Жаңалықтар

Онкология жыл өткен сайын жасарып барады

Онкология жыл өткен сайын жасарып барады
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 18.06.2023 14:32 2675

18 маусым медициналық қызметкерлер күніне орай Ұлттық ғылыми онкология орталығының Абдоминалды хирургия секторының аға дәрігері, онколог-хирург Алтай Керімқұловпен онкологиялық хирургия саласының қиындығы мен қызығы туралы әңгімелестік.

– Алтай Қуанышбекұлы, жаңа ғана ота үстелінен шықтыңыз. Қандай операция жасадыңыз? Операция қалай өтті?

– Асқазан онкологиясына шалдыққан науқасқа ота жасадық. Ота сәтті өтті деуге болады. Ісік асқазанын ғана зақымдаған екен. Басқа органдарға әсерін тигізбеген. Сондықтан бастапқы стадиясы деген болжам жасап отырмын. Бірақ әлі де дәрігерлермен бірге анализ қорытындылары, ісіктің снимоктары талданады. Содан кейін ғана қай стадия екенін анықтаймыз.

Қазір күрделі операциялар жасап жүрсіз ғой. Ота кейде ұзаққа созылатын кездер де болады. Өлім мен өмірдің арасында арпалысып ота жасау жүйкеге салмақ түсіреді. Ауыр емес пе? Осы саланы тастап кету ойыңызда болмады ма?

Соңғы 10 жылда онкологияға шалдыққан науқастарға операция жасаймын. Онкологиялық ауруға шалдыққан науқасқа операция жасау өте күрделі процесс. Адам организміндегі үлкен бір органды алып тастаймыз. Егер кейінгі стадиялары болса, қасында тұрған органдарды алып тастаймыз. Реконструкция жасаймыз. Онколог-хирург мамандығы – өте ауыр мамандық. Алдыңа келген науқастың операциядан кейін аяққа тұрып, үйіне қайтқанын қалаймыз. Бірақ бәрі бірдей онколог-хиругқа байланысты емес. Науқастың жауапкершілігіне де байланысты. Әбден асқынып кеткен, көп органдарын зақымдаған болса, операция сәтті өтсе де, науқасты құтқару қиын болады. Сондай кездерде онколог-хирург үшін ауыр соғады. Бірақ қандай жағдай болса да ешқашан мамандығымды тастап кетуді ойламадым. Мамандығымды дұрыс таңдамадым деп өкінген емеспін. Науқастарда әртүрлі асқынулар болуы мүмкін. Ол асқынулар хирургтың операцияны дұрыс жасамағынан емес, науқастың ауруының асқынып кеткенінен болып жатады. Әрине науқасты уайымдаймыз. Бірақ бекер осы мамандықты таңдадым деп ойлаған емеспін.

Кез келген мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қуанышы болады ғой. Өзіңіздің мамандығыңыздың өзіне мән қиындығы мен қуанышы неде? Мысалы кейбір науқастар өлім мен өмірдің арасында болып, жанын аман алып қалған кездер болды ма? Осы дәрігерлік карьераңызда есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?

– Әрине, ондай оқиғаларды айта берсе, өте көп. Бір аяғы ауыр келіншекпен бірге өмір үшін күрескеніміз есімде қалыпты. Онда асқынулар өте көп болды. Жеті ай бойы бірнеше операция жасадық. Аш ішегі тесілген, ішкі органдары зақымданған. Ол қызда онкологиялық ауру емес, жалпы хирургиялық аурумен түсті. Соңында өз аяғымен жазылып, үйіне қайтты. Кейін сәбиін аман-есен босанған екен. Ал енді онкология бойынша жасаған операцияларымның ішінде ең қатты есте қалғаны – салмағы 20 кг болатын ісікті алғаным. Адамдар ішінде 20 кг ісік өсіп жатса да еш алаңсыз жүре береді. Олар жай ғана салмақ қосып жатырмын деп ойлайды.

Онкология жыл өткен сайын жасарып барады

18 жылдан астам уақыт бойы хирург-онколог болып қызмет етіп келе жатырсыз. Хирург-онколог болуды бала кезден бері армандадыңыз ба?

– Жалпы дәрігер болам деп бала кезден бері армандадым. 5-сыныптан бастап хирург дәрігер болам деп армандадым. Осы Астана қаласындағы Медициналық университетте дәрігерлік білім алып, екі жыл ординатурада білімімді жетілдірдім. Алғашқы еңбек жолымды №1 қалалық ауруханада бастадым. 2009 жылдан бастап Ұлттық ғылыми онкология орталығында қызмет етіп келемін. 2014-2015 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен Америка Құрама Штататтарында тағылымдамадан өттім. Сол жерде «Хирургиялық онкология» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтіп, шеберлігімді шыңдадым. Көпсалалы хирургия бөлімшесінде қызмет етемін.

Онкология жыл өткен сайын жасарып барады

Онкологиялық аурулардың статистикасына тоқталайықшы. Саны артып бара жатыр ма? Кейбір онколог мамандар онкологияның жасарып бара жатқанын айтады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Онкологиялық ауруға шалдығушылар саны көбейіп жатыр немесе азайып жатыр деп айта алмаймын. Өйткені статистикасына қарасақ, жалпы саны бірқалыпты. Бірақ ішінде кейбір организмдердің онкологиясы көбейіп, кейбіреулері азайған. Ал онкология жасарып бара жатыр дегенге келетін болсақ, жастар арасында таралуына жастардың салауатты өмір салтын сақтамауы себеп. Қазір дұрыс тамақтанбау, стресстік жағдайлар да көп. Бір орында отырып жұмыс істеу, ішімдік, темекіге әуестік сияқты факторлар әсер етеді. Тағы біреуі – экология. Қоршаған ортадағы зиянды заттар ағзаға әсер етеді.

Менің байқағаным, статистикасын қараған кезде Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда онкологиялық аурулар көп тіркеледі екен. Онкологиялық дертке шалдығуға географиялық жағдайдың әсері бар ма?

– Шығыс Қазақстанда бұл ядролық қаруға байланысты. Семейде кезінде ядролық қару болды. Экологиялық жағдайы мәз емес. Ал солтүстік өңірлерде көптеген кейбір ғалымдар күннің суықтығымен байланыстырады. Күннің көзін көрмегендіктен ағзаға кейбір витаминдер жетіспей, соның әсерінен болады. Қыс ұзақтау болуының да әсері бар. Сонымен қатар етті көп тұтыну да онкологияға алып келеді деген көзқарастағы ғалымдар да бар.  

Жалпы өмір сүру салты онкологиялық аурулардың пайда болуына, асқынып кетуіне әсер ете ме?

– Ол ең басты фактор деп айтуға болады. Өмір сүру салтын жақсартуға ұмтылу керек. Бір орында отыра бермей, спортпен айналысу керек. Пайдалы тағамдар жеу керек. Жаман әдеттерден аулақ болған жөн. Дұрыс ұйқы да маңызды. Уақытысында ұйықтап, уақытысында тұру керек. 3-4 сағат ұйықтап жүре беретін адамдар бар. Олар өздері шаршамай жүрмін деп ойлағанымен организм шаршайды. Организм стрессте болады. Стерсс салдарынан зиянды клеткалар өсе бастайды. Осы нәрселерден аулақ болу керек. Осылай онкологиялық аурулар ықтималдығын төмендетуге болады.

Онкология жыл өткен сайын жасарып барады

Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға