Жаңалықтар

«Еділбай қойын әлемге танытқым келеді». Жас шопан шаруашылығын қалай дөңгелетіп отыр?

«Еділбай қойын әлемге танытқым келеді». Жас шопан шаруашылығын қалай дөңгелетіп отыр?
Фото: Коллаж El.kz 13.06.2024 18:02 7375

Қазақстанның әлемдік мал шаруашылығы нарығында алар орны ерекше. Елімізде мал өсіремін деушілерге орасан зор мүмкіндіктер бар. Қолайлы табиғи-климат пен жайылымдардың кеңдігін айтпаса да түсінікті. Соның ішінде елімізде асыл тұқымды қойдың үлес салмағы  аз болса да, өсімі бары байқалады. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі еділбай қойын өсіретін 24 жастағы Нұрбек Жәнібекұлымен тілдесіп, асыл тұқымды қой туралы сұрап білді.

Қой өсіру қазақтың ата кәсібі деуге болады. Бүгінде елдегі қой саны 20 миллионға жуықтайды. Оның ішінде 3 миллионнан астамы асыл тұқымды саналады. Елімізде негізінен еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдар өсіріледі.

«Еділбай қойын әлемге танытқым келеді». Жас шопан шаруашылығын қалай дөңгелетіп отыр?

жеке мұрағат 

Қазақтың қарапайым қара домалақ баласы бүгінде асыл тұқымды еділбай қойын өсіріп, өзге кәсіп иелеріне үлгі болып отыр. Айтуынша еділбай қойын бүкіл әлемге танытқысы келеді және сол бағытта аянбай жұмыс істеп жатыр.

Жас шопанның «Дуанбеков» деп аталатын шаруа қожалығы бар. Шаруашылық Қарағанды қаласынан 27 шақырым жерде орналасқан. 2018 жылы құрылған. Бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Кейіпкерімізден еділбай қойын өсіруді қалай қолға алғанын және несімен тиімді екенін сұрадық.

Жалпы қазіргі таңда қойдың бағасы қымбат екенін білесіздер. Сол себепті қойды өсіру қолайлы болып тұр. Десе де машағаты көп, бірақ тигізер пайдасы да бар. «Мал өсірсең қой өсір, өсімі оның көл көсір» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған, – дейді Нұрбек.

Соңғы бес жылда еліміз сиыр, қой, жылқы етімен және жұмыртқамен өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Соның ішінде қазіргі уақытта асыл тұқымды малдың үлес салмағы 12%-дан асқан. Бұл Президент бастамасымен Қазақстанды Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталықтарының біріне айналдыру туралы тапсырмасы негізінде іске асқан маңызды қадамның бірі деп айтуға болады.

Еділбай қойы асыл тұқымды малдың қатарына жатады. Нұрбек бұл шаруашылықты бастамас бұрын еділбай қойын әбден зерттеп, зерделеп алған. Әсіресе, оның артықшылығы мен пайдасы көп деп отыр. Қазақ даласына өте жақсы бейімделген. Кез келген жерде өніп-өсіп жүре беретінін айтады.

Бүгінде еділбай қойы қазақтың брендіне айналып келе жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, еділбай қойы XIX ғасырдың аяғында Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Фурманов және Қазталов ауданының жерінде, Еділ өзені бойын қоныстанған қазақтардың табиғи іріктеу және өзіндік селекциясы нәтижесінде шығарылған. Яғни, халық селекциясының өнімі саналады.

«Еділбай қойын әлемге танытқым келеді». Жас шопан шаруашылығын қалай дөңгелетіп отыр?

жеке мұрағат

Еділбай қойы Қарағандының ауа-райына, климаттың бәріне жақсы бейімделген. Өйткені Қарағандының қысы суық, әрі алты ай қар кетпейді. Жаздың да ыстық күндері болады. Осындай кезде ауа-райына еділбай қойы өте жақсы шыдайды. Сонымен қатар бұл қой қазақы тұқым болғасын, өсіруіміздің де бір себебі осы. Еділбай тұқымы ұсақталып сапасын жоғалтпас үшін біз селекцияға мұқият қараймыз. Шамамыз келгенше сапаға жұмыс істейміз, – дейд жас шопан.

Шаруашылықты бастапқыда 275 аналық еділбай қойынан бастаған екен. Қазір қанша бас барын нақты айтпаса да, бір отар екенін тілге тиек етті.

Атам қазақ малдың санын айтпаған. Кезінде бір отар қой, сол сияқты жылқы қанша десе, бір үйір жылқы бар деп айтқан. «Дуанбеков» шаруа қожалығының басты мақсаты – Қазақстан бойынша еділбай қойын, герефорт, ақбас сиырларды асылдандыру. Жалпы асылдандыру бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ет және сүтпен айналыспаймыз. Бірақ болашақта бұл бағытты да қолға алсақ деген ойымыз бар, – дейді Нұрбек.

Еділбай қойының тағы бір ерекшелігі, дене тұлғасының ірілігі мен тірі салмақ көрсеткіштері бойынша тек гиссар қойларынан ғана сәл төмен деңгейде, ал жүн түсімі мен сапасы олардан едәуір жоғары болып келеді.

Салмағы мен бойы әртүрлі болады. Біріншіден бұл күтімге байланысты. Кем дегенде еркек қошқардың таза салмағы жақсы күтілсе 120-160 келіге дейін барады, – дейді.

Бұл шаруашылықты бастағаннан бері қазіргі күнге дейін 70-80 миллионға жуық қаражат кеткенін айтты. Осы уақытқа дейін біраз қиындық болғанын да жасырмады.

Мал шаруашылығында көптеген қиындықтар болады. 2019 жылы қысқа дайындап отырған шөбіміз өртеніп кетті. Одан кейін шетелден әкелінген сиырлар бір жыл қысыр қалды. Айта берсе көп. Қыстың өзі бір қиындық әкеледі. Кейде жайылымнан қайтқан кезде қардан жүре алмай шаршап қалған қозыларды далаға тастамай үйге көтеріп апарамыз. Сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Мал бағу оңай емес. Әр нәрсенің өз бейнеті болады және сол бейнеттің ертең зейнетін көретін күн келеді, – дейді.

Сонымен қатар Нұрбек үкіметтен субсидиялар болатынын айтты. Десе де, мал баққаннан кейін оның басқа да қажеттіліктері барын атап өтті.

Жемі мен шөбі бар. Шөпті Ернар деген ағам өзі шабады. Өзі сол шөпті дайындап, бәрімізге үлестіріп береді. Кем дегенде 500-ден бастап мың рулонға дейін барады. Енді бір рулонның салмағы кемі 250-300 келі болады. Бұдан басқа қойға бидайды берудің пайдасы өте көп. Әсіресе, оны аязды күні берсе, тоңбай жайылып күйі де жақсы болады, – дейді.

Айта кетейік, мал шаруашылығына салынған субсидиялар көлемі 30%-ке өсіп, 2023 жылы 147 млрд. теңгені құраған. Ал асыл тұқымды малдың санын көбейту үшін оған берілетін субсияның да өсуі маңызды.

«Еділбай қойын әлемге танытқым келеді». Жас шопан шаруашылығын қалай дөңгелетіп отыр?

жеке мұрағат

Кейіпкеріміз айтқандай, еділбай қойының басқа қойлардан артықшылығы көп. Етті, құйрық май жинауы болып келетінін айтады.

Еділбай тұқымының ең бір жақсы қасиеті боран, суыққа қарамай жайыла береді. Ыстыққа да төзімді. Қыста қырға шығарсаң, қардың астындағы шөпті аяғымен қазып өз еркімен жей береді. Өзің жауапкершілікті аласың. Сабырсыз адамға қой бағу қиын деп ойлаймын. Қой шаруашылығын бастағанымызға көп болған жоқ. Дәл қазір ауыз толтырып мынандай жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Алдағы уақытта өз нәтижесін бере жатар. Жақсы жоспарларымыз бар, – дейді Нұрбек Жәнібекұлы.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Нұрбек Жәнібекұлы (@edilbay_kz)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға