Жаңалықтар

Ауырған адамға ораза ұстауға бола ма? Оразадан кімдер босатылады?

Ауырған адамға ораза ұстауға бола ма? Оразадан кімдер босатылады?
Фото: ©El.kz/Ғазиз ШАКИРОВ 19.02.2024 17:42 3787

Наурыздың 11-і күні мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Ораза айы басталады. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «науқастанып қалған адамдар оразадан босатыла ма?» деген сауалға жауап қатты.

Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады. Әрине, бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді, - делінген мәліметте.

ҚМДБ ораза кейбір аурудың түрін емдейтінін де алға тартты:

Кейде ораза ұстау науқастың дертіне шипа болуы мүмкін. Өйткені ораза ұстаудың көптеген ауруларға ем болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Сонымен қатар егде жастағы адамға және созылмалы дерті бар кісілерге ораза ұстамауға болатыны айтылған.

Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады, - деп жауап қатты дін өкілдері.

Басқармадағылар қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) бергені жөн дегенді алға тартады.

Підия – (орта есеппен) бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Підияны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады.

Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасыға, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Підия беруге жағдайы болмаса, одан да босатылады, - делінген.

Ал адам қант ауруына шалдығып, ораза ұстай алмаса, мұндай жағдайда не істеу керек? Басқарма өкілдері ауру ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі дегенді алға тартады және ауруды екіге бөліп қарастырған жөн дейді.

Біріншісі: Жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деген.

Екіншісі: Оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы (хроникалық) ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек», – делінген.

Айта кетейік, 2024 жылы Рамазан айы 11 наурыз бен 10 сәуір аралығына сәйкес келеді. Қадір түні – 5/6 сәуір. Ал Ораза айт 10 сәуірге, ал Құрбан айт 17 маусымға тура келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға