Жаңалықтар

Келешек зиялылар кімнен үлгі алады?

«Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.
03.03.2014 04:20 6630

«Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.

Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие». Бұл – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтқан сөзі.

Рухани дамуымызға ықпал ететін интеллигенция деген не? Интеллигент кім? Интеллигенция – адамға тән рухани, зерделі қабілет. «Интеллигенция» сөзімен халықтың рухани бастаушыларын атайды. Интеллигент – ой еңбегімен айналысатын кәсіби мамандар, эмоцияға, сезімге беріліп кетпейтін қоғамның зиялы қауымы. Осы орайда айта кеткен де жөн, биылғы оқу жылынан бастап орта буын оқушыларына «Абайтану», «Алаштану» пәндері енгізілді. Құптарлық іс. Абай мен Алашты таныған әрбір қазақ баласының тамыры тереңге бойлары анық. Қазақтың көгіне күн болып көтерілген азаматтарын танып, солардан үлгі алып, негізі мықты азаматтардың қалыптасары хақ.

Өткенге көз салмай бүгін мен ертеңді саралау қателікке ұрындыратынын талайлар айтып кеткен. Қазақтың зиялылары кім еді? Тарихқа терең бойлар болсақ, 14-15 ғасырдағы Қазақ хандығының негізін салушылар Керей мен Жәнібек ханнан бастау алады. Одан кейін де аттан түспеген талай хан, ақын-жыраулар өз заманының зиялылары, яғни аузы дуалылары болды. Олардың айтқан даналықтары, жасаған іс-әрекеттері, ерліктері ел аузында сақталып үлгі болып келеді. Қазақ зиялыларына тағы да ассоциация жасар болсақ ХХ ғасырдағы алашордалық азаматтардың алар орны бөлек. Олар ұлттың ұлт болып қалыптасуы барысында өздерінен бұрын өмір сүріп кеткен хан, билердің жолын берік ұстанды. Қазіргі ұрпақта Президент айтқан интеллигентті қалыптастыру үшін осыдан 6-7 ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен ата-бабасының да, бір ғасыр бұрын ұлт үшін күрескен арыстарын да үлгі етуі міндет.

ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған өзгерістер қазақ халқының рухани өміріне терең әсер етті.

Ұлт зиялыларының қалыптасу жолы бірдей болған жоқ. Күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. Бұл жағдайдың халық шаруашылығына да, мәдениетте де мамандар санының өсуінен көрінгені күмәнсіз. Оның барысын отаршылдық режим жағдайлары, патша өкіметінің бағындырылған халық жөніндегі кемісітушілік саясаты тежеп отырды. Дегенмен ХIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басы халықтың интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең болды.

«2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс».Айтылған осы сөзді жүзеге асыру үшін алаштың ардақты азаматтарын үлгі ету шарт. Идеал болу үшін барлығын жаңадан бастаудың да, өткенде түпнұсқа күйінде қайталаудың да қажеті шамалы. Тек өткеннің қателіктерінен сабақ алып, жеңістерін ойға түйіп, қазір өзіміз сүріп жатқан қоғаммен байланыстырып, келешекті сонымен сабақтастыра білу мақсат.

2050 жылғы қазақ ұлтының интеллигенті қандай болуы тиіс? Әрине, интеллигент деген ұғымға сай болуы тиіс деп айту оңай. Оны іс жүзінде жүзеге асырудың салмағы қаншалықты? Ел Президентінің сөзіне назар аударсақ, «интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс». Қалыптасар қазақ зиялысына қойылған алғашқы талап осы.

Сондай-ақ, «біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек». Өз заманымыздың жаңа қаһармандары кім? Әрине, қай кезде болмасын өз кезінің қаһарманы болады. Қаһарман болу үшін жау шауып, атойлату міндет емес. Жерін қорыған, елін еңіретпеген азаматтарға қазіргі алаш қоғамы кенде емес. Кенде болған да емес.

«Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс». Жастарға, жалпы халыққа қарата айтылған осы сөздер қалыптасып келе жатқан қазақ зиялыларына артылған үміт. Тағы да тарихқа үңілсек. ХІХ, ХХ ғасырда өмір сүрген алаш азаматтарының өмір жол қандай болды? Олар қалай, қайда білім алды? Бұл жайттар баршамызға таныс. Ең алғаш халыққа арнап оқулықтар да, әдеби кітаптар жаза бастаған да солар. Олар сол кезде қанша жаста болды? Шоқан Уалиханов не бәрі 21 жасында орыстың тарлан деген ғалымдарын мойындатса, Ахмет Байтұрсынов ең алғашқы «Маса», «Қырық мысал» кітаптарын 37 жасында, Жүсіпбек Аймауытов 35 жасында «Тәрбиеге жетекші», 37 жасында «Психология» еңбегін жазған. Бұл теңізден тамшыдай ғана мысал. Осы және өзге де азаматтар сол кездегі елдің серкелері болды. Ел Перзиденті айтқан «негізгі рөлді» қолға алар азаматтар да өздерінен бұрын өзгелер мойындап кеткен арыстардан үлгі алуды мақсат етуі тиіс.

Ал, алаштың арыс азаматы Мұстафа Шоқай «Белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» дейді.

Сондай-ақ, өткен ғасырда бір мүдде аясында жиналған түрлі топтар болды. Мәселен, «Алқа», «Талап» сынды ұйымдар. «Талапта» әр түрлі мамандық иелері; басшы қайраткерлердің мүше болғандығын айғақтайды. "Талаптың" алдына қойған мақсаттары да өте ауқымды, жалпы ұлт мәдениетіне қатысты үлкен мәселелер болды. Ал, "Алқаның" "Талаптан" айырмашылығы бұл ұйым әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың, газет - журнал қызметшілерінің қоғамы болды. Қазір де түрлі қоғамдық ұйымдар, топтар бар. Жастар арасында «Рух пен Тіл» қоғамдық-саяси жастар клубы танымал. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайлар осы клуб аясындағы жастар арасында үнемі талқыланады. Клубқа әр түрлі мамандық бойынша оқып жүрген студенттер мен жас мамандар топтасқан. Жанболат Мамай жетекшілік ететін аталмыш ұйымның мақсаты: «еркін ойлы, ұлтшыл-патриот жастарды біріктіру арқылы тәуелсіздікті қорғау, қазақ ұлтының мүддесін көтеру, ұлттық мәселелерін шешу».

Өткеннен сабақ аламыз, көріп жүргендерімізден үлгі аламыз. Бұл – жазылмаған заңдылық. Ендігі 40 жылда қалыптасатын қазақ ұлтының зиялылары кімді үлгі етеді? Қазіргі қазақ қоғамының зиялылары кім? ХХ ғасырда бір бойынан қоғам қайраткері де, шенеунік те, ақын да, жазушы да, драматург та, ағартушы да табылатын тұлғалар бар ма? Жастар арасындағы пікірлерге келетін болсақ, көпшілігінің аузына әуелі Бекболат Тілеухан ілігеді. Яғни, өздеріне Бекболат мырзаны ұлтымыздың зиялысы ретінде үлгі етеді екен.

Турасын айтқан Төленің, ашығын айтқан Абайдың, Әлихан мен Қайраттың халқының тарихында да, қазіргі қоғамында да қайраткер азаматтарға кенде болмақ емес. Мақтаныш етерлері жетерлік. Келешек зиялыларға, қалыптасып келе жатқан жастарға тек Мұстафа Шоқай айтқан бір мәселе төңірегінде топтасқан ауызбіршілікті насихаттайтын зиялылар үлгі болады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп қазақ бекер айтпаған.

 Балғын Әділбаева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға