Жаңалықтар

Елімізде өрттен қаза тапқандар саны азайған

2021 жылмен салыстырғанда өрттің 2,2%-ға, қаза тапқандар саны 18,6%-ға, жарақаттанғандар саны 40,8%-ға төмендеген
Елімізде өрттен қаза тапқандар саны азайған
Фото: egemen.kz 15.11.2022 17:37 1784

Қылышын сүйретіп қыс та келе жатыр. Еліміздің тиісті қызмет орындары мен барша жергілікті әкімдіктері жылдағыдай жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастап та кетті.

Осыған орай Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе жөнінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келтірген статитикалық мәліметтер бойынша, елімізде жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліпті, оларда 249 адам қаза тауып, 212 адам әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен улануларға ұшыраған. «2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар санының 18,6%-ға, жарақаттанғандар санының 40,8%-ға төмендеуі байқалды. Тұрғын үй секторында 6 мыңға жуық өрт болды, бұл олардың жалпы санының 61%-ын құрайды. Өрт кезінде қаза тапқандар саны Алматы, Астана қалаларында, Қостанай және Ақмола облыстарында артты» деді Ю. Ильин осыған орай

Оның мәліметтеріне қарағанда, қаза тапқандардың 43%-ы, яғни 107 адам мас күйінде болған. Қаза тапқандардың 60%  жұмыссыздар мен зейнеткерлер құраған. Яғни жұмыс немесе оқу орындарындағыдай өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға  тартылмаған адамдар қаза тауып отыр.

«Биыл жылыту маусымы 1 қазаннан басталды және осы уақыттан бастап тұрғын үй секторында 835 өрт болды. Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрғын үй секторында топтық өлім мен жарақат алу фактілері тіркелген», деді ТЖМ басшысы.

Мәселен, осы жылдың 30 қыркүйегінде Ақтөбе облысында уақытша тұрғын үй құрылысында өрт салдарынан төрт адам күйік алып, ауруханаға жатқызылды. 25 қыркүйекте Жетісу облысында тұрғын үйдегі өрттің салдарынан үш адам қаза тапты, оның біреуі – бала.

ТЖМ басшысы әлемнің неғұрлым дамыған елдерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерделегендерін, өрт шығуының әлемдік статистикасын талданғандарын атап өтті. Өрт қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулер өрт кезінде адамның өлімі өрт шыққаннан кейін 5-6 минуттан кейін болатынын көрсетті. Бұл ретте елімізде өрт сөндіру бөлімшелерінің келу уақыты қалада – 10 минутты, ауылдық елді мекендерде – 20 минутты құрайды.

Қазақстанда адам өлімі әрбір 30-шы өртте тіркеледі, бұл Ресейге қарағанда 2 есе аз (18 өртте бір адам қайтыс болады) және Беларуське қарағанда 3 есе аз (12 өртте бір адам қайтыс болады). Алайда бұл көрсеткіш АҚШ-қа қарағанда 11 есе (360 өртте бір адам қайтыс болады), Ұлыбританиядан 14 есе, Франциядан 32 есе жоғары.

ТЖМ басшысының айтуынша, аталған елдердегі бұл нәтижелерге өртке қарсы қорғау саласындағы екі бағыттың бірін іске асыру арқылы қол жеткізіледі.

Біріншісі – өрт сөндірушілердің көзделген жерге 5 минут ішінде келуі. Өрт сөндіру бөлімдерінің санын 2 есеге ұлғайту қажеттілігіне байланысты Қазақстан үшін бұл көрсеткішке қол жеткізу экономикалық тұрғыдан қиындау тимек.

Екінші бағыт және біздің жағдайымызға қолайлырағы, яғни өртті ерте анықтауға, адамдарды құлақтандыруға және тиісінше олардың қауіпті аймақтардан уақытылы шығуына арналған «пассивті» халықты қорғау жүйелерін белсенді енгізу.

«Адамдардың жарақаттануы мен қаза болу фактілерін болдырмау, сондай-ақ өрттен болған нұқсанды барынша азайту мақсатында өткен жылы ТЖМ сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативтерге, биіктігі 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді өрт сигнализациясы қондырғыларымен жабдықтау, сондай-ақ барлық газдандырылған үй-жайлардың газдануын талдауыштармен жарақтандыру жөніндегі талаптардың міндеттілігі бөлігінде тиісті өзгерістер енгізілді», деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үйлерді жобалау жаңа нормативтерге сәйкес жүргізілуде.

Сондай-ақ өрттің алдын алу және жою жұмыстарына қазіргі заманғы технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде сәтті іске асырылды. Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау, Жетісу, Түркістан облыстарындағы жұмыстар әзірге цифрлық технологияларды әзірлеу және енгізу қарастыру сатысында тұр.

«Біз өрт туындаған кезде мұқтаж азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқартудың барлық ықтимал жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде мүмкіндігі шектеулі 94 172 адамның тұратын жері туралы деректер енгізілді, бұл өрт объектісінде азаматтардың неғұрлым осал санаттарының болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді», деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі талаптарын азаматтарға жеткізудің неғұрлым қолжетімді тәсілі әлі де ауқымды үгіт-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып қала береді. Мәселен биыл сәуірден тамызға дейін ТЖМ 3 республикалық ақпараттық акция орталықтандыра отырып өткізді. Қараша және желтоқсан айларына «Улы газдан сақ бол» және «Қауіпсіз Жаңа жыл» ақпараттық компаниялары жоспарланған.

Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша екпінді шаралар қабылдау мақсатында 15-30 қыркүйек аралығында ішкі істер органдарымен бірлесіп «Жатақхана» республикалық профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Биыл 10 айда ғимараттардың осы санатында 22 өрт болып, 6 адам қаза тапты.

Кең ауқымды іс-шара жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және заңсыз жұмыс істейтін жатақханаларды анықтауға бағытталған. Тұрғын үй құрылыстарын жатақханаға заңсыз қайта жоспарлаудың 38 фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін тұрғын үй инспекциялары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, сондай-ақ салық органдары хабардар етілді.

«Әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының 106 224 тұрғын үйі есепке алынды. Бүгінгі таңда ТЖМ қызметкерлері алты жүз мыңнан астам тұрғын үйді аралап шықты, оның барысында миллионнан астам азаматқа нұсқама берілді және өрт қауіпсіздігі талаптарының жүз мыңнан астам бұзушылық анықталды», деді Ю. Ильин.

Тұрмыстық газды пайдалануда сақтық қажет

Мәселенің маңыздылығына орай Төтенше жағдайлар министрі тұрмыстық газды пайдалану проблемаларына жеке тоқталды.

«2018-2022 жылдар аралығында газ баллондарының жарылыстары мен газ-ауа қоспасының жарылыстарынан 346 жағдай орын алды, 522 адам зардап шекті, оның 97-сі қайтыс болды. Оның негізгі себептері тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, түтін арналарында тартудың болмауы, қосылатын құбырлардың герметикалығы, ақаулы жабдықты пайдалану, үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдалану болып табылады», деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Газ баллондарына қызмет көрсету бәсекелестік ортаға берілген. Газ жүйелеріне қызмет көрсетуді, оның ішінде газ беруді және түтін мұржаларының жай-күйін бағалауды аккредиттелген ұйымдар ақылы негізде жүзеге асырады. Қызмет көрсететін ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту үшін оларды жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс және қауіпсіздікті бұзу фактілері туралы хабардар етуге міндеттейтін талаптарды көздеу ұсынылады. Бұдан басқа, бұл ұйымдар тәуекелдің жоғары деңгейіне жатқызылуы керек және үнемі бақылауға алынуы керек.

«Газбен жабдықтау жүйелері мен газ баллондарының істен шығуы салдарынан азаматтардың қаза болу немесе жарақат алу жағдайларын тергеу барысында тергеу органдарына қызмет көрсету сапасы мен оқиғаның себептерін бағалау қажет, мұндай практика қазірдің өзінде бар», деді Ю. Ильин.

Төтенше жағдайлар министрі өткен жылдың ақпан айында Түркістан облысында улы газдан улану салдарынан әйел мен оның төрт кәмелетке толмаған баласы қаза тапқан жағдайды мысал ретінде келтіріп өтті. Бұл факт кең қоғамдық резонанс тудырды. Түркістан облысы полиция департаментінің тергеушілері ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі бойынша «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғады. Сараптама жүргізілді. Нәтижесінде газ желілерін орнату және монтаждау құрылыс нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды, газ жабдықтарын орнату кезінде жауапты мамандар бірқатар қателіктер жіберген. Нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанында Түркістан қаласының соты екі газ компаниясының директорларын 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Төтенше жағдайлар министрінің пікірінше, сұйытылған газ нарығында газ желісі ұйымдары мен газ толтыру пункттерінің иелері бөлшек саудамен айналысуға тиіс, олар тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық жай-күйін, оларға авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі уақытта республиканың қалалары мен аудандарында жоғарыда аталған функцияларды тұрғын үй (газ-техникалық) инспекцияларына бекіту жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары аяқталды.

Алайда әкімдіктердің газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша жүргізген жұмыстары жеткіліксіз болып отыр. Мәселен елорданы қоспағанда, өңірлердің әкімдіктерінде ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктері қалыптастырылмайды. Мұның себебі – штат бірліктерінің жетіспеушілігі. Айта кетейік, бұл мәселе әртүрлі кеңестерде, соның ішінде Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды. Осы саладағы ТЖМ өкілеттіктері газ қоймаларының, газгольдер станцияларының және өнеркәсіптік тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйелерінің өртке қарсы талаптарына сәйкестігін жалпы бақылаумен шектеледі.

Төтенше жағдайлар министрі жылу, энергиямен қамтамасыз ету объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ТЖМ-ның ерекше бақылауында тұрғанын атап өтті. Биыл шілде-тамыз айлары аралығында қауіптің жоғары дәрежесіне жатқызылған 845 объектінің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 611 объектіде өрт қауіпсіздігі талаптарын 3 379 бұзушылық анықталды, 196 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, жою үшін нұсқамалар табысталды. Тексеру қорытындысы бойынша облыстардың әкімдіктері хабардар етілді.

«Көппәтерлі тұрғын үйлерден, әлеуметтік, мәдени-ойын-сауық, спорт объектілерінен, білім беру объектілерінен қауіпті техникалық құрылғылар мен кіріктірілген қазандықтарды шығару маңызды мәселе болып табылады», — деді Ю. Ильин осыған орай.

Мәселен, 2017 жылы Қарағанды облысының Шахан кентінде болған жарылыстан кейін Үкіметтің тапсырмасы бойынша ЖАО кіріктірілген қазандықтарды көппәтерлі тұрғын үйлерден шығару бойынша жұмыс жүргізді. 1 140 қазандық қауіпсіз қашықтыққа көшірілді, оның ішінде 685 – білім беру мекемесі, 105 – денсаулық сақтау мекемесі, 79 – мәдени-ойын-сауық және спорт мекемесі, 13 – әлеуметтік сала объектісі және 258 – көппәтерлі тұрғын үй.

Өкінішке орай, 90 тұрғын үй объектілері, бойынша мәселе әлі шешілген жоқ. Бұлар негізінен Жетісу және Алматы облыстарында.

Төтенше жағдайлар министрі жылу беру кезеңінде ірі төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін өңірлердің әкімдіктері ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, мынадай шараларды атқаруы керек екенін айтты:

Біріншіден, объектілердің, оның ішінде мемлекеттік және жеке тұрғын үй қорының меншік иелерімен, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау жөніндегі сервистік компаниялармен барлық жерде жұмысты қамтамасыз етуі тиіс.

Екіншіден, тұрғын үй секторында, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратын жерлерде өрттердің алдын алу бойынша шаралар кешенін қабылдауы керек.

Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп:

Әкімшілік ықпал ету шараларын қолдана отырып, тұрғын үй инспекциялары тарапынан тұрғын үй қауіпсіздігін, оның ішінде газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуде тиімді бақылауды арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек;

Газ толтыру пункттерінің иелері арасында тұрмыстық баллондарды сәйкестендіру (есепке алу) және тұрмыстық баллондарды есепке алу жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі туралы түсіндіру жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

Білім беру объектілерінен, әлеуметтік саладан және тұрғын үй объектілерінен автономды қазандықтарды шығару мәселелерін бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

Өңірлерде жағдай қалай?

Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов аталған мәселе бойынша жеке есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өңірде жылыту маусымы биыл 10 қазанда басталған.

«Барлық жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеуде, өрт қауіпсіздік шаралары сақталған. Отын-энгергетика кешендерінде жалпы 136 өрт сөндіру гидранттары бар, олар техникалық дайындыққа келтірілді», деді Н. Нұржігітов өз сөзінде.

Әкімнің айтуынша, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорындары белгіленген температуралық режимде ауытқусыз жұмыс істеуде.

Бүгінде облыстағы 371 елді мекеннің 259 немесе халық санымен алғанда 88,9%-ы табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін қосымша 11,3 мың халқы бар 17 елді мекен табиғи газға қосылады.

Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жалпы газ пайданаушы абоненттің 39 884-не немесе 18%-на арнайы газдану датчиктері орнатылды. Газ датчиктерін орнату жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі 4 қалада жалпы 2 895 өрт сөндіру гидранттары қажетті су қысымымен қамтамасыз етілген.

Өңір әкімінің айтуынша, ағымдағы жылыту маусымы барысында 60 тұрғын үйде өрт болып, нәтижесінде 2 адам зардап шекті. Өрт салдарынан қаза тапқандар жоқ.

«2022-2023 жылдардың жылыту кезеңі қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 6288 тұрғын үй есепке алынды. Осы жылы өрт қауіпсіздігі талаптарының 2981 бұзушылығы анықталып, оның 1164-і жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», деді Н. Нұржігітов.

Облыстағы екі мыңнан асатын халқы бар шалғай елді мекендерде 2025 жылға дейін 36 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланып, 15-сі пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасып, толық орындалатын болады.

Сондай-ақ әкім облыстық ТЖ департаментінің материалдық–техникалық жарақтандырылуына назар аударды. Оның айтуынша, жергілікті бюджеттен 554,2 млн теңге қаржы бөлініп, 8 техника, 121 өрт сөндіру киімі  алынды.

Жылыту маусымында өрттің шығуын алдын алу мақсатында барлық ақпараттық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. «Облыста жылыту маусымының өту барысы тұрақты бақылауда» деді Н. Нұржігітов сөзінің соңында.

Өз кезегінде, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданатын шараларға тоқталды. Оның айтуынша, аталған жұмыс аясында Өрттің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Тізімдер жасалды және халықтың әлеуметтік осал топтарын 100% аралау жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын 1 190 бұзушылық анықталды, олар толық көлемінде жойылды. Сонымен қатар күн сайын тұрғын үй секторындағы барлық аулаларды аралау жүргізіледі.

«Қазіргі кезде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін күрделі жөндеу, жылыту пештерін жөндеу, электр розеткаларын ауыстыру, түтін мұржаларын тазалау бойынша шаралар қабылданды. 3,9 мың улы газ датчигі орнатылды. Көпбалалы отбасылары мен жалғызбасты зейнеткерлер тұратын үш үйде орнатылған сигнализатордың арқасында уытты газбен уланудың алды алынды», деді А. Мұхамбетов.

Оның айтуынша, өңірлер әкімдіктері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 1,5 мыңға жуық улы газ датчигін сатып алуды және орнатуды жоспарлап отыр.

Облыстық телеарналарында және LED-экрандарында өртке қарсы тақырыптағы бейнероликтер көрсетіледі. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, ресми сайттарда 3 мыңнан астам ақпараттық материал орналастырылған. Облыс тұрғындарына 142 мыңнан астам жадынама таратылды. Тұрғын үй секторында өрттің алдын алу үшін (жергілікті бюджет қаражаты есебінен) сомасы 9 млн.теңгеге тиражы 150 мың дана үгіт материалы (жадынамалар, брошюралар) сатып алынды.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес жалпы сомасы 517 млн теңгеге 11 бірлік автокөлік құралы және 165 бірлік өрт-техникалық жабдық сатып алынды. Жыл соңына дейін 25 млн теңгеден астам сомаға 2 бірлік техника сатып алу жоспарланған», деді А. Мұхамбетов.

Өңір басшысының айтуынша, облыс бойынша барлығы 40 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, олар жалпы халық саны 67 мыңнан асатын 121 елді мекенді қорғауды қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта жоспардан тыс тағы екі өрт сөндіру бекетін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады және тұрақты бақылауда», деді А. Мұхамбетов.

Үкімет басшысының тапсырмалары

Аталған мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов жалпы республика бойынша өрт оқиғалары мен одан зардап шеккендер санының төмендегенін атап өтті. Дегенмен, Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және елордада өрт оқиғаларының саны өскен.

Оның айтуынша, көп жағдайда өртке қарапайым қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болады. «Осыған орай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу керек. Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта олардың алдын алуға өздері мүдделі болуы тиіс» деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол автономды қазандықтарды тұрғын үйлерден қауіпсіз қашықтыққа шығару мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. «Өңір әкімдері бұл жөнінде тиісті шаралар қабылдауы керек» деді Премьер-Министр.

Сөзінің соңында Әлихан Смайылов жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеуметтік объектілердің жұмысын ерекше бақылауға алуды, сұйытылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға