта екi жастың үйленуi бiрiншi кезек ата-ананың шешiмiмен орын алады. Оларда анасы жақтан үш ата асса бiр-бiрiне үйлене бередi. Ұйғырларда ертеден қазақ халқы секiлдi атастыру, айттыру сияқты дәстүрлер бар. Яғни, жақсы достардың бiрiнiң жанұясында қыз бала өмiрге келсе, ұлымыз сiздiң қыздың «құлағын тiстептi» деп құдаласуға ниет танытады, - дейді Сахинур Мухтаржанқызы.

 

Кәмелет жасқа жеткен ұлын үйлендiру үшiн ата-анасы құдаласатын үйге «елшiнi» жiбередi.  Ол қыз бергелi жатқан үйдiң тұрмыс-тiршiлiгiн байқап, аулада тұрған қазан-ошақтың тазалығына мән берiп, алғалы жатқан қыздың еңбекқорлығын сынайды. Егер барлығы көңiлiндегiдей болса, келген елшi өзiнiң не мақсатпен жүргендiгiн жеткiзедi. Ол тағы да жаңа құданың үйіне екі-үш рет ат басын тiреп, екi жақты құдаластыруға айырықша еңбек сiңiредi. Осыдан соң қыздың ата-анасы той жасауға келесiмге келедi.

 

– Тойдың нақты өткiзiлетiн уақыты белгiленген соң, тәттi шай, салық шай, құдалық шай берiледi. Бұл шайлардың өзiндiк орны мен қзыметi бар екендiгiн айта кеткен жөн. Мысалы, тәттi шайда құдалараға арналған жиырма-отыз табақ тартылып, әрбiр табақта шайға арналған нандар, өрiк-мейiз, кәмпит пен қант секiлдi тәттiлер, самса және тағы басқа дәмдiлер салынады. Қалыңдық үшiн киiмдер мен түрлi-түрлi сыйлық әкеледi. Салық шай да маңызды жиналыс үшiн арналған отырыс. Себебi, бұл кезде құдалар келiсiмге келiп, не келмей жатады. Екi жастың үйленуi осы шайда шешiледi. Бұл шайда тойға сойылатын мал, жұмсалатын қаржы мен сыйлықтар сөз болады. Ұйғырларда қызды қолдан шығарып салу ата-анасы үшін абырой. Бұл ұлтта қызды алып қашу деген жоқ, – дейді С.Рузиева

 

Қалыңдықтың үйiнде болатын тойды күйеу жiгiттiң әке-шешесi атқарады. Тойға бiр күн қалғанда осы мерекеге қажет жабдықтың бәрi қыз үйiне алдырылады. Ал қыз жақ жаңа құдаларға құрмет бiлдiрiп, салт бойынша алдына арқан кередi.

 

– Ал той болып жатқанда күйеу жiгiт достарымен сәлем берiп, кiредi. Ол кiрер алдында табалдырықтан берi қарай кiлем жайылады, күйеу жiгiттiң басында тақия болу керек. Тақия киюiнiң себебi қызын алғалы жатқан отбасының бiр мүшесi болуының нышаны. Күйеу жiгiт пен қалаыңдықтың некесi сол тойда қиылады. Жiгiтпен ере келген достарға сол үйдiң иелерi бет орамалдарды сыйға бередi. Некесi қиылған күйеу жiгiттi туысқандары мен достары құттықтайды, – дейді кейіпкеріміз.

 

Осы тойдың үстiнде қыз бен жiгiт сандығын ашатын дәстүр бар. Туыс-бауырлар ол сандықтың iшiн сыйлыққа толтырады. Қыздың анасы осы сандықтың аузын құлттап, кiлтiн жiгiттiң анасына тапсырады. Сандықты күйеу жiгiттiң үйiнде елге сыйлы адамға аштырып жатады.

 

– Той үстiнде өмiрдi көрген, елге сыйлы болған қарт ана жас келiнге тәлiмiн айтып, оның мiндеттерiн баяндайды. Оған таңертеңгiлiк ерте тұрып, аула сыпыру, отбасы үлкендерiне сәлем беру, үлкен мен кiшiнi сыйлап, өмiрлiк жолдасының сырын сақтау, құдалардың арасында айтылған сөздердi тасымау және тағы басқа кеңестер кiредi.

 

Алғашқы неке түнiнде төсектiң бас жағына анар жемiсiн қойып жатады, ол отбасының iргесiн берiк етiп, тату-тәттi өмiр сүруiне ықпал етiп, балаларының көп болуына себеп болады деген сенiм бар.  

 

– Ұйғырларда жас келiн кез келген уақытта әке-шешесiнiң үйiне бармаған. Отбасындағы үлкендердiң рұқсатын алып, тек жұма күнiнiң бiрiн таңдап, қайын сiңлiсiн немесе абысынын ертiп қана сәлем берiп кiрiп шыққан. Туып-өскен үйi қонақ болып келген қызына құрмет көрсетiп шығарып салған. Жас келiн күйеуiнiң туған-туысына да сәлем беруге барады, ол кезде келiн күйеуiмен немесе жалғызаяқ бара берген. Күйеу жiгiт те келiншегiнiң үйiне сәлем берiп кiрiп-шыққан. Осы сәлем беру салттары орын алған соң ғана құдалық жасалған, - дейді Сахинур Мухтаржанқызы.

 

Күйеу жiгiттiң әке-шешесi келiннiң аяғы ауыр болғанда мұрагер күтедi. Әрине, қыз туылған жағдайда да ешқандай өкпе-ренiш орын алмаған. Келiннiң босануына шамамен отыз күн қалғанда, оның ата-анасы iзеттiлiк көрсетiп, құдаларының алдынан өтiп, қызын босандыру үшiн үйiне алып кетедi. Қыз ата-анасына ерiп кетуiне де, сол үйде қалуына да рұқсат етiлген.

 

– Баланың өмiрге келуiне үйғыр халқы ерекше көңiл бөлiп келедi. Кiндiк шешесi ретiнде ел құрметтеген, көптiң iшiнде атақ-абыройы бар кiсiнi шақырту бүгiнге дейiн сақталып отыр. Жалпы, қыз баланың кiндiгiн инабатты, салиқалы, салмақты адамға кестiрген. Тұңғыш нәресте ұл болса келiннiң абыройы артып, сыйлы бола түскен. Жалпы түрiк халықтарында ұлға деген құрмет ерекше, мәселен, «ұл туғанда табиғат та осы қуанышқа ортақтасып, қуанып, тау мен тас соғылады» десе, қыз туғанда «тек қазанның құлағы сылдырлаған» дейдi. Десе де, ұйғырларда қызға деген құрметі де ерекше болған. Оған ата-анасы, бауырлары, туыс-туғандары сыйлап «сiз» деп сөйлеген. Қыздың шашын кiшiлеу шағында бiр бұрым етiп өрсе, тұрмысқа шығып, бала сүйгенде ғана екi бұрым етiп өрген екен.

 

Өмiрге келген ұл балаға есiмдi әкесiнiң ата-анасы қояды. Ұйғыр халқында есiмдер көбiнесе араб, парсы тiлдерiнен алынған. Ал қызға нәзiктiктi, сұлулық пен көркемдiктi бiлдiру мақсатында «гүл», «асыл», «ай» секiлдi жұрнақтарды жалғау арқылы есiм берген. Нәресте дүние есiгiн ашқан үйде он екi күн бойында үйге сырттан адам келмеген. Кешкiлiк аулаға адыраспан тұтатып қою дәстүрi сақталған. Оның бiр себебi, бұл үйде нәресте бар екенiн бiлдiру болса, екiншi жағынан аластау үшiн пайдаланылған. Жас ананың буыны бекiгенше қырық күн бойы күткен. Жас ана өз үйiнде босануы – оны аялаудан туған дәстүр. Себебi, өз анасының әпке-сiңлiсiнiң күтiмi жас анаға мейiлiнше жағады деп түсiнген. Нәресте қырқынан шыққанда, 40 қасық суға шомылдырып, қарын шашын, тырнағын алып, бесiк тойы жасалады.

 

– Сәбиді анасы не әкесi өскен бесiкке салу дәстүрi де бар. Ол нәрестенiң өмiрi ұзақ боп, үбiрлi-шүбiрлi болсын деген ырымнан шыққан. Құдалар келiндерiнiң әке-шешесiне, сiңлiлерiне сыйлық берiп, разылығын бiлдiрiп, бесiк тойынан кейiн нәрестемен бiрге үйiне алып кетедi.

 

Ер баланы сүндетке бес, жетi жасқа толғанда отырғызады. Ол – мұсылман парыздарының бiрi болып есептеледi. Сол сияқты ұл баланың азамат боп қалыптасып, ұрпақ жалғастырып, туған-туысқа қамқоршы боп ер жетуiне сенiм артқан. Ата-анасы сүндетке отырғызған соң, той жасайды. Бұл мерекелiк шарада балаға жылқы мiнгiзiп, төсек-орындарын берiп, үй мүлiктер тарту еткен. Осыдан бастап-ақ ұл баланың бөлек отау құрғанда қолданатын жасауы жинала бастаған.

 

– Ұйғырларда барлық түркі халықтары секiлдi жастайынан iзеттiлiкке баулып, жақсылыққа бағыттайды. Ерте жастан-ақ амандасу рәсiмiн үйретедi. Таңертеңгiлiк шай үстiнде бiр-бiрiне сәлем берiп, хал-жағдайларын сұрасады. Қыз баланы инабаттылыққа, iзгiлiкке тәрбиелеген. Ұйғыр халқы бiрiншi кезек ұл-қыздарын еңбекке баулиды. Олар үшiн ауланың тазалығы өте маңызды. Қыз баланы ас әзiрлеуге, кесте, iс тiгуге, отбасылық дәстүрлердi бiлуге үйреткен. Ошақ басындағы ұқыптылық та ерекше назарда болған.

 

Ұйғырларда той немесе басқа да жиындарда ер мен әйел кiсiлер бөлек дастархандарда отырған. Сол сияқты қыздар да, ер балалар да мәшiреп кештерiн өткiзген. Ол кеште өлең оқылып, әзiлдер айтылып, құрбылардың бойынан табылатын ұнамды-ұнамсыз мiнездер қалжың арқылы жеткiзiлiп, ойындар ойнатылады. Ұйғыр ұлты сыпайылықты бiрiншi орынға қояды. Олар адам бойындағы кемшiл тұсын бетiне айтпай, астарлап жеткiзетiн болған. Мiнезiнде кемшiлiгi бар қыз-жiгiттердi «мәшiреп кештерiн көрмеген» деп сынап жатады. Яғни, сол кештерде айтылған әзiлдердi өз бойына сiңiре алмағанын сынайтынын болған. Сонымен қатар, ондай кештерде түрлi музыкалық аспаптармен ән орындалған.

 

Ұйғырларда сақталған салт-дәстүрлер заман талабына сай өзгерiп, қазақ халқымен ұштасып жатуы заңды құбылыс. Ұйғырларда қазiргi уақытта басқа ұл өкiлдерiмен некеге тұру (оның iшiнде мұсылман халықтары – өзбек, қазақ, қырғыз, татар) жиi кездесiп жатыр. Отбасында ұйғырлар өз тiлiнде сөйлеудi басты назарда ұстайды. Қазiргi уақытта Қазақстанда да мемлекеттiк тiлдермен қатар, ұйғыр тiлiнде сөйлейтiндері жеткiлiктi.

 

Сахинур Рузиева қазақ тілін еркін меңгерген. Ол кеңпейіл қазақ халқына алғысын айтады. Сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.

 

– Осындай бейбіт елде тұрып жатқан бізде арман жоқ. Татулығымыз жарасып, берекеміз арта берсін, – дейді ол.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға