Жаңалықтар

Қазақстанда 19 қала сейсмикалық аймақта орналасқан

Қазақстанда 5 жылда 66 сейсмикалық оқиға тіркелген
Қазақстанда 19 қала сейсмикалық аймақта орналасқан
Фото: El.kz 10.02.2023 17:00 3222

Сейсмология институты еліміздің сейсмикалық қауіпі бар аймақтар картасын әзірлеуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Түркия мен Сирияда орын алған жер сілкінісінен зардап шеккендер саны әлі нақтыланбады. Үйінділер астында қалып қойған жандарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғи апаттың көршілес мемлекеттерге әсер ету қаупін негізге ала отырып, мамандар болжамдар жасады.

«Жалпы ел аумағының 42,9 пайызында қуаты 9 баллға жететін зілзала орын алуы мүмкін. Жағрафиялық ерекшеліктеріне қарай олардың өзіндік бейімділіктерін анықтауға болады. Әсем таулар жер сілкінсе алапат күшке айналады. Таулы аймақтарда күнделікті 20-30 мәрте әлсіз жер сілкіністері тексеріледі. Күшті жер сілкінісін алдын ала ескерту жүйесі жүзеге асырылған. Алайда арнайы құрылғылар жойқын апат орын алған жағдайда 40 секунд бұрын ғана ескерте алады», - дейді Шолпан Құлбекова.

Қазақстанда 5 жылда 66 сейсмикалық оқиға тіркелген. Сейсмологтардың айтуынша, Түркиядағыдай зілзаланың басқа аймақтарда орын алу қаупі төмен. Дегенмен де  аз балдық жер сілкіністері байқалуы мүмкін. Мәселен, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарында 2-3 балдық, ал Сарыағаш ауданында 3-4 баллдан аспайды.

Географ Тасқын Айдарханов Қазақстанның тау тізбегімен орналасқанын, ал таулы аудандарда жер сілкінісі болу мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

«Ең қауіпті сейсмо аймақта Алматы қаласы орналасқаны бәріне мәлім. Одан басқа Оңтүстік шығыс және Шығыс Қазақстан аймақтарында жер сілкінісі болуы мүмкін. Себебі Тянь-Шань тауынан бастап Алтай таулары бір тау жүйесі бойынша шоғырланған. Оңтүстіктегі Тянь-Шань таулары Жерорта теңізі-Гималай белдеуіне іргелесе орналасқан. Мұнда жер сілкіну күші 9-10 балға дейін жету мүмкіндігі жоғары», - дейді ол.

Жалпы аса қауіпті айданда 19 қала орналасқан. Білуімізше, кейбір аймақтарда жер сілкінісін бақылайтын сейсмо станциялар жеткіліксіз.

Түркия елінде түсірілген бейнежазбалардан құлаған үйлердің құрылыс материалдарының сапасы төмен екендігін көрсетті. Кейбір қалаларында халық шеруге шығуда. Осы ретте Қазақстанның да құрылыс компанияларын тексерістен өткізу қажеттігі туындайды. Ел Үкіметі 2022 жылдан бастап құрылыс жұмыстарына арнайы нормалар бекіткен болатын. Ол норма бойынша, тау беткейлерінде орналасқан үйлер үш қабаттан биік болмау керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін апаттық жағдай кезіндегі сақтық шаралар туралы жазған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға