Жаңалықтар

Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ: "Тарихшыларға тықыр таянғанда жазушылар керемет шығармалар тудырды"

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты әртүрлі шаралар өтеді. Осы ретте Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Радик Темірғалиевпен аз-кем сөйлестік.
27.02.2015 05:42 4958

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты әртүрлі шаралар өтеді. Осы ретте Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Радик Темірғалиевпен аз-кем сөйлестікИнституттың алдағы жоспарларымен бөлісіп, өзге де сұрақтарымызға жауап берді. Кеңейтілген сұхбатты жақын аралықта сайтымыздан оқитын боласыздар.

Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ: "Тарихшыларға тықыр таянғанда жазушылар керемет шығармалар тудырды"

– Сіздің ойыңызша Қазақ хандығының алтын дәуірі қай ханның тұсында болды?

– Менің ойымша Қазақ хандығы XVI ғасырда ең керемет кезеңін басынан өткерді. Ол ғасырда атақты үш хан болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан. Міне, осы үш ханның тұсында Қазақ хандығы кемелденіп, маңызды қадамдар жасап, іргесін кеңейте түсті. Әсіресе Қасым хан туралы айтсақ.

XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығының өрлеуін барлық тарихшылар Қасым хан есімімен байланыстырады. Тіпті, сол дәуірде өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулатидің де еңбегінде айтылған. «Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты (мұнда) жоғары билікке кол жеткізе алған жоқ» деп жазады М.Х.Дулати. Тіпті, тарихшылар Қасым ханның дәрежесін «Алтын орда» дәуіріндегі хандардан да жоғары қояды. Қасым ханның тұсында Ресеймен, Иранмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Тіпті, қазір Қасым хан туралы деректер Ираннан да табылып жатыр.

Қасым ханның тұсында шекарамыз Еділ мен Ыстық көлге дейін болған. Қазіргі жерімізді сақтап қалуымызға Қасым ханның сіңірген үлесі өте көп. Қасым ханнан кейін ұлы Хақназар билікке келді. «Хақназар хандық мәртебеге көтерілген соң күшейгені соншалық, тек ноғайларды ғана емес, Башқұрт елін, Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкенді және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратты және олардан алым-салық жинатты» деп жазады. Түркістан, Сауран деген қалаларға да көз салған Хақназар хан болатын. Одан кейін Тәуекел хан билікке келді. Оның билігі де күшейіп, қанатын кеңге жайды. XVI ғасыр – Қазақ хандығының алтын дәуірі деуім сондықтан.

– Хандарымыз көп, батырларымыз, сұлтандарымыз болды. Осы ел билігінде болғандардың күнделікті өмір салты бізде жазылмаған сияқты. Мәселен хандардың жеңсік асы, киімдері...

 Бізде хандардың өмір салтынан бөлек саяси тарихымыз да әлі жазылып біткен жоқ. Біз тарихымызды зерттеуді кеш қолға алдық. Батыста сіз айтып отырғанның барлығы зерттелген, тарихына саяси баға да берілген. Бізде әлі жоқ. Хандардың өмір салты, асханасы туралы жазылған, зерттелген еңбекті әлі қолыма түсірген жоқпын. Бұл туралы болашақта міндетті түрде зерттеу жұмыстары болады деп сенемін.

Хандардың күнделікті өмір салтына келсек, аң аулағанды жақсы көрді. Барлық уәзірлерімен аңға шықты. Әскери дайындықты да осы аң аулауға шыққанда пысықтап отыратын болған.  Жеңсік асы туралы зерттемеген соң ештеңе айта алмаймын.

– Хандардың өмір салты туралы әдебиетімізде жиі болмаса да айтылып жатады. Жалпы тарихи шығармаларға қаншалықты баға бересіз, тарихшылар мен жазушылардың арасындағы байланыс қандай?

 Қазір қандай тарихи көркем шығармалар жазылып жатқанынан хабарым жоқ. Бірақ, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды жазушылардың шығармаларымен таныспын. Олар әрине кәсіби тарихшылар емес, жазушылар. Әйтсе де, шығармаларынан тарихқа қатысты көптеген деректер табуға болады. Әбіш Кекілбаев дейтін заңғар жазушымыздың Әбілхайыр туралы шығармасында көп еңбектенгенін, ізденісте болғанын білдім. Суреттейтін сәттері керемет, кейбір детальдарын тіпті тарихшылар білмейді. Ілияс Есенберлинге келсек, ол кісі ең қиын сәтте тарихи шығарма жазды. Ермұхан Бекмахановтың жағдайын жақсы білесіз, біраз қуғынға ұшырады. Содан кейін тарихшылардың барлығы Кенесары сияқты тақырыптардан, арғы-бергі тарих туралы жазуға қорықты, қашқақтады. Осы сәтте Ілияс Есенберлин керемет көркем шығарма жазып шықты. «Көшпенділер» туындысында Ермұхан Бекмахановтың еңбектерін өте ұтымды пайдаланғанын да байқайсыз.

– Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осыған байланысты Мемлекет тарихы институты қандай маңызды шаралар өткізеді?

– Жазда Мемлекет тарихы институты Назарбаев орталығымен бірлесіп Қазақ хандығына байланысты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді. Оған өзге елдердің де ғалымдары кеп қатысады. Қазір сол шетелдік ғалымдардың тізімін жасап жатырмыз. Барлығын бірдей шақырмаймыз. Қазақ хандығына байланысты конференция болғандықтан, осы саланы зерттеп жүрген тарихшылар ғана қатысады.


Әңгімелескен – Жандос Смайлов. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға