Жаңалықтар

Қазақ тарихындағы батырлар мінген сәйгүлік аттар

Қазақ тарихындағы батырлар мінген сәйгүлік аттар
13.11.2020 19:08 42004

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек». Қазақ тарихында есімі еліне ұран болған батырлар көп. Ал ер жігіттің жеті қазынасының біріне баланған жүйрік ат - батырлардың сенімді серігі болған тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысып, батырға найза кезеген жауын ат үстінен жұлып алып, шайнап тастаған, тұяғымен мыжығын, соғыстың әдіс-тәсілдерін меңгергені соншалық, жау жебесінен жалтарудың, иесін аман сақтап бұра қашудың нешеме әдісін меңгерген, тіпті қазақ аңыздарында батырдың жаны қысылған шақтарда, иесіне ақыл-кеңес айтатындай тіл біткен қасиетіңнен айналайын қазақ сәйгүліктері туралы аңызға бергісіз хикаялар да, тарихи оқиғалар да көп.

Сонымен, қазақ тарихындағы Махамбетшілеп айтсақ, «...құлағың сенің серек деп» сақталған арғымақ аттар туралы деректер оқырман назарына ұсынылады.

Батырлардың серігі болған сәйгүліктерді білесіздер ме?! Жануардың патшасы - ат туралы аңыздар қазақ эпостарында, аңыз-әңгімелерінде, тарихи оқиғалық романдарда  да жырланады. Бәйге аттарына деген құрметтің ерекшелігі бүгінгі күні де сақталып келеді.

Қазақ халқы аттың қазанатын ешуақытта сойысқа салмаған, ер қанаты болған батырлардың атақты сәйгүліктері мен бәйге аттарының етін ешқашан жемеген. Керісінше, мұндай аттарды өз ажалынан өлген болса, лайықты құрметін көрсетіп, қадірлеп жерлеген.

Мәселен, Алпамыстың Байшұбары, Бөгенбайдың Қызылаты, Қобыландының Тайбурылы, сол сияқты Тілеу батырдың Кезқұлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Қамбар батырдың Қарқасқасы, Сегізсерінің Бозжорғасы, Ерқосайдың Торысы, Қарабектің Қарасы секілді қазақ халқы ұмытпайтын, тарихта есімдері батырмен қатар аталып, ердің қазынасына баланған аттар иесіне адалдығымен, киелілігімен, тектілігімен құнды.

Қамаудан секіріп өткен Қара ат

Алтайдың Қосағаш ауданында «Қара ат қамаған» деген жартас бар. Жергілікті халық бұл жартасқа мұндай атаудың берілуін аңыз қылып айтады. Қамалға ұқсас бұл жартас атақты бәйге атының құрметіне қойылған-мыс. Ерте заманда қазақтар мен қалмақтар бірігіп, ас береді. Ол қазақтар мен қалмақтардың іргелес қоныстанып, ауылы аралас, қойы қоралас жататын кезі екен. Қазақтың атақты биі Әймембеттің алдына ат салып көрмеген, бәйге бермес Қара ат деген сәйгүлігі болады. Кезек бәйгеге келгенде үш жүз аттың ішінен ытқырылып алға суырылып шыққан Қара ат өзгелерден қара үзіп үлгереді. Бұған ызаланған қалмақтар Қара аттың жолын тосып, қаскөйлік жасап оны жартасқа қамайды. Тектілігі Тәңірінен емес пе, жанынан құйындатып дүркіреп шауып өтіп бара жатқан аттардың тұяғының дүбірін естіген Қара ат жартастың қақпасын жапқан қара тастан секіріп өтемін дегенде, үстіндегі шабандоз бала мұрттай ұшады. Ал Қара ат болса, алдына түскен аттарды жетіп озып, мәреге бірінші болып келеді. Аттың тектілігі мен тәкаппарлығын аңыз еткен жергілікті халық бұл жерді кейін сол жүйріктің атымен атап кетеді.

Абылай ханды құтқарған Көкдөнен

Жоңғар шапқыншылығының есімі танылған ерлерінің бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының тұлпары Көкдөнен туралы естігеніңіз бар ма?! Ер Жәнібек 1714-1792 жылдар аралығында өмір сүрген. Көкдөнен – Жәнібек батырдың бала кезден келе жатқан айнымас серігі екен. Ол бала кезінде нағашыларының ауылына қыдырыстап барған кезінде оны үйір жылқының ішінен таңдап, қалап алған. Аттың тектілігін тай кезінен таныған нағашылары да Көкдөненді қанша бергілері келмесе де, жиеннің назарына қалмайық деп амалсыздан Көкдөненнің жүгенін бала батырдың қолына ұстатады. Сол Көкдөнен жоңғарлармен бетпе-бет келген шайқастарда батырдың сенімді серігіне айналып, қанжоса майданнан талай мәрте аман алып шығады.

1750 жыл. Қазақ-қалмақтар арасында Шорға деген жерде жан алысып, жан беріскен алапат шайқас болады. Екі жақтан да он мыңдаған жауынгерлер жер құшады. Осы шайқаста Абылай ханның аты да отқа ұшып, хан майдан даласында қара жаяу қалады. Хан атының омақата құлағанын алыстан-ақ жанары шалып үлгерген Ер Жәнібек жан-жағындағы жауды қоғаша жапыра, хан жанына жетіп келеді. Сөйтеді де, атындағы атынан секіріп түсіп, ханның алдына кесе көлдеңен тарта қояды. Ойланатын уақыт па еді, ойнақтап тұрған атқа лезде мініп үлгерген хан батырына қарап: «Өзің жау қолында жаяу қалатын болдың ғой» дейді налып.

«Мен өлсем, қазақтың екі әйелінің бірі батыр табар, сіз өлсеңіз қалың қазақ хансыз қалар», дейді Жәнібек сол мезетте. Кейін бұл қан майданнан хан да, оның адал текті батыры Ер Жәнібек те аман шығады. «Абылайдың өзін құтқарған Көкдөнен» деген Ер Жәнібек арғымаған аса қатты қадірлеген деседі. Ел ішінде «Жәнібектің Көкдөнені» деген күй де бар екен.

 Алты айлығында жарықты алғаш рет көрген Тайбурыл

Қарақыпшақ Қобыландының Тайбурылы талай аңыз әңгілемелерге арқау болып, біздің заманымызға дейін жетті.  Қобыланды батыр XIV-XV ғасырларда өмір сүрген.

Тайбурыл көк ала биенің жатырында жатқан уақытында ат сыншылары оның ер қанаты – арғымақ боларын болжаған-мыс. Әкесі Қобыландыға: «Жылқы ішінде көк ала бие бар. Сол би көк бурыл құлын туады, жан серік атың сол болады» деген екен.

Тайбурылды тумай тұрып таныған ат сыншыларының қасиеті де ерекше болатын. Қобыландының жары Құртқа Тайбурылды құлын кезінен баққан деседі. Ол құлынды енесінен ажырата салысымен, оған қырық күн бір рет қана құлындаған бие – қулықтың, қырық күн тумай қалған қысырдың сүтін берген. Екі енені тел емгеннен болар, Тайбурылдың күші мығым, бұлшық еті сом болып қалыптасады. Тоқсан күнге толғаннан кейін оған жемге қосып түрлі аурулардың алдын алатын дәрілік шөптер де берілген.

Тайбурылды құлын кезінен бастап арнайы тігілген киіз үйде баққан. Оған таңертең және кешқұрым екі рет түңдікті ашып, атқан күннің арайлы сәулесі мен батқан күннің қызыл шапағын әдейі түсіріп отырған екен. Судың өзін әбден қақталып кептілірген қурайдан жасалаған түтікпен беріпті. Тайбурылды осылай баптап, тек қараңғы үйде ұстайды. Тайбурыл алты айға толғаннан кейін далаға алғаш рет шығарылғанда жарыққа көздері жанып, аспанға шапшыған делінеді аңыздарда.

Оның жүйріктігі туралы «Қобыланды батыр» жырында: «Көл жағалай отырған көкқұтан мен қарабай қөтеріліп ұшқанша, белінен кесе басады» делінеді.

Батырдың жаны қысылған сәттерде оның қанаты болған Тайбурылға тіл бітіп, адамша сөйлеп, иесіне ақыл-кеңес береді, сырласына айналады-мыс. Талай кескілескен соғыстардан батырды аман алып шығады. 

Батырдың ақылды жары Құртқа Тайбурылды өзі баптап-күтіп, Қобыланды Қазан сапарына аттанарда ғана оған әкеліп береді. Тайбурылды суреттегенде халықтың қиялға ерік беруіне оның біріншіден Қобыландыдай ірі батырыдың аты болуы болса, екіншіден оны Құртқадай дана арудың баптап өсіруінен. Сондықтан болар, қазақта Тайбурылдың шабысы деген жырдан үзіп алынған  мадақ жыр ерекше сипат пен әсірелеуге ие.

 Қанатты тұлпар Ардакүрең

Қазіргі Ақтөбе аумағында Құламан атты батыр өткен өмірден. Батырдың алдынан ешкімнің де кесе көлдеңен өтуге батылы бармайды екен. Бірде  Құламан батыр аңшылық құрып кеткен уақытта оның ауылына іргедегі Қызылқала бекінісінен бес жауынгер келіп, ауыл адамдарын соққыға жығып, ойларына келгендерін жасайды. Ол аздай, малдарын тартып әкетеді. Онсыз да ауыл сыртындағы бекініске сыртынан кіжініп, ұрынарға себеп таппай жүрген Құламан батыр аңнан келе салысымен суыт хабарды естіп, сенімді серігі Ардакүреңге секіріп мінеді. Сөйтеді де, жалғыз өзі жау бекінісіне шауып кетеді. Осылайша әскерилерді жолда қуып жетіп, екеуін қылыштап өлтіреді. Ал қалғанадары бас сауғалап қашып, бекініске кіріп үлгереді. Әбден қаны қарайып, ашуы басына шапқан Құламан батыр Ардакүреңге қамшыны басып-басып жібергенде, жалы алтын, тұяғы болат сәйгүлік жарықтық аспанға шапшып секіріп, қамалдың ішкі бетіне төрт тағандап дік ете қалады. Батырдан мұндай жүректілік пен батылдықты күтпеген бекініс ішіндегілер әп-сәтте абдырап, қаруларын да алып үлгермейді. Бекініс ішінде Ардакүреңмен оңды-солды шауып, қарсы келгендерді қылыштап өте шығады. Сөйтеді де, бекіністің әдбен ойранын шығарғаннан кейін қақпадан сол күйі қайта қарғып шығып, ауылына қарай ағыза жөнеледі. Жауының ауылының берекесін қашыратынын білген батыр кейін елін соңынан ертіп, Сарыарқа жаққа қоныс аударып кеткен екен.

Ал Ардакүрең қақпадан қайта қарғыған уақытта оның болат тұяғы қамалдың шетіне тиіп, бір кірпішін құлатып түсірген дейді. Ол жерді қамал бастығы кейін Ресейден келген әскерилерге көрсетіп, «мынау қазақ батырының атының тұяғы тиген жер» деп аңыз қылып айтады екен. Ал олар болса, бұл аттың қанаты болмаса, ол мынадай биік қамалдан қалай секіріп кетті деп таң-тамаша қалады. Ардакүреңнің артында осындай аңыз қалды.

 Туған жеріне екі рет қашып келген Керкекіл

Туған жерің адам ғана емес, ат та қимайды. Аттың жазығы мал болғандығында демесең, оның ақылы адамнан артық. Бұған алыстағы Ташкент қаласынан туған өлкесі Қарқараға екі қайтара қайтып келген ақылды ат Керкекіл дәлел бола алады.

Керкекіл 1916 жылғы ұлт-азатттық қозғалыста ерлігімен көзге түскен қазақ батырларының бірі, Алатаудың баурайын жайлаған Жәмеңке есімді ердің сенімді серігі болған. Жәмеңке батырдың Қыдыреке есімді қырғыз досы болыпты. Ол бір күні досына қонақ болып келіп, оның жайлауында бір айға жуық уақыт болады. Кетерінде бұйымтайға жүйрік аты Керкекілді сұрап қолқа салады. Досының көңілін қимаған Жәмеңке атты досына жетектетеді. Алайда, бір апта уақыт өтпей жатып, Керкекіл бас жібін үзіп, елге қайтып оралады. Оны көрген Жәмеңке атына қарап көңілі босаса да, достықты жоғары бағалап, хабар беріп Қыдырекенің шабармандарына атты қайта беріп жібереді. Бірақ, бір ай өтісімен, Керкекіл елге қайта қашып келеді.  Ташкент пен Қарқараның арасы мың шақырымнан асады екен. Ақылды жануар адам көзіне түспей әрі ит-құсқа жем болмау үшін күндіз тығылып, түнде жортып отырған екен.

Аттың ақылдылығына таң қалған Қыдыреке Керкекіл екінші мәрте қашып кеткеннен кейін оның иесіне сәлемдеме жолдайды: «Жәмеке, атыңды екі қайтара бердің, жануардың тілі жоқ демесең, ақылы адамнан артық екен. Туған жеріңде қалсын» дейді ол досына жеткізген хабарында.

Ескі нанымдарға сенсек, жат жерге барғаннан кейін де аттың көз алдынан туған жердің бейнесі кетпейді екен. Оны ұмыттыру үшін атты айнаға қаратып, кірпігін жұлады-мыс.

 Абылайдың Нарқызылы, Алшаңбозы және Құлаша аты

Нарқызыл Бөгенбай батырдың Абылайға сыйға тартқан сәйгүлігі. Жылқының тұлпары – Нарқызылға ие болғанда Абылай он бес жаста екен.

«Жазғытұрым үш жүз боп жиналамыз, сол жиынға керекті жан екенсің. Шырағым, таза сақта Нарқызылды, Есіңе ал, кек алатын келер жылды» дейді қарт Бөгенбай көздері от шашқан текті ұлға Нарқызылды кесе көлдеңен тартып тұрып.

Тарихшылар Бөгенбайдың Нарқызылды Абылайға мінгізген кезін шамамен 1722 жыл деседі. Себебі, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының Қарақұмда бас қосып, жоңғарға қарсы әскер жасақтауы 1723 жыл делінеді. Нарқызыл  жәй ат емес, тұлпар болған. Абылайдың «Абылайлап» аттандауы кезінде оның астында осы сенімді серігі Нарқызыл болған. 

Сaбaлaқ aтaқ aлып «Абылайлап»,

Бaрша қол «Абылaйлaп» aйғaй сaлды.

Көк те «Абылaй», жер де «Абылaй» -

Бәрі «Абылaй»,

«Абылaйлaп» aйғaй сaлды бір жaн қaлмaй,

Нaрқызылмен жөнелді қaрсы aлдынa,

Ақ туды желбіретіп сaлып aйғaй, - деп келеді жыр жолдарында бұл туралы.

Нарқызыл – Абылайдың ең алғашқы жорыққа мінген аты. Оның сондай-ақ, аңызға айналған, ұрысқа мінетін Құлаша және әскердің алдына салтанатты түрде шыққанда мінетін Алшаңбоз аттары болған.

 Қабанбайға қырық жыл серік болған Қубас ат

Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі болған Қубас аруақты тұлпар болған. Бүгінде оның атымен байланысты жер-су атаулары да көп ел ішінде. Қабанбай батырдың салмағына барлық мініс аттары шыдай алмайды екен. Сондықтан майдан даласында қол бастаған, жау шебін бұзып-жарып жүретін Қабанбай батырға лайықты ат іздеп, шабармандары күлі қазақ даласына сауға айтыпты. Мұны естіген Қабанбайдың нағашысы атақты би Боранбай оны өз еліне шақыртады. Сөйтіп, өзі ертіп барып Ұланбай мен Бұланбайдың мыңғырған жылқысының ішінен арда емген Қубасты таңдап береді. Биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқы Қабанбайға бірден ұнайды. Оны көрген жұрт та таң қалысады. Оның Қубас атануының сыры, жүйріктігінің белгісі – басында бір қырым ет жоқ екен.

Қабанбай батыр Қубасты жорыққа ғана мінбеген, оны бәйгеге де қосқан екен. Бірде қазіргі Семейдің аумағында үш жүздің игі жақсылары жиналып, тұлпарларын сынға түсіреді. Батырдың Қубасы екі жүз шақырым қашықтықтан жалғыз өзі дара келеді. Тұлпарының шабысына көңілі толған батырдың сол уақытта айтқан «Мiнгенiм менiң Қубасты, Қубастай жылқы тумасты» деген сөзі ел арасына тарап, аңызға айналып кеткен.

Қубас Қабанбайға қырық жылға жуық уақыт серік болады. Оның киелілігі сондай, жар астындағы жауды күншілік жерден сезетін қасиеті болған. Қубас жаудың келе жатқанын «кісінеп», «елеңдеп» білдіріп отырған.

Қубас әбден қартайған шағыңда оны батыр аманат етіп би Боранбайға әкеледі. Содан бір күні Қубас орнынан көтеріле алмай қалыпты. Мұны естіген би: «Ел үшін туған ерен ердің aстындa ұзaқ жыл серік болғaн aруақты тұлпaр ғой, қaлың жылқыны «Қaбaнбaйлaп!» ұрaн сaлып, қиқулaп қaсынан aйдaп өтіңдер. Айғaйғa елігіп, тұрып кетер», - депті. Жылқышылар оның айтқанын екі етпей, Қубастың жанынан үйірді дүркіретіп, өздері «Қабанбайлап» шауып өтеді. Қанша дегенмен, тектілігі бір бөлек, кәрі тұлпар дүбірге елітіп, орынан ұшып түрегеліп, топқа ілесіп шаба жөнеледі. Алайда, Жағалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде, сол жерге жата кетіп, жантәсілім етеді. Қубастың сүйегін қадірлеп Жағалбайлы асуының ең биік нүктесіне қойғызады. Кейін бұл жерді жергілікті жұрт Қубас ат кезеңі деп атап кетеді. Бұл жерге Қабанбай батырдың серігінің құрметіне ескерткіш те қойылған.

Сағатына елу шақырымға шапқан Ақбозат

Тарихи әңгімелердің бірінде хан тұқымынан шыққан Әбілқайырдың үйленер кезінде қалыңмалға дәулетінің жетпегендігі айтылады. Бопайды аларда оның әкесі Әбілқайырға шарт қояды.

«90 aлaяқ торы құр aт, 60 қaрaяқ көк ат әкелсең қызымды беремін» дейді ол. Ежелгі кезеңдегі тарихи әңгімеледің желісіне мән беріп қарар болсаңыз, қазақтың құдалық жоралғыларында төрт түліктің түсіне аса мән берілгендігі аңғарылады. Мұнша малды бір ай ішінде қайдан табамын деген Әбілқайырдың салы суға кетеді. Ол мұнысымен ежелгі досы Жәнібекпен бөліседі. Жәнібек сөзге келместен, Әбілқайырдың алдына өзі айтқан малды тосады. Сөйтіп құдалыққа Бопайдың ауылына өзі де барады.

Ақбоз ат Әбілқайыр ханның жорыққа мінетін аты болған. Аттың жүйріктігі мен мықтылығына ресейліктер мен шетелдік саяхатшылар да таң қалып, таңдай қаққан. 1736 жылы Әбілқайыр ордасында қонақта болған ағылшындық Джон Кэстл Әбілқайырдың Ақбоз атының сағатына 50 шақырым жүретінін аңыз қылып жазып кеткен. Және Әбілқайырдың сәйгүліктерінің жүйріктігін тау ешкілерінің жүйріктігімен ғана салыстыруға болады деп жазады.  Ағылшындық саяхатшының өзіне адалдығына тәнті болған және өзінің сәйгүліктеріне қызыққанын аңғарған қазақ ханы оған сәйгүлікті сыйға тартады. Бірақ жол үстінде қарақшының қолына түскен сәйгүлік хан ордасын жазбай тауып қайтып оралады.  Ханның қанатты пырағы болған Ақбоз ат туралы да халық жырларында айтылады.

 Көкойнақтың тұлпар боларын таныған Райымбек батыр

Райымбек батырдың жорық аты Көкойнақ туралы да ел ішінде дерек көп. Оның Райымбек батырдың қолына қалай түскендігі туралы тарихи әңгімелерде былай деп баяндалады. Райымбектің нағашы жұрты атақты Қаракерей Қабанбайдың жұрты екен. Нағашыларына қонаққа барған бала Райымбек нағашысының мыңғырған үйір жылқысын қарап тұрып, ішінен арық көк құлынға көзі түседі. Нағашысы болса, «Ойпырмай, бес мың жылқының ішінен таңдағанын осы ма? Бұған несіңе қызықтың, жүз жылқы айдап кетсең де болар еді ғой» дейді. Сонда бала болса да, дана Райымбек:  «Көк құлын жатқан енесінің үстінен ерсілі-қaрсылы қaрғып жүрді, желіде тұрғaндa шіліңгір ыстықтa бaсқа құлындaрдaй жерде иленіп жaтқaн жоқ, үнемі тікесінен тік тұрaды, үйірде жүргенде бір жерде тұрмaйды, ойынпaз екен, атын Көкойнaқ десе де болғaндaй» — дейді. Жиенінің аңғарымпаздығына риза болған нағашысы оған батасын беріп, Көкойнақты жетектетіп жіберген екен.

Ат сұлуы – Ақтабан

Исатайдың Ақтабанын сірә, білмейтін қазақ жоқ шығар. Исатайдың жорықтарында жанында адал серігі болған Ақтабан иесін қарша бораған оқтың арасынан талай мәрте алып шыққан.  Әсіресе, Махамбеттің жырларында Исатайдың ерлігі дәріптелгенде Ақтабанның да аты аталады.

Ақтабан өте сұлу ат болған деседі. Оның аяқтары тобығынан төмен қарай тұяғы мен табанына дейін ақ түсті болыпты. Ақтабанның негізгі тегі қалмақ жылқысынан таралады екен. Исатайдың Ақтабаннан да өзге аттары болған. Оны Таңбай атбегінің Исатайға айтқанынан да білуге болады: «Ақтабанды жауға мін, Күреңді серуенге мін, ал Торытөбелді аңға мін» дейді оған кеңес берген атбегі.  Исатай өз аттарын күтіп-баптауды осы атбегі Таңбайға ғана сеніп тапсырады екен. Исатайдың Ақтабан, Күрең, Торытөбел деген аттарын Таңбайдың үш баласы бөлек күткен екен. Ақтабанды үлкен ұлы Мұсағали баптайды.

 Кеңесарының аты Ақтаңгер

Кенесары ханның әскерін жорық аттарымен жабдықтау Шұбыртпалы Ағыбай батырға тапсырылған екен. Ағыбай батыр асылтұқымды ат іздеп, бірнеше мәрте Бұқарға, Хиуаға, Кіші жүз еліне барады. Ол жорық аттарын кейде сатып, кейде барымталап әкетіп тұрған.  Сондай-ақ, Кенесары батырға Сарыарқаның атақты байлары да мініс аттарын жіберіп отырған. Алайда, олардың саны көп болғанымен, ішінде ереуіл аттар аз болатын.  Батырдың денесінің зор болғандығы соншалық, ол атқа мінгенде, астындағы аты кішігірім есектей болып қана көрінеді екен. Батырға лайықты ат болған Ақтаңкер ат болыпты. Ол туралы батырды суреттеуде «Екпіні тау селіндей сарқыраған, қас дұшпан үрейі ұшып қалтыраған. Қолында шолақ найза қол бастайды, астында Ақтаңкер ат арқыраған» деп келеді.

 Көкбестінің басын киізге орап тау басына қойған

Ағыбай батырдың аты Көкбестіні қадірлегені соншалық, ол өлгеннен кейін оның басын былғарымен және ақ киізбен орап, Шешенқара тауының басына қояды. Көкбестінің басының өзі бес қарыс болыпты. Сәйгүлік Ағыбай батыр жауды қашырған Қарақырқаның жарлауыт жерінен қарғығанда қарны жарылып өледі.

Батырдың бес аты

Он тоғызыншы ғасырдың басындағы ұлт азаттық қозғалыстың қолбасшыларының бірі болған Жанқожа Нұрмұхамедұлының жан серігі Көкешкі туралы айтпай кетуге болмайды. Ел аузында «Көкешкіні шапқанда көр, Көнсадақты тартқанда көр» деген тәмсіл содан қалған.

Зерттеушілердің айтуынша, Жанқожаның бірнеше аты болған. Құдайберген торы, Ақмоншақ, Мәстекқара, Көкешкі, Ешкібас деген бес аты болған екен. Олардың әрқайсысының батыр өмірінде алар орны ерекше. Мысалы, Мәстекқара деген аты батырдың ыңғайын тез түсінетін белі мықты, жорыққа шыдамды ат болған. Жанқожаның «Мәстекқарадай ат мінбедім, Қаныкейдей әйел көрмедім» деуі де содан.

 Ал Құдайбарген торы батырға ер-тұрманымен аяқ астынан кездейсоқ өзі келген деседі. Оның Құдайберген деп аталуы да сондықтан.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға