Жаңалықтар

Айтыскер ақындардың сахнадан тыс жерде айтқан ұтқыр әзілдері...

Әйелін айырбастағыш Шорабек ақын     Ұлы Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыста тараздық Шорабек Айдаров талдықорғандық Ханша Райысовамен айтысады. Қисық сөйлемесе қыбы қанбайтын Шорабек салған жерден: Ағайын, алдарыңда ойын бастаймын, Қызықпен Жамбыл бабамның тойын бастаймын. Үйімде қырықтағы әйелім бар, Жиырмадағы екі қызға айырбастаймын, – әйелін жарнамалай бастайды. Ханша болса: Айғайлап ел алдында не көрінді, Жүргендей әйеліңнен құтыла алмай, – дегенге саятын жауап беріп, Шөкеңді тоқтатпақ болады. Оған жауабы дайын Шорабек: Жүргем жоқ әйелімді өткізе алмай, Ол да кемпір болады көпке ұзамай. Әдейі екі қызға теңеп тұрмын, Жүрген соң жақсылығын жеткізе алмай, – деп құтылып кетіпті. Жүрсін Ерманға екі қазан       Белгілі ақын, айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман бір топ айтыс ақындарын бастап ел аралап жүреді. Жолай аяқ суытып алайық деп бір қонақжай үйге түседі. Шақырып келтіре алмайтын сыйлы қонақтар үйіне сау ете қалғанға есі шыққан үй иесі не істерін білмей біраз әбігерге түсіпті. Сасқанынан төрде отырған Жүрсінге қарап: «Жүке, сіз сияқты елге қадірлі азамат біздің шаңыраққа күнде келе бермейді. Өзіңіз көмектесіп жібермесеңіз қалай жасарымды білмей қиналып тұрмын. Ет асқан дұрыс па, әлде қуырдақ қуыртайын ба, қалай қарайсыз?», – депті. Сонда Жүкең: «Не, үйлеріңде қазан біреу-ақ па еді?», – деген екен. Балғынбек Имашев: «Қанағаттан» тамақ ішемін        Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Алматыға айтысқа барған сайын қонақүйге жақын болғандықтан «Қанағат» деген кафеден түскі тамақ ішіп жүреді екен. Бір күні қасына бір топ жас ақын шәкірттерін ертіп тағы да «Қанағатқа» барады. Көпшілік көрермен арасында кескін-келбетімен, әдемі әзілімен танымал болған Балғынбекті айтысты түсінбейтін былайғы жұртшылық көгілдір экранды аударып отырып байқап қалса да, түрін есінде сақтап қалып жатады. «Қанағатта» жұмыс істейтін сондай орыс тілді даяшылардың бірі Балғынбекке жақындап: «Мен сізді бір жерден көрген сияқтымын», – десе керек. Балғынбек қашанғы саспайтын қалпымен: «Әрине, көресің, мен күнде түсте осы «Қанағаттан» тамақ ішіп тұрамын ғой», – деген екен. Ақ қойға арнау айту        Кеңес үкіметінің іргесі ыдырамай тұрғанда ел аралап жүрген айтыс ақындарын  бір совхоздың  директоры қой қырқу науқанын көріп кетуге шақырады. Ақындардың арасында айтыста әзіл айтпаса айызы қанбайтын Шорабек Айдаров та болады. Шорабектің айтыстарынан хабары бар совхоз директоры: «Шөке, сізді әзілқой ақын ретінде білеміз. Біздің қойларға арнап бір ауыз әзіл өлең айтып кетпейсіз бе?», – деп қолқа салады. Шөкең: «Кәне, қай қойға өлең арнайын», – дейді. Директор: «Мәселен, мына жаңа ғана жүні қырқылған ақ қойға арнап көріңізші», – дейді қызық көріп. Домбырасын қолына алған Шорабек: Сөйлейін айт дегенде көсілгендей, Көсілгендей шабытым шешілгендей. Ақ қойдың жүнін қырқып жібергенде, Болмай ма орыс әйел шешінгендей, – депті. Жұрт қыран-топан күлкіге қарық болады. Шөкеңнің тосын тапқырлығына риза болған совхоз директоры: «Жарайды, енді мына қырқылған қара қойға да бір ауыз айтыңызшы», – дейді күлкісін тыя алмай. Арқаланып алған Шорабек тағы да домбырасын қағып-қағып жіберіп: Сөйлейін айт дегенде көсілгендей, Көсілгендей шабытым шешілгендей. Қара қойдың жүнін қырқып жібергенде, Болмай ма негр әйел шешінгендей, –  деген екен.   Әмиянды қайтарыңдар, жігіттер  Астаналық Аманжол Әлтаев Арқа сал-серілерінің дәстүрімен айтысатын ақындардың бірегейі. Сол Аманжол студент кезінде ел қатарлы жатақханада тұрып, бес жылдық  қызықты кезеңнің қайнаған ортасында болады. Бір күні көрші жатақханадағы танысына барып қайтпақ болған Аманжолды бір топ еңгезердей жігіттер қоршап алып қалтасындағы ақша салынған әмиянын тартып алады. Енді сәл күтсе ақшадан айырылатынын сезген Аманжол: Дүниеде кездескенмен бүліктер, Өшпейді екен кеудедегі үміттер. Бір қазақты тонамаған бір қазақ, Әмиянды қайтарыңдар жігіттер, – депті. Табан астында айтылған өлеңге таңданған жігіттер әмиянды қайтарып беріпті. Сөйтсе, олар тонаушылар емес, қарыны ашқан дене шынықтыру факультетінің спортшы студенттері екен. Дереккөзі: http://aynaline.kz
02.10.2013 08:29 7532

Әйелін айырбастағыш Шорабек ақын

    Ұлы Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыста тараздық Шорабек Айдаров талдықорғандық Ханша Райысовамен айтысады. Қисық сөйлемесе қыбы қанбайтын Шорабек салған жерден:

Ағайын, алдарыңда ойын бастаймын,

Қызықпен Жамбыл бабамның тойын бастаймын.

Үйімде қырықтағы әйелім бар,

Жиырмадағы екі қызға айырбастаймын, –

әйелін жарнамалай бастайды. Ханша болса:

Айғайлап ел алдында не көрінді,

Жүргендей әйеліңнен құтыла алмай, –

дегенге саятын жауап беріп, Шөкеңді тоқтатпақ болады. Оған жауабы дайын Шорабек:

Жүргем жоқ әйелімді өткізе алмай,

Ол да кемпір болады көпке ұзамай.

Әдейі екі қызға теңеп тұрмын,

Жүрген соң жақсылығын жеткізе алмай, –

деп құтылып кетіпті.

Жүрсін Ерманға екі қазан

      Белгілі ақын, айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман бір топ айтыс ақындарын бастап ел аралап жүреді. Жолай аяқ суытып алайық деп бір қонақжай үйге түседі. Шақырып келтіре алмайтын сыйлы қонақтар үйіне сау ете қалғанға есі шыққан үй иесі не істерін білмей біраз әбігерге түсіпті. Сасқанынан төрде отырған Жүрсінге қарап: «Жүке, сіз сияқты елге қадірлі азамат біздің шаңыраққа күнде келе бермейді. Өзіңіз көмектесіп жібермесеңіз қалай жасарымды білмей қиналып тұрмын. Ет асқан дұрыс па, әлде қуырдақ қуыртайын ба, қалай қарайсыз?», – депті. Сонда Жүкең: «Не, үйлеріңде қазан біреу-ақ па еді?», – деген екен.

Балғынбек Имашев: «Қанағаттан» тамақ ішемін

       Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Алматыға айтысқа барған сайын қонақүйге жақын болғандықтан «Қанағат» деген кафеден түскі тамақ ішіп жүреді екен. Бір күні қасына бір топ жас ақын шәкірттерін ертіп тағы да «Қанағатқа» барады. Көпшілік көрермен арасында кескін-келбетімен, әдемі әзілімен танымал болған Балғынбекті айтысты түсінбейтін былайғы жұртшылық көгілдір экранды аударып отырып байқап қалса да, түрін есінде сақтап қалып жатады. «Қанағатта» жұмыс істейтін сондай орыс тілді даяшылардың бірі Балғынбекке жақындап: «Мен сізді бір жерден көрген сияқтымын», – десе керек. Балғынбек қашанғы саспайтын қалпымен: «Әрине, көресің, мен күнде түсте осы «Қанағаттан» тамақ ішіп тұрамын ғой», – деген екен.

Ақ қойға арнау айту

       Кеңес үкіметінің іргесі ыдырамай тұрғанда ел аралап жүрген айтыс ақындарын  бір совхоздың  директоры қой қырқу науқанын көріп кетуге шақырады. Ақындардың арасында айтыста әзіл айтпаса айызы қанбайтын Шорабек Айдаров та болады. Шорабектің айтыстарынан хабары бар совхоз директоры: «Шөке, сізді әзілқой ақын ретінде білеміз. Біздің қойларға арнап бір ауыз әзіл өлең айтып кетпейсіз бе?», – деп қолқа салады. Шөкең: «Кәне, қай қойға өлең арнайын», – дейді. Директор: «Мәселен, мына жаңа ғана жүні қырқылған ақ қойға арнап көріңізші», – дейді қызық көріп. Домбырасын қолына алған Шорабек:

Сөйлейін айт дегенде көсілгендей,

Көсілгендей шабытым шешілгендей.

Ақ қойдың жүнін қырқып жібергенде,

Болмай ма орыс әйел шешінгендей, – депті. Жұрт қыран-топан күлкіге қарық болады. Шөкеңнің тосын тапқырлығына риза болған совхоз директоры: «Жарайды, енді мына қырқылған қара қойға да бір ауыз айтыңызшы», – дейді күлкісін тыя алмай. Арқаланып алған Шорабек тағы да домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Сөйлейін айт дегенде көсілгендей,

Көсілгендей шабытым шешілгендей.

Қара қойдың жүнін қырқып жібергенде,

Болмай ма негр әйел шешінгендей, –  деген екен.

 

Әмиянды қайтарыңдар, жігіттер

 Астаналық Аманжол Әлтаев Арқа сал-серілерінің дәстүрімен айтысатын ақындардың бірегейі. Сол Аманжол студент кезінде ел қатарлы жатақханада тұрып, бес жылдық  қызықты кезеңнің қайнаған ортасында болады. Бір күні көрші жатақханадағы танысына барып қайтпақ болған Аманжолды бір топ еңгезердей жігіттер қоршап алып қалтасындағы ақша салынған әмиянын тартып алады. Енді сәл күтсе ақшадан айырылатынын сезген Аманжол:

Дүниеде кездескенмен бүліктер,

Өшпейді екен кеудедегі үміттер.

Бір қазақты тонамаған бір қазақ,

Әмиянды қайтарыңдар жігіттер, –

депті. Табан астында айтылған өлеңге таңданған жігіттер әмиянды қайтарып беріпті. Сөйтсе, олар тонаушылар емес, қарыны ашқан дене шынықтыру факультетінің спортшы студенттері екен.

Дереккөзі: http://aynaline.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға