Жаңалықтар

Алматыда жер сілкінісі неге қайталанып жатыр? Мамандар жауабы

Алматыда жер сілкінісі неге қайталанып жатыр? Мамандар жауабы
Фото: © Pixabay.com 26.01.2024 12:47 2711

25 қаңтардан 26-сына қараған түні Қытай аумағында бірқатар жер сілкінісі болып, соның төртеуі Алматы мен Талғар тұрғындарына сезілген. Осы орайда Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті шаһар тұрғындарына мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мамандар жерасты дүмпулердің бірнеше күннен бері неліктен қайталанып жатқанын түсіндірді.

Сейсмологтардың айтуынша, 2024 жылғы 23 қаңтардағы сейсмикалық белсенділік Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған қатты жер сілкінісіне байланысты. Себебі зілзаланың сейсмикалық толқындары жақын маңдағы елдердің, соның ішінде Қазақстанның аумағына дейін жеткен.

Оқи отырыңыз:

Әдетте мұндай деңгейдегі жер сілкіністерінен кейін тәулік ішінде бірқатар афтершок тіркеледі. 2 балдан аспайтын толқулар Алматы аумағында да болды. Аталған ошақтың афтершоктары әлі де жалғасып жатыр, - деп пікір білдірді ТЖД өкілдері.

Мамандар мұның заңды құбылыс екенін алға тартады. Дегенмен оның тағы қанша уақытқа созылатыны туралы сауалға нақты жауап беру қиын деп отыр.

Бұл аймақтың сейсмикалылығына, жер сілкінісінің эпицентрі қай жерде тіркелгеніне, жер қыртысының геологиялық құрылымының тектоникалық ерекшеліктері секілді көптеген факторға байланысты. Бірте-бірте сейсмикалық белсенділік әлсіреп, қалыпты режимге оралады, - делінген Алматы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сарапшылар әлемнің ешбір елінде жер сілкінісінің нақты орны мен уақытын 100% болжауға көмектесетін әдістердің жоқтығын айтады.

Дегенмен бұл бағытта түрлі елдердің ғалымдары зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазақстандағы сейсмикалық жағдайды бағалау да 0,7-ні, яғни 70 пайызды құрайды, - дейді ТЖД мамандары.

Ведомство өкілдері төтенше жағдай жариялана қалған жағдайда тұрғындардың алдын ала даярлығы, әрбір адамның жеке дайындығы өте маңызды екенін тағы бір еске салды. 

Алматы ТЖД қалалық курстарда жыл сайын оқыту жұмыстары жүргізіледі, онда түрлі төтенше жағдайлар, оның ішінде жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар зерделенеді. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері туралы толық ақпаратты Алматының 2ГИС қосымшасында (картасында) «Зардап шеккен халықты қабылдау пунктін» енгізу арқылы табуға болады, сондай-ақ Алматы қалалық ТЖД мен шаһардың аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында орналастырылған, - дейді департаменттегілер.

Бұдан бөлек, Алматының Төтенше жағдайлар департаменті QR-коды бар тақтайшалар әзірлеген. Оларды смартфон камерасымен сканерлеу арқылы зардап шеккен халықты жақын маңдағы қабылдау пункттеріне эвакуациялау жолдарының маршруттарын көруге болады.

Айта кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Алматы тұрғындары 5 балдық жер сілкінісін сезінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға