Қазақстан мен Әзірбайжан достастығы: Әзірбайжан Тәуелсіздігіне – 27 жыл

18.10.2018 580

18 қазанда Әзірбайжан Республикасында мемлекеттік мереке – Әзірбайжанның Тәуелсіздік күні аталып өтеді.

1991 жылдың 30 тамызында Әзірбайжан Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қайтару туралы Декларация қабылданды.

Осы сәттен бастап Әзірбайжан мемлекеттік дербестікке ие болып, 18 қазанда ұлттық Тәуелсіздік күнін атап өту бекітілді.

Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнығып, 2004 жылы Әзірбайжанның Қазақстандағы Елшілігі ашылды.

Қазақстан мен Әзірбайжан арасында сындарлы саяси ынтымақтастық құрылып, екі елдің қарым-қатынасы мүдделеріне сәйкес халықаралық саясатқа сай келетін ұстанымдарының бірегейлігімен сипатқа ие.

2004 жылы екі елдің Президенті Қазақстанда кездесу өткізіп, 70-тен астам негізгі құжаттарға қол қойған болатын. Бұл екіжақты дамуға серпін берді.

Сонымен қатар екі елдің арасындағы мәдениет ынтымақтастығы жоғары деңгейде өрбіп келеді.

2011 жылы Баку мемлекеттік Университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығы ашылды.

Сонымен бірге екіжақты мәдениет, ғылым, туризм саласындағы ұзақ мерзімді бағдарламалар талқыланып, тұрақты негізде екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен көрмелер, өнер майталмандарының концерті, халықаралық ғылыми симпозиумдар өтіп тұрады.

Қазақстанда 108 030 әзірбайжан ұлты тұрады. Басым көпшілігі Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында өмір сүреді.

1992 жылы Қазақстанда тұңғыш әзірбайжан этносының «Тұран» мәдениет орталығы құрылған болатын. 2000 жылы «Озан» Алматы қаласының әзірбайжан қауымдастығы, «Ташкент әзірбайжан мәдени орталығы» және «Бішкек әзірбайжан мәдени орталығы» жалпы жиналысының шешімімен «Тұран» ӘМО Әзірбайжан конгресі болып ауыстырылды. Қазақстан бойынша 14 облыста этномәдени орталықтар жұмыс істеп отыр.

Қазіргі уақытта Конгресс төрағасы — Абилфас Хамедов.

Конгресс Қазақстан Республикасында этникааралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің қоғамдық және мәдени өміріне үлес қосып отыр.

Конгресс негізінде әзірбайжан тілінде «Ватан» газеті шығарылып тұрады. Мемлекеттік тіл мен әзірбайжан тілін үйрететін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, музыка және би үйрену курстары жұмыс істейді.

Рита Асланованың жетекшілігімен «Бахар» бишілер ансамбілі, ұлттық-аспап және фольклорлық ансамблі құрылған. Алматы қаласы, Алматы және Павлодар облысында жексенбілік мектептері ашылып, онда әзірбайжан ұлтының рухани құндылығы дәріптелуде.

Жыл сайын республикалық деңгейде «Жас талантты қолдайық» конкурсы, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» мемлекеттік тіл байқауы, қайырымдылық акциялар өткізіліп тұрады. Ассамблеяның барлық жобаларын жүзеге асыруға ат салысады. 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

Ұқсас материалдар