Жаңалықтар

ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ СЫНШЫЛДЫҚ НАЗАР - 1

Әділет ҚАБЫЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі
03.03.2014 05:53 5135

Әділет ҚАБЫЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі

ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ СЫНШЫЛДЫҚ НАЗАР

 

Қазақ ақын-жыраулар шығармашылығы – өзінің терең ойшылдығымен де, нәзік сыршылдығымен де, өткір сыншылдығымен де ерекшеленетін көркем бір әлем. Онда халқымыздың рухани болмысы жан-жақты көрініс тауып, халықтық шығармашылықтың поэтикалық тынысы мейлінше жарқырап танылады. «Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген, – деп атап көрсетеді Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында, – Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Содан да болар, қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады» [1,26].

Ақындық талант – қоғамның халін, ұлттың ұятын, адамдық болмысты тұтас қамтып, адамшылықтың темірқазығына бағдарлай толғайтын, ақынның ішкі тебіренісін адресаттың жан әлемімен етене жақындастыра өрнектеп, ерекше леппен шындықты бүкпесіз жайып салатын бірегей құбылыс. Адами тірліктегі ірілі-ұсақты барша түйткілдердің ешқайсысы да ақын назарынан тыс қалмақ емес.

Жыр жүйрігі Қашаған Күржіманұлының жыр-толғауларында да өмір-тірлік шындығы тек өз заманының ғана емес, қандай замандардағы да адам баласына тән мәңгілік адамгершілік мәселелерін қамти отырып, түрлі мысалдармен дәйектеп, түйдектете төгіп, өзара салыстыра сараптап, өткір де өршіл назармен пайымдауымен ерекшеленеді. Ә.Кекілбаев айтқандай, «Қашаған үшін кез келген жұмыр басты пенденің көз алдындағы қылығы мен құлығы тек оның бір басымен шектелмей, күллі қазақ, күллі адам нәсілін қамтып жатқан құбылыстай көрініп, таусыла толғанып, күйзеле тебіренеді. Бәлкім, оған тек өз заманының ғана емес, бағзы замандардың да шындығын жеріне жеткізе жақсы білгендігі себеп шығар [2,130].

Қашаған жырларының қозғаушы күші – халықшылдық, ақын қашан да бұқара халық мүддесі тұрғысынан жырлайды, адамгершілікті, адамның еңбегі мен жасампаздығын жоғары қояды. Ақынның поэзиядағы сыншылдық позициясы да осы мақсаттан өріс алып жатады. Ақындық машықтанудағы алғашқы қадамынан бастап-ақ өмірдің қиындықтарын бастан кешкен өз тағдырынан сыншылдық сыр түйіп толғаса, келе-келе үлкен әлеуметтік мәселелерді адамгершілік, кісілік, имандылық тұрғысынан тереңнен қамтып, шабыттана жырлайды.

Ақындық стихия қашан да сыншылдық қуаттан қуат алады. Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамға, айналасындағы адамдардың ой-ниеті мен іс-әрекетіне, өмір-тіршіліктің мәні мен мазмұнына сыншылдық көзімен қарап, парасат тұрғысынан баға береді. Асыл сөздің парызы тек барды бағалап, көзге түскен көріністерді көркем кестелеу ғана емес, оларды адамшылық арнасынан, тектілік тұрғысынан, жоғары интеллектуальдық инерциямен пайымдау болып табылады. Ал пайымдау мен баға беру қашан да сыншылдық сипатымен ерекшеленеді. Сыншылдық сарын не бар деп емес, қалай болу керек деп, жеткен жеріміз осы деп емес, жетпек межеміз қайсы еді деп аласұрады, ол барды базарлаумен қатар, жоғымызды түгендеуге атсалысып, түйіндеп айтар жоғары азаматтық парыз бен жауапкершіліктен туындап жатады. Сыншылдық сарын тек өкініш пен сөгуден, сынау мен сықақтаудан, мінеу мен кекетуден ғана тұрмайды, шыншыл байлам мен сыншыл пайыммен, өксікті өкініш пен өршіл толғамдармен де өрнектеліп отырады.

Қашаған жырларындағы сыншылдық назар түрлі поэтикалық ракурста көрінеді. Өмірдің өксікті кермегін шыншылдықпен жырлаған реалистік толғамдар, сиықсыз құбылыстар мен адам міндерін жеріне жеткізе сынаған өткір сықақ пен зілді кекесін, заман ағымы мен қоғам тынысын тап басып, ұрпаққа үлгі ұсынар байыпты байламдар ақынның асқақ рухты биік өресін, сыншылдық позициясын танытады. Бұл туралы: «Асқақ рух, терең ой, уытты сезімнің Қашаған жырларындағыдай жайсаң жарасымын сирек кездестіреміз», – деп жазады Ә.Кекілбаев [3,145].

Ақын қайсыбір құбылысты жырласа да, жалаң бейнелеуге бармай, кеңінен қарпи сөйлейді. Айтар ойының әсерін арттыру үшін түрлі аналогияларға барып, суретті өткірлей түседі. Табиғаттың түрлі көріністерінен, құбылыстарынан мысалдар келтіре отырып, шендестірулерге сүйенеді. «Байларға» өлеңінде:

Жауын жауып, көл толса,

Көлде ойнайды құрбақа.

Көл суалып ортайса,

Бір шұңқырға жиналып,

Шоғырланып қуанар,

Аспаннан жауын бір тамар,-

дей келіп:

Кейбір байды қарасаң,

Қорасында мал толы,

Үйінде ішір тағам жоқ,

Тағам жоқтан жаман жоқ.

Көре тұра ішпеген,

Рахатсыз көрген мал –

Ұйқыда көрген түс деген [3, 345],-

деп, жиған малын өзге түгіл өзіне қимаған сараң байдың әлеуметтік бейнесін өткірлікпен сомдайды.

Ақын жырларында әлеуметтік теңсіздікті көрсетіп қана қоймай, бүгінгі тоқтыққа алданып, адамгершіліктен ажырамауды ескертеді, бай мен жарлының теңелетін күні туарына сенім артады. Жалпы, Қашаған жырларында теңдік ұраны алдыңғы орынға шығып, әлеуметтік әділеттілік мәселесі өзектілікпен көрініп отырады:

Шіркін, байлар, мақтасып,

Қызарақтап боқтасып,,

Қарқылдасып күлесің.

Алдыңда не бар, білесің?

Байға жарлы теңеліп,

Тартарсың малдың кересін.

Есікте жүрген жалшының

Қызығын сонда көресің! [3, 345].

«Замана халі» толғауында өз кезіндегі қазақ қауымының арасында орын алған кейбір келеңсіздіктер жайынан сөз қозғап, атадан келе жатқан әдет-ғұрып, жөн-жобаның бұзылып бара жатқанына налиды, адамгершілік қасиеттердің орнын пайдакүнемдік, арамдық басып бара жатқанына алаңдайды.

Ағасынан айырылып,

Іні кеткенге ұқсайды.

Тілінде бар жақсының

Діні кеткенге ұқсайды.

Өтірік сөздер көбейіп,

Шыны кеткенге ұқсайды...

Көбісі жұрттың осы күн,

Харамға басты қадамды.

Жан екен тіпті демеді

Байлар жарлы адамды...

Ай менен күн қауысып,

Күн орнынан ауысып,

Қаңбақтай қара жер зыңырап,

Болмағай дағы еді бір қауіп,-

деген ақын ойлары бүгінгі күннің де қоғамдық проблемаларымен өзектес, жалпы адамгершілік нормалардың бұзылуына деген қауіптен сақтандыратынын көреміз.

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға