Жаңалықтар

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?
Фото: Коллаж El.kz 30.05.2024 17:15 5191

Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылында 11-сынып оқушысы Марлен Көшербай суға батып бара жатқан 5 жастағы бүлдіршінді өлім аузынан арашалап қалды. Ержүрек баланы Астана қаласының білім басқармасы марапаттады. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Жібек жолы ауылына барып, Марлен және оның атасымен тілдесіп қайтты. 

Астанадағы Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының 11 «А» сыныбын тәмамдаған 16 жастағы Марлен ерлігімен көзге түсіп, өзгелерге үлгі болды. Оқиғаның қалай болғанын бізге баяндап берді.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

El.kz

Сағат 11-дің шамасында үйде жатқан едім, кішкентай қарындасым ентігіп жүгіріп келді. «Аға, бір бала суға батып барады» деді. Өзен біздің үйдің дәл жанында орналсқан. Сол сәтте бірден терезеден қарап едім, анам мен әжем жүгіріп бара жатыр екен. Сөйтіп, менде лезде өзенге қарай жүгіріп, анам мен әжемнен озып кеттім. Бірден шешініп, суға түсіп, баланы алып шықтым, – дейді ержүрек жаөспірім.

Ол кезде су да арнасынан асып, тасып жатқан екен. Ағыстың қатты болғаны соншалық бүлдіршін қатты қорқып қалғанын айтады.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

El.kz

Сол сәтте бала қатты үрейленіп, айқайлады. Судың екпінімен аққан бүлдіршін талға ілініп қалған екен. Баланы талдың үстімен алып өтем деп ойласам, менің салмағымды ағаш көтермейтін сияқты болып көрінді. Содан кейін баланы бір қолыммен талдың үстінен жүргізіп, артынша көтеріп мұздай судан алып шықтым. Сөйтіп оның су киімдерін шештік. 4 жасар інімді үйден көрпе алып келуге жібердік. Жылы көрпемен орап, үйге алып келдік, – дейді Марлен.

Анасы баланың ата-анасы мен жақындарын табу мақсатында бүлдіршінді видеоға түсіріп, ауылдың WhatsaApp тобына жіберген көрінеді.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

El.kz

Баланы үйге әкеліп, жылытып, шай-суын бердік. Ауылдың чатында көршілер танып, үй-ішінің нөмірін берді. Біз хабарластық. Одан кейін олар келіп алып кетті, – дейді Марлен Көшербай.

Бейбіт заманның батыры кішкентай баланың өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын көргенде, ойланбастан көмекке ұмтылғанын айтты.

Басымда баланы құтқарудан басқа ой болған жоқ. Үйден жүгіріп шыққан уақытта да, баланы қалай шығарып аламын деген ой ғана болды. Сол кездегі 5 жасар бүлдіршіннің айқайлап, шыңғырып тұрған сәті көз алдымнан әлі кетпейді, – дейді жас батыр.

Марленнің бұл бірінші ерлігі емес. Бұған дейін де мұндай оқиғамен бетпе-бет келіп, сол сәтте ойланбастан, дер кезінде шешім қабылдап адам өмірін құтқарып қалғанын айтады.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

El.kz

2019 жылы 6-сынып оқып жүрген уақытта ауылда су тасқыны болды. Атаммен бірге екі атпен жүрген едік. Ауылда сөйлей алмайтын мылқау кісі бар болатын. Сол адам малымен бірге тасқын судың ортасында қалып қойыпты. ТЖ қызметкерлері шығара алмай жатқан кезде атаммен ол кісіні құтқарып қалған едік. Бұдан бөлек өзенге суға шомылып жүрген уақытта да суға батып жатқан кішкентай баланы да шығарып алған кезім болған, – дейді Марлен Көшербай.

Соған қарағанда батыр бала күнінен суға құмар болып өскен екен. Оқу үздігі болуымен қатар спортты да жанына серік еткен.

Каратэға қатысып, қазақша күреспен айналысамын. Үйде ат ұстаймыз. Көкпарға шабамын. Кішкентай кезімде анам магистратура, докторантура оқып жүргенде, ата-әжем мені тәрбиесіне алған. Сол кісілердің маған берген тәлім-тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Әкем спортпен айналыс десе, анам оқы дейді. Кім болсам да, ең алдымен олар «адам бол, адал бол» деп үйретті. Жақындарымның үйреткен тәрбиесі болмаған да қорқып, суға түспейтін бе едім. Оларға алғысым шексіз, – дейді ол. 

Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Астананың ашық біріншілігінде 55 келі салмақта алтын медалға қол жеткізсе, «Аршалы барысы» турнирінің ІІ орын иегері. Бала кезінен көкпар спортына қатысады. Марлен Көшербай баланы қараусыз қалдыратын ата-аналарға үндеу жолдады. Айтуынша, қазір суға түсетін уақыт емес. Оның үстіне жыл сайын суға кететін адамдардың көбейіп жатқанын айтады.

Балаларыңызға қараңыздар. Судың жағасында ойнамасын, – деді ол. 

Марленнің атасы Көшербай Ахметбеков немересінің ерлігін жұртқа жаямыз деп ойламағанын айтады. Аяқ-астынан әлеуметтік желіге таралған бейнежазба екенін тілге тиек етті.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

El.kz

Баланың аман қалғанына қуанып отырмыз. Жасы небәрі 5-те екен. Бұл бала болмағанда қандай оқиға боларын кім білсін?! Құдай сақтап, аман алып шықты. Екінің бірі мұздай суға секіріп, шешініп түсіп кете бермейді. Бұл да бір тәрбиенің арқасы шығар. Осындай жастар бір-бірін қолдап жүрсін. Құтқаратын азаматтар көп болсын, – дейді атасы Көшербай.

Жергілікті белсенділер кеңесінің мүшесі Дина Базарбаева түсірілген бейнежазбаны таратып, Марленнің жасаған ерлігін ТЖ қызметкерлеріне, қалалық білім басқармасына жібергенін айтады.

Мен өте қуаныштымын. Бұл баланың отбасын жақсы танимын. Балаға жақсы тәрбие бергеннен Марлен өзгелерге үлгі болып өсіп келе жатыр. Балалардың көбі Марленға қарап үлгі алады деп ойлаймын. Бейнежазбаны таратқаным дұрыс болды деп есептеймін, – дейді ауыл тұрғыны Дина Базарбаева.

16 жастағы Марлен көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Астана қаласы білім басқармасы мен ТЖ департаментінің атынан марапатталды.

Эксклюзив: Астанада суға батып бара жатқан бес жасар баланы Марлен қалай құтқарды?

жеке мұрағат 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға