Жаңалықтар

Әлемдік тәжірибе. Әйелін ұрған еркектер қалай жазаланады?

Әлемдік тәжірибе. Әйелін ұрған еркектер қалай жазаланады?
Фото: © Pixabay.com 15.11.2023 17:42 1986

Елімізде орын алған соңғы оқиғалар жұрттың жағасын ұстатты. Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты ақпарат халықтың наразылығын тудырды. Марқұмның өліміне кінәлі деп Қуандық Бишімбаев танылды. Ол – экс-министр. Оқыған-тоқыған, білімді және әлеуметтік жағдайы жақсы азамат. Бірақ, бұл факторлар оның әйелін ұрудың алдын ала алмады. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылық - бұл тек білімі мен түсінігі таяз, әлеуметтік жағдайы төмен адам істейтін әрекет деу жаңсақ пікір.

Бұл - дерт. Қазіргі қоғамның қотыры. Олай деуге себеп бар. БҰҰ-ның ресми дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қаза табады. Бұл зерттеуге енген сандар. Ал, біз білмейтініз қаншама?

Жалпы, әйелдердің құқығын қорғау бұл тек бір мемлекеттің ішінде болып жатқан проблема емес. Өйткені, жаһандағы әрбір үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Осы орайда, El.kz ақпарат агенттігі «әлем елдері тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қалай шешеді?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

 

Германия

2011 жылғы әйелдерге қатысты кемсітушілік пен дискриминацияны жою туралы Ыстамбұл конвенциясына қол қойған мемлекеттердің бірі – Германия. Бұл елде «қол көтерген адам үйден кетеді» деген ұран бар. Бұл дегеніміз, егер күйеуі әйеліне қол көтерген жағдайда күйеуі мүліктің иесі болса да, үйден кетуге міндеттеледі. Әйел пәтердің немесе үйдің қожайыны еместігіне қарамасатан, жәбірленуші ретінде заң осындай мүмкіндіктерді қарастырады. Одан бөлек, әйел ұрғыш еркекке ордер береді. Онда, әйелдің қалауынсыз еркек үйіне аяқ аттап баса алмайды. Заңға бағынбаған жағдайда бірнеше уақытқа қамауға алынады.

Германияда жәбірленуші оқыс оқиға уақытында полицияға, сенім телефондарына хабарласа алады. Жедел желіде тек неміс тілінде ғана емес, сонымен қатар елдегі босқындар санының көптігіне байланысты араб, ағылшын және орыс тілдерінде көмек көрсетеді. Әйелдерге арналған мемлекеттік көмектерден басқа, қала ішінде жәбірленушілерге қаражат бөлетін қоғамдық бірлестіктер мен орталықтар жұмыс істейді. Оған қоса, олар жиырма төрт те жеті психологтар кеңесіне тегін жүгіне алады.

 

АҚШ

Ұзақ жылдар бойы әйелдер құқығын қорғауды ұранға айналдырып  келе жатқан мемлекеттердің бірі – АҚШ. Бұл елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекеттік ұйымдар ғана емес, қоғамдық ұйымдарда күрес жүргізеді. Тарихқа үңілсек, әйелдер құқығының сақталуын міндеттейін ірі шерулер мен  көтерілістер алғаш осы АҚШ-тан басталып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Америкаға жаһан жұртының бас иетін тұсы – мемлекеттен көмек күтпей-ақ, халқының үй тирандарына қарсы бас біріктіре алатындығында.

Күні бүгінге дейін әйелдер құқығын қорғайтын мекемелерді қаржылатындар жеке ұйымдар. Ал, мекеме қызметкерлері – еріктілерден құралған топтар. Ең қызығы бұл - волонтерлердің өздері бастарынан ұқсас жағдай өткергендер, зорлық-зомбылыққа тап болғандар. Олар тек іс-қағаздармен ғана емес, жәбірленушіге моральді көмек көрсетіп, тәжірибелерімен бөліседі. Одан бөлек,  тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша баспана беріп, жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді.

Бірақ, жоғарыда айтқанымыз бұндай мәселеде мемлекет үнсіз қалады дегенді білдірмейді. 1994 жылы АҚШ-та  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акт қабылданған болатын. Бірақ, әр штатта тирандарға арналған жаза әртүрлі.

 

Жапония

Әлемдегі ең прогрессивті және экономикалық дамыған мемлекеттердің бірі – Жапония. Мұнда әйелдерге қарағанда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға көп көңіл бөлінеді. 2019 жылдан бастап Жапонияда заңнамалық деңгейде балаларға физикалық зорлық-зомбылық көрсетуге, сондай-ақ психологиялық қысым көрсетуге тыйым салынды. Егер, мектепте балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы белгілі болған жағдайда, жәбірленуші жеке тұлғасының жасырын қалуына және отбасыдағы қатыгез ата-аналардан арашалап алуға жағдай жасалады. Тіпті, баласына күш көрсеткен ата-ананы құқығынан айыруы жазасына кесуі де ықтимал.

Ал, Жапониядағы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына келсек, мұндай аталған мәселені шешу бойынша көптеген ұйымдар жұмыс істейді. Одан бөлек, мемлекет те бұндай оқиғалардың алдын алу шараларын қарастырады. Алайда, жапон мәдениетінде үй ішінде болып жатқан оқиғаларды басқа адамдарға айту ұят болып есептеледі. Сондықтан, олар құқық қорғау ұйымдардың көмегіне өте сирек жүгінеді. Мамандардың айтуынша, соның кесірінен, соңғы жылдары жапондық әйелдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері 4 есеге артып, рекордтық көрсеткішке жеткен.

 

Үндістан

Әлем елдері ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекет – Үндістан. Бұл жерде істелетін секуалды зорлықтың-зомбылықтың 95%-ын әйелдің туған-туыстары жасайды екен. Сол себепті, Үндістан әйелдер үшін ең қауіпті елдердің бірі болып саналады. 2009 жылы аталған мемлекетте әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен еркектерді өлім жазасына кесу туралы заң қабылдады.

Алайда, әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, заң жобасынан кейін зорлық-зомбылық фактілері мүлдем азаймаған. Жергілікті дәстүрдің кесірінен әйелдер еркектердің айтқанын бұлжытпай орындауы керек екен. Сол себепті, әйел адам тәртіп сақшыларына шағымданса, олар отбасылық іске араласпаймыз деп, жәбірленушіні азап мекеніне кері қайтарады екен.

 

Ресей

Ал, көршілес Ресейде зорлық-зомбылық көбінесе ерлер арасындағы алкоголизммен немесе нашақорлықпен, сондай-ақ кедейлікпен байланысты. Статистикаға сүйенсек, Ресейдегі әйелдердің 50%-ы отбасыдағы зорлық-зомбылыққа тап болған. Жалпы, Ресей Федерациясының заң жүйесінде «тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымы жоқ. Егер, отбасы мүшелерінен жәбір көрген адам құқық қорғау органдарына шағымданатын болса, заң жәбірленушінің құқығын қорғап шығуы екіталай.

Былайша айтқанда, полиция іс-жүзінде зорлық-зомбылық құрбандарын қорғай алмайды. Оқиға болған жағдайда, тәртіп сақшылары бар болғаны қылмыскерді бөлімшеге апарып, оған әкімшілік хаттама толтырады. Сосын, айыппұл салады. Ал, бұл өз кезегінде отбасы бюджетінен төленеді.

Ал, оңай жазамен құтылған тиран үйіне барғаннан кейін, үстінен арызданған әйеліне жәбір көрсетпейтініне кім кепілдік жоқ. Жаһандағы соңғы жаңалықтарға байланысты Ресейге қарсы санкциялардан кейін, бұл елдегі әйел құқықтарын қорғайтын әлемдік агенттіктер мен ұйымдар жұмысын тоқтатты. Ал, бұл дегеніміз тирандар әйелдерге оп-оңай жәбір көрсетіп, бостандыққа тайраңдап жүреді дегенді білдіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға