Жаңалықтар

Қазақ шәмшілерінің арық шығаруда қолданған тәсілдері

Өзен табанындағы тастарды қалап, ағаштардың бұтақтарынан қиюластыра жасалынған тоған көзінен арық жүргізуде жануарлардың табиғи түйсігін пайдаланған.
27.08.2014 05:00 5725

Өзен табанындағы тастарды қалап, ағаштардың бұтақтарынан қиюластыра жасалынған тоған көзінен арық жүргізуде жануарлардың табиғи түйсігін пайдаланған. Ауыр жүк артқан есекті тоған басынан арық аяқталар жерге дейін айдаған. Физикалық тепе-теңдікті сақтай алатын жануардың қия-беткейді қуа отырып, жүріп өткен ізімен арық қазған.

Қазақ шәмшілерінің арық шығаруда қолданған тәсілдеріАрықтың қазылуы былайша жүрген. Өзеннен тоған жасап бұрған суды ағысымен жіберген. Су белгілі бір жерде тоқтағанда сол су жүрген жерді қазған. Содан соң су қайта жіберіледі. Арық суға толған соң, алдыңғы жағынан қазып жіберіп, одан әрі жылжытқан. Бұл – сол кезде-ақ қазақ шәмшілерінің арық шығарудағы қолданған көп тәсілдерінің бірі. Бұдан біз қазақтардың орыстар келгенге дейін-ақ ирригация мәселесінде үлкен тәжірибесі болғанын байқаймыз. XIX ғ.-дың алғашқы жартысында Алатаудың бауыры Ақсу мен Балдыбірек өзендерінің екі жағы Ұлы жүз Сиқым руының жайлауы болған. Елдегі билік иесі Қасымбек датқадан қырғыз елінен көшіп келген Кәрі Байтүгенұлы бастаған қырғыздар малына жайлау, егістікке жер сұрайды. Датқа олардың тілегін қанағаттандырып, жайлау үшін Қарашаның күнгей бетін (қазір Кәрінің атымен Кәріжон дейді) егін салуына деп Жетімбота тоғайын береді. Қырғыздар жаңа қоныстарына арық шығарып егін салған. арық қазу қос Балдыбірек өзенінің түйіскен жерінен басталып, жүргізілген. Жергілікті қарттардың айтуынша, Кәрі Қоқан ханына барып, рұқсат қағазға мөр бастырып, сол жерді заңдастырған екен. Мұндай «Хан жарлықтары» бар қазақтардың жерге, суға ие болуы практикасы XIX ғ.-дың аяқ кезінде Түркістан маңы мен Әулиеата уезінде орын алған. Орыс деректері бойынша, қазақ арасында арықты қазған адам соның мұрагері болды. Кейін арық қауымдық меншікке өткен.

Арыққа су жіберу – арық қазу және олардың бойын тазалау жұмыстары аяқталған соң өткізілетін ғұрыптық шаралар. арық қазу, тазалау, жұмыстары аяқталған кезде дәстүр бойынша әртүрлі ғұрыптық, салттық шаралар орындалып отырған. арыққа су жіберер кезде аруаққа сиынып, құрбандық шалған. Осындай ғұрыптық салттың бір көрінісі ретінде ел аузында сақталған мынандай жолдар бар:

Сайрамсудан қазғанда біз арықты,

Кетпен-күрек майланып, жүз қарыпты.

Су атасы Сүлеймен, құт берген,

Төле баба диқандықты ізге сапты.

Басында орын алған Төле баба аруағына сиыну жоралғысы, кейінгі кезде жергілікті жерде қара өлеңге айнала бастаған секілді. Өзен-көлдерден су жіберер алдында, қауым бірігіп өгіз сатып алып, оны ертедегі дәстүр- ғұрып бойынша арналармен арықтарға қарата бауыздаған. Малды су үстіне бауыздап, «Біссіміллә, Аллаһу акбар! Жаның көп үшін құдайы!» деген. Құрбандық малының қанын ыдысқа ағызбастан, құрғақ жерге сіңгізбестен бірден суға ағызған. Қазаннан етті кетпенмен алып жеген соң, Жаратқаннан мол түсім тілегеннен кейін жеребе тартып, су кезегін анықтап, бас арыққа су жіберген. Кейде құрбандық етінен палау дайындап немесе етке тары немесе күріш салып әлім ботқа дайындаған.

Әдеб.: Кармышева Дж. Земледельческая обрядность у казахов // Древние обряды верования и культы народов Средней Азии. М.: Нау- ка, 1986; Чермак Л. Оседлые киргизы-земледьльцы на р.Чу // ЗЗСОИР- ГО. Книжка ХХVІІ. Омск, 1900; Дитков арық Киргизские нужды // ТС. Том 456. Ташкент, 1908; Мякутин арықИ. Юридический быть киргизов. Оренбург, 1910; Александров Н.Н. Земледелие в Сыр-Дарьинской области. Описание приемов земледелия преимущественно Ташкент- ского хлопкового и сухоземледельческого района. Часть 1. Общие приемы земледелия // Туркестанское сельское хозяйство за 1916-18 гг.; Нақысбеков О. Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байла- нысты қолданылып жүрген сөздер жайында // Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 1965; Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғылыми жетекшісі Әлімбай Нұрсан. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға