Жаңалықтар

Әлемдік блогтар тарихы

Блогтар қалай пайда болды?
26.02.2016 15:17 3377

Әлемдік блогтар тарихы

Алғашында блог жай ғана уақыт өткізудің немесе әуестенушіліктің бір түрі болса, уақыт өте келе БАҚ-тың жаңа түріне, саяси факторға, ал кейін маркетинг пен PR-дың жаңа құралына айналды.

1994 жыл. Жаңа кезеңнің бастауы. Студент Джастин Холл интернетте алғаш күнделік жүргізе бастады. Кейде блогтың алғашқы иесі танымал программист Дэйва Вайнера\Dave Winer болған деп айтады.

17 желтоқсан, 1997 жыл. Терминнің дүниеге келуі. Джорн Бэргер «Robot Wisdom» атты интернет-күнделіктің иесі әрі редакторы, «weblog» сөзін алғаш рет қолданды. Logging the web («торда күнделік жүргіземін» деп аударуға болады) – осылайша баяндауыш бастауышқа айналды.

Сәуір-мамыр айлары, 1999 жыл. Тіл реформасы. Питер Мерхольц «Peterme» блогының иесі, weblog сөзін екіге бөлді – we blog (біз күнделік жүргіземіз деп аударуға болады). Blog сөзінің негізінде жаңа баяндауыш пайда болды – to blog.

Тамыз, 1999 жыл. Революцияның басталуы. Сан-Францискодағы Pyra Labs атты кішкентай компания «Blogger» порталын ашты. Бұл алғашқы тегін, қарапайым құрал болды және ол блогосфера дамуының баспалдағы еді.

Желтоқсан, 1999 жыл. Расти Фостер (Pyra Labs компаниясы) Scoop бағдарламалық қамтамасыз етті және ол «Kuro5hin» сайтында қолданылды. Енді пайдаланушылар пікірлерді модерациядан өткізе алатын деңгейге жетті. Бұл сайт техника мен мәдениет мәселелерін талқылады.

Қараша,  2000 жыл. Блогтардың саясаттандырылуы. Тәуелсіз журналист Джош Маршалл «TalkingPointsMemo» атты блог ашты, мұнда «Флорида дағдарысы» талқыланды – АҚШ-тың Флорида штатындағы дауыс беру кезіндегі дауыстар саны қалай саналды және т.с.с. даулы мәселелер.

Қыркүйек, 2001 жыл. Блогшылар алғаш рет БАҚ үшін маңызды ақпарат көзіне айналды. Нью-Йорктағы интернет-күнделік авторлары 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған лаңкестік әрекет жайлы оқиға орнынан репортаж жүргізді, жедел түрде блогқа фото орнатып, куәгерлерден ақпарат жинады. Енді блогтарға деген көзқарас күрт өзгерді. Америка университеттерінің журналистика факультеттерінде блогосфераны феномен ретінде зерттей бастады.

2002 жыл. «Ең алғашқы үлкен саяси жанжалдың өзі блогшылардың қатысуымен болған» деген пікір бар. АҚШ Сенатының құрметті мүшесі Стром Турмонд ұлықтау кезінде сенат көпшілігінің көшбасшысы Трент Лотт «Турмонд сайлаудан өтпей қалатын болса, АҚШ ең күшті ел болушы еді» деп жария етті. Турмонд 1948 жылы АҚШ-тағы ең жоғары лауазымға үміткер еді. Осыны естіген журналистердің көбісі бұл ақпаратты жариялаған жоқ, тек қана бұндай шараларды тікелей трансляция арқылы тарататын C-SPAN телеарнасы және блогшылар болған оқиғаны детальды түрде жеткізе білген. Ақыры Трент Лотт  көшбасшылық қызметінен кетті. Алғашқы блогтық соғыс Америка әскерінің Иракқа кіруімен сипатталады. Әскери қызметкердегілер өз күнделіктерінде соғыстағы әрекеттерді суреттеп отыратын. Тура осындай блогтарды Ирак әскері де жазып отыратын (солардың ішінде ең танымал Salam Paks блогы болған). 

Қараша. Танымал интернет – кәсіпкер Дэвид Сифри блогтардың алғашқы іздеу машинасы – Technorati-ді құруы.

2003 жыл. Оксфордтық ағылшын тілі сөздігі алғаш рет weblog, webloging (блог құру үдерісі) және weblogger (блог жүргізуші адам) сөздерін қосты. AOL ірі порталы ( интернет-провайдер) алғаш рет әр қолданушы үшін интернетте ақысыз жеке күнделік ашуға мүмкіндік берді.

2004 жыл. Блогтармен медиакомпаниялар айналыса бастады. Gawker Media компаниясы Wonkette блогын құрды, онда Вашингтондық билік қабырғасында болып жатқан алып-қашпа әңгімелер жарияланатын. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары блогтарға шолу жасады және танымал блогшыларды сырт көз, пікір айтушы, сарапшы ретінде шақыра бастады. 

Дәстүрлі БАҚ және блог арасындағы алғашқы шиеленіс.  CBS телекомпаниясы эфирге  президент Джордж Бушты қаралайтын мұрағат құжаттарын жіберген еді. Бұл бағдарлама сайлау кампаниясы болып жатқан кезде шығарылды. Бушты жақтайтын блогшылар CBS-тің құжаттары шынайы емес екенін дәлелдеп шықты. Ал, CBS кешірім сұрады.  АҚШ-тың ірі демократиялық және республикалық партиялары өзінің партиялық съездерінде БАҚ өкілі ретінде бірнеше блогшыны тіркеуден (аккредитациядан) өткізді. Үлкен пәрменділігі бар «Foreign Policy» журналы бірнеше жүргізуші, саяси сараптамашы, журналистер арасында сауалнама жүргізіп, «олардың көбісі жеке интернет – журналға  тұрақты кіреді» деген қорытындыға келді. Блогшылар табиғи апат –Азиядағы цунами кезінде де ерекше белсенділік танытты. Олар жүздеген апат құрбандарының туыстарын табуға көмектесті. Сол уақытта блогтар саны 2,4 миллионнан 4,1 миллионға дейін өсті.

2005 жыл. «Fortune» бизнес-журналы әлемдік бизнес қауымдастығы үшін маңызы зор, танымал 8 блогшының аты-жөнін жариялады. «Advertising Age» журналы американдықтар  жұмыс уақытының қанша бөлігін блог оқуға жұмсайтынын зерттеген еді. Белсенді блог оқырмандарының саны шамамен 35 миллион болды. Бұл – АҚШ-тағы қызметкерлер санының ¼ бөлігі. Аптасына блог оқуға орта есеппен әрқайсысы 3.5 сағат жұмсағаны есептеліп, 2005 жылы блогқа деген қызуғышылықтан АҚШ экономикасы 5 миллиард жұмыс сағатын  жоғалтқаны есептелді. Алғашқы блог-жұмыстан шығарулар Delta Air Lines-та болған. Microsoft компаниясы жеке блог бетінде Apple G5 компьютерінің суреттерін жариялағаны үшін қызметкерін жұмыстан қуған екен.

2006 жыл. Technorati іздеу қызметінің баға беруі бойынша, блог саны ай сайын 2 есе көбейеді. Күн сайын Интернетте 75 мың жаңа интернет-күнделік беті, орта есеппен санағанда секунд сайын 1 жаңа бет пайда болады. Алайда жаңа блогтардың жартысы 3 айдың ішінде 1 рет қана жаңартылады. Блогтардың 9% автоматты түрде шығарылады, көбісі спам (ағылш. spam — қабылдауға келісім бермесе де, бәріне бірдей жіберілетін хабарлама. Алғашқы кезекте «спам» термины электрондық хаттарға бағытталады). Pew Internet Center зерттеулері бойынша американдық жас жеткіншектердің 12 пайызы блог ашады. Олардың 19 пайызы меншікті блог ашса, 28 пайызы тұрақты түрде ғаламтордағы блогтарды оқып отырады. Салыстыру үшін, кәмелеттік жасқа жеткен американдықтар саны  7 пайызды құрайды, 27 пайызы басқалардың онлайн-күнделіктерін оқиды. Жеке блогты көп сенаторлар мен конгрессмендер ашты. «Hostway» компаниясы сауалнама жүргізіп, американдықтардың  ¾ бөлігі блогтармен танысып, халықтың дәл осындай бөлігі блогшылар жайында мүлде естімеген деген нәтижеге келді. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 52 пайызы «блогшылар дәстүрлі БАҚ-та қызмет жасайтын журналистермен тең құқылы болуы тиіс» деп есептеген, алайда олардың блогқа деген сенім деңгейі БАҚ-қа қарағанда төмен болған. Бірнеше ірі компаниялар, мысалы, «Sun Microsystems» және «Microsoft» өз қызметкерлерінің жеке блог жүргізгеніне қарсы емес екендігін жариялады.

2007 жыл.  АҚШ әскері әскери қызметтегі блогшыларға арнайы нұсқау шығарды. Мұндай нұсқау түрі бұған дейін болмаған емес. Онда маңызды ақпаратқа ие суреттер мен бейнелерді орнату кезінде асқан ұқыптылық талап етілді. Операция, жарылыс, тұтқынға алу кезінде түсірілген немесе жарақат алғандар мен мерт болғандарды, қауіпсіздік сақтау жүйелерінің суреттерін орнатуға тыйым салынды. Бұл ережелер әскери қызметкерлермен қатар, АҚШ-тың қарулы күштеріндегі әскери емес адамдар және олардың жанұясына да қатысты еді. Әскери блогшылардың нақты саны белгісіз. Олардың блогтары танымал болғаны соншалық, кейбір авторлар тіпті кітап жазуға келісім-шарт жасады. 

Әзірлеген Ақбота Қайырхан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға