Жаңалықтар

ЖАЗЫЛАР ЕСТЕЛIКТЕР МЕН ТУРАЛЫ...

Қалтама тиын-тебен түскенде, қолым қалт еткенде кiтап дүкенiне кiремiн.
30.06.2014 12:33 3476

Ақын антиподымен әңгiме

Қалтама тиын-тебен түскенде, қолым қалт еткенде кiтап дүкенiне кiремiн. Басқалары да бар ғой, бiрақ өмiрбаяндық кiтаптарға көбiрек үңiлем. Бұл жағынан орыс ағайындардың көш iлгерi кетiп қалғанын байқап, түңiлетiн кездерiм де аз емес. Мiне, Огюст Ренуар, Поль Гоген, Пабло Пикассо, Модильянилер. Мұның бәрi –ащылы-тұщылы тағдыр-талайымен бiр дүкеннен ұшырасар әлемге әйгiлi суретшiлер. Орыстың өз Крамскойы, Репинi, Суриковтары мен Левитандары – оларды да осы дүкеннен кездестiре аласыз. Пушкин, Толстой, Чехов, Шукшин – орыс ақын-жазушыларының ұзын-ырғасы да осылай кете барады. Бiр бұрыштағы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан кiтаптарға көзiңiз түскенде жүрегiңiз тоқтап қала жаздайтыны және бар. Жалпы, бiлетiн жұрт «кiтаппен қауышу – қуанышпен қауышу» деп жатады. Өз басым бұл пiкiрмен толық келiсе бермеймiн. Менiңше, кiтаппен қауышудың да көңiлге кiрбiң ұялататын кездерi аз емес. Әсiресе, өзiңде, өзiңнiң халқыңда жоқты сезiндiруге келгенде ұлтты, ұлысты талғамайтын кiтап жарықтық тым қатал, тым қатыгез болып кетедi. Оның бiр көрiнiсiн жаңағы кiтаптарының мұқабалары жаймашуақ «ЖЗЛ»-дан-ақ аңғаруға болады. Сенбесеңiз, бiр сәт «ЖЗЛ» сериясының соңғы кiтаптарына зер салып көрiңiз.

Әне, анау – Николай Рубцов. Кеше 75 жылдығы тойланған бiздiң Мұқағали ақыннан бес жас кiшi бауыры. 1936 жылдың түлегi. Орыстар оны Есениннен кейiнгi мықты ақынымыз деп шуласып жүр. Биыл 70 жылдығын Ресей бойынша тойлау басталды. Мәскеуде ескерткiшi орнатылмақ. Ал мынау – кәдуiлгi Владимир Высоцкий. Бiр дәуiрдiң символына айналған тұлға. Ақын, актер һәм сазгер-орындаушы. Бұл да бiздiң Мұқаңның поэзиядағы 7 жас кiшi iнiсi болып келедi. Бiрi Мұқаңнан 5 жыл бұрын, бiрi 4 жыл кейiн о дүниелiк болған. Ендi әйгiлi «ЖЗЛ»-дың бiр-бiр томына айналулы. Бұйыртса, Данте, Шекспир, Гетелермен сөрелес болады. Пушкин, Лермонтов, Есениндердiң ортасында жүредi. Кiм бiледi, бәлкiм, Рубцов өзi пiр тұтатын Федор Тютчевпен, Высоцкий Франсуа Вийонмен ендiгi тiл табысып та үлгерген болар. Әйтеуiр, мен зер салып кеткелi әлдебiр ыждаһатты оқырманның кiтапханасынан құтты орындарын тауып үлгергендерiне еш күмәнiм жоқ. Сосын, осы «ЖЗЛ»-ға анау-мынау өмiрбаяндық кiтаптардың кiре бермейтiнi және бар. Олай дейтiнiң, бiр дүкеннiң өзiнде Есениннiң тағдыры мен шығармашылығына қатысты төрт бiрдей кiтапты парақтап тұрып, ақынжанды орыс ағайынның өз шайырларына деген iлтипат-құрметiне таң қаласың. Бiрi Есениннiң жеке болмысын, оның шығармашылығын психоанализ ғылымының қол жеткiзген жетiстiктерi негiзiнде талдаса, ендi бiрiнiкi ақын ажалына, оның жұмбақ өлiмiне қатысты зерттеулерге ұласады. Бiрақ бұл да, ол да емес, «ЖЗЛ» сериясынан басылып шығуға әкелi-балалы Куняевтардiң кiтабы лайық деп танылған. Демек, Рубцов пен Высоцкий жайлы мына кiтаптар да әбден сүзгiден өткен, екi ақын жайлы жазылған еңбектердiң нағыз дарабоздары саналатын дүниелер болғаны. Орыста таңдауға мүмкiндiк көп. Осыны сезiнгенде iшiң қыз-қыз қайнайды. Мұқағали таланты, Мұқағали тағдыры Рубцов яки Высоцкийдiкiнен кем, әлде қызықсыз ба едi деген ойлар мазалайды. «ЖЗЛ»-ға кiрген екi ақыннан да жасы үлкен Мұқағали туралы толыққанды кiтап қашан бiздiң оқырман қолына тимек деп күйiнесiң.

Иә, тек кiтап емес, басқа да күйiндiретiн жайттар жетерлiк.

Мәне, редакцияға, саған, өзiңмен түйдей құрдас талапкер келiп отыр. «Өлеңдерiмдi оқы, пiкiрiңдi айт, ұнағандарын газетке бастыруға алып қал» дейдi. Өлең деп отырғаны өлең емес, жай шимай-шатпақтар ғана. Сөз өлтiру, қағаз өлтiру өнерi. Құрдасыңның талайына жазылғаны басқа емес, дәл осы екенiн әбден-ақ сезiнiп отырсың.

Бiрақ оның өзi бұлай деп ойламайды, ақыры ренжiсiп тарқасуға тура келедi.

Тағы бiраз күннен соң сен кештетiңкiреп кiрiп келген кафеде сол ескi танысың отырады. Жалғыз емес. Қасында өзi қатарлы бiреу, орталарында жартылықтары бар. Сенi өздерiмен дастархандас болуға шақырады. Ниеттерi – сыйлап жiбермек. Бәлкiм, «сыйлау» арқылы «сындырмақ».

Сен қазiр достарыңның келетiнiн айтып оңаша тұрған орынға жайғасасың. Ескi танысың серiгiне, саған естiрте Мұқағали ақын туралы әңгiме бастайды.

– Мұқағалиды да тiрi кезiнде көп адам түсiнбеген. Менi де түсiнбейдi. Бiрақ менде Мұқағали көкем сияқты жаза беремiн. Мейлi, тартпамда жата берсiн. Өлгесiн, жылап-сықтап жүрiп өздерi кiтап қып басып шығарады. Естелiктер айтатын болады...

Әсiлi, бiреуден бiлгiш деп естiген болуы керек, сосын маған қарата сауал тастайды.

– Қазiр ғалымдардың Мұқағали Мақатаев өлеңдерiн зерттеп жатқаны рас па?

– Рас, – деймiн мен, – төрт докторлық, тоғыз кандидаттық жұмыс қорғалды. Қорғалатындары және бар.

Әрине, жауабым «Тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керi. Әйтпесе докторлық немесе кандидаттық жұмыстардың тiзiмiн түгендеп жүрген жайым жоқ. Әйтеуiр, ақын шығармашылығы туралы зерттеулердiң бар екенiн естiгем.

Жартылықтарын тауысып, орнынан тұрған бауырым әлi достары келмеген маған кетерде бәрiбiр сес көрсетiп кетедi.

– Бұл халық Мұқағалиды түсiнбей құртқан, қасындағы талантсыз ақындар қызғаныштан iшкiзiп өлтiрген. Тағы бiр Мұқағали келсе, тағы да сөйтедi. Сол үшiн де абай болу керек.

Ол қатырдым деп бара жатады. Iшiң жылап сен қаласың.

Жыламағанда қайтесiң, сенiң қазақ бауырың Есенин, Рубцовтар түгiлi өзiнiң сүйiктi Мұқағалиының да шынайы тарихын бiлмейдi. Оның ойындағы Мұқағали күйiктен iшiп келген де, жаза берген. Солай ма?..

 

Мұқағалидың үш жүзi. Олар кiмдер?

Әйгiлi жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнiң бiр әдебиетшi кейiпкерi «Менiң арғы-бергi халықтар мен арғы-бергi уақыттардан үш жүз қаралы сайдың тасындай таңдаулы сайыпқыран достарым бар» дейдi. Әрине, мұны кейiпкерiнiң аузымен айтып отырған Акутагаваның өзi. Егер Акутагаваның осы достарының тiзiмiн жасасаңыз, олардың қатарынан кiмдердi ұшыратуыңыз мүмкiн? Бәлкiм, бұл тiзiм Гомер мен Вергилийлерден басталар. Әлде шумердiң Гiлгәмештi жырға қосқан белгiсiз ақынынан бастау алар ма екен? Әйтеуiр, бұл тiзiмнiң ылғи ығай-сығайдан тұратынына күмән жоқ. Өйткенi, достары мықты болмаса, Акутагава да мықты болмас едi ғой.

Ал бiздiң Мұқағали ақынның үш жүзiнiң iшiнде кiмдер бар? Жалпы Мұқағали ақында арғы-бергi әдебиет ұлыларынан үш жүз дос болды ма? Әлде ол ешкiмдi оқымай-ақ, ешкiмдi бiлмей-ақ айтулы ақын болып кеттi ме? Жоқ, олай болуы мүмкiн емес. Мұқағалидың әлем әдебиетiн оқуды бала кезден бастағанын ақынның балғын шағына куә болғандардың бәрi айтады. Демек, шынайы достарды жинауды, олармен сырлас болуды Мұқағали ақын ерте кезден-ақ әдет еткен. Дәстүрге айналдырған. Өлеңiнде «Бiлiмiм орта, бiрақ өзiм жоғарыға санаймын» дейтiнi сондықтан. Ақынның «Мәскеулiктердiң бiлетiнi де өзiм бiлетiн дүниелер екен. Сондықтан көп аялдамай қайтып кеттiм» дейтiн әңгiмесiнде де осындай шындықтың ұшқыны жатыр. Яғни, аудармалары мен өлеңдерiнен таныс Вергилий, Данте, Шекспир, Пушкин мен Лермонтов, Есениндер мен Маяковскийлер осылардың, Мұқағали үш жүзiнiң бiр парасы ғана. Бар болғаны, алып мұзтаудың көзге көрiнер жоғарғы қабаты деуiмiз керек. Ал оның судың астында ендi қанша көлемi көрiнбей бұғынып жатқанын бiр Құдайым ғана бiледi.

Иә, бiле бiлсеңiз, сол үш жүз ұлымен астасып, тұтасып кеткен Мұқағалидың өзi – алып Мұзтау. Бiр ұлы организм. Бiзге оның көзi бардың бәрiне байқалар жоғары жағын ғана қызықтауды доғарар кез жеттi. Ендi Мұқағалидың тереңнiң тасасында бұғынып жатқан тылсым құпиясын үңiлуге тырысуға тиiспiз. Өмiрi мен өлеңiн қатар өре отырып, оқырманды ақынның шын тағдырымен таныстыру мiндет.

Иә, Мұқағали туралы естелiктер аз жазылған жоқ. Тiптi жеке жинақ болып та шықты. Бағыда бiр оқып ек, ендi тағы да бiр сүзiп шықтық. Мұнда топтастырылғандардың денi ақын туралы еш айтары жоқ ортаңқол ғана дүниелер екенiн аңғардық. Айтулы Мұқағали кагортасының исi де шықпайды. Мұқағали көп қазақ ақындарының бiрi ғана болып қалыпты. Иә, тағдырына жауапсыздау қараған, көп уақыт баспанасыз жүрген, әдебиет шенеунiктерiнен жапа шеккен жаны жайсаң көп мұңлықтың бiрi. Қысқасы, Мұқағалидың есiмiн алып тастап, сол кездегi мықты ақындардың талайына тели салуға болатын қатардағы естелiктер жинағы.

Мысалы, менiң бұл жинақтан Мұқағали ақынның Дантенiң «Құдiреттi комедиясын» аударуға қалай келгенiн, оған қалай дайындалғанын бiлгiм келген. Ақынның сырқатының тарихы туралы деректермен танысуды жөн көргем. Ақын тағдырындағы әйелдер рөлi, қатарлас әрiптестерiнiң ақын шығармашылығына әсерi, бұлар да менi қызықтырған жайттар едi. Жинақта бұлардың бiрде-бiрiне жауап жоқ. Әлдебiр тұспалдаулар ғана ұшырасады. Қысқасы, «iшiң бiлсiн, әлуайдың» керi.

Ақынның Қызылқұмға сапары, Қарақалпақстанға барып Төлеген ақынды жерлеуге қатысуы, Мәскеуде өткен күндерi – бұлардың бәрi жадыдан өшiрiлiп кеткен жайттар секiлдi.

Орыстар Есениннiң Тәшкенге қалай келгенiн, Бакуде күндердi қалай ұзатқанын, Тифлисте нендей жағдаяттарды басынан кешiргенiн, бәр-бәрiн жасырмай жазады. Тiптi жезөкшелермен қалай дәм-тұздас болғанына дейiн ақтарып салады. Деректiң молдығы соншалық, «Есенин және жезөкшелер», «Есенин және еврей бойжеткендерi» деген тақырыптарда мақала жазуыңызға әбден жетiп-артылады. Бұл тақырыптарды қомсынсаңыз, «Есенин және атаққұмарлық», «Есенин және жоғары мансаптылар», «Есенин және қала мен дала» секiлдi тақырыптарды қаузауыңызға мүмкiндiк бар. Және бұлардың бәрi Есенинiң тағдырына, сол арқылы шығармашылығына ықпал еткен күнделiктi пендешiлiк өмiрдiң көлеңкелi жақтары. Иә, ақын тағдыры оның жайма-шуақ шақтарын емес, осы күңгiрт, қалтарыста жататын сәттерiн көрсеткенде ғана өзiнiң шын сырын ашпақ.

Сосын, Вийон қарақшы, Аллан По апиыншы, Есенин жүргiш ретiнде мәлiм болып жатқанда, бiздiң Мақатаевты перiште еді дегенге кiм нанады? Шынын айту керек, өткен ХХ ғасырдан, ендi мынау тәй-тәй басқан ХХI ғасырдан да перiштелердi iздеу тек қазақ ағайынның ғана қиялына келетiн шаруа. Шындығында, өзiн-өзi алдау, жоқ нәрсеге емексу. Шiркiн, ұлы ақыннан гермофродит жасауға талпыну – табиғаттың заңына қайшы келу екенiн сезiне алсақ қой...

Мұқағали перiште емес. Оны ақынның өзi мойындаған. Егер «бар өмiрiм – өлеңдерiмде» деген ақынның сөзiне сенетiн болсақ, бiр ғана «Сол түнi» атты өлеңiнен-ақ көп жайтты аңғарар едiк:

               Ауады да тұрады аңсарым-ай!

               Әлi сен есiмдесiң, Аршалы сай.

               Сол түнi неге менi өлтiрмедiң?

               Сол түнi риза едiм алса Құдай.

 

               Сен куә, Аршалы сай,

               Сол түнi мен,

               Аққуға тұзақ салып, өлтiрiп ем.

               Сол түнi неге менi аяп қалдың?

               Жаңадан ауызданған бөлтiрiк ем.

 

               (Бөлтiрiк ем, арлан боп аяқтандым).                  

               Шырылдап сонда сенi оятқан кiм?

               Есiңде ме?

               Көз жасы...

               Жалынышты үн?..

               Сол түнi неге менi аяп қалдың?!

 

               Қара түннiң iшiнде, қара бақтың,

               Атар таң, келер күнге қарамаппын.

               Тағдырдың өзi берген махаббатты,

               Тәрк етiп, мәңгiлiкке жаралаппын...

 

               Аршалы сай!

               Неғылған көркем едiң!

               Сол түнi неге менi өртемедiң?

               Сол түннiң қияметiн есiме алсам,

               Сенен де, өзiмнен де жиiркенемiн.

Ақын сiз бен бiз сияқты бұғынып, қашқақтамайды. Ақиқатты айтады. Күнәға батқан көңiлдiң тазалыққа iңкәрлiгiн, ынтықтығын жырлайды. Өлеңге бар жан-сырын жайып салады. Жүрегiнiң бiр жақпарында бозбала кезде түсiрiп алған жарақат сызат бар екенiн ескертедi. Ал бiз болсақ, ақынның қаншалықты қарсыласқанына қарамай, одан пұт жасамақ боп әлекпiз. Мұқағалидан пұт жасауға қалған үш жүз досы келiсе қоя ма, оған бас қатырғымыз да келмейдi.

Мұқағали және музыка

Бiздiң бiлуiмiзде, Мұқағали үш жүзiнiң iшiнде әйгiлi Бетховен де бар. Ақын немiс композиторының тағдыры һәм шығармасымен жақсы, жан-жақты таныс болған. Бұл сөзiмiзде «Ильич» поэмасындағы «Аппассионата» тарауы және «Бетховен» өлеңi куә.

Соңғы өлеңдi нағыз жыр жауһары деп бағалауға болады:

            Сәнiмен емес,

            Әнiмен оған қымбатты,

            Қырық мың ғалам,

            Қырық мың түрлi үн қатты.

            Көзiмен көрмей, әлемнiң мына бояуын,

            Көңiлiмен ғана керемет сазын тыңдатты.

  

   Жетiмек бұлттар жер ауып, қайда көшедi,

   Өшедi қашан бүгiнгi және кешегi?

   Дауылдың соғар,

   Жауынның жауар шақтарын,

   Бетховен ғана дыбыстан сезген деседi.

 

   Сыйқырлы үнмен сыбырлап оған тұр ғалам,

   Ғалам да оны,

   Ғаламды ол да тыңдаған.

   Сынымен емес, сырымен Айдың сәулесi,

   Сорғалап соның саусақтарымен жырлаған.

 

   Қия алмай оны,

   Қиылып айлы түн кеттi.

   Жалауын алып, жеңiмпаз жаңа күн жеттi.

   Жым-жылас, жым-жырт, таскерең етiп Тәңiрi,

   Табиғат та оны күндеген екен, бiлмептi.

 

   Сыңғырлап үнi,

   Күмбiрлеп күйi бұрқанбай,

   Дүние тынды...

   Тiлi кесiлген мылқаудай.

   Айлы кештерден сорғалап сазды үн тамбай,

   Құлазып қалды қу тiрлiк өлi вулкандай.

 

   Не дерсiң мынау таскерең мылқау шақтарға!

   Дыбыссыз бәрi – орман да, тау да, бақтар да.

   Тек қана аспан азан сап оған естiрттi,

   Керең тiрлiктi қалдырып бара жатқанда.

 

   Күркiреп аспан,

   Ойнатты-ау дейсiң жасынды,

   Сайратты-ау дейсiң мелшиген тау мен тасыңды.

   Мылқаудың үнi, кереңнiң құлағы ашылды,

   Кешiрiм сұрап,

   Бәрi де оған бас ұрды.

Мiне, бұл өлеңде Бетховеннiң тағдыры да, шығармашылы­­ғы да бар. Бейнелеп айтқанда, бұл ақынның Бетховен рухы­ның стихиясына өлеңмен арнап жазылған симфониясы iспеттi.

Жақында телеарналардың бiрiнде «Мәңгiлiк ғашық жар» атты фильм көрсетiлдi. Фильм арқауына осы Бетховеннiң өмiрi алынған. Негiзгi өзегi – композитордың «Мәңгiлiк ғашығым» деп басталатын кiмге жазылғаны белгiсiз хатының құпиясын шешуге талпыныс. Ғажап фильм.

Ал бiз Мұқағалидың махаббат өлеңдерiнiң кiмге арнал­­ғанын шешуге тырысып көрдiк пе?

Анықтап қарасаңыз, осы өлендерден де Бетховен стихия­сының, Бетховен сөз саптасының әсерi байқалатындай.

Мiнеки, екi өлеңнен алынған екi шумақ:

               Сарғайған сағынышты басып толық,

               Бар үмiт, бар сенiмдi шашып болып,

               Өтермiн сiрә де мен бұл өмiрден,

               Мәңгiлiк қалармын мен ғашық болып.

Немесе:

               Қайтсем екен сенi ұстап қалу үшiн?!

               Сен маған шексiз дала сағымысың.

               Мен өтермiн, өтермiн, өтермiн мен,

               Мәңгiлiк сен қаласың, сағынышым!!!

Бетховен хатымен үндесiп, қауқылдасып жататын бұл үздiксiз сағыныш пен мәңгiлiк махаббаттың кейiпкерi кiм?

Бәлкiм, Бетховен жайлы фильмдегi тосын шешiм секiлдi, бұл өлеңде ақынның Лашын апамызға деген махаббаты жатқан болар?! Әлде адрес иесi басқа ма?

Бiздiңше, ақынның Бетховен тағдырын жете зерттеп, оның шығармасына ден қоюы бекер емес. Яғни, бiрi Азия, бiрi Еуропада дүниеге келген екi тұлға табиғатында бiз байқай бермейтiн әлдебiр өзара ұқсастықтың болғаны. Жiтi үңiле қарасақ, бұл ұқсастықты тiптi ақын мен композитордың сыртқы бейнелерiнен де аңғаруға болатындай.

Иә, бiздi мазалайтын бұл сауалдарға бүгiнгi көзi тiрi ақын замандастарының қайсыбiреулерi жауап бере алуы мүмкiн. Олар ертеңгi ұрпаққа ақиқатты естелiк қылып жазып қалдырар ма екен, әлде өздерiмен бiрге қараңғы көрдiң түнегiне ала ала кете ме, мәселе сонда.

Естуiмiзше, ақын дүниеден өткен күнi Алматыдағы қарт теректердiң бiрiне жай түскен деседi. Ал Бетховен дүниеден өткенде аспан толассыз шатырлапты. Осының өзi-ақ болмысы тарпаң ақын өмiрiн адуын мiнездi композитор тағдырымен жақындастыра түспей ме? 

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға