Жаңалықтар

Мейрамханаға барғанда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәзірді сұрау керек - тіл жанашыры

Мейрамханаға барғанда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәзірді сұрау керек - тіл жанашыры
Фото: ©El.kz/Мәди ЫСҚАҚОВ 30.10.2023 16:12 918

Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес. Ол – барша ұлтқа ортақ құрал. Халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

Ұлы ағартушы, ақын Ахмет Байтұрсынов «сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, тіл ұлттың бар құндылығын, мұң-зарын, қуанышын жеткізеді. Осы орайда, El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақ тілінің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген «Көрнекі» жобасының мониторинг менеджері – Нұртай Мәжитпен тілдесіп қайтты.

- Әңгімемізді бастамас бұрын «көрнекі» жобасы туралы айтып кетсеңіз?

- Көрнекі » жобасы дегеніміз бұл - мекемелер мен нысандарда көрнекі ақпарат туралы заңның орындалуына байланысты жүргізілетін жоба. Былайша айтқанда, мейрамхана, дәріхана немесе сауда үйлері секілді нысандарда халыққа қазақша қызмет көрсетуді насихаттаймыз және сонымен жұмыс істейміз. Біздің жобамыздың жетекшісі - Лариса Алдабергенқызы.  Бұл қозғалыс 2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалидың бастамасымен көрнекі ақпарат туралы заңды толықтырып, түзетілген соң басталды.

- Жоба басталғалы бері қанша нысанға мониторинг жүргізіп, қанша нысанға аударма жасауға көмектестіңіздер?

- Жоба басталғалы бері 3000 нан астам нысанға мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Егер, кәсіп иелерінің қазақ тілінде қызмет көрсетуде жіберген қателіктері болса, ескертулер жасалынды. Ал, аудармаға келетін болсақ, шамамен 400 ге жуық нысанға тегін аударма қызметі көрсетіліп, көрнекі ақпаратқа байланысты заңбұзушылықтар да реттеліп жатыр.

Мейрамханаға барғанда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәзірді сұрау керек - тіл жанашыры
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Халыққа қызмет көрсету нысандары қандай қателікті жиі жібереді?

- Бұрыннан бері бізге орысша қызмет көрсетіліп келді. Оны жасыра алмаймыз. Дәмханаға кірсек орыс тілді мәзір ұсынады. Ал, қазақ тіліндегі нұсқасы мүлдем болмайды. Бұған біздің де етіміз үйреніп кеткеннен кейін, көп жағдайда қателіктерді байқай бермейміз. Сол үшін мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында заң бұзушылықтар жиі тіркеледі. Мысалы, жұмыс тәртібінің, маңдайшалардағы жазулардың және жарнамалардың өзге тілде болуы. Айтып өткен мәзірде, бағалар тізімінде қазақша ақпарат болмауы жиі кездеседі.

- Бұл қазақ тілінің дамуын қолдайтын қозғалыс екенін білеміз. Ал, осы қазір қоғамдағы жастардың қазақ тіліне деген құлшынысы қандай? Бұл жобаға келіп атсалысатын ерікті жастар көп пе?

- Жобамызда жастар көп. Ерікті ретінде келіп, әркезде көмек қолын созуға дайын тұрады. Алайда, қазақ тілінің мәселесі баршамызға ортақ ғой. Қазақ тілінің мәртебесін арттыруда үлкен де, кіші де қалыс қалмауы керек деп ойлаймын. Тәжірбиелі тіл жанашырларының қолдауы, қазақ тілін қолдаушы жастардың ерік-жігерінің арқасында, біздің жобамыз жақсы нәтижелерге жетіп келеді.

Мейрамханаға барғанда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәзірді сұрау керек - тіл жанашыры
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Нұртай мырза, көрнекі ақпараттағы аудармадан бөлек, қазақ тілінің дамуы жолында тағы қандай жұмыстармен айналысасыздар?

-  Қазір ХҚТҚ Астана қалалық филиалының кеңесшісі, тіл маманы аудармашы Болат Жексенғалиев және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсеннің көмегімен мейрамхана, дәмхана, жанар-жағар май бекеттері, сұлулық салондарына арналған қазақ тіліндегі сөздер жиынтығы әзірленіп жатыр. Одан бөлек, көрнекі ақпараттардың қателігін анықтайтын «Көрнекі bot» қосымшасы іске қосылды. Осы орайда, қазақ тілі мәселесіне тек белгілі бір қауымдастық немесе бірлестіктер емес, бұл жалпы әрбір қазақ жауапты деп санаймын. Өйткені, тіл – халықтың қазынасы. Жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді». Мысалы, әрбір адам өзінен бастап, халыққа қызмет көрсету нысандарында қазақша мәзірді, қазақ тілінде қызмет көрсетуді міндетті түрде сұрау керек. Сосын, ақырын-ақырын бұл қоғам үшін қалыпты жағдайға айналып, қазақша қызмет көрсету деңгейі өседі.

- «Көрнекі» жобасы аясында қанша қызметкер жұмыс істейді? Бұл жоба тек, Астана да қаласында ғана ма? Әлде, бұл басқа да қалаларда жалғасын тауып жатыр ма?

- Жобамызда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Жауапты координатор, заңгер, мониторинг менеджері, аудармашы, дизайнер секілді орындарда біздің топ жұмыла қызмет атқаруда. Бүгінде, елордадан бөлек, Атырау қаласында көрнекі топ құрылды. Қазір мұнайлы астананың еріктілері жұмылдырылып, оларға оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Мейрамханаға барғанда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәзірді сұрау керек - тіл жанашыры
©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға