Жаңалықтар

Іле Алатауының кереметтері

Шоқтығы биік мұнаралы сүйір-сүйір шыңдары мүлгіп жатқан – Іле Алатауы. Бұл жыл он екі ай бойы ақ мамық қарымен көздің жауын алатын Тянь-Шань тау жоталарының солтүстік сілемі.
Іле Алатауының кереметтері
11.10.2022 18:11 11669

 

 

El.kz порталының оқырмандарын еліміздегі ерекше қорғалатын ұлттық парктер жайлы ақпараттық-танымдық шолуды ұсынатын боламыз. Бүгін «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жайлы сөз қозғамақпыз.

Шоқтығы биік мұнаралы сүйір-сүйір шыңдары мүлгіп жатқан – Іле Алатауы. Бұл жыл он екі ай бойы ақ мамық қарымен көздің жауын алатын Тянь-Шань тау жоталарының солтүстік сілемі. Парк аумағы оңтүстіктен солтүстікке қарай 30 шақырым, ал, батыстан шығысқа қарай 120 шақырымға созылып жатыр. 

«Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі оңтүстік астана - Алматы шаһарын баурай орналасқан. Аумағы - шығысы Түрген аңғары мен батысы Қаскелең шатқалының арасын қамтиды. Таудың шыңдары теңіз деңгейінен 4500-5000 м. биіктікке дейін жетеді. Ең биігі - Талғар шыңы 4973 метр. Осы биіктіктерде мұздықтар мен мореналық көлдер шоғырланған. Климаты биіктік белдеулері бойынша өзгереді: тау етегі ылғалды, жазы - ұзақ, құрғақ әрі ыстық, қысы - жылы, қары жұқа; аласа және орташа тау аймағы ылғалды әрі ыстық; альпі және субальпі шалғындары белдеуінде ылғалдылығы өте жоғары.

ҚЫСҚАША АНЫҚТАМА:

Атауы: «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Құрылған жылы: 22 ақпан 1996 жыл

Орналасқан жері: Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары және Алматы қаласының маңы

Жер көлемі: 199 185 га

Қадағалаушы мемлекеттік органы: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Мәртебесі: республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме

Паркті құрудағы мақсат: Іле Алатауының аумағындағы экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау.

Іле Алатауы аумағынан Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай, Қаскелең өзендері ағып өтеді. Парк аумағында орналасқан тау көлдері - табиғаттың ең көрікті жерлерінің бірі. Шығу тегіне қарай олар мұздық, мореналық, яғни, бөген және тектоникалық әсерден жиналған көлшіктер болып бөлінеді. Көпшілігі маусым айында суға толып, қысқа қарай тартылып қалады.

Алатауының барлық шатқалдарының ішінде Кіші Алматы ең көп тармақталған, көптеген саңылаулар мен шоқылардан тұрады. Олардың ішіндегі ең ірілері - Бұтақты, Кімасар, Шымбұлақ және Мыңжылқы. Олар шығысында тау шатқалдарымен, батысында орманды алқаппен шектеседі. Ол жерде әртүрлі жеміс-жидектер, көктерек, қайың және шыршалар бар. Орман – ұлттық парктің басты байлығы.

Іле Алатауының кереметтері

«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі төрт бөлімшеден және бір қаумалдан тұрады. Олар: Түрген, Талғар, Медеу, Ақсай бөлімшелері және Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы. Әр шатқалдағы өзендер мен көлдердің, сонымен қатар жан-жануарлар мен өсімдіктердің өзіне тән ерекшеліктері бар.

«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өсімдік әлемінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бір ғана Ақсай өзенінің баурайында шырғанақ, долана, жабайы өрік, Семенов үйеңкісі, бөріқарақат, итмұрын, сонымен қатар дәрілік шөптер, құрғақшылыққа төзімді Мушкетов түйесіңірі, таңқурай, бүлдірген өседі. Жабайы өрік - ежелгі жеміс дақылдарының бірі. Қазіргі уақытта өсірілетін өрік сорттары осы жабайы түрлермен тікелей байланысты. Өрік тұқымының Қазақстандағы жалғыз өкілі Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньға тән республиканың Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін түрі. Өрік жемістері - ең құнды қоректік және диеталық өнім. Олардың құрамында 7,7 % қант, негізінен сахароза және 1,85 % пектин бар. Жабайы өрік жемістерінің ең басты ерекшелігі - биологиялық белсенді заттарды қарқынды жинау қабілеті зор: каротин, аскорбин және фолий қышқылдарын бөліп шығарады.

Ерекше қорғалатын табиғи аймақ флорасының құрамын зерттеу жұмыстары күні бүгінге дейін бір толастаған жоқ. Қазіргі кезде мұнда өсімдіктің 2000-ға жуық түрі кездеседі. Оның 500-ден астамы жапырақты орманда болса, 400-ден астамы – қылқан жапырақты орман алқаптарында өседі. Ең үлкен 10 тұқымдасы 885 түрге бөлінеді. Бұл жалпы флораның 60%-ы. Өсімдіктердің 37 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Мысалы, олардың арасынан Сиверс алмасын, Алматы кекіресін, Мушкетов түйесіңірін атап айтуға болады. Ал, 30 түрі - Іле бөріқарақаты, Іле көкжалбызы, Іле сасыры, Іле үшқаты сынды өсімдіктер, бұлар Қазақстаннан басқа еш жерде кездеспейді.

Іле Алатауының кереметтері

Ұлттық саябақ ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан, аң атуға, дәрілік шөп пен тамыр қазуға рұқсат жоқ. Оны арнайы жасақталған инспекторлар қадағалайды. Заңсыз істеліп жатқан жұмыс болса басшылыққа бірден хабар беріп, заңбұзушылықтың алдын алады. Ал аң атуға, шөп теруге тек арнайы рұқсат қағазбен ғана мүмкіндік беріледі.

Іле Алатауының бөктеріндегі жұпар иісі бұрқыраған жұп-жұмыр алма - әлем ғалымдарының назарын аударған Сиверс алмасы. Палеонтологиялық деректер бойынша бұл алманың шығу тарихы Бор дәуірінің ортасынан бастау алады. Яғни бұл алма ағашының жасы 165 миллион жыл шамасында. Алманың бұл сорты жайлы жас ғалым, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторы Гүлжанат Танабекова былай дейді.

«Сиверс алмасы ол тек Қазақстан ғана емес әлем үшін өте маңызды табиғи ресурс болып табылады. Себебі 2500 алма ағашының сортын зерттей келе, әлем ғалымдарының шығарған шешімі бойынша, Сиверс алмасы барлық әлемдегі алмалардың аналығы болып табылады. Аталған өсімдіктің 70-80 пайыз өсу ортасы жойылып бара жатыр. Азаюының басты себебі мемлекеттік экономикалық себеп болса, жабайы зиянкес жәндіктердің кесірі өз әсерін тигізуде», дейді Гүлжанат ТАНАБЕКОВА.

Іле Алатауының кереметтері

Иә, бұл құнды генофонд. Сондықтан қазіргі және болашақ селекцияда пайдалану, орманда өсіру үшін оның формалық әртүрлілігін зерттеу және сақтау өзекті мәселе болып отыр. Бұл жемістің ерекше құндылығы – бүгінгі көптеген алма сортының атасы.

«Ұлттық саябақтың аумағындағы ең басты біздің міндетіміз орманның табиғи қалпын сақтау. Жыл сайын 42 мың га жерге ағаш отырғызамыз. Оның ішінде 15 га жабайы алма, 10 га өрік сонымен қатар 17 га Тянь-Шань шыршасын отырғызамыз», дейді «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының бірінші орынбасары, Дархан ИСАБЕКОВ.

Алыстан алып Алатауға көз салсақ, көгiлдiр тартқан ну орманды байқаймыз. Бұл Iле Алатауы беткейлерiнде жыл мезгiлінің қай уақытында болмасын әрқашан жап-жасыл болып тұратын Шренк шыршасы. Шыршаның бұл түрі теңiз деңгейiнен 1500-2800 м-ге дейiнгi аралықта өседі. Шренк шыршасы тек Тянь-Шань тауларында кездесетiн құнды өсімдік. Бұл солтүстік Тянь-Шань тауларының басты эндемигі. Яғни Ұлттық парктің негізгі орман құраушы ағашы. Ұлттық парк аумағында 23000 га жуық Шренк шыршасы орманы өседі. Ол таудың ортаңғы белдеуінде орналасқан. Бұл ағаштарды Тянь-Шань тауының көркi және халқымыздың баға жетпес байлығы десек артық айтқандық болмас. Ал, жылына небары 5-10 см ғана өсетiн бұл шыршаны қайта қалпына келтiру үшiн көп жыл керек. Жайқалып тұрған осынау орманды келер ұрпаққа өз қалпында қалдыру бізге парыз. 

Іле Алатауының жануарлар әлемі

Іле Алатауының жануарлар әлемі де әр түрлі. Мұнда жабайы аңдардан аю, қасқыр, түлкі, борсық және жылан мен құстың бірнеше түрін кездестіруге болады. Олардың 245-і - омыртқалы жануар, 8-і балық; 4-еуі – қосмекенді; 8-і – бауырымен жорғалаушы; 198-і – құс; 51-сі – сүтқоректі. Сүтқоректілердің ішінен: Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, Түркістан сілеусіні, Тянь-Шань таутекесі, тас сусары, үнді жайрасы сынды 6 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Орман белдеуінде тұяқтылардан – тауешкі, қабан, марал, сібір елігі; кеміргіштерден – тиін, орман қарақасы, Тянь-Шань орман сұртышқаны, сонымен қатар құм қояны жиі кездеседі.

Осы парктегі ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысатын бөлімнің ғылыми қызметкері Тұңғыш Жапарқұловтың мына пікірі біздің пікірімізді толықтыра түсті.

«Ұлттық саябақ аумағында жануарлардың мекен етуі алауан түрлі. Өмір сүру ариалдары әр аймақты құрайды. Олар тамақ табу барысында миграция жасап көшіп-қонып отырады. Ұлттық парк таулы аймақ болғандықтан төменнен жоғары, жоғарыдан төмен ауысып отырады. Жаз мезгілінде таудың басында болса, қысқа қарай етекке түседі», дейді «Іле Алатауы» МҰТП Ғылыми-зерттеу жұмыстары және таулыагробиоәртүрлілік бөлімінің ғылыми қызметкері, Тұңғыш ЖАПАРҚҰЛОВ.

Тәуелсіз Қазақ елінің тотеміне айналған киелі жануар - қар барысы! Жыл сайын 23 қазан - Халықаралық қар барысы күні ретінде аталып өтіліп келеді. Сол күні қар барысының жыл сайынғы өсіміне талдау жасалып отырады. Бұл сұлу да сақ түз тағысы - барыстар қыс кезінде көбіне таудың биік шыңдарында тіршілік етсе, жаз айларында 2000-3500 м. биіктікте орман белдеміне түсіп тіршілік етеді. Ұлттық парк аумағында қазіргі кезде 39 барыс бар. Бұлар өте сақ аң болғандықтан, оларды әдетте тек фототұзақ арқылы ғана бақылауға болады.

Тянь-Шань қоңыр аюы, негізінен, ормандағы жеміс-жидектермен қоректенеді. Ел ішінде аюдың бұл түрін «ақ тырнақ» деп те атайды, өйткені оның алдыңғы табандарында ұзын, ақшыл тырнақтары бар. Қонжығының өмірі қауіпке толы. Бір таңқаларлығы, ол үшін үлкен қауіп - қызғаншақ аталық аюлар. Сондықтан, аналығы қонжығын ерекше қорғайды. Парк аумағындағы аюлардың салмағы 250 келіге дейін жетеді. Бұлар тау бөктерінен бастап жоғарғы альпілік шалғындарға дейінгі белдеулерді мекендейді. Күз мезгілінде орманды, шалғынды аймақта, көктемде балауса өсімдіктері көп күнгей беткейде жайылады. Қазіргі уақытта аюлар Ұзын-Қарғалы өзенінен бастап, Шелек өзеніне дейінгі шатқалдарда тіршілік етеді.

Марал – орманды алқапта мекендейтін өте сақ, асыл тұқымды бұғылардың қатарына жататын кербез жануар. Оның мүйіздерінің емдік қасиеті ерекше. Панта бүкіл әлемде бағаланады және басқа тіршілік иелерінде кездеспейді. Ежелгі уақыттан бері оның көмегімен адамдар емделіп келеді.

«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына үш ірі шатқал: Үлкен Алматы, Ақсай және Түрген шатқалдары кіреді.

Үлкен Алматы шатқалының ерекше һәм ең көрікті жері - Үлкен Алматы көлі. Көл теңіз деңгейінен 2497 м биіктікте, тереңдігі 38 м дейін жетеді, Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұздық суымен нәрленетін көл 500 м. ендікте, бір шақырым ұзындыққа созылады. Үлкен Алматы көлінің қазақша атауы - Жасылкөл. Суы мөп-мөлдір,таза, жаздың ортасында өте суық, ашық ауа-райында көк-жасыл түске боялады. Көлдің айналасын жартастар мен альпілік шалғынды дақылдар арасындағы аршалар қоршай орналасқан. Сонымен қатар, мұнда Үлкен Алматы өзенінің су алқабында орналасқан радонды Алмаарасан шипалы қайнары, кремнийлі-термалды Горельники және Тау-Түрген бастаулары бар. Жері негізінен қара топырақты болып келеді.

Ал, Ақсай шатқалы мұзды көлдерден бастау алады, оның екі негізгі көрнекті жері бар. Оның бірі 1887 жылғы жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған Ақжар ойпаты. Одан сәл төмен селден қорғау станциясы орналасқан. Тау жотасынан асқанда, көл мен мұздықтарды көруге болады. Қар еріген кезде бұл көлдердің арнасы толып, сел жүруіне себепкер болуы мүмкін. Ал, осы мұздықтарды арнайы зерттеп, зерделеп бақылайтын мамандар да бар.

«Бұл ұлттық паркте орналасқан табиғат зоналары өте көп. Әрине біздер үшін ең үлкен зерттеу аймағы - мұздықтар. Алматы қаласының негізгі ауыз суы мұздықтардан алынатын сулар. Мұздықтардың көлемі, ауданы, сапасы біз үшін аса маңызды. Су қазіргі таңда өте үлкен ресурс болып табылады. Мұнаймен теңбе-тең деп айтуға болады. Сондықтан біздің ғалымдар осыны зерттеуде өте үлкен үлес қосуда», деді география ғылымдарының кандидаты, доцент, Санат ТҮГЕЛБАЕВ.

Санат Түгелбаев сынды осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың «судың да сұрауы бар екендігін әрі оны үнемдеп, ұқыпты пайдалануымыз керектігін ескерткеніне құлақ асуымыз қажет.

Түрген шатқалы Іле Алатауының теріскей бөктерінен басталып, 49 шақырымға созылып жатқан кең әрі ең ұзын сай. Шатқалдың солтүстік-шығыс шекарасы Сарытау жотасынан Асы үстіртіне дейін жалғасады.

Парк аумағында республикалық маңыздағы бір табиғат ескерткіші бар, ол «Шың-Түрген мүкті шыршалы орманы». Бұл орман шатқалдың батыс бөлігінде 1850 м биіктікте, 887 га аумақты алып жатыр. Таудың қия бөктерінде қалыңдығы 60 см-ге дейін жететін мәңгі мүк қабаты бар. Флорасының құрылымы мен құрамы бойынша олар Сібір мен Орал тайгаларына ұқсас келеді, сондықтан да 1968 жылдан бері табиғат ескерткіші мәртебесінде сақталып келеді.

«Түрген филиалында, Маловодный орманшылығында жабайы Сиверс алмасының генетикалық резерваты орналасқан. Сонымен қатар Талғар филиалындағы Қотырбұлақ орманшылығында жабайы өрік резерваты бар. Бұл табиғи парктің ғылыми зерттеу жұмыстарына тиімді. Себебі ғалымдар келіп әр түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізе алады», деді ғылыми-зерттеу жұмыстары және таулыагробиоәртүрлілік бөлімінің басшысы Салтанат ӨСЕРБАЕВА.

Бұл ұлттық паркте сонымен қатар бірнеше ірі сарқырама бар. Солардың ішіндегі ең ірісі - Қайрақ сарқырамасы. Бұл Шың-Түргендегі ең биік әрі ең көрікті сарқырама. Биіктігі 45 метр. Жалпы Түргенде 7 сарқырама бар, олар Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамындағы туристер баратын орындарының бірі. Адамдар көп баратыны: «Аюлы» және «Тескенсу» сарқырамалары. Аюлы сарқырамасы жасыл шыршалары бар құз, шыңдардан төгіліп жатады. Биіктігі 30 метр. Шатқалдағы шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп кеткендіктен мұзды кезеңге дейінгі іздері сақталған.

Іле Алатауының кереметтері

Іле Алатауының мұздықтарынан бастау алған Түрген өзені бұдан әрі Батан ауылының жанынан шатқал бойымен ағып өтеді. Түрген өзенінің таза және салқын суында бірнеше балық түрі кездеседі. Бұл жер туристер мен балық аулаушылар үшін таптырмас мекен.

Есік көлі – Іле Алатауының баурайындағы табиғаты көрікті де ерекше көл. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Есік қаласынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде, Іле Алатауының теріскей баурайындағы әсем шатқалдардың бірінде орналасқан. Өкінішке орай, айтып келмейтін табиғи апаттың кесірінен, 1963 жылы 7 шілдеде болған қатты жер сілкінісі салдарынан Есік көлін сел шайып кетті. Сел ағызғанға дейін Есік көлінің ұзындығы - 1 мың 850 метр, ені - 600 метр, ал тереңдігі 50-79 метр болған. Көл теңіз деңгейінен 1 мың 759 метр биікте орналасты. Есік көлі шамамен 8 мың жыл бұрын үлкен тастардың опырылып құлауының нәтижесінде, табиғи түрде түзілген. Қазір көлдің аумағы бастапқысынан екі есе кішірейген.

Іле Алатауының кереметтері

Еліміздің кез келген өңірі, тіпті әрбір тасы, талай құпияны өзіне жасырғандай. Көне дәуірден күні бүгінге дейін, қаншама тарихи кезеңді бастан өткерсе де, құнын жоймайтын мекендер жетерлік. Бүгінгі таңда сол тарихты зерттеуге, ұлттық құндылықтарды білуге ұмтылушылар қатары күн санап артуда. Соның әсері болар, елімізде туризм саласы да қарқынды дамып келеді.

Қазіргі таңда «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында экологиялық туризмді дамыту қолға алынуда. Себебі «Іле Алатауы» паркі өзінің табиғи және эстетикалық ерекшеліктерімен өзгеше. Соңғы уақытта еліміздің туристік әлеуетін арттыру мақсатында осы паркке қатысты үкіметтік деңгейде бірнеше жобалар қолға алынып, «Жолығу орталығы» ашылды. Бұл орталықта турист өзіне керекті барлық мағлұматты ала алады. Яғни Ұлттық паркте жүру ережелері, экологиялық, туристік нысандар туралы, таулардың сай-саласы мен шатқалдарының орналасуы туралы, сонымен қатар мұндағы жан-жануарлар туралы да мәліметтерді ала алады.

Туристерге жан-жақты жағдай жасау мақсатында жаяу және атты бағыттар мен треккинг және рафтинг бағытында маршруттар ашылуда. Экологиялық соқпақтар бойымен біркүндік саяхаттар, ғылыми-танымдық туризм, табиғатта көпкүндік түнеу сапарлары қамтылған.

«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің арасында археологиялық нысандар, петроглифтер, ғибадат жасайтын орындар кездеседі. Мұнда Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар парктің қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.

Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған - Іле Алатауы, шын мәнінде жердің төресі! Мұны тек арнайы барып көру керек!

   Дәурен Мақсұтханұлы

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға