Жаңалықтар

Қайсысы тиімдірек: депозит пе, жылжымайтын мүлік пе?

Қайсысы тиімдірек: депозит пе, жылжымайтын мүлік пе?
Фото: © Pixabay.com 15.03.2024 13:07 705

Кез келген адамның бизнес бастауға батылы жете бермейді, сондықтан бұған дейін қалтасында артық ақшасы бар адамдар пәтер алып қойып, оны жалға беретін. Кейбірі құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерге инвестиция салып, ол аяқталған соң үстінен ақша қосып сатып жатады. Енді бірі тапқан-таянғанын банктерде сақтайды. Бірақ бүгінгідей баға тұрақсыз кезеңде ақшаның басын қалай құраған жөн? Қайсысы тиімдірек: депозит пе, баспана сатып алу ма? Осы сауалдарға krisha.kz мамандары жауап іздеп көрген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшылар есептеу оңай болуы үшін былтырғы көрсеткіштерді алған, яғни онда бір жыл ішінде пәтер құнының өзгеруі, орташа жалдау ақысы, бір жылдағы инфляция деңгейі және т.б. ескерілген.

Мамандар салыстыру үшін шамамен екі бөлмелі пәтер құнына тең 25 млн теңгені алған. 

Ақшаны депозитте сақтау тиімді ме

Қазақстандағы банктерде ұлттық валютадағы депозит бойынша орташа мөлшерлеме жылына 14% құрайды. Былтыр қаңтарда депозитке 25 миллион теңге салсаңыз, бір жылдан кейін сыйақы 3 500 000 теңгені құрайтын еді.

Бұл соманы долларға айырбастағанда (қаңтарда орташа бағам 453 теңге болды), 55.2 мың доллар болатын еді. Бір жылда 1% сыйақы мөлшерлемесі бар депозиттен (Қазақстандағы банктерде шетел валютасы бойынша депозиттің ең жоғары мөлшерлемесі) 551 доллар аласыз.

Биыл қаңтардың басында доллар 456 теңге болды. Бір жылда доллардағы депозиттің пайдасы 250 000 теңгені құрайтын еді.

Валюталық депозит ашқанда бағаның теңгеге қатысты өсу мүмкіндігі бар.

Доллар көтерілсе, табыс та көп болар еді. Дегенмен былтыр ұлттық валюта өзін тұрақты көрсетті, жыл басында және аяғында айырбастау бағамы бірдей болды.

Депозиттің қандай қаупі бар

Теңгедегі депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жоғары болғанына қарамастан, былтыр инфляция 10% болғанын ескерген жөн.

Банк жабылып қалса не болады

Депозиттің тағы бір қаупі бар — банктің банкротқа ұшырауы, дәлірек айтқанда, лицензиядан айырылып қалуы. Мұндай жағдайда депозиттегі ақша күйіп кетеді. Бірақ...

Қазақстанда депозитке мiндеттi кепiлдiк беру туралы заң бар. Сондықтан депозит ашу үшін банк таңдаған кезде оның депозитке кепілдік беру қорымен келісімшарт жасағанына көз жеткізу керек. Бұл депозит сақтандырылғанын білдіреді.

Солай болғанның өзінде қор тек соманың белгілі бір бөлігін қайтарады:

Жинақ салым және ұлттық валютадағы депозит — 20 млн теңгеге дейін.

Ұлттық валютадағы қалған барлық депозит — 10 млн теңгеге дейін.

Шетел валютасындағы депозит — банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбастау бағамы бойынша 5 миллион теңгеге дейін.

Депозитте үлкен сома сақтайтын болсаңыз, әртүрлі банкте бірнеше депозит ашқан дұрыс. Депозиттегі сома банк жабылған жағдайда қайтарылатын кепіл сомадан аспауы керек.

Бірнеше банктен депозит ашылса, салымдарға кепілдікті өтемнің ең жоғары мөлшері шегінде әрқайсысына жеке кепілдік беріледі.

Депозитке міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын банктердің тізімін қордың www.kdif.kz сайтынан көруге болады.

Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу: артықшылықтары мен кемшіліктері

25 млн теңгеге үй сатып алсаңыз, қанша пайда көресіз?

Былтыр қаңтарда 25 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер алуға болатын еді, мысалы, Астананың сол жағалауындағы эконом кластағы жаңа құрылыс. Жөндеу жұмыстарын жасаудың қажеті жоқ.

Пәтерді сатып алғаннан кейін бізде екі жол бар: пәтерге ақша салмай, оны бір жылдан кейін сатып жіберу немесе жиһазға ақша жұмсап, жалға беру.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бір жылда (2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қаңтарына дейін) елордада жаңа құрылыстағы пәтерлер орташа есеппен 1.7%-ға қымбаттады.

Осылайша 25 млн теңге үстіне 425 мың теңге қосылды. Пәтерді бір жылдан кейін жарты миллион теңгеге қымбатырақ сатуға болатын еді.

Ескеретін жайт, 10% мөлшерінде салық төлегіңіз келмесе, пәтерді бір жылдан кейін сату тиімді.

Барлық шығынды ескерсек:

  • нотариуста мәмілені тіркеу — 12 АЕК, немесе 41 400 теңге (2023 жылы 1 АЕК — 3 450 теңге болды), жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу — 1 073 теңге;
  • мүлік салығы — шамамен 2 000 теңге;
  • коммуналдық қызмет ақысы аз болады, өйткені пәтер бос тұр. Яғни, тек жылу, қызмет көрсету шығындарын және тағы бірнеше қызмет үшін төлеу керек. Орта есеппен жылына шамамен 100 000 теңге (пәтердің ауданына, есептегіш құралдардың болуына, қызмет көрсететін компанияның тарифіне және т.б. байланысты).

Жалпы шығын шамамен 145 мың теңгені құрайды. Пәтердің құны өсуіне байланысты тапқан табыстан алып тастайтын болсақ, 280 000 теңге қалады.

Маңызды жайт:
сарапшылар үй сатып, пайдаға кенелу үшін (жалға бермей) құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешенінен пәтер таңдауға кеңес береді. Әдетте пайдалануға берілмей тұрып кем дегенде 30% арзан болады.

Бір жылдан кейін пәтерді қымбат сатуға мүмкіндік бар.

Құрылыс салушының барлық қажет құжаты болуы маңызды, әйтпесе алданып қалу және ақшадан айырылып қалу қаупі жоғары.

Жалға беру

Екінші жол — пәтерді жалға беру.

Былтыр қаңтарда Астанада 2 бөлмелі пәтердің орташа құны айына 200 000 теңгені құрады.

Жалға беру бағасы өзгермейді деген шартпен қаңтарда жалға бердік делік.

Бір жылға жалға бергендегі пайда — 2 400 000 теңге (200 000 тг х 12 ай). Коммуналдық қызмет ақысын жалға алушы төлейді.

Иесінің шығыны:

  • жылжымайтын мүлікті рәсімдеу — шамамен 44 мың теңге;
  • жиһаз бен техника — орта есеппен 2 млн теңге;
  • мүлік салығы — шамамен 2 000 теңге.

Жалға беру салығы:

  • жеке кәсіпкер болып, патент бойынша төлейтін болсаңыз — 1%: 24 000 теңге және әлеуметтік аударымдар — 2023 жылы кем дегенде жылына 172 000 теңге;
  • жеке кәсіпкер болмай: 2023 жылы Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) әлі де болған еді. Салық 1 АЕК (3450 теңге) болды.

Биыл 1 қаңтардан бастап БЖТ жарамсыз болып қалды, енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, пайданың 10%-ын, яғни 240 000 теңге беруге тура келеді.

Барлығы: бір жылда таза пайда — 158 000 теңге (жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1 % салық төлеген жағдайда).

Пәтерді бір жылдан кейін сатсаңыз, бұған тағы 500 мың теңге қосылады.

Бұл пәтерге қажет заттар сатып алғандағы сома. Жиһазы барын сатып алсаңыз немесе бос тұрғанын жалға берсеңіз, табыс 2 миллион теңгеге көбірек болады.

Кейінгі жылдары табыс өседі, өйткені пәтерге кететін шығын аз болады.

Пәтерді жалға берудің пайдасы оның орналасқан қаласы мен ауданына тікелей байланысты. Мысалы, Алматыда жалға бергеннен түсетін табыс Астана, Орал немесе Ақтөбеге қарағанда жоғары.

Депозит немесе пәтер: қайсысы тиімді?

Депозит — жиналған ақшаны сақтаудың және көбейтудің ең оңай жолы. Ұлттық валютада мөлшерлеме жоғары. Сома үлкен болса, әртүрлі банкте бірнеше депозит ашқан жөн.

Депозит қысқа мерзімді (1-3 жыл) инвестиция үшін жарамды.

Ұзақ мерзімді инвестиция — жылжымайтын мүлік сатып алу.

Бұл жағдайда шаруа көп:

  • қайта сатуға немесе жалға беруге болатын тиімді пәтер табу;
  • коммуналдық қызмет ақысын, салық төлеу;
  • пәтердің жағдайын қадағалау, жалға алушылар, сатып алушылар іздеу.

Жылжымайтын мүлікке ақша салғаннан кейін нарықтағы бағаның төмендеу қаупі бар. Өсуі де мүмкін. Статистика Қазақстанда екінші нұсқа тиімдірек екенін көрсетіп тұр, себебі пәтер бағасы жылдан-жылға өсіп келеді.

Әр нұсқаның артықшылығы мен кемшілігі және қаупі бар. Ақша салмастан бұрын мұның бәрін ескеру керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға