Жаңалықтар

Сөз - кітап достың жөнінде

Сөз - кітап достың жөнінде Бір кезде бұндай мәслихаттарда мәдениет майданының бір мәселесі ғана талқыланушы еді. Бүгін мәдениеттің алуан мәселелері сөз болып отыр. Мұның өзі біздің мәдениетті республикаға айналғанымызды танытады. Біз енді сауатсыздықты жою сияқты жеке мәселелерді қараумен тына алмаймыз. Республика жұртшылығының алдында тұрған мәселелер сан алуан. Қазір мәдениет жайын киносыз, кітапханасыз, ағындағы баспасөзсіз, тұрақты театрларсыз сөз ету қиын. Уақыт тар болған себепті, осы мәселелердің ішінен бір мәселеге ғана тоқталып өтпекшімін. Халықтың мәдениет дәрежесі жайлы әр түрлі пікірлер болған. "Халық мәдениеті сабынның санына қарай", "тұрғын үй маңының тазалығына қарай байқалады" деушілер де болған. Адам тұрмысында тазалық атаулының маңызы зор екені рас. Бірақ Қазақстан секілді социалистік азат республикада тарихи жаңа кезеңде мәдениеттіліктің дәрежесін басқаша түсіну керек секілді. "Ауылдағы, селодағы, қаладағы әрбір еңбекшінің мәдени дәрежесін оның үйіндегі кітаптың санына қарай, сапасына қарай белгілеу шарт" десе, теріс болар ма еді? Адамның өмірінде кітаптың маңызы қаншалықты зор екенін мәдениет қызметкерлеріне дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде-ақ бүкіл адамзаттық мәдениетпен танысамыз. Бірақ рухани өмірімізде кітаптың алатын орны осымен тынып қалмайды. Өскен сайын, алға басқан сайын кітап біздің егіз - серік досымыз есепті бола береді. Сол кітап бүгінгі колхозшыға, жұмысшыға, әсіресе ғасырлар бойы қараңғылықтың зардабын шеккен біздің жұртқа қажет-ақ. Қазақстанның баспасы кітапты көптеп шығарады. Бұған мемлекет зор көңіл аударып, мол қамқорлық жасап отыр. Марксизм классиктерінің, дүниежүзілік әдебиет классиктерінің, орыс әдебиеті мен қазіргі совет жазушыларының шығармалары қазақ тіліне мол аударылады. Бірақ асыл кітап өзінің аңсаған оқушысына жетпей жатыр. Олай болса, бұл мәселеге ерекше мән беретін уақыт жетті. Қазақстанда 62 ауданда кітап саудасымен айналысатын дүкен жоқ екені осы мәслихатта айтылды. Мұның мөлшері дәл екеніне кепіл болу қиын. Менің өз басым көптеген колхоздарда кітап дүкені жоқ екенін қынжыла айтуға тиістімін. Кітап саудасымен тұтынушылар кооперациясы да шұғылданады. Бірақ нашар шұғылданып келеді. Тұтынушылар одағы Ақсуат, Зайсан, Абай, Амангелді сияқты теміржолдан мойны қашық қазақ аудандарына қазақ тілінде шыққан кітапты аз алып барады. Таяуда мен Сарытауқұм жайылымына барып қайтқан Ғабит Мүсіреповтің ойлы да, өткір де очеркін оқыдым. Жазушы "алты аяқтың" астында өмір сүрген шопандарды суреттейді. Малшылар жылдар бойына кітап көрмеген. Осыдан 10-15 жыл бұрын сауатсыздығын жойған адамдар қазір қайтадан сауатсыз қалпына түскен тәрізді. Осының бәрі кітап оқымаудың салдарынан болған сорақылық. Біз, жазушылар, кітаптың оқушы көпке жеткенін тілейміз. Ол оқушы қазақ шығармаларын ғана оқымай, бүкіл дүниежүзілік мәдениеттің қазынасымен танысса екен деп арман етеміз. Пушкин алыстағы ауылға барсын, Гурьевтің балықшыларына, Қызылорданың күрішшілеріне, Мақтааралдың мақташыларына Тургеневтің, Лев Толстойдың, Шолоховтың, Фадеевтің кітаптары жетсін дейміз. Жазушы ретінде өзімізді баулыған, қанағаттандырған орыстың классикалық әдебиеті мен классикалық совет әдебиет шығармалары қазақтың қалың оқушысына мол жетсе дейміз. Бұл тұста кейбір туысқан республикалардың үлгі боларлық істерін атауға болады. Мысалы, Латвияның баспасында әрбір екі күнде үш кітап шығып отырады екен. Бұл республикада әрбір үйдің өз кітапханасы бар көрінеді. Біздің де сондай әрбір үйде кітапхана жасау үшін күресуіміз шарт. Қарттар, Отан соғысының мүгедектері әрбір ауылдан табылады. Міне, солар түйеге немесе атқа мініп, мойны қашық колхозға, совхозға қыста да, жазда да кітап апарып таратып тұра алар еді. Бұл, әрине, кітап таратудың қарапайым түрі. Ал онжылдық, жетіжылдық мектептерге, интернаттарға, жаңа құрылған ірі совхоздарға кітапты үздіксіз апарып тұру даусыз міндет. Жұртшылыққа эстетикалық тәрбие беретін көркем әдебиет шығармалары - рухани творчестволық өміріміздің жемістері — сыңар барсын демейміз. Егін шаруашылығына, мал шаруашылығына пайдасын тигізетін кітаптардың да баруы шарт. Сол сияқты аудан орталықтарынан, теміржол бойынан жырақ жатқан колхоздар үшін санитария мен гигиенаға үйрететін кітаптың жетуі қажет. Ленин томдарының идеялық-саяси мәні айтпасақ та түсінікті. 1946 жылдан бастап 10 жыл бойына Лениннің шығармалар жинағы 50 мың тиражбен шығарылып келеді. Сол кітаптар қайда, қанша, қалай тарады? Күні ілгері жазылып қойғандарға ғана барып, қалың оқушыға жете алмай жүрген жоқ па екен? Баспа мен сауда мекемелері жоспардың сырттай орындалғанын ғана көздейді. Халықтың нақты талабымен, мұқтаждығымен есептеспейді. Қазақ кітабының тағдырына немқұрайды қарайды. Бұны бюрократизм деп қана атауға болады. Олар қазақ кітаптарын алыстағы қазақ аудандарына алып бармайды да, кітапқа жала жабады: аударма кітапты жұрт оқымайды деген болады. Коммунист партиясының саясатын жүзеге асыруға қаламмен көмектесіп отырған Шолохов, Фадеев және ұлы Маяковский шығармаларының аудармасын көп тиражбен таратудың қажеті жоқ дейтін басшы қызметкерлер де шығып жүр. Олар аударманың тиражын 5-6 мың данадан асырмау керек деп қарасады. Аударма кітаптары таралмайды - мыс деген сылтаумен тиражын тұқыртып, мемлекетке пайда келтіреміз деп ойлайды. Бірақ пайда қайдан келсін, олар халықтың рухани өміріне қып-қызыл зиян келтіреді. Бұның үстіне, аз тиражбен шыққан кітап мемлекет үшін қымбатқа түсетіні де аян. Осыған орай бір жайды ерекше айтпасқа болмайды. Қазақ ССР Мәдениет министрі тираж мәселесінде сауда мекемелеріндегі кейбір қауқарсыз, құнтсыз, жалғаншыл қызметкерлердің жетегінде кеткені байқалады. Қазіргі кезде қазақ кітабының тиражын он мың данадан асырмайды. Бұндай тираж тапшылығы Қазақстанда көптен бері болып көрген емес. Соңғы 10-15 жыл ішінде Қазақстанда көркем кітаптың тиражы орта есеппен алғанда 20 мыңнан болып келеді. Ал Шолохов, Фадеев сияқты жазушылардың кітаптарын 30-40 мың дана етіп шығаратын мезгіл жетті. Алғашқы жылы түгел өтпей-ақ қойсын. Кітап бір жылға арналып шығарылмайды, бірнеше жылға арналып шығады. Бұлай болса, кітапты көп тиражбен шығарғанда біз екі жақтан ұтамыз: біріншіден, кітапты оқушыға молынан жеткіземіз, екіншіден, мол болған соң кітаптың өзіндік құны арзандайды, мемлекетке мол пайда келтіреді. Туысқан әдебиет шығармаларын басып шығаруда Москва баспасының тәжірибесін айта кеткім келеді. Бұл баспа Сәбит Мұқановтың "Ботагөзін", Ғабит Мүсіреповтің "Қазақ солдатын" бірнеше рет басты. Ғабиден Мұстафиннің "Миллионері" де орысша әлденеше рет басылды. "Қарағандысы" көп тиражбен шығуда. 1943 жылы дүниеге келіп, содан бері қазақ тілінде үш-ақ рет басылған "Абай" романы 1948 жылдан бері орыс тілінде 12 рет шығарылды. Мұның ішінде 5 рет мол тиражбен басылды. Қазір де мол тиражбен шығарылғалы жатыр. Соның көбінде баспа автордың ықтиярын сұраған да жоқ. Ал сол кітаптар қазақ оқушысына қажет емес деуге кімнің аузы барады. Кітапты тарата білу қажет. Қазағы аз қалада, облыс орталығында тозаң басып жатқан кітаптарды өз оқушысына алып бару шарт. Халықты идеялық жағынан тәрбиелеу мәселесіне келгенде, ұсақ есеп-қисаптың шеңберінен шыға алмайтын адамдардың ырқына еруге жарамас. Ал сондай адамдарды өзі тежеп отырарлық (бір жолдастың) аузынан шыққан сөзіне біз, жазушылар, қайран қалдық. Ол жолдас қазақ жазушылары ақша табуды көздеп, өз шығармаларын қайта бастырумен шұғылданып жүр деді. Жауапты жиында ешқандай дәлелсіз айтылған бұл пікірдің мүлдем қате екенін айтуға өзімді борышты санаймын. Михаил Шолоховтың шығармалары 70 рет басылып шыққан. Олай болса, осыны "ақша үшін Шолохов шығартып отыр" деген ой кімнің басына келеді? Кітаптың тиражы партия мен үкіметтің көркем әдебиет саласындағы саясатына қарай белгіленбей ме? Москваның баспалары Мұқановтың да, Мүсіреповтің де, Мұстафиннің де, Әуезовтің де келісімін сұрамай, шығармаларын қайта-қайта басып шығарып келеді. Мұны қалай түсінеміз? Жаман шығармаларды орталық баспаларда қайта-қайта баса берер болар ма? Жоқ, бұлай емес шығар. Бұл шығармаларды оқушы талап етеді. Москва баспасы сол оқушының талабына сүйенеді. Біздің баспада да осындай тәртіп орнайтын болсын дейміз. Біз жазықсыз зәбір көрмейтін бақытты жағдайда жұмыс істеп келеміз. Бірақ бір кездегі болымсыз басшылықтар жадымыздан кеткен жоқ. Олар осы трибунадан өзіне лайықты атағын алған-ды. Интеллигенция атаулыға махаевша қарағаны әшкереленгенді. Ол уақыт келмеске кетті десек, өткендегіні еске әкеліп салатын мінезден аулақ болайық. Қазақ жазушыларының еңбектерін қайта басып шығарғанда баспа жазушының мүддесін көбірек ойлайтынын да ұмытпалық. 1939 жылы жазылған "Ботагөз" романы 16 жыл ішінде қазақ тілінде үш-ақ рет шықты. Москвада да үш рет шығыпты. Ал бұл қазақ оқушылары үшін аса қымбатты кітап екені даусыз. Басқа да шығармалар туралы осыны айтуға болады. Тираж мәселесі өз алдына ерекше сөз болуды тілейді. Көркем әдебиеттің қарыштап өсуіне ықыласты қызметкерлер бас қосып, бүл мәселені арнаулы талқыға салса, жан - жақты пікір алысса, орынды-ақ болар еді. Мәдениеттің көрнекті құралы болып отырған кітап оқушыға баратын болсын. Кітап біздің қызметкерлердің, колхозшылардың, совхоздар мен МТС жұмысшыларының идеялық-саяси санасының өсуіне, жоғарылауына көмектеседі, еңбекте рухани қолғанат болады. Жақсы кітап — жан азығы, ой суаты. Олай болса, кітап тарату мәселесі мейлінше терең ойланып, парасатты шешілетін болсын. Заман мүддесі осыны тілейді.   Мұхтар Әуезов
05.12.2012 11:44 5686

Сөз - кітап достың жөнінде

Бір кезде бұндай мәслихаттарда мәдениет майданының бір мәселесі ғана талқыланушы еді. Бүгін мәдениеттің алуан мәселелері сөз болып отыр. Мұның өзі біздің мәдениетті республикаға айналғанымызды танытады. Біз енді сауатсыздықты жою сияқты жеке мәселелерді қараумен тына алмаймыз. Республика жұртшылығының алдында тұрған мәселелер сан алуан. Қазір мәдениет жайын киносыз, кітапханасыз, ағындағы баспасөзсіз, тұрақты театрларсыз сөз ету қиын.

Уақыт тар болған себепті, осы мәселелердің ішінен бір мәселеге ғана тоқталып өтпекшімін.

Халықтың мәдениет дәрежесі жайлы әр түрлі пікірлер болған. "Халық мәдениеті сабынның санына қарай", "тұрғын үй маңының тазалығына қарай байқалады" деушілер де болған. Адам тұрмысында тазалық атаулының маңызы зор екені рас. Бірақ Қазақстан секілді социалистік азат республикада тарихи жаңа кезеңде мәдениеттіліктің дәрежесін басқаша түсіну керек секілді. "Ауылдағы, селодағы, қаладағы әрбір еңбекшінің мәдени дәрежесін оның үйіндегі кітаптың санына қарай, сапасына қарай белгілеу шарт" десе, теріс болар ма еді?

Адамның өмірінде кітаптың маңызы қаншалықты зор екенін мәдениет қызметкерлеріне дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде-ақ бүкіл адамзаттық мәдениетпен танысамыз. Бірақ рухани өмірімізде кітаптың алатын орны осымен тынып қалмайды. Өскен сайын, алға басқан сайын кітап біздің егіз - серік досымыз есепті бола береді.

Сол кітап бүгінгі колхозшыға, жұмысшыға, әсіресе ғасырлар бойы қараңғылықтың зардабын шеккен біздің жұртқа қажет-ақ.

Қазақстанның баспасы кітапты көптеп шығарады. Бұған мемлекет зор көңіл аударып, мол қамқорлық жасап отыр. Марксизм классиктерінің, дүниежүзілік әдебиет классиктерінің, орыс әдебиеті мен қазіргі совет жазушыларының шығармалары қазақ тіліне мол аударылады. Бірақ асыл кітап өзінің аңсаған оқушысына жетпей жатыр. Олай болса, бұл мәселеге ерекше мән беретін уақыт жетті.

Қазақстанда 62 ауданда кітап саудасымен айналысатын дүкен жоқ екені осы мәслихатта айтылды. Мұның мөлшері дәл екеніне кепіл болу қиын. Менің өз басым көптеген колхоздарда кітап дүкені жоқ екенін қынжыла айтуға тиістімін. Кітап саудасымен тұтынушылар кооперациясы да шұғылданады. Бірақ нашар шұғылданып келеді. Тұтынушылар одағы Ақсуат, Зайсан, Абай, Амангелді сияқты теміржолдан мойны қашық қазақ аудандарына қазақ тілінде шыққан кітапты аз алып барады.

Таяуда мен Сарытауқұм жайылымына барып қайтқан Ғабит Мүсіреповтің ойлы да, өткір де очеркін оқыдым. Жазушы "алты аяқтың" астында өмір сүрген шопандарды суреттейді. Малшылар жылдар бойына кітап көрмеген. Осыдан 10-15 жыл бұрын сауатсыздығын жойған адамдар қазір қайтадан сауатсыз қалпына түскен тәрізді. Осының бәрі кітап оқымаудың салдарынан болған сорақылық.

Біз, жазушылар, кітаптың оқушы көпке жеткенін тілейміз. Ол оқушы қазақ шығармаларын ғана оқымай, бүкіл дүниежүзілік мәдениеттің қазынасымен танысса екен деп арман етеміз. Пушкин алыстағы ауылға барсын, Гурьевтің балықшыларына, Қызылорданың күрішшілеріне, Мақтааралдың мақташыларына Тургеневтің, Лев Толстойдың, Шолоховтың, Фадеевтің кітаптары жетсін дейміз. Жазушы ретінде өзімізді баулыған, қанағаттандырған орыстың классикалық әдебиеті мен классикалық совет әдебиет шығармалары қазақтың қалың оқушысына мол жетсе дейміз. Бұл тұста кейбір туысқан республикалардың үлгі боларлық істерін атауға болады. Мысалы, Латвияның баспасында әрбір екі күнде үш кітап шығып отырады екен. Бұл республикада әрбір үйдің өз кітапханасы бар көрінеді. Біздің де сондай әрбір үйде кітапхана жасау үшін күресуіміз шарт.

Қарттар, Отан соғысының мүгедектері әрбір ауылдан табылады. Міне, солар түйеге немесе атқа мініп, мойны қашық колхозға, совхозға қыста да, жазда да кітап апарып таратып тұра алар еді. Бұл, әрине, кітап таратудың қарапайым түрі. Ал онжылдық, жетіжылдық мектептерге, интернаттарға, жаңа құрылған ірі совхоздарға кітапты үздіксіз апарып тұру даусыз міндет.

Жұртшылыққа эстетикалық тәрбие беретін көркем әдебиет шығармалары - рухани творчестволық өміріміздің жемістері — сыңар барсын демейміз. Егін шаруашылығына, мал шаруашылығына пайдасын тигізетін кітаптардың да баруы шарт. Сол сияқты аудан орталықтарынан, теміржол бойынан жырақ жатқан колхоздар үшін санитария мен гигиенаға үйрететін кітаптың жетуі қажет. Ленин томдарының идеялық-саяси мәні айтпасақ та түсінікті. 1946 жылдан бастап 10 жыл бойына Лениннің шығармалар жинағы 50 мың тиражбен шығарылып келеді. Сол кітаптар қайда, қанша, қалай тарады? Күні ілгері жазылып қойғандарға ғана барып, қалың оқушыға жете алмай жүрген жоқ па екен?

Баспа мен сауда мекемелері жоспардың сырттай орындалғанын ғана көздейді. Халықтың нақты талабымен, мұқтаждығымен есептеспейді. Қазақ кітабының тағдырына немқұрайды қарайды. Бұны бюрократизм деп қана атауға болады. Олар қазақ кітаптарын алыстағы қазақ аудандарына алып бармайды да, кітапқа жала жабады: аударма кітапты жұрт оқымайды деген болады.

Коммунист партиясының саясатын жүзеге асыруға қаламмен көмектесіп отырған Шолохов, Фадеев және ұлы Маяковский шығармаларының аудармасын көп тиражбен таратудың қажеті жоқ дейтін басшы қызметкерлер де шығып жүр. Олар аударманың тиражын 5-6 мың данадан асырмау керек деп қарасады. Аударма кітаптары таралмайды - мыс деген сылтаумен тиражын тұқыртып, мемлекетке пайда келтіреміз деп ойлайды. Бірақ пайда қайдан келсін, олар халықтың рухани өміріне қып-қызыл зиян келтіреді. Бұның үстіне, аз тиражбен шыққан кітап мемлекет үшін қымбатқа түсетіні де аян.

Осыған орай бір жайды ерекше айтпасқа болмайды. Қазақ ССР Мәдениет министрі тираж мәселесінде сауда мекемелеріндегі кейбір қауқарсыз, құнтсыз, жалғаншыл қызметкерлердің жетегінде кеткені байқалады. Қазіргі кезде қазақ кітабының тиражын он мың данадан асырмайды.

Бұндай тираж тапшылығы Қазақстанда көптен бері болып көрген емес. Соңғы 10-15 жыл ішінде Қазақстанда көркем кітаптың тиражы орта есеппен алғанда 20 мыңнан болып келеді. Ал Шолохов, Фадеев сияқты жазушылардың кітаптарын 30-40 мың дана етіп шығаратын мезгіл жетті. Алғашқы жылы түгел өтпей-ақ қойсын. Кітап бір жылға арналып шығарылмайды, бірнеше жылға арналып шығады. Бұлай болса, кітапты көп тиражбен шығарғанда біз екі жақтан ұтамыз: біріншіден, кітапты оқушыға молынан жеткіземіз, екіншіден, мол болған соң кітаптың өзіндік құны арзандайды, мемлекетке мол пайда келтіреді.

Туысқан әдебиет шығармаларын басып шығаруда Москва баспасының тәжірибесін айта кеткім келеді. Бұл баспа Сәбит Мұқановтың "Ботагөзін", Ғабит Мүсіреповтің "Қазақ солдатын" бірнеше рет басты. Ғабиден Мұстафиннің "Миллионері" де орысша әлденеше рет басылды. "Қарағандысы" көп тиражбен шығуда. 1943 жылы дүниеге келіп, содан бері қазақ тілінде үш-ақ рет басылған "Абай" романы 1948 жылдан бері орыс тілінде 12 рет шығарылды. Мұның ішінде 5 рет мол тиражбен басылды. Қазір де мол тиражбен шығарылғалы жатыр. Соның көбінде баспа автордың ықтиярын сұраған да жоқ.

Ал сол кітаптар қазақ оқушысына қажет емес деуге кімнің аузы барады. Кітапты тарата білу қажет. Қазағы аз қалада, облыс орталығында тозаң басып жатқан кітаптарды өз оқушысына алып бару шарт. Халықты идеялық жағынан тәрбиелеу мәселесіне келгенде, ұсақ есеп-қисаптың шеңберінен шыға алмайтын адамдардың ырқына еруге жарамас.

Ал сондай адамдарды өзі тежеп отырарлық (бір жолдастың) аузынан шыққан сөзіне біз, жазушылар, қайран қалдық. Ол жолдас қазақ жазушылары ақша табуды көздеп, өз шығармаларын қайта бастырумен шұғылданып жүр деді. Жауапты жиында ешқандай дәлелсіз айтылған бұл пікірдің мүлдем қате екенін айтуға өзімді борышты санаймын.

Михаил Шолоховтың шығармалары 70 рет басылып шыққан. Олай болса, осыны "ақша үшін Шолохов шығартып отыр" деген ой кімнің басына келеді? Кітаптың тиражы партия мен үкіметтің көркем әдебиет саласындағы саясатына қарай белгіленбей ме? Москваның баспалары Мұқановтың да, Мүсіреповтің де, Мұстафиннің де, Әуезовтің де келісімін сұрамай, шығармаларын қайта-қайта басып шығарып келеді. Мұны қалай түсінеміз?

Жаман шығармаларды орталық баспаларда қайта-қайта баса берер болар ма? Жоқ, бұлай емес шығар. Бұл шығармаларды оқушы талап етеді. Москва баспасы сол оқушының талабына сүйенеді. Біздің баспада да осындай тәртіп орнайтын болсын дейміз.

Біз жазықсыз зәбір көрмейтін бақытты жағдайда жұмыс істеп келеміз. Бірақ бір кездегі болымсыз басшылықтар жадымыздан кеткен жоқ. Олар осы трибунадан өзіне лайықты атағын алған-ды. Интеллигенция атаулыға махаевша қарағаны әшкереленгенді. Ол уақыт келмеске кетті десек, өткендегіні еске әкеліп салатын мінезден аулақ болайық.

Қазақ жазушыларының еңбектерін қайта басып шығарғанда баспа жазушының мүддесін көбірек ойлайтынын да ұмытпалық. 1939 жылы жазылған "Ботагөз" романы 16 жыл ішінде қазақ тілінде үш-ақ рет шықты. Москвада да үш рет шығыпты. Ал бұл қазақ оқушылары үшін аса қымбатты кітап екені даусыз. Басқа да шығармалар туралы осыны айтуға болады.

Тираж мәселесі өз алдына ерекше сөз болуды тілейді. Көркем әдебиеттің қарыштап өсуіне ықыласты қызметкерлер бас қосып, бүл мәселені арнаулы талқыға салса, жан - жақты пікір алысса, орынды-ақ болар еді.

Мәдениеттің көрнекті құралы болып отырған кітап оқушыға баратын болсын. Кітап біздің қызметкерлердің, колхозшылардың, совхоздар мен МТС жұмысшыларының идеялық-саяси санасының өсуіне, жоғарылауына көмектеседі, еңбекте рухани қолғанат болады. Жақсы кітап — жан азығы, ой суаты. Олай болса, кітап тарату мәселесі мейлінше терең ойланып, парасатты шешілетін болсын. Заман мүддесі осыны тілейді.

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға