Жаңалықтар

Арқаның жері де құт, желі де құт

Арқаның жері де құт, желі де құт
Фото: emaze.com 13.01.2023 09:00 1285

Қазақстанның Сарыарқадай сайын даласының асты-үсті қазынаға толы екендігі талай дәлелденген. Соның арқасында біз қазір әлемде өте сирек кездесетін осмий-187 элементінен бастап, мыс пен болат, алюминийге дейінгі аралықта металдардың сан түрін және Қазақстан бренді болып отырған сапалы астық өндіреміз. Қазақстан алтынының ең көп мөлшері де осы Арқа төсінен табылып отыр. Осы өңірге тәуелсіз елдің елордасының қоныс тебуінің өзі Сарыарқаның стратегиялық маңызын тіптен арттыра түскендей. Тіпті басқаны былай қойғанда, қысы-жазы сызылтып ән салып тұратын өкпек желі ше?! Оның да қасиетін енді біліп келе жатырмыз.

Сарыарқаның самалы – кең-байтақ қазақ жерінің жарым-жартысын алып жатқан осынау алып өңірдегі қалалардың басты экологиялық тазалықшысы ғана емес, сонымен қатар болашақта үлкен қуат көзіне айнала алатын да түрі бар.

Иә, осыдан бес ғасырдай уақыт бұрын Асан қайғы бабамыз желмаяға мініп алып, қазақ жерін кезіп жүріп, Ерейментауға келгенде «Ерейменнің құты жерінде емес, желінде екен» деп бекер айтпаған екен. Осы сөздің терең маңызы мен шындығын оның ұрпақтары ақыры бүгінгі технологиялардың дамыған заманында ғана анық ұғына бастады.

Осыдан 5-6 жыл уақыт бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып, біздің жеріміздегі жел қуатын және оның тұрақты соғу деңгейін анықтау бойынша арнайы зерттеулер жүргізуді қолға алды. Осы үшін Қазақстанның әр өңірлеріндегі жел көбірек соғатын жерлерге қадалар қағылып, оларға жел қуатын есептейтін арнаулы құралдар орнатылды. Бұл құралдар жылдар бойы желдің екпіні мен соғу жиілігін үздіксіз есептеп тұрды. Сөйтіп, Қазақстанда жел энергетикасын дамыту үшін жел қуатының мүмкіндіктері алғаш рет нақты мәліметтер деңгейінде анықталды. Бұл мәліметтер біздің елімізде бірінші рет «Қазақстанның жел атласын» жасап шығуға мүмкіндік берді.

Бұл атластың алдағы уақытта Қазақстан үшін беретін пайдасы көп болмақ. Өйткені біз енді электр қуатын өндіру үшін қай жерлерге жел қалақшаларын орнатуға болатындығын және ол қалақшалар бізге жыл ішінде қаншалықты қуат өндіріп бере алатындығын бұрынғыға қарағанда жақсырақ білеміз.

Мәселен, біздің мамандарымыз бұрын жел қондырғыларын орнату негізінен оңтүстік өңірлерде молырақ қуат береді деген пікірлер білдіріп, оған дәлел ретінде Жоңғар қақпасынан, Шу алқабы, Шелек аңғарынан соғатын қуатты желдерді келтіретін. Ал жел қуатын есептегіш құралдардың анықтауы бойынша еліміздің орталығы мен солтүстік өңірлерінде желдің орташа жылдық қуаттылығы басқалардан басымырақ түсіп отырған көрінеді.

«Егер Қазақстанның жел атласындағы мәліметтерге жүгінетін болсақ, осы уақытқа дейін адамдардың дұрыс аңғарғанындай, Жоңғар қақпасы мен Шу алқабында қуатты желдер жиі болып тұрады. Бірақ  желдің кең ауқымдылығы мен тұрақтылығы Астанада, Қостанайда, Қызылжарда, Қарағандыда, Павлодарда  көбірек сақталады. Мәселен, осы аталған жерлерде желдің орташа жылдық қуаттылығы 7 метр/секундтан айналса, Көкшетау жақта тіпті 8 метр/секундтан да асады. Бұл аталған өңірлерде жел энергетикасын дамытудың жақсы мүмкіндігі бар деген сөз», дейді БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Геннадий Дорошин.

Есеп бойынша желдің таралу көлемі Жоңғар қақпасында 800 шаршы шақырымды, Шелек аңғарында 2000 шаршы шақырымды құрағанда, Ерейментауда бұл көрсеткіш 62500 шаршы шақырымды құраған. Оның үстіне желдің белгіленген энергетикалық  қуат беру мүмкіндігі Жоңғар қақпасында 8000 МВт, Шелекте 20000 МВт болса, Ерейментауда 625000 МВт болған. Осыдан кейін Асан қайғы бабамызды әулие демей не дейміз.

Жалпы, зерттеулер нәтижесінде Қазақстан жерінің желден энергия өндіру әлеуеті әлемнің әр шалғайында орналасқан көптеген елдермен салыстырғанда өте жоғары екендігі анықталып отыр. Ол жылына 920 миллиард киловатт-сағат деп бағалануда. Бұл бүкіл елдің бір жылда тұтынатын энергия мөлшерінен 10 есе көп.

Салыстыру үшін айта кетейік, энергия тиімділігін бағалау саласында инжинирингтік және консалтингтік қызмет көрсететін Energy Partner компаниясының мамандары Қазақстандағы күн энергетикасы жылына 2,5 миллиард киловатт-сағат, ал гидроэнергетика саласы жылына 30 миллиард киловатт-сағат энергия өндіре алады деп есептеп шығарған. Ал желдің өндіргіштік қуаты, жоғарыда айтып кеткеніміздей, 920 миллиард киловатт-сағат деп бағалануда. Демек, табиғи қуат көздері арасында да желдің энергия өндіру мүмкіндігі өте жоғары болып отыр.   

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға