Жаңалықтар

22 жастағы қазақ қызы АҚШ-тың үздік университетінде кеңесші атанды

22 жастағы қазақ қызы АҚШ-тың үздік университетінде кеңесші атанды
Фото: Жеке мұрағат 04.06.2024 16:40 13355

Диляра Бегалықызы 2023 жылы NU-ды бітіріп, Вашингтон университетіне магистратураға оқуға түседі. Оқу орнының өміріне белсенді араласқан қазақ қызы көпшіліктің көзіне түсіп, Эванс мемлекеттік саясат және басқару мектебі деканының кеңесшісі болып таңдалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вашингтон университетінде мені декан кеңесшісі және Декан кеңесіндегі жалғыз студент өкіл ретінде таңдады. Айта кету керек, кеңесте мектептің негізін қалаушы, Вашингтон штатының бұрынғы губернаторы Дэниел Эванстың өзі бар. Бұл рөлде мен мектептің оқу процесі мен стратегиялық дамуына байланысты шешімдер қабылдауға қатысамын. Университет әкімшілігінің көмегінің арқасында оқу мен осы қызметті бірге алып жүруге мүмкіндігім бар, — дейді магистрант.

Эванс мемлекеттік саясат және басқару мектебі осы сала бойынша АҚШ-тағы үздік 10 мектептің қатарына кіреді. Ал Вашингтон университетінің өзі Times Higher Education рейтингінде әлем бойынша – 25-орында. Қазақ қызы оқуға тапсырған кезде Чикаго, Нью-Йорк, Джорджтаун университетері мен Лондон Корольдік колледжіне шақырту алған.

Оның айтуынша, Вашингтон университетіндегі жетістіктеріне альма-матер NU-да игерген дағдылары жол салған. Қазақстандағы ең үздік университтің өміріне белсене араласып, волонтерлікпен айналысқан. Атап айтқанда, Президент кеңсесінде жұмыс істеп, Азия елдері университеттері альянсының саммитін ұйымдастыруға қатысқан. 4-курста Қазақсандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасында шара ұйымдастырушы ассистент ретінде тәжірибе жинаған.

Қазірдің өзінде NU-дың амбассадоры ретінде мен түрлі шараларға қатысып, университеттің студенттеріне ұсынатын мүмкіндіктері туралы айтып отыруға тырысамын. NU сапалы біліммен қоса, тұлға және маман ретінде дамуға көптеген мүмкіндік ұсынады, олардың қатарында академиялық ұтқырлық бағдарламалары, тағылымдама, ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысу және т.б. бар. Студенттер заманауи білім беру ресурстарын пайдалана отырып, түрлі салалардағы үздік мамандармен бірігіп жұмыс істей алады, — дейді Диляра өзі оқыған университет туралы.

Ол жаңа қызметте қысқа уақыттың ішінде көп нәрсені үйреніп, көріп үлгерді. Олимпиядағы Капитолийге барып, заң жүргізу процестерін өз көзімен көріп, түрлі қызметтегі адамдармен танысып, нетворкинг жасап, таным көкжиегін кеңейткен. Сондай-ақ Чикагодағы Global Engagement саммитіне қатысуға мүмкіндік алған. Одан бөлек Диляра Бегалықызы АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты қаржыландыратын үш бағдарламаны үлестіруге көмектеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға