Жаңалықтар

Мұң болған баспана: 2024 жылы жеңілдетілген бағдарламалар бола ма?

Мұң болған баспана: 2024 жылы жеңілдетілген бағдарламалар бола ма?
Фото: © Pixabay.com 03.01.2024 18:41 2336

Қазақстанда жеңілдікпен берілетін ипотекаға мұқтаждық зор екені белгілі. Себебі айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар көп. Бұған дейін жүзеге асырылып келген бағдарламалар да тоқтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол үшін де қолжетімді баспана алу үшін жаңа бағдарламалар қарастыруды тапсырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтардың тек жекелеген топтарына «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы жеңілдікті ипотекалық несие беру үшін ақша бөлінетінін мәлімдеді.

Осы орайда Krisha.kz 2024 жылы қандай қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын болатынын тізіп өткен. Солардың ішінде «2-10-20» бағдарламасына тоқталсақ, бұл – 2 және 5%-бен берілетін ең арзан ипотека. Алайда мұндай бағдарлама арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана баспаналы бола алады. Үміткерлер екі негізгі шартқа сай болуға тиіс:

- соңғы бес жылда жеке баспанасы болмау қажет;
- тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде әкімдік кезегінде тұруы керек. 

Өнеркәсіп министрлігі 2022 жылы ипотекалық несие мөлшерлемесін субсидиялау механизмін жаңарту мәселесін қарастырғанын хабарлады. «7-20-25» бағдарламасының мерзімі ұзарғанына байланысты субсидиялау механизмін енгізу өзекті болудан қалды.

Субсидиялау механизмі – орта санатқа арналған ипотека, оның іске қосылуы 2022 жылдың көктемінен бері айтылып, тіпті шарттары әзірленіп, «Ашық НҚА» сайтында талқыға түскен. Пайыздық мөлшерлемесі 11-12% болады деп жоспарланды. Бірақ бағдарлама қабылданған жоқ.

«7-20-25» бағдарламасы

Мемлекет көмегімен берілетін бұл бағдарламадағы басты мәселе – өтініш берудің қиындығында.

Себебі бағдарламаға бөлінетін ақша көлемі азайғандықтан, өтініш беріп үлгеру мүмкін емес секілді көрінеді. Жылына небәрі 100 миллиард теңге немесе тоқсанына 25 миллиард теңге бөлінеді. Тиісінше банктер жаңа өтінімдерді өте шектеулі түрде қабылдайды.

Салыстыратын болсақ, 2018 жылы бағдарлама басталғанда 100 миллиард бөлінсе, 2019-2022 жылдар аралығында жыл сайын 150-300 миллиард жұмсалды.

Бұл бағдарламамен несие беретін жеті банктің ішінде қазір «ЦентрКредит» пен Freedom Finance қана өтінім қабылдайды.

Жыл басынан 22 желтоқсанға дейін 7-20-25 бойынша 97,5 млрд теңге шамасында 5 961 несие берілді («Қазақстанның орнықтылық қоры» бағдарламасының операторынан алған ақпарат):

Тоқсандық лимиттер қаңтар, сәуір, шілде және қазан айларының бірінші онкүндігінде жаңарады. Өтініш қабылдау мерзімі әр банкте әртүрлі, сондықтан тікелей өздерінен біліп отыру керек. Себебі бірі тоқсан сайын, енді бірі жарты жылда бір рет, көбіне алдын ала өтініш қабылдайды. Көптеген банк өтінім беру жүйесін автоматтандырған.

«7-20-25» ипотекасы Қазақстанда 2018 жылдан бері бар. 2018-2022 жылдар аралығындағы жалпы бюджеті 1 трлн теңге болды. Былтыр бұл бағдарлама жабылады делінген, алайда президент оның мерзімін ұзартуды тапсырды. Ұлттық банк тапсырманы орындағанымен, жылына лимит көлемін бекітті – 100 млрд теңге. Қаржы реттеушісі ипотека шартын өзгертпейтінін, жақсартпайтынын бірнеше рет мәлімдеді. 2029 жылға дейін осы форматта жұмыс істейді.

Отбасы банк «9-20-25» ипотекасын ұсынды

Қазақстан тұрғындары жаңа, неғұрлым қолжетімді ипотекаға үміт артты. Сондықтан «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісті, оны жүзеге асыруға бюджет қаражатын пайдаланбайды.

Алдымен несие 20% бастапқы жарнамен, 9%-бен 25 жылға беріледі деген еді.

Содан кейін қанша сома бөлінетіні, қатысушыға қандай талаптар қойылатыны белгілі болды. Жыл сайын 150 млрд теңге (нарықтан 100 млрд теңге және Отбасы банктің таза табысынан 50 млрд теңге) бөлу жоспарланып отыр. Жылына 8 мыңға жуық отбасы ипотека ала алады.

Ипотека жұмыс істейтін жастарға арналған, ал қатысушылардың соңғы бес жылда баспанасы болмауы керек.

Пәтерді жаңа үйден (ҚТК кепілдігі болса) де, екінші нарықтан да таңдауға болады.

«9-20-25» қазір әзірленіп жатыр. Келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылуы мүмкін. Мамандар сол кезде тұрғын үй бағасы бірден 10 пайыз өседі деген болжам айтып отыр.

Депутаттар өнеркәсіп саласындағы жұмысшыларға жеңілдікті ипотека беруді ұсынды

Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының бастамасымен талқыланды. Олар мамандардың жұмыстан шығуын тоқтату үшін өндеуші салаға арналған бағдарлама қажет деп есептейді. Бірақ оның қашан және қалай жүзеге асатынын айту әзірге қиын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға