Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшу қоғамды жаңа технологияларға жақындатады - Гүлфариза Мұқан

Латын әліпбиіне көшу қоғамды жаңа технологияларға жақындатады - Гүлфариза Мұқан
Фото: Әлеуметтік желіден 21.04.2023 17:00 2010

Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 8 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бұл мәселе төңірегінде қандай өзгеріс болып жатқанын білу үшін тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Гүлфариза Мұқанмен тілдесті.

– Гүлфариза Мелдешқызы латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғанда қоғамның ұмтылысы ерекше еді. Қазір сол қарқын саябырсып қалған секілді. Оған не себеп болды?

– Елімізде тіл саясаты мәселелері бойынша жыл сайын әлеуметтік зерттеу жүргізіледі. Зерттеу нәтижесі бойынша халықтың қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы көрсеткіш деңгейі 84,4 пайызды құрайды.Халық қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуіне қалай қарайды? Сіздің ойыңыз қандай деген сұраққа респонденттердің 33,2 %-і қолдау көрсетіп жатыр. Ал сіз қазақ тіліндегі мәтіндерде латын қарпін қаншалықты жиі қолданасыз сауалына респонденттердің 56,3 пайызы латын қарпін қолданатынын жеткізді.

Латын әліпбиіне көшу қоғамды жаңа технологияларға жақындатады - Гүлфариза Мұқан

Бұл мәліметтер қоғамның осы мәселеден хабардар екенін байқатады. Қоғам латын графикасына көшуді күтіп отыр. Бұл қазіргі заман талабы. Халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, кез келген елде тіл реформасы бірден іске аспаған, міндетті түрде ұзақ мерзімді талап етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі қарау үшін лингвист-ғалымдарға тапсырма берді. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі тиянақты, жан-жақты болуды талап етеді.

– Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі толық дайын ба?

– Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және оның емле ережесі жобаларын ғалымдар әзірлеу  үстінде. Ғалымдар әліпби  жобасын түзуде «бір дыбыс – бір әріп» принципін сақтауды, қазақ тілінің 28 дыбысының толық қамтылуын көздеп отыр.   

Сондай-ақ, халықаралық тәжірибедегі әліпби түзу принциптері қаралып, пысықталады. Ортақ түркі әліпбиі, түрік, әзербайжан, өзбек, түркімен әліпбилері зерделенді. Бұған қоса қазақ тіліне арналған халықаралық фонетикалық әліпби кестесімен де салыстырылады.

Қолданыстағы әліпбидегі ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū), ғ (ğ), ш (ş) және ң (ñ) әріптерін диакритикалық таңбамен беру мәселесі пысықталуда. Бұл диакритикалық таңбалар: умлаут (  ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ), бревис (  ̌ ), тильда ( ˜ )  – халықаралық тәжірибеде жиі қолданыста бар таңбалар.

Бұл диакритикалық таңбалар әлемде кең таралған Android, iOS операциялық жүйелерінде бар екендігі анықталды.

Президент Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда латын әліпбиіне көшуде асығыстыққа салынуға болмайды деді. Шамамен бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 маусымда ұлттық құрылтай отырысында қазақ тілінің латын графикасына көшуіне жан-жақты, терең талдау жасап, оның негізінде қазақ тілі орфографиясының жаңа қағидаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Әліпби емле ережесімен қатар жүреді. Сондықтан тек қана әліпби ғана түзілмейді, оның жазудағы көрінісі Емле ережелері де әзірленуде. Бұл мақсаттағы жұмыстарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты және республиканың жоғары оқу орындарының лингвист-ғалымдары зерделеп, пысықтауда.

Латын графикасына көшу мәселесі кезең-кезеңімен атқарылады.

– Латын әліпбиі бізде бұрын болды ғой. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен оқыған, жазған тіпті кітап, газет шығарған ұлтпыз. Енді неге барлығын жаңадан бастап, әліпби шығарып, оған дауласып, талқылап, қабылдай алмай жүрміз?

– Қазақ жазуының тарихы тереңде жатыр. Мәселен руна жазуы, түркі тілдерінде қолданылған араб әліпбиі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт тіліне лайықтап реформаланған әліпбиі (төте жазу), 1929-1940 жылдар аралығындағы латын негізді әліпби, одан әрі қазіргі қолданыстағы кирил әліпбиі болды.

1993 жылы академик Ә.Қайдар латын әліпбиіне көшу идеясын көтерді. Латын әліпбиіне көшу – мемлекет белгілеген міндеттердің бірі. Латын әліпбиіне көшу таңбаларды өзгерту ғана емес, заман талабына, тіліміздің табиғатына сай әліпбиімізді кемелдендіру және әлемдік жазу-таңба бірлігіне бейімделу деген сөз.

 Кейбір таңбаларға қатысты ғалымдар арасында пікір алшақтығы бар. Бұл  ғылымда болатын құбылыс. Жазу практикасында, әдістемесінде осы уақытқа дейін кездескен кедергілерді жою, жаңа заманауи жазу дәстүріне көшу мәселелерінде ғалымдар арасында түрлі пікірлер болуы заңдылық. Осындай пікір алуандығына байланысты Мемлекет басшысы бұл мәселені зерттеп, жан-жақты пысықтауды тапсырды.

Латын әліпбиіне көшу арқылы ұлт ретінде, мемлекет ретінде не ұтамыз?

 – Жоғарыда атап өткендей, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру  – мемлекет белгілеген міндеттердің бірі. Латын әліпбиіне көшу – заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Латын – ғылым мен техниканың тілі. Олай дейтініміз, дүниежүзі халықтарының жартысына жуығы латын графикасын пайдалана отырып, ортақ инновациялар мен технологиялар тілін меңгеріп, озық тәжірибелермен алмасып келеді.

 Ғылымдағы терминдер мен атаулар, формулалар осы әліпбиде жарық көреді. Физикадағы және метрикадағы бірліктердің SI жүйесі, математикадағы формулалар, химия мен биологиядағы және барлық ғылымдардағы таңбалар  жүйесі латын таңбаларымен белгіленеді.

Бұл әліпбидің халықаралық деңгейде кең қолданысын және танымалдығын бірнеше халықаралық ұйым жүзеге асырады. Латын әліпбиі – халықаралық ақпарат алмасудың, байланыстың әліпбиі. Интернет домендер, символдар мен кодтар осы әліпбиде. Халықаралық банк, логистика, байланыс жүйелелері де латын әліпбиінде. Интернет кеңістігіндегі латын әліпбиінің басымдығы зор.

Барлық халықаралық ұйымдардың жұмысы осы әліпби арқылы жүзеге асырылады. Маңыздыларын атасақ, халықаралық пошта, халықаралық автомобиль, теңіз, авиация қатынастары латын әліпбиінде. Ол сонымен бірге халықаралық метерологиялық ұйым, халықаралық валюта қоры, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы тағы да басқа маңызды халықаралық ұйымдардың әліпбиі.

Латын әліпбиіне көшу тілімізді сол арқылы қоғамды ғылым мен технологияның жаңалықтарына жақындатады. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі артады және тіліміздің табиғатына сай жазу реформасы жүргізіледі. Тіліміздің жалпы және ішкі заңдылықтарына мән беріледі.

 – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға